101-12-бап. Арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне және әскери қызметшілерге мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжаймен қамтамасыз етілмеген кезеңдер үшін біржолғы тұрғын үй төлемдері Тұрғын үй қатынастары туралы Заңы -Алынып тасталды Қазақстан Республикасының Заңымен 2026 жылғы 12 ақпандағы № 263-VIII ҚРЗ
1. Отбасының басқа елді мекенге көшу қажеттілігіне байланысты арнаулы мемлекеттік органның қызметкері немесе әскери қызметші жұбайының (зайыбының) қызмет (әскери қызмет) орны өзгерген кезде отбасы жағдайы бойынша қызметтен шығуды қоспағанда, арнаулы мемлекеттік органның қызметкері немесе әскери қызметші қызметте болудың шекті жасына жету бойынша, денсаулық жағдайы бойынша, штаттардың қысқаруына байланысты немесе отбасы жағдайы бойынша қызметтен шығарылған кезде мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжаймен қамтамасыз етілмеген кезеңдер үшін біржолғы тұрғын үй төлемдерін алады.
Арнаулы мемлекеттік органның қызметкеріне, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің әскери қызметшісіне осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген негіздер бойынша қызметтен шығарылған кезде біржолғы тұрғын үй төлемдері арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке (үздіксіз қызметке) кірген соңғы күнінен бастап – 2013 жылғы 1 қаңтарға дейін, ал Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінен, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардан арнаулы мемлекеттік органдарға (үздіксіз қызметке) ауысқан жағдайда көрсетілген күннен кейін 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін тағайындалады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген негіздер бойынша қызметтен шығарылған кезде әскери қызметшіге (Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің әскери қызметшісін қоспағанда) біржолғы тұрғын үй төлемдері әскери қызметке (үздіксіз қызметке) кірген соңғы күнінен бастап 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін тағайындалады.
Бұл ретте осы тармақта көзделген біржолғы тұрғын үй төлемдері:
1) ағымдағы тұрғын үй төлемдері бұрын жүзеге асырылған;
2) қызмет өткеретін әрбір жерінде соңғы бес жыл ішінде иеліктен шығару ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік тұрғын үй қорынан бұрын берілген немесе меншік құқығындағы тұрғынжайда тұрған кезеңдер шегеріле отырып жүзеге асырылады. Бұл ретте тұрғынжайда елу пайыздан кем үлестің болуы есепке алынбайды.
Жекешелендіруге жатпайтын қызметтік тұрғынжайда 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін тұрған арнаулы мемлекеттік органның қызметкеріне немесе әскери қызметшіге осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген негіздер бойынша қызметтен шығарылған кезде біржолғы тұрғын үй төлемдері көрсетілген тұрғынжайда тұрған кезеңдері үшін, бұрын жүзеге асырылған ағымдағы тұрғын үй төлемдерінің кезеңдері шегеріле отырып, ағымдағы тұрғын үй төлемдері мөлшерінің елу пайызы мөлшерінде жүзеге асырылады.
Осы тармақта көзделген біржолғы тұрғын үй төлемдерінің мөлшері отбасы құрамының өзгеруі және тұрғынжаймен қамтамасыз етілмеу кезеңдері ескеріле отырып, мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурсында жарияланатын оның ағымдағы жылғы қаңтардағы деректеріне сәйкес арнаулы мемлекеттік органның қызметкері немесе әскери қызметші қызмет өткеріп жүрген Қазақстан Республикасының тиісті өңіріндегі жайластырылған тұрғынжайды жалға алу ақысының бір шаршы метрі құнының мөлшерін тұрғын үй төлемдерін алушының өзін қоса алғанда, отбасының әрбір мүшесіне он сегіз шаршы метр есебімен алынған тұрғынжай алаңына көбейту арқылы айқындалады.
Осы тармақтың күші арнаулы мемлекеттік органның қызметкеріне және әскери қызметшіге, егер олар не олардың жұбайы (зайыбы):
1) тұрғынжайды купондық тетік арқылы жекешелендіруді жүзеге асыруды қоспағанда, тұрғынжайды жекешелендіру құқығын іске асырса;
2) біржолғы тұрғын үй төлемдерін немесе ақшалай өтемақы алса;
3) тұрғын үй төлемдерін пайдалану арқылы тұрғынжайды меншікке алуға арналған шарт бойынша міндеттемелерді орындаса;
4) тұрғын үй төлемдерін пайдалану арқылы тұрғынжайды меншікке алуға арналған шарт бойынша міндеттеме орындалмаған, сондай-ақ тұрғынжайды мұрагерлік бойынша алған жағдайды қоспағанда, осы елді мекенде меншік құқығында тұрғынжайы бар болса, қолданылмайды.
2. Тұрғын үй төлемдерін алушыға осы баптың 1-тармағында көзделген біржолғы тұрғын үй төлемдері, егер оның тұрғынжайға құқығы олар некеге тұрғанға (ерлі-зайыпты болғанға) дейін іске асырылса, оның зайыбы (жұбайы), сондай-ақ оның баласы (балалары) есепке алынбай жүзеге асырылады.
Егер арнаулы мемлекеттік органның қызметкері және әскери қызметші тұрғын үй төлемдерін алушылар болып табылса, осы баптың 1-тармағында көзделген біржолғы тұрғын үй төлемдерін тағайындау жүзеге асырылады.
Тұрғын үй төлемдерін алушыны жеке құрам тізімдерінен алып тастау берілген баянатына сәйкес оған төленбеген біржолғы тұрғын үй төлемдерін тағайындауға және жүзеге асыруға кедергі болмайды.
Жеке құрам тізімдерінен алып тасталған Қазақстан Республикасының азаматы осы баптың 1-тармағының бірінші және бесінші бөліктерінде көзделген біржолғы тұрғын үй төлемдерін тағайындау үшін тізімдерден алып тасталған күннен бастап тоқсан күн ішінде қызмет өткерген мемлекеттік мекемеге жүгінуге құқылы. Көрсетілген мерзім өткеннен кейін жүгінген жағдайда мемлекеттік мекеме біржолғы тұрғын үй төлемдерін тағайындаудан бас тарту туралы шешім шығарады.
3. Осы баптың 1-тармағының бірінші және бесінші бөліктерінде көзделген біржолғы тұрғын үй төлемдерінің сомасы тұрғын үй төлемдерін пайдалану арқылы тұрғынжайды меншікке алуға арналған шарт бойынша негізгі борыш сомасынан асатын жағдайларда көрсетілген төлемдер қызметтен шығарылған (жеке құрам тізімдерінен алып тасталған) күнге сыйақы ескеріле отырып, негізгі борыш сомасынан аспайтын мөлшерде жүзеге асырылады.
4. 2025 жылғы 1 шілдеге дейін тұрғынжайды меншікке алуға арналған шарт бойынша міндеттемелері бар әскери қызметшілер (Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің әскери қызметшілерін қоспағанда) қатарынан тұрғын үй төлемдерін алушыларға біржолғы тұрғын үй төлемдерінің мөлшері осы баптың 3-тармағы ескерілмей айқындалады.
Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуiрдегi N 94 Заңы.
Қазақстан Республикасының Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы