Қылмыс құрамының болмауына байланысты қылмыстық іс жүргізу тоқтатылып, жергілікті соттардың сот актілерінің күші жойылды
Оңтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2011 жылғы 10 маусымдағы үкімімен И. соттылығы жойылған, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 259-бабы 3-бөлігінің «б» тармағымен (1997 жылғы редакцияда) 10 жылға бас бостандығынан айыруға, жазасын қатаң режимдегі түзеу колониясында өтеуге сотталған. Жазаны өтеу мерзімі 2011 жылғы 10 наурыздан бастап есептелген. Сот үкімімен И. заңсыз «кептірілген марихуана» есірткі затын екі рет өткізгені үшін кінәлі деп танылған. Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының апелляциялық сот алқасының 2011 жылғы 26 шілдедегі қаулысымен үкім өзгеріссіз қалдырылған. Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының кассациялық сот алқасының 2013 жылғы 14 ақпандағы қаулысымен сот актілері өзгеріссіз қалдырылған. Бас Прокурор наразылығында 1-ші эпизод бойынша И.-ден алынған 500 теңге айғақ зат ретінде танылмағанын, осы эпизод бойынша куә Б.-ның жауабынан басқа дәлелдемелер жоқ екенін, есірткі затын өткізу аудио-бейне жазбамен бекітілмегенін, сонымен қатар, 2-ші эпизод бойынша есірткі заты салынған пакет алдымен сатып алушы куә О.-дан алынғанын, содан кейін 40 минут өткен соң сол пакет сотталған И.-дан қайтадан алынғанын және іс бойынша көптеген қылмыстықпроцестік заң бұзышылықтар орын алғанын, И.-дің кінәсі дәлелденбегенін көрсетіп, оны ақтап, қамаудан босатуды сұраған. Іс бойынша сотталған И.-ға 2011 жылғы 8 наурызда куә Б.-ға 2,702 грамм кептірілген марихуананы, ал 9 наурызда шартты сатып алушы О.-ға 626,5 грамм кептірілген марихуананы сатқаны үшін айып тағылған. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 393-бабының 3-бөлігінде айыптау үкімін болжамдарға негіздеуге болмайтыны және ол сот талқылауы барысында сотталушының қылмыстық құқық бұзушылық жасауға кінәлілігі соттың зерттеген дәлелдемелерінің жиынтығымен расталған жағдайда ғана шығарылатыны көрсетілген.
Сол себепті сотталушының кінәлілігіне сейілмеген күмән оның пайдасына түсіндірулі тиіс. Бірінші сатыдағы соттың И.-дің бірнеше рет есірткі затын өткізді деген тұжырымы ҚПК-нің 125-бабына сәйкес зерттелген дәлелдемелермен негізделмеген. Атап айтқанда, 1-ші эпизод бойынша оқиға болған жерді қарап шығу туралы 2011 жылғы 9 наурыздағы хаттамада куә Б.-дан есірткі заты, ал И.-дан 500 теңге айғақ зат ретінде алынғаны көрсетілген. Алайда, И.-дан алынған 500 теңгенің тағдыры белгісіз. Бұл ақша іс бойынша айғақ зат ретінде танылмай, іске тіркелмеген, үкіммен мәселесі шешілмеген. Осы 500 теңге ақшаның шығу тегі тексерілмеген. И.-дің куә Б.-ға есірткі затын нақты сатқанын ешкім көрмеген. Автокөлік тек күдікпен тоқтатылған. Куә Б.-ның жауабынан басқа И.-дің кінәсі басқа дәлелдемелермен, оның ішінде аудио-бейне жазбамен бекітілмеген. Есірткіні сатқан әрекеттері органдармен бекітілмеген, процесстік заңмен жүргізілмеген. Тек Б.-ның сөзіне ғана негізделген. Сарапшының 2011 жылғы 11 сәуірдегі № 1146 қорытындысына сай зерттеуге ұсынылған куә Б.-дан алынған 2,702 грамм және И.-дан алынған 626,5 грамм кептірілген марихуана шикізат бойынша жалпы шығу көзі әр түрлі болып, бірыңғай аралас массада болмағаны анықталған. И. жауабында оқиға болған күні куә Б.-ны көрмегенін және оған ешқандай есірткі затын сатпағанын көрсеткен. Сол себепті И.-дың 1-ші эпизод бойынша кінәсін дәлелдейтін жарамды дәлелдемелер болмағандықтан, ол осы қылмыс оқиғасы бойынша кінәсіз деп танылып, ақталуға жатады. Сонымен қатар, 2-ші эпизод бойынша соттың И.-дың 2011 жылғы 9 наурызда шартты сатып алушы куә О.-ға 35 000 теңгеге салмағы 626,5 грамм кептірілген марихуананы өткізді деген тұжырымы да негізсіз болып табылады. «Есірткінің, психотроптық заттардың, сол тектестер мен прекурсорлардың заңсыз айналымына қатысты істер бойынша заңнаманы қолдану туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1998 жылғы 14 мамырдағы № 3 нормативтік қаулысының 9-4) тармағындағы талапқа сай жедел-іздестіру іс-шараларын жүзеге асыру кезінде азаматтарды құқық бұзушылықтарды жасауға итермелеуге және арандатуға болмайтыны түсіндірілген. Қылмыстық істен 2011 жылғы 9 наурызда сағат 19:50-де 15 дана есірткі заты бар полиэтилен түйіншек салынған пакет куә О.-ға қарау жүргізу барысында алынғаны, есірткі заты бар сол пакет 2011 жылғы 9 наурызда сағат 20:30-21:20 аралығында жүргізілген оқиға болған жерді қарау барысында аялдаманың алдында екі қалыстың қатысуымен күдікті И.-дан екінші рет алынып, олар заттай дәлелдеме ретінде танылып, бөлек пакетке салынғаны көрінеді. Демек, аталған есірткі заты екі рет алынған. Шартты сатып алушы О.-дан алынған есірткі заты бар пакет бөлек пакетке салынып, мөрленбеген.
Күдікті И. мен шартты сатып алушы О.-ға жүргізілген тергеу амалдары бейнежазбамен бекітілмеген. Хаттамаларда есірткі заты бар пакет алынғаны туралы ғана көрсеткен. Сондай-ақ, куә А. 2010 жылдың шілде айында есірткі затымен полицияға ұсталып, қолхатта жүріп бой тасалағанын, 2011 жылғы 8 наурызда өзінің танысы И.-ды кездестіріп, бірге арақ ішкенін, кейін И. дәретханаға барып келемін деп, қолына бір пакет ұстап келгенін, ішінде анаша бар екенін айтқанын, сондай-ақ, И. мас болғандықтан үйіне кетіп қалғанын, өзі үй жаққа барар жолда танысы О.-ны көріп, онымен бірге вино ішкенін, О. одан «анаша бар ма» деп сұрағанда, «менде жоқ, бірақ И.-да бар» деп телефон арқылы И.-ды шақырып, оған «анашаны О.-ға бер, ол алады» дегенде, И. оған «сен мас болып қалдың, үйіңе қайт» деп айтқанын өз жауабында бекіткен. Куә О. болса, 2011 жылғы 8 наурызда іздеуде жүрген А.-ны полиция ұстағанда, ол «Қалжігіт» есімді Кентау қаласының жігіті есірткі затын өткізіп жүргенін айтып, А. арқылы өзін И.-мен есірткі затын сатып алатын адам ретінде танысып, үшеуі сөйлескенін, ертеңіне И. өзіне есірткі затын 35 000 теңгеге сатқанын көрсеткен. Сонымен бірге 2-ші эпизод бойынша қолданылған 100 000 теңге ақшаның шығу тегі күмән келтіреді. Себебі, Кентау ҚІІБ-ның аға жедел уәкілі Н. есірткі затын сатушыны құрықтау үшін өзінің жеке қаражатын пайдаланған. Іс бойынша 35 000 теңге айғақ зат ретінде танылған. Айғақ затты қарау жөніндегі хаттамада 35 000 теңге көлеміндегі ақша өз иесіне қолхат негізінде қайтарылғаны туралы көрсетілген. Қолхатқа сәйкес 100 000 теңге көлеміндегі ақша жедел уәкіл Н.-ға қайтарылған. Сот үкімі ұзақ орындалмай, Н.-ға қолхатпен қайтарылған ақша, 2 жыл 1 айдан соң анықтаушы Ә.-ден пайда болған. И. барлық жауаптарында оқиға болған күні мас болғанын, сосын 626,5 грамм кептірілген марихуана есірткі затын тауып алғанын, өзі пайдалану үшін сақтағанын және өткізу ойы болмағанын көрсеткен.
Қылмыстық іс бойынша жедел-іздестіру шаралары аудио-бейне таспаға түсірілмей, араларындағы әңгімелер мүлдем жазылмаған. Оқиға болған жерді қарап шығу хаттамасында «оқиға болған жерді қарау қалыстардың қатысуымен фотосуретке және бейнетаспаға түсірілген» деп жазылған. Алайда, қылмыстық істе мұндай суреттер немесе бейнежазбалар айғақ зат ретінде танылмаған, іске тіркелмеген. Куә А. оқиғаға дейін бір күн бұрын іздеуде жүруіне байланысты полиция қызметкері О.-мен ұсталған. Сондай-ақ, куә А. мен И.-дың жауаптарында есірткі затын сату туралы әңгімелер болмағаны анықталған. Қорытындылай келе, куә А.-ның полиция қызметкері О.-ға тәуелді болуына байланысты, жедел-іздестіру шараларын жүзеге асыру барысында полиция қызметкері О.-мен қосылып, мас болған сотталған И.-ды құқық бұзушылық жасауға итермелегені, олардың іс-әрекеттерінен арандату орын алғаны байқалады. «Сот үкімі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2002 жылғы 15 тамыздағы № 19 нормативтік қаулысының 5-тармағына сәйкес, егер сот қылмыстың орын алғанын, оны сотталушының жасағандығын, оның қылмыс жасаудағы кінәсін, кінәсі заң талаптарын сақтай отырып жиналған дәлелдемелермен расталғандығын даусыз анықтаса, сонымен қатар сот кінәсіздік презумпциясын басшылыққа ала отырып, дәлелдерді тікелей зерттеп, барлық сейілмеген күдіктерді тиісті құқықтық процедура шеңберінде сотталушының пайдасына түсіндіре отырып, ҚПК-нің 390-бабында көрсетілген барлық сұрақтарға жауап берген жағдайда ғана адамның қылмыс жасаудағы кінәсі дәлелденген деп танылатынын көрсеткен.
Өз кезегінде, сейілмеген күдіктермен И.-дің полиция қызметкері О.-ға 35 000 теңгеге есірткі затын өткізгендігіне негіз жоқ. Соттың бұл тұжырымы кінәсіздік презумпциясына қарсы. Сондықтан И. осы қылмыс оқиғасы бойынша да кінәсіз деп танылып, ақталуға жатады. Қылмыстық-процестік заң талаптарының бұзылуына орай, И.-дың іс-әрекетін тек 1997 жылғы редакциядағы ҚК-нің 259-бабының 1-бөлігімен, яғни есірткі заттарын немесе психотроптық заттарды өткізу мақсатынсыз ірі мөлшерде заңсыз тасымалдап, сақтаған деген белгісімен саралау қажет. Дегенмен, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру және қылмыстық процестегі заңдылықтың кепілдіктерін күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2011 жылғы 18 қаңтардағы № 393-IV Заңымен ҚК-нің 259-бабының 1-бөлігі алынып тасталған. Осыған орай, аталған заң бұзушылықтарды назарға алып, сот алқасы И.-ға қатысты қылмыстық іс жүргізу тоқтатылуға жатады деген тұжырымға келді. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сотталған И.-ға қатысты жергілікті соттардың сот актілерінің күшін жойып, оған қатысты ҚК-нің 259-бабы 3-бөлігінің «б» тармағымен қылмыс құрамының болмауына байланысты қылмыстық іс жүргізу тоқтатылды. Сотталған И. қамаудан босатылып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 4-тарауына сәйкес И.-дың қылмыстық процесті жүргізетін органның заңсыз әрекеттері салдарынан келтірілген зиянды өтеткізуге құқығы бар деп танылды. Бас Прокурордың наразылығы қанағаттандырылды.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы