15-1-бап. Мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Заңы
1. Мүдделер қақтығысын болғызбау:
1) осы Заңның 15-бабының 1-тармағында аталған адамдардың осы Заңның 14-бабында және 15-бабының 2-тармағында көзделген тыйым салулар мен талаптарды сақтауынан;
2) жеке мүдделерін декларациялаудан;
3) осы Заңның 15-бабының 1-тармағында аталған адамдарға мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу мәселелерін регламенттейтін құқықтық актілердің ережелерін түсіндіруден;
4) ықтимал мүдделер қақтығысын анықтаудан және реттеуден;
5) осы Заңның 15-бабының 1-тармағында аталған адамдардың қарсылық білдіруді (өздігінен бас тартуды) мәлімдеуінен көрінеді.
2. Мемлекеттік органдарда, ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу мәселелерін регламенттейтін нормативтік құқықтық актілердің талаптарын түсіндіру, мүдделер қақтығысының болуы немесе болмауы туралы қорытындылар шығару, сондай-ақ осы Заңның 15-бабының 1-тармағында аталған адамдардың мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу шараларын сақтауын қамтамасыз ету – этика жөніндегі уәкілге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметке, ал олар болмаған жағдайда персоналды басқару қызметіне (кадр қызметіне) немесе мемлекеттік органның, ұйымның немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінің басшысы айқындайтын адамға жүктеледі.
3. Мүдделер қақтығысын анықтау:
1) жеке мүдделер туралы декларацияларды талдау;
2) сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг немесе сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау;
3) мүдделер қақтығысы туралы жолданымдарды, хабарларды, хабарламаларды немесе өзге ақпаратты қарау;
4) тексеру, ревизия немесе аудит жүргізу;
5) цифрлық кадр жүйесін (ол болған кезде) мониторингтеу арқылы жүзеге асырылады.
Мүдделер қақтығысы қылмыстық, азаматтық, әкімшілік сот ісін жүргізу немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізу нәтижелері бойынша анықталуы мүмкін.
Жүргізілген тексеру, ревизия, аудит, қылмыстық, азаматтық, әкімшілік сот ісін жүргізу немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізу нәтижелері бойынша мүдделер қақтығысы жағдайында шарттар немесе мәмілелер жасасу, актілер немесе басқа да шешімдер қабылдау фактілері анықталған жағдайда, тиісті уәкілетті орган немесе ұйым осы Заңда көзделген шараларды қабылдау үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат жөніндегі уәкілетті органға растаушы материалдарды жібереді.
4. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) үшін мән-жайлар болған кезде осы Заңның 15-бабының 1-тармағында аталған адам Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) туралы жазбаша мәлімдеуге міндетті.
Мемлекеттік бюджеттің қаражатынан қаржыландырылатын жобаларды және (немесе) бағдарламаларды іріктеуге қатысатын не жобаларды және (немесе) бағдарламаларды мемлекеттік бюджеттің қаражатынан қаржыландыру немесе мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну туралы шешімдер қабылдауға қатысатын алқалы орган мүшесі жеке мүдделері, сондай-ақ алқалы органның тиісті мәселені қарауы кезінде объективтілікке, тәуелсіздікке немесе бейтараптыққа әсер ететін өзге де мән-жайлар болған жағдайда алқалы органға өздігінен бас тартуын мәлімдеуге міндетті.
Автомобиль жолдарында техникалық қадағалауды жүзеге асыратын адам, егер осы адам және (немесе) оның жақын туыстары, жұбайы (зайыбы), жекжаттары және (немесе) онымен байланысы бар басқа да адамдар жобалау-сметалық құжаттаманы дайындауға және (немесе) техникалық қадағалау жүргізілетін автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау және жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде тікелей немесе жанама түрде қатысқан болса, тапсырыс берушіге өздігінен бас тартуды мәлімдеуге міндетті.
Осы тармақтың екінші және үшінші бөліктерінде аталған адамдардың өздігінен бас тартуы уәжді болуға және мәселені қарау басталғанға дейін (техникалық қадағалау жүзеге асырылғанға дейін) жазбаша түрде мәлімделуге тиіс. Егер өздігінен бас тартудың негізі өздігінен бас тартуды мәлімдейтін адамға мәселені қарау барысында (техникалық қадағалауды жүзеге асыру барысында) белгілі болса, өздігінен бас тарту туралы мәлімдеме мәселені қарау барысында (техникалық қадағалауды жүзеге асыру барысында) берілуі мүмкін.
5. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше тәртіп белгіленбесе, ықтимал немесе нақты мүдделер қақтығысын реттеу осы Заңның 15-2 және 15-3-баптарында көзделген тәртіппен және мерзімдерде жүзеге асырылады.
6. Жеке тұлғалардың, заңды тұлғалардың немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына алып келген орын алған мүдделер қақтығысы жағдайында осы Заңның 26-бабының 3-тармағында көзделген шаралар қабылданады.
Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жылғы 18 қарашадағы № 410-V ҚРЗ.
Осы Заң сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді және Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруға бағытталған.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы