145-бап. Ірі салық төлеушілерге мониторинг жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының Салық кодексі
1. Ірі салық төлеушілер мониторингін жүргізу барысында уәкілетті орган ірі салық төлеушілер мониторингіне қатысушылардан:
1) салықтардың дұрыс есептелуін және салықтар мен бюджетке төленетін төлемдердің уақтылы төленуін (ұстап қалуды және аударуды) растайтын құжаттар мен жазбаша түсініктер;
2) қатысушының және оның еншілес ұйымдарының қаржылық есептілігін ұсынуды талап етуге құқылы.
Ірі салық төлеушілер мониторингіне қатысушының талапты орындау мерзімі табыс етілген күннен кейінгі он бес жұмыс күнін құрайды.
2. Ірі салық төлеушілер мониторингінің нәтижелері бойынша бұзушылықтар мен алшақтықтар анықталған жағдайда, уәкілетті орган ірі салық төлеушілер мониторингіне қатысушыға бұзушылықтар мен алшақтықтарды өз бетінше жоюы үшін ірі салық төлеушілер мониторингінің нәтижелері жөнінде ұсыным (бұдан әрі осы параграфтың мақсатында – ұсыным) береді.
Ірі салық төлеушілер мониторингіне қатысушы ұсыным табыс етілген күннен кейінгі он бес жұмыс күні ішінде:
1) ұсынымда көрсетілген бұзушылықтармен және алшақтықтармен келіскен жағдайда, анықталған бұзушылықтар мен алшақтықтарды жояды;
2) ұсынымда көрсетілген бұзушылықтар мен алшақтықтармен келіспеген жағдайда, бұзушылықтар мен алшақтықтардың жоқ екендігі туралы түсінікті (бұдан әрі осы параграфтың мақсатында – түсінік) ұсынады.
Уәкілетті орган бұзушылықтар мен алшақтықтарды, сондай-ақ қатысушының ұсынымға түсінікте баяндалған дәлелдерін негіздеу үшін ірі салық төлеушілер мониторингіне қатысушымен кездесу өткізеді.
3. Ірі салық төлеушілер мониторингіне қатысушының баяндалған дәлелдерімен келіспеген жағдайда, уәкілетті орган түсінікті алған күнінен кейінгі отыз жұмыс күнінен кешіктірмей ірі салық төлеушілер мониторингі бойынша уәжді шешім (бұдан әрі осы параграфтың мақсатында – уәжді шешім) шығарады.
Уәжді шешім ірі салық төлеушілер мониторингіне қатысушыға ол шығарылған күннен кейінгі екі жұмыс күні ішінде ұсынылады.
Ірі салық төлеушілер мониторингіне қатысушының уәжді шешімді орындау мерзімі табыс етілген күннен кейінгі бес жұмыс күнін құрайды.
4. Уәжді шешімді орындамау салықтық тексеруді тағайындауға негіз болып табылады.
Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 18 шiлдедегi № 214-VIII ҚРЗ Кодексі
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы
______________________________
2026 жыл 1 қаңтардан бастап "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) күші жойылды деп танылсын, 2025 жылғы 18 шілдедегі № 214-VIII ҚРЗ Салық кодексінің қолданысқа енгізілуіне байланысты.
145-бап. Салықтық тексерулердің түрлері Қазақстан Республикасының Салық және бюджетке төленетін басқада міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі) кодексі
1. Салықтық тексерулер мынадай түрлерге бөлінеді:
1) тәуекел дәрежесін бағалау негізінде мерзімдік салықтық тексерулер;
2) жоспардан тыс салықтық тексерулер.
2. Салық органдары салықтық есептілікті, уәкілетті мемлекеттік органдардың мәліметтерін, сондай-ақ салық төлеушілердің (салық агенттерінің) қызметі бойынша ресми және ашық ақпарат көздерінен алынған мәліметтерді талдау нәтижелері бойынша салық төлеушілерге (салық агенттеріне) қатысты тағайындайтын тексерулер тәуекел дәрежесін бағалау негізінде мерзімдік салықтық тексерулер болып табылады.
Уәкілетті органның шешімімен бекітілген жартыжылдық график тәуекел дәрежесін бағалау негізінде мерзімдік салықтық тексерулер тағайындауға негіз болып табылады.
Тексерулер жүргізудің жартыжылдық графиктеріне өзгерістер енгізуге жол берілмейді.
Уәкілетті орган тексерулер жүргізудің жартыжылдық жиынтық графигін тексерулер жүргізілетін жылдың алдындағы жылдың 25 желтоқсанына дейінгі және ағымдағы күнтізбелік жылдың 25 мамырына дейінгі мерзімде интернет-ресурста орналастырады.
3. Жоспардан тыс салықтық тексерулер – осы баптың 2-тармағында көрсетiлмеген, оның iшiнде:
1) салық төлеушiнiң (салық агентiнiң) өзiнiң салықтық өтiнiшi немесе шағымы бойынша, оның ішінде:
резидент-заңды тұлғаның, бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлiмшесiнiң бөлiну арқылы қайта ұйымдастырылуына немесе таратылуына байланысты;
бейрезидент-заңды тұлғаның Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын қызметiн тоқтатуына байланысты;
дара кәсiпкер қызметiнiң тоқтатылуына байланысты;
қосылған құн салығы бойынша тiркеу есебiнен алынуына байланысты;
салық төлеушiнiң (салық агентiнiң) тексеру нәтижелерi туралы хабарламаға шағымына байланысты;
2) салық төлеушінің осы Кодекстің 432-бабының 1 және 2-тармақтарын өздеріне қолдануға байланысты ұсынылатын қосылған құн салығының асып кетуі сомаларының анықтығын растау жөніндегі салықтық өтініші бойынша жүзеге асырылатын тексерулер болып табылады.
Бұл ретте осы тармақшада көрсетілген салықтық өтініштер:
өндірістік мақсаттағы ғимараттар мен құрылысжайлар пайдалануға қабылдап алынған;
жер қойнауын пайдалануға арналған тиісті келісімшарт шеңберінде өндірілген пайдалы қазбаларды экспорттау басталған күнге дейін берілуі мүмкін;
3) Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексiнде көзделген негiздер бойынша;
4) салық төлеушi (салық агенті) осы Кодекстiң 96-бабында айқындалған тәртiппен салық органдарының камералдық бақылау нәтижелерi бойынша анықталған тәуекел дәрежесі орташа бұзушылықтарды жою туралы хабарламасын орындамаған жағдайда;
Осы тармақшаның ережесі осы Кодекстің 96-бабының 4-1-тармағында көрсетілген кезеңде және жоғары тұрған салық органы және (немесе) уәкілетті орган немесе сот осы Кодекстің 96-бабының 4-тармағында көрсетілген шешімге шағымды қараған кезеңде қолданылмайды.
5) жер қойнауын пайдалану құқығын жер қойнауын пайдаланудың лицензиялық режиміне қайта ресімдеу жағдайларын қоспағанда, жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшарттың қолданылу мерзiмiнiң өтуiне байланысты;
6) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық төлеушi (салық агентi) мен оның дебиторлары арасындағы өзара есеп айырысуларды айқындау мәселелерi бойынша;
7) қосылған құн салығының қайтаруға ұсынылған асып кету сомаларының анықтығын растау бойынша қосылған құн салығы жөніндегі декларациядағы салық төлеушiнiң талабы бойынша;
8) бейрезиденттiң қосарланған салық салуды болғызбау және салықтарды төлеуден жалтаруға жол бермеу мәселелерін реттейтін халықаралық шарттың ережелерiн қолдануға байланысты бюджеттен табыс салығын қайтаруға арналған салықтық өтiнiшi бойынша, сондай-ақ бейрезиденттің осындай салықтық өтінішті қайтадан қарау туралы өтініш жасауына байланысты;
9) банктердiң және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың Қазақстан Республикасының салық заңнамасында, сондай-ақ орындалуын бақылау салық органдарына жүктелген Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленген мiндеттердi орындау мәселелерi бойынша;
10) сот жасалуын іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызметтерді көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей жүзеге асырылды деп таныған шот-фактура жазып беру жөніндегі әрекет (әрекеттер) бойынша салықтық міндеттемені айқындау мәселелері бойынша;
11) уәкілетті органның шешімі негізінде;
12) осы Кодекстің 142-бабының 5-тармағында, 144-бабының 2-тармағында және осы баптың 7-тармағында белгіленген жағдайларда салық органының шешімі негізінде жүзеге асырылатын тексерулер болып табылады.
4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген жоспардан тыс салықтық тексерулер бұрын тексерілген кезеңге жүзеге асырылуы мүмкін.
Бұл ретте бұрын тексерілген кезеңге жоспардан тыс (кешенді немесе тақырыптық) салықтық тексерулер:
салық төлеушінің (салық агентінің) өзінің өтініші бойынша;
қосылған құн салығы жөніндегі декларацияда көрсетілген қосылған құн салығының асып кету сомаларын қайтару туралы талап бойынша;
салық төлеушінің осы Кодекстің 432-бабының 1 және 2-тармақтарын өздеріне қолдануға байланысты ұсынылатын қосылған құн салығының асып кету сомаларының анықтығын растау жөніндегі салықтық өтініші бойынша;
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде көзделген негіздер бойынша;
салық төлеушінің (салық агентінің) тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымына байланысты жүргізілетін салықтық тексерулерді қоспағанда, уәкілетті органның шешімі негізінде жүргізіледі.
5. Салық төлеуші (салық агенті) сотқа тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағым берген жағдайда, бұрын тексерілген кезеңге шағым жасалған мәселе бойынша жоспардан тыс кешенді және (немесе) тақырыптық тексерулер сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін жүргізілмейді.
6. Салық төлеуші деңгейлес мониторингте болған салықтық кезеңдерге мыналарды:
қарсы тексерулерді;
салық төлеушінің (салық агентінің) өзінің өтініші бойынша жүргізілетін салықтық тексерулерді;
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процесстік кодексінде, "Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген негіздер бойынша жүргізілетін салықтық тексерулерді;
салық төлеушінің (салық агентінің) тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымына байланысты жүргізілетін салықтық тексерулерді қоспағанда, салықтық тексеру жүргізілмейді.
7. Қосымша нұсқама ресімдеу арқылы тексерілетін кезең өзгертілген және осы Кодекстің 48-бабында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімі өткенге дейін тексерілетін кезеңге салықтық тексеру аяқталған жағдайда, алдыңғы салықтық тексеруді тағайындауға себеп болған негіздер бойынша салық органы тексерілетін кезең өзгергенге дейін бұрын нұсқамада көрсетілген, тексерілмеген салықтық кезеңге салықтық тексеруді тағайындауы мүмкін.
Ескерту. 145-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.04.2019 № 241-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 10.12.2020 № 382-VI (01.01.2021 бастап қолданысқа енгізіледі); 21.12.2022 № 165-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Салық және бюджетке төленетін басқада міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі) Кедендік реттеу туралы Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы Әкімшілік рәсімдік-процестік Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Экология Әлеуметтік кодекс Азаматтық Қылмыстық-процестік Қылмыстық Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии) Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қазақстан Республикасы