Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 156-бабына түсіндірме. Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу
1. Қауіпсіздік техникасы, өндірістік санитария қағидаларын немесе еңбекті қорғаудың өзге де қағидаларын ұйымдастыру немесе олардың сақталуын қамтамасыз ету міндеттері жүктелген адамның бұзуы, абайсызда денсаулыққа ауырлығы орташа зиян келтіруге әкеп соқса, —
бір жүз алпыс айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз алпыс сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіруге әкеп соққан дәл сол әрекет, —
екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда адамның өліміне әкеп соққан әрекет, —
бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз жазаланады.
4. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан әрекет, —
жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз жазаланады.
Түсіндіріліп отырған қылмыстық құқық бұзушылықтың (1 және 2-бөліктері — қылмыстық теріс қылықтар, 3 және 4-бөліктері — қылмыстар) қоғамдық қауіптілігі Қазақстан Республикасы Конституциясымен кепілдік берілген қауіпсіз еңбек жағдайларына деген құқықты бұзудан көрінеді.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 24-бабының 2-тармағында: «Әркімнің қауіпсіздік пен тазалық талаптарына сай еңбек ету жағдайына, ешбір кемсітусіз еңбегі үшін сыйақы алуына, сондай-ақ жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалуға құқығы бар» деп көрсетілген.
Еңбек кодексінің «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау» атты 4-бөлімі еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын бекітеді, Қазақстандағы еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді және еңбек қызметі процесінде жұмыскерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, олардың өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған.
Еңбек кодексінің 1-бабы 1-тармағының 23) тармақшасына сәйкес, еңбек қауіпсіздігі деп еңбек қызметі процесінде жұмыскерлерге зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың әсер етуін болдырмайтын іс-шаралар кешенімен қамтамасыз етілген жұмыскерлердің қорғалу жай-күйі түсініледі.
Еңбек қауіпсіздігі жағдайлары — жұмыскер еңбек міндеттерін орындаған кезде еңбек процесі мен өндірістік ортаның қауіпсіздік және еңбекті қорғау талаптарына сәйкестігі (Еңбек кодексінің 1-бабы 1-тармағының 24) тармақшасы).
Қылмыстық құқық бұзушылықтың объектісі — жоғарыда көрсетілген конституциялық құқық. Қосымша объектісі — азаматтардың өмірі немесе денсаулығы.
Объективтік жағы қауіпсіздік техникасы, өндірістік санитария қағидаларын немесе еңбекті қорғаудың өзге де қағидаларын ұйымдастыру немесе олардың сақталуын қамтамасыз ету міндеттері жүктелген адамның бұзуынан және оның абайсызда денсаулыққа ауырлығы орташа зиян келтіруге әкеп соғуынан көрінеді.
Баптың диспозициясы бланкеттік сипатқа ие, сондықтан жасалған әрекеттің құқыққа қайшылығын анықтау үшін Еңбек кодексіне, сондай-ақ өзге де ведомстволық нормативтік актілерге, мысалы, өнеркәсіптің, ауыл шаруашылығының нақты саласындағы жұмыстарды жүргізу кезіндегі қауіпсіздік техникасы қағидаларына және тағы басқа актілерге жүгіну қажет. Кінәліні қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін қауіпсіздік техникасы, өндірістік санитария немесе еңбекті қорғау жөніндегі нақты қандай қағидалардың бұзылғанын анықтау қажет.
Қылмыстық құқық бұзушылық құрамы құрылымы бойынша материалдық болып табылады. Ол диспозицияда көрсетілген салдарлардың, яғни денсаулыққа ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтірудің, адамның немесе екі не одан да көп адамның өлімінің туындаған сәтінен бастап аяқталған болып танылады.
Субъективтік жағынан әрекет абайсыздық түріндегі кінәмен сипатталады. Кінәлі көрсетілген салдардың туындау мүмкіндігін алдын ала біледі, бірақ бұған жеткілікті негіздер болмаса да, олардың алдын алуға жеңілтектікпен сенеді не осы салдардың туындау мүмкіндігін алдын ала болжамайды, алайда тиісті ұқыптылық пен сақтық танытқан жағдайда оларды алдын ала болжауға тиіс және болжай алатын болады.
Қылмыстық құқық бұзушылықтың субъектісі арнайы болып табылады — еңбекті қорғау қағидаларын ұйымдастыру немесе олардың сақталуын қамтамасыз ету міндеттері жүктелген адам.
ҚК-нің 156-бабының 2-бөлігінде жоғарыда аталған қағидаларды бұзудың абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіруге әкеп соғуы саралаушы белгі ретінде көзделген.
ҚК-нің 156-бабының 3-бөлігінде заң шығарушы еңбекті қорғау қағидаларын бұзудың абайсызда адамның өліміне әкеп соққаны үшін қылмыстық жауаптылық белгілеген.
ҚК-нің 156-бабының 4-бөлігінде абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан дәл осындай әрекетті жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық белгіленген.
ҚК-нің 156-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды әртүрлі салалардағы арнайы қауіпсіздік техникасы қағидаларын бұзғаны үшін жауаптылық белгілейтін өзге де құрамдардан, атап айтқанда: тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезіндегі қауіпсіздік қағидаларын бұзудан (ҚК-нің 277-бабы) және жарылыс қаупі бар объектілердегі қауіпсіздік қағидаларын бұзудан (ҚК-нің 281-бабы) ажырату қажет.
ҚК-нің 156-бабының 1 және 2-бөліктерінде көзделген әрекеттер қылмыстық теріс қылықтарға жатады.
ҚК-нің 156-бабының 3-бөлігінде көзделген әрекет орташа ауырлықтағы қылмыстарға жатады.
ҚК-нің 156-бабының 4-бөлігінде көзделген әрекет ауыр қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсіндірме, авторы — Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Заң қызметі заңгерлік Заң консультациясы Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Арбитраждық Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсіндірме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар