Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 276-бабына түсініктеме. Атом энергиясын пайдалану объектілеріндегі қауіпсіздік қағидаларын бұзу
1. Атом энергиясын пайдалану объектілерін орналастыру, жобалау, салу, пайдалануға беру, пайдалану, жөндеу, пайдаланудан шығару кезінде, сондай-ақ ядролық материалдармен, радиоактивті заттармен, радиоактивті қалдықтармен немесе иондаушы сәулелену көздерімен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік қағидаларын бұзу, егер бұл әрекет абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтіруге әкеп соқса, —
бір жүз жиырма айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір жүз жиырма сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не отыз тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан екі жылға дейінгі мерзімге айыра отырып жазаланады.
2. Абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соққан дәл сол әрекет —
үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз жазаланады.
3. Абайсызда адамның өліміне немесе қоршаған ортаның радиоактивті ластануына не өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол әрекет —
бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз жазаланады.
Түсіндіріліп отырған қылмыстық құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіптілігі атом энергиясын пайдалану объектілеріндегі қауіпсіздік қағидалары бұзылған кезде қоғамның қауіпсіздігіне зиян келтіріліп, табиғи ортаның радиоактивті ластану, адамдардың қаза болу қаупі туындайтындығында.
Қылмыстық құқық бұзушылықтың объектісі (1-бөлік — қылмыстық теріс қылық, 2 және 3-бөліктер — қылмыстар) атом энергиясын пайдалану объектілеріндегі жұмыстардың қоғамдық қауіпсіздігі болып табылады. Қосымша объектілері: адамның өмірі, денсаулығы, экологиялық қауіпсіздік.
Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 6 қаңтардағы «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» Заңының 4-бабының 6) тармақшасына сәйкес ұлттық қауіпсіздіктің бір түрі ретіндегі экологиялық қауіпсіздік — адамның және азаматтың, қоғам мен мемлекеттің қоршаған ортаға антропогендік және табиғи әсерлер нәтижесінде туындайтын қатерлерден өмірлік маңызы бар мүдделері мен құқықтарының қорғалу жай-күйі.
Қылмыстық құқық бұзушылықтың нысанасы атом энергиясын пайдалану объектілері, ядролық материалдар, радиоактивті заттар, радиоактивті қалдықтар, иондаушы сәулелену көздері болып табылады.
Атом энергетикасы — атом (ядролық) энергиясын бейбіт және қорғаныс мақсаттарында пайдаланатын энергетика саласы. Атом энергетикасының негізін атом электр станциялары (АЭС) құрайды. АЭС-тегі энергия көзі — басқарылатын тізбекті реакция жүретін атом реакторы.
Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 12 қаңтардағы «Атом энергиясын пайдалану туралы» Заңының 1-бабының 3) тармақшасына сәйкес атом энергиясын пайдалану объектілеріне мыналар жатады: иондаушы сәулелену көздері, радиоактивті қалдықтар және пайдаланылған ядролық отын, ядролық, радиациялық, электрфизикалық қондырғылар, сақтау және көму пункттері, көліктік қаптама жиынтықтары және ядролық материалдар.
Аталған Заңның 1-бабына сәйкес ядролық материалдар — бөлінетін (ыдырайтын) радионуклидтерді қамтитын немесе оларды өндіруге қабілетті материалдар (34-тармақ); радиоактивті заттар — құрамында радионуклидтер бар, кез келген агрегаттық күйдегі табиғи немесе техногендік тектегі кез келген материалдар (24-тармақ); радиоактивті қалдықтар — радионуклидтердің мөлшері алып қою деңгейінен жоғары радиоактивті заттар, ядролық материалдар немесе радионуклидтік көздер, оларды одан әрі пайдалану көзделмейді (25-тармақ).
Қылмыстық құқық бұзушылықтың объективтік жағы атом энергиясын пайдалану объектілерін орналастыру, жобалау, салу, пайдалануға беру, пайдалану, жөндеу, пайдаланудан шығару кезінде, сондай-ақ ядролық материалдармен, радиоактивті заттармен, радиоактивті қалдықтармен немесе иондаушы сәулелену көздерімен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік қағидаларын бұзудан көрінетін әрекетпен немесе әрекетсіздікпен сипатталады, егер бұл әрекет абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтіруге әкеп соқса.
Қауіпсіздік қағидалары — аталған атом энергиясын пайдалану объектілерін қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ететін, нормативтік құқықтық актілерде және нормативтік техникалық құжаттарда қамтылған нұсқамалар, шектеулер, тыйым салулар және өзге де міндетті талаптар.
Атом энергиясын пайдалануға байланысты қызмет Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен міндетті лицензиялауға жатады.
Ядролық және радиациялық қауіпсіздік атом энергиясын пайдалануға байланысты қызмет саласындағы белгіленген нормалар мен қағидаларға сәйкес пайдаланушы ұйыммен қамтамасыз етіледі. Бұған ядролық қондырғылармен, ядролық материалдармен, радиоактивті қалдықтармен, радиоактивті қалдықтарды және (немесе) пайдаланылған ядролық отынды сақтау қоймаларымен, алып қою деңгейінен жоғары радиоактивті заттармен, алып қою деңгейінен жоғары радиоактивті заттары бар немесе иондаушы сәулеленуді өндіретін (өндіруге қабілетті) аспаптармен және қондырғылармен жұмыс істеу немесе қандай да бір әрекеттер мен операцияларды орындау да кіреді.
Орналастыру деп жоспарланып отырған атом энергиясын пайдалану объектісінің кеңістікте орналасуын және құрылымдық ұйымдастырылуын айқындау жөніндегі қызмет түсініледі (мысалы, жер учаскесін бөлу туралы шешім алу, санитариялық-қорғау аймақтарына арналған аумақтарды келісу және т.б.). Радиоактивті қалдықтарды орналастыру радиоактивті қалдықтардың пайда болуына әкелетін кез келген қызмет түрінің міндетті кезеңі ретінде жобалық және техникалық құжаттамада көзделуге тиіс.
Жобалау — атом энергетикасының сызбаларын, схемаларын, моделін, жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу. Жобалау кезінде штаттан тыс жағдайларға төтеп бере алатын барлық құрылыс конструкцияларының беріктігі; радиоактивті ластанудың ықтимал орындарын жедел оқшаулау көзделеді.
Жоба — жеке және заңды тұлғалардың немесе мемлекеттің адамның тіршілік етуі мен өмір сүруіне қажетті жағдайларды қамтамасыз ету жөніндегі ой-ниеті, ол сәулет, қала құрылысы және құрылыс құжаттамасы (сызбалар, графикалық және мәтіндік материалдар, инженерлік және сметалық есептеулер) түрінде ұсынылады.
Құрылыс — бұл атом энергиясын пайдалану объектілерін салу, реконструкциялау, қайта жабдықтау және өзге де тәсілдермен жаңаларын жасау немесе қолданыстағы объектілерді жөндеу. Ол сараптаманың оң қорытындысы бар бекітілген жобалар бойынша және қолданыстағы құрылыс, санитариялық, табиғат қорғау және өзге де нормалар мен қағидаларды сақтай отырып жүзеге асырылады.
Пайдалануға беру — атом энергиясын пайдалану объектілерін іске қосу (технологиялық циклге енгізу), олардың жұмысын бастау. Мәселен, заманауи технологиялармен және жабдықтармен қамтамасыз етілмеген, қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін аталған объектілерді пайдалануға беруге тыйым салынады.
Пайдалану деп атом энергиясын пайдалану объектісінің белгіленген технологиялық режимде жұмыс істеуі түсініледі.
Жөндеу — атом энергиясын пайдалану объектісінің бастапқы пайдалану қасиеттерін сақтау немесе қалпына келтіруге бағытталған техникалық іс-шаралар кешені.
Пайдаланудан шығару — энергия өндіру аяқталғаннан кейін басталатын және белгіленген пайдалану мерзімінің аяқталуына немесе пайдалануды мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешімге байланысты жүзеге асырылатын атом энергиясын пайдалану объектісінің өмір сүруінің соңғы кезеңі. Пайдаланудан шығаруға дайындық — болашақта пайдаланудан шығаруды жоспарлау үшін қажетті ұйымдастырушылық-техникалық іс-шаралар кешені. Оған энергия блоктарын кешенді инженерлік және радиациялық зерттеп-қарау жүргізу, пайдаланудан шығаруды ақпараттық қамтамасыз ету жүйесін құру, радиоактивті қалдықтарды ұзақ мерзімді сақтауға немесе көмуге беру инфрақұрылымын құру кіреді.
Ядролық материалдармен, радиоактивті заттармен, радиоактивті қалдықтармен немесе иондаушы сәулелену көздерімен жұмыс істеу — радиоактивті материалдарды өндірумен, жеткізумен, алумен, иеленумен, сақтаумен, пайдаланумен, берумен, тасымалдаумен, техникалық қызмет көрсетумен, қайта өңдеумен және көмумен байланысты әкімшілік және пайдалану қызметі.
Қылмыстық құқық бұзушылық құрамының құрылымы бойынша ол материалдық құрамға жатады. Қылмыстық құқық бұзушылық диспозицияда көрсетілген зардаптар туындаған сәттен бастап аяқталған болып есептеледі: адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтіру (1-бөлік), денсаулығына ауыр зиян келтіру (2-бөлік), адамның өлімі немесе қоршаған ортаның радиоактивті ластануы не өзге де ауыр зардаптар (3-бөлік).
Қылмыстық құқық бұзушылықтың субъективтік жағы менмендік немесе немқұрайлылық түріндегі абайсыздық нысанындағы кінәмен сипатталады. Бұл ретте адам өз әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) қоғамдық қауіпті зардаптарының туындау мүмкіндігін алдын ала білген, бірақ оған жеткілікті негіздерсіз жеңілтектікпен олардың алдын алуға болады деп есептеген. Адам тиісті мұқияттылық пен сақтық танытқан жағдайда осы зардаптарды алдын ала білуге тиіс және біле алатын болса да, әрекеттің қоғамдық қауіпті зардаптарының туындау мүмкіндігін алдын ала білмеуі мүмкін.
Қылмыстық құқық бұзушылықтың субъектісі атом энергиясын пайдалану объектілеріндегі қауіпсіздік қағидаларын сақтау міндеті жүктелген лауазымды адамдар да, өзге де қызметкерлер де болуы мүмкін.
ҚК-нің 276-бабының 2-бөлігі 1-бөлікте көзделген, абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соққан әрекет үшін жауаптылықты белгілейді.
ҚК-нің 3-бабының 11) тармақшасында денсаулыққа ауыр зиян адамның өміріне қауіпті денсаулыққа келтірілген зиян не мынадай зардаптарға әкеп соққан денсаулыққа өзге де зиян ретінде айқындалған: көру, сөйлеу, есту қабілетінен немесе қандай да бір ағзасынан айырылу; ағзаның өз функцияларын жоғалтуы; бет-әлпеттің қалпына келмейтіндей бұзылуы; жалпы еңбекке қабілеттіліктің кемінде үштен бірін едәуір тұрақты жоғалтумен ұштасқан денсаулықтың бұзылуы; кәсіби еңбекке қабілеттіліктен толық айырылу; жүктіліктің үзілуі; психикалық бұзылыс; нашақорлық немесе уытқұмарлық ауруына шалдығу.
ҚК-нің 276-бабының 3-бөлігі абайсызда адамның өліміне не қоршаған ортаның радиоактивті ластануына немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соғумен сипатталатын осы қылмыстың аса сараланған құрамына жауаптылықты көздейді.
Абайсызда адам өліміне әкеп соғу кінәлі адамның кәсіби қызметін жүзеге асыру барысында атом энергиясын пайдалану объектілерін орналастыру, жобалау, салу, пайдалануға беру, пайдалану, жөндеу, пайдаланудан шығару кезінде, сондай-ақ ядролық материалдармен, радиоактивті заттармен, радиоактивті қалдықтармен немесе иондаушы сәулелену көздерімен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік қағидаларын бұзу нәтижесінде жәбірленушінің өмірін қиюдан көрінеді.
Қоршаған ортаның радиоактивті ластануы — жерүсті (жерасты) және төмен биіктіктегі әуе ядролық жарылыстарынан кейін радиоактивті заттардың түсуі нәтижесінде жергілікті жер мен ондағы объектілердің радиоактивті заттармен ластануы. Иондаушы сәулеленудің зиянды әсері алынған сәулелену дозасымен (радиация дозасымен), яғни сәулеленетін ортаның бірлік көлеміне сіңірілген осы сәулелер энергиясымен бағаланады. Бұл энергия қолданыстағы дозиметриялық аспаптармен рентгенмен өлшенеді.
Өзге де ауыр зардаптар деп адамдардың жаппай ауруға шалдығуы, жұқтыруы, сәулеленуі немесе улануы; халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаның жай-күйінің нашарлауы; техногендік немесе экологиялық апаттың, төтенше экологиялық жағдайдың туындауы; ірі немесе аса ірі мөлшерде залал келтіру; келтірілген зиянның ауырлығын айғақтайтын өзге де зардаптар түсініледі.
ҚК-нің 276-бабының 1-бөлігінде көзделген әрекет қылмыстық теріс қылықтарға жатады.
ҚК-нің 276-бабының 2-бөлігінде көзделген әрекет онша ауыр емес қылмыстарға жатады.
ҚК-нің 276-бабының 3-бөлігінде көзделген әрекет ауырлығы орташа қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне Исидор Шамилович Борчашвилидің 2021 жылғы түсініктемесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заң қызметі Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар