Үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану
Кәсіпкерлік кодекстің 172-бабына сәйкес нарық субъектісінің немесе бірнеше нарық субъектілерінің тиісті тауар нарығындағы жағдайы, егер ол нарық субъектісіне немесе бірнеше нарық субъектілеріне тиісті тауар нарығын бақылауға, оның ішінде тауар айналысының жалпы жағдайларына елеулі ықпал етуге мүмкіндік берсе, үстем немесе монополиялық жағдай деп танылады.
Бұл ретте аталған баптың екінші бөлігіне сәйкес нарық субъектісінің үстем жағдайы монополияға қарсы орган бекітетін тауар нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйін талдауды жүргізу әдістемесіне сәйкес айқындалады.
Кәсіпкерлік кодекстің 218-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында монополияға қарсы орган осы Кодекстің 174-бабында белгіленген белгілер болған кезде тергеп-тексеру жүргізілгенге дейін нарық субъектісінің үстем немесе монополиялық жағдайын анықтау мақсатында тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізетіні белгіленген.
Осы санаттағы істер бойынша сот практикасын талдау монополияға қарсы органның Кәсіпкерлік кодекстің және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 741 бұйрығымен бекітілген Тауар нарығындағы бәсекелестік ортаның жай-күйін талдау және бағалау әдістемесінің талаптарын бұзуға жол беретінін көрсетті.
Мәселен, монополияға қарсы органмен болған үш дауда АҚ-ның (№ 6001-22-00-6ап/211), ЖШС-нің (№ 6001-22-00-6ап/2595), АҚ-ның (№ 4794-22-00-4/344) талап қоюлары бойынша соттар тергеп-тексеру жүргізілгенге дейін тиісті тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізілмегеніне байланысты талап қою талаптарын қанағаттандырған.
Мәселен, АҚ-ның (№ 6001-22-00-6ап/211) талап қоюы бойынша жергілікті соттар нарық субъектісінің бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу белгілерінің болуы туралы хабарламаны заңсыз деп тану туралы талаптарын қанағаттандырудан бас тартып, қоғам жылу энергиясын өндіру бойынша табиғи монополиялар субъектілерінің Тізіліміне енгізілгендіктен талдау жүргізу талап етілмейді деген монополияға қарсы органның уәжін қабылдаған.
Жоғарғы Соттың Әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы (бұдан әрі – ЖС ӘІСА) төмен тұрған соттардың шешімдерінің күшін жоя отырып, талдау жүргізу қажеттігі туралы қорытындыға келді.
Бәсекелестіктің жай-күйіне талдау Кәсіпкерлік кодекстің 196-бабына және Тауар нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйін талдауды жүргізу әдістемесіне сәйкес жүргізіледі.
Кәсіпкерлік кодекстің 196-бабының 3-тармағында тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйін талдау 8 кезеңді қамтитыны регламенттелген.
Анықтама ретінде:
1) тауарлардың өзара алмастырылу критерийлерін айқындау;
2) тауар нарығының шекараларын айқындау;
3) тауар нарығын зерттеудің уақыт аралығын айқындау;
4) тауар нарығында әрекет ететін нарық субъектілерінің құрамын айқындау;
5) тауар нарығының көлемін және нарық субъектілерінің үлестерін есептеу;
6) тауар нарығындағы бәсекелестік ортаның жай-күйін бағалау;
7) бәсекелестіктің дамуына әсер ететін, нарық субъектілерінің қызметіне кедергі келтіретін, қиындататын не өзге де шектеулердің бар екенін куәландыратын мән-жайларды немесе белгілерді айқындау, оның ішінде тауар нарығына кіру кедергілерін айқындау;
8) тауар нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне жүргізілген талдау нәтижелері бойынша қорытындылар, олар қорытындыда көрсетіледі.
Кәсіпкерлік кодекстің 196-бабының 11-тармағында үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдаланған кезде нарық субъектісінің (субъектілерінің) үстемдік үлесін (үлестерін) айқындау мақсатында тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйіне осы баптың 3-тармағының 6) және 7) тармақшаларында көзделген кезеңдерді қамтымайтын талдау жүргізілетіні регламенттелген.
Бұл ретте, егер үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану белгілерін анықтау кезінде тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйіне жүргізілген талдау нарық субъектісінің үлесі отыз бес пайыздан жоғары, бірақ елу пайыздан төмен екенін немесе нарық субъектілерінің жиынтық үстемдігі бар екенін көрсетсе, тауар нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау барлық кезеңдерді сақтай отырып жүргізіледі.
Осыған байланысты монополияға қарсы органның талдау жүргізу бөлігіндегі олқылықтары және талдаумен қамтылмаған кезең үшін тергеп-тексеру жүргізуі нарық субъектілерінің үстем немесе монополиялық жағдайға ие болғанын дәлелдейтін дәлелдемелердің болмауына әкелетінін төменде келтірілген даулар бойынша мысалдар көрсетеді.
АҚ-ның (№ 6001-23-00-6ап/1223), АҚ-ның (№ 4794-22-00-4/1725) талап қоюлары бойынша монополияға қарсы орган тергеп-тексеру жүргізілген кезең мен тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізілген кезеңнің сәйкестігі бөлігінде олқылыққа жол берген.
Себебі Кәсіпкерлік кодекстің 172-бабына және Әдістеменің 36-тармағына сәйкес, егер тиісті тауар нарығындағы ең жоғары үлестерге ие үштен аспайтын нарық субъектісінің жиынтық үлесі 50 және одан да көп пайызды немесе тиісті тауар нарығындағы ең жоғары үлестерге ие төрттен аспайтын нарық субъектісінің жиынтық үлесі 70 және одан да көп пайызды құраса және мұндай нарық субъектісіне қатысты мынадай мән-жайлар жиынтығында белгіленсе, бірнеше нарық субъектілерінің әрқайсысының жағдайы үстем жағдай деп танылады:
ұзақ уақыт кезеңі ішінде (кемінде бір жыл ішінде немесе егер мұндай мерзім бір жылдан аз болса, тиісті тауар нарығының өмір сүру мерзімі ішінде) нарық субъектілерінің үлестерінің салыстырмалы мөлшері өзгермеген не елеусіз өзгерістерге ұшыраған;
нарық субъектілері өткізетін немесе сатып алатын тауар тұтыну кезінде (оның ішінде өндірістік мақсаттарда тұтыну кезінде) басқа тауармен алмастырылуы мүмкін емес;
тиісті тауар нарығындағы осы тауардың бағасы және (немесе) оны өткізу шарттары туралы ақпарат тұлғалардың белгісіз тобына қолжетімді.
Осыған байланысты соттар талап қоюларды негізді түрде қанағаттандырды, өйткені жоғарыда көрсетілген талаптарға сәйкес үстем жағдай кемінде бір жыл бойы орын алуға тиіс.
Нарық субъектісінің монополиялық жоғары бағаларды белгілеуден көрінген әрекеттерін үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану деп тану бөлігінде монополияға қарсы орган Кәсіпкерлік кодекстің 175-бабында көзделген шарттарды сақтау тұрғысынан олқылықтарға жол береді.
Сондай-ақ ЖШС-нің (№ 4794-22-00-4/172) ісі бойынша талап қою талаптарын қанағаттандыра отырып, жергілікті соттар монополияға қарсы органның АҚ бағаларының тиісті немесе салыстырмалы нарықтағы бағалардан асып кеткенін дәлелдемегені туралы заңды қорытындыға келді.
Кәсіпкерлік кодекстің 175-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес монополиялық жоғары тауар бағасы деп үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісі белгілеген, егер бұл баға осындай тауарды өндіруге және өткізуге қажетті шығыстар мен пайданы және тиісті немесе салыстырмалы тауар нарығында бәсекелестік жағдайында қалыптасқан бағаны асып кетсе, оның ішінде:
бұрын белгіленген тауар бағасын көтеру жолымен белгіленген баға танылады, бұл ретте мынадай шарттар жиынтығында орындалуға тиіс:
тауарды өндіруге және өткізуге қажетті шығыстар өзгеріссіз қалған немесе олардың өзгеруі тауар бағасының өзгеруіне сәйкес келмейтін;
тауарды сатушылардың немесе сатып алушылардың құрамы өзгеріссіз қалған не сатушылардың немесе сатып алушылардың құрамының өзгеруі елеусіз болған;
тауар нарығындағы тауар айналысының шарттары, оның ішінде салық салуды, кедендік-тарифтік, тарифтік және тарифтік емес реттеуді қоса алғанда, мемлекеттік реттеу шараларына байланысты шарттар өзгеріссіз қалған не олардың өзгеруі тауар бағасының өзгеруіне сәйкес келмейтін.
Осы баптың 3-тармағында салыстырмалы тауар нарығы деп сатылатын тауардың көлемі, тауарды сатып алушылардың немесе сатушылардың (жеткізушілердің) құрамы, тауарды сатып алу немесе сату мақсаттарына және тауар нарығына қол жеткізу шарттарына қарай айқындалатын басқа тауар нарығы түсініледі.
Жоғарыда баяндалғандарды ескере отырып, монополияға қарсы орган тек Қазақстан Республикасының шегінде ғана емес, одан тыс жерлерде де тиісті тауар нарығын айқындау үшін ақпарат сұратуға және тиісті тауар нарығының жоқтығы туралы қорытындыны негіздеуге тиіс.
Егер осы тауар нарығында бағаны салыстыру мүмкін болмаса, салыстыру салыстырмалы тауар нарығындағы тауар бағасымен, оның ішінде Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі тауар бағасымен жүргізіледі.
Егер салыстырмалы тауар нарығында бәсекелестік жағдайында қалыптасқан бағаны не салыстырмалы тауар нарығын, оның ішінде Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде айқындау мүмкін болмаса, нарық субъектісінің шығыстары мен пайдасына талдау жүргізіліп, тауардың негізделген бағасы айқындалады.
Осыған байланысты соттар талап қоюларды негізді түрде қанағаттандырды, өйткені монополияға қарсы органда Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жиынтығы бойынша салыстырмалы нарықтың жоқтығына қатысты негіздеме болмаған, ал уәкілетті орган Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің монополияға қарсы органдарына сұрау салулар жібермеген.
НОРМАТИВТІК ДЕРЕККӨЗДЕР МЕН ҚЫСҚАРТУЛАР
Монополияға қарсы заңнаманы қолдануға байланысты істерді қарау кезінде соттар басшылыққа алуға тиіс негізгі нормативтік құқықтық актілер мыналар болып табылады:
Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 30 тамыздағы Конституциясы;
Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 29 қазандағы Кәсіпкерлік кодексі (КК);
Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 29 маусымдағы № 350-VI Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі (ӘРПК);
Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі № 235-V «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексі (ӘҚБтК);
Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 27 желтоқсандағы № 204-VІ «Табиғи монополиялар туралы» Заңы (Заң);
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы (ЖС ӘІСА);
Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі және оның аумақтық органдары (монополияға қарсы орган);
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті және оның аумақтық органдары (табиғи монополияларды реттеу жөніндегі уәкілетті орган).
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы