64-бап. Теріс қылықтар мен жазалар Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы Заңы
1. Қызметкердің тәртіптік теріс қылығы (бұдан әрі – теріс қылық) – қызметкердің өзіне жүктелген міндеттерді құқыққа қайшы, кінәлілікпен орындамауы немесе тиісінше орындамауы, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануы, қызметтік тәртіпті, қызметтік әдеп қағидаларын бұзуы, сол сияқты қызметте болуына байланысты Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулерді сақтамауы.
2. Елеулі емес теріс қылық жасаған қызметкерге басшының қызметтік тәртіпті қатаң сақтаудың қажеттігі туралы жазбаша ескерту жасаумен шектелуге құқығы бар.
Жазбаша ескертуді лауазымды адам тиісті басшының тапсырмасымен жасайды.
Жазбаша ескерту қызметкерге қол қойғыза отырып, жеткізіледі, тіркеледі және қызметкердің жеке ісіне қосу үшін кадр бөлімшесіне беріледі. Алты ай өткеннен кейін ол алынады және оны кадр бөлімшесі белгіленген тәртіппен жояды.
Жазбаша ескерту жаза болып саналмайды.
3. Алдын алу мақсатында қызметкерлердің теріс қылықтары басшының шешімі бойынша:
1) қатардағы қызметкерлер үшін – жеке құрамның жиналыстарында;
2) сержанттар үшін – сержанттар құрамының жиналыстарында;
3) офицерлер үшін – офицерлер жиналыстарында қаралуы және талқылануы мүмкін.
4. Аға офицерлер құрамындағы офицерлердің теріс қылықтары тек аға және жоғары офицерлер құрамындағы офицерлердің жиналыстарында, жоғары офицерлер құрамындағы офицерлердің теріс қылықтары тек жоғары офицерлер құрамындағы офицерлердің жиналыстарында қаралуы және талқылануы мүмкін.
5. Кейінге қалдыруды күттірмейтін ерекше жағдайларда қызметкер оның жауаптылығы туралы мәселені шешкенге дейін лауазымынан уақытша шеттетілуі мүмкін.
Қызметкерге лауазымынан уақытша шеттету ол жасаған теріс қылық оның қызметтік міндеттерін атқаруға немесе басқа қызметкердің қызметтік міндеттерін атқаруына кедергі келтірген не қызметкердің лауазымдық міндеттерін атқаруы оның теріс қылық жасауының мән-жайын жан-жақты, толық, объективті және уақытылы анықтауға, оның жасалуына ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтауға кедергі келтіретін (келтіруі мүмкін) жағдайларда қолданылуы мүмкін.
6. Қызметкерді лауазымынан оны лауазымға тағайындау құқығы берілген басшы шеттетеді.
Бағынысты қызметкерді лауазымынан шеттеткен басшы лауазымынан шеттетуді тудырған себептер мен мән-жайларды нақты жазып, бұл туралы команда бойынша баяндауға міндетті.
Бағынысты қызметкерді оған жеткілікті негізсіз лауазымынан шеттеткен басшы ол үшін тәртіптік және өзге де жауаптылықта болады.
7. Тәртіптік жаза (бұдан әрі – жаза) – қызметкерге уәкілетті басшы қолданатын тәртіптік ықпал ету шарасы.
8. Қызметкерлерге қатысты мынадай тәртіптік жазалар қолданылуы мүмкін:
1) ескерту;
2) сөгіс;
3) қатаң сөгіс;
4) қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту;
5) арнаулы атағын бір сатыға төмендету;
6) теріс себептер бойынша қызметтен шығару.
9. Әскери, арнаулы оқу орындарының курсанттарына қатысты мынадай тәртіптік жазалар қолданылады:
1) ескерту;
2) кезектен тыс нарядқа қою (бөлімшені күзетуді қамтамасыз ету бойынша нарядқа қоюды қоспағанда);
3) әскери, арнаулы оқу орнының орналасқан жерінен кезекті шығуынан айыру;
4) сөгіс;
5) қатаң сөгіс;
6) теріс себептермен қызметтен шығару.
10. Теріс қылық жасаған қызметкерге осы Заңда белгіленген жазалар ғана қолданылуы мүмкін.
11. Қызметкерлердің топ болып жасаған теріс қылығы кезінде жазалар әрбір кінәліге оның жауаптылық шамаларына қарай жеке қолданылады.
12. Дәл сол теріс қылығы үшін бірнеше жаза қолдануға немесе бір жазаны басқасымен біріктіруге, тікелей кінәлілерді жазалаудың орнына бөлімшенің барлық жеке құрамына жаза қолдануға тыйым салынады.
13. Жаза қолдану теріс қылық жасаған қызметкерді оны орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін жаза қолданылған міндеттерді атқарудан босатпайды.
14. Егер уәкілетті басшы бағынысындағы адам жасаған теріс қылықтың ауырлығына қарай, өзіне берілген тәртіптік құқықтар жеткіліксіз деп санаса, ол жоғары тұрған басшының құқығымен кінәліге жаза қолдану туралы өтініш жасайды.
15. Жоғары тұрған басшының бағынысындағы басшы қолданған тәртіптік жазаны қатаңдық себебі бойынша алып тастауға немесе төмендетуге, егер соңғысы оған берілген өкілеттікті асыра пайдаланбаса, құқығы жоқ.
16. Жоғары тұрған басшы осы жаза, жасалған теріс қылықтың ауырлығына сәйкес емес деп тапса, бағынысындағы басшының қолданған тәртіптік жазасын алып тастауға және неғұрлым қатаң жаза қолдануға құқығы бар.
Жаза заңсыз қолданылған жағдайда, ол жоғары тұрған басшының құқығымен алынып тасталуы мүмкін.
Заңсыз жаза қолданған басшы ол үшін жауапты болады.
17. Қызметкерге жаза қолдану оны заңмен көзделген жауаптылықтың басқа да түрлерінен босатпайды.
18. Қызметкерлерге қолданылатын жазалар олар жасаған теріс қылықтың ауырлығына және олардың кінәсінің дәрежесіне сәйкес келуге тиіс.
Егер кінәлі теріс қылықты бірнеше рет жасаған немесе топ болып тәртіп бұзуға қатысқан болса, егер теріс қылық кезекшілік, наряд уақытында және қызметтік міндеттерді атқару кезінде немесе алкогольдік, есірткілік, психотроптық, уыттық (оларға ұқсас) мас күйде жасалған болса, жазаның қатаңдығы арттырылады.
19. Тәуліктік наряд құрамына кіретін (кезекшілік өткеретін) қызметкерге қызмет өткеру уақытында оның жасаған теріс қылықтары үшін жаза қолдану нарядтан ауысқаннан немесе оны басқа қызметкермен ауыстырғаннан кейін жүргізіледі.
20. Қызметкерге жаза қолдану кезінде оның жеке ар-намысын кемсітуге, оған дене азабы мен моральдық азап келтіруге және дөрекілік көрсетуге жол берілмейді.
Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 13 ақпандағы № 552-IV Заңы.
Осы Заң Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органдарының (бұдан әрі – арнаулы мемлекеттік органдар) мәртебесін айқындайды, арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке тұруға, оны өткеруге және тоқтатуға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің құқықтық жағдайын, материалдық қамтамасыз етілуі мен әлеуметтік қорғалуын айқындайды.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы