Лауазымында қызмет атқарып жүріп қызметтік кабинетінің сейфінде сақтауда тұрған бағалы заттарды жасырын түрде жымқырғаны үшін
Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласының № 2 сотының 2020 жылғы 20 ақпандағы үкімімен: Ж. бұрын сотталмаған, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 188-бабы төртінші бөлігінің 3) тармағымен 5 жылға бас бостандығынан айыруға, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеуге сотталған. Жазасын өтеу мерзімі 2020 жылғы 20 ақпаннан бастап есептелген. ҚК-нің 62-бабы үшінші бөлігінің 2) тармағына сәйкес 2020 жылғы 20 ақпаннан үкім заңды күшіне енгенге дейін күзетпен ұстауда отырған бір күні орташа қауіпсіз мекемеде бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеудің бір жарым күн есебімен жаза мерзіміне есептелген. Ж.-дан Мемлекеттік кірістер департаментінің пайдасына 21 975 000 теңге азаматтық талап, мемлекеттің пайдасына 659 250 теңге мемлекеттік баж, 289 389 теңге процестік шығындар, Жәбірленушілерге өтемақы қорына 50 500 теңге мәжбүрлі төлем өндірілген. Іс бойынша заттай дәлелдемелердің мәселесі ҚПК-нің 118-бабында бекітілген тәртіп бойынша шешілген. Сот үкімімен Ж. Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің тергеушісі лауазымында қызмет атқарып жүріп қызметтік кабинетінің сейфінде басқа тергеушілердің іс жүргізуіндегі қылмыстық істер бойынша заттай дәлелдемелер ретінде алынып сақтауда тұрған 28 908 400 теңгені 2018 жылғы 26 қазаннан 2019 жылғы 14 маусым аралығында жасырын түрде жымқырғаны үшін кінəлі деп танылған. Шығыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 17 сәуірдегі қаулысымен үкімнің күші жойылған. Шығыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 17 сәуірдегі үкімімен Ж. кінәсіз деп танылып, ақталған. Өзге адамды қылмыстық қудалау қажеттігі туралы мәселені шешу үшін қылмыстық іс прокурорға жіберілген. Бас Прокурордың міндетін атқарушының наразылығында Ж.-ға қатысты ақтау үкімімен келіспей, соттың тұжырымы істің нақты мəн-жайларына сəйкес келмейтінін және істі қарау барысында қылмыстық іс жүргізу заңының бұзылғанын көрсете отырып, апелляциялық сот алқасы шығарған сот актілерінің күшін жойып, істі апелляциялық сатыдағы сотқа қайта қарауға жіберуді сұраған.
Лауазымында қызмет атқарып жүріп қызметтік кабинетінің сейфінде сақтауда тұрған бағалы заттарды жасырын түрде жымқырғаны үшін
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы Ж.-ға Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің тергеушісі лауазымында қызмет атқарып жүріп қызметтік кабинетінің сейфінде басқа тергеушілердің іс жүргізуіндегі қылмыстық істер бойынша заттай дәлелдемелер ретінде алынып сақтауда тұрған 28 908 400 теңгені 2018 жылғы 26 қазаннан 2019 жылғы 14 маусым аралығында жасырын түрде жымқырғаны үшін ҚК-нің 188-бабы төртінші бөлігінің 3) тармағымен айып тағып, сотқа берген. Алайда іс материалдарынан анықталғандай, тағылған айып шеңберінде Ж.-ның 28 908 400 теңге ақша қаражатын жасырын түрде жымқырғаны, яғни ұрлық белгілері анықталмаған. 2018 жылғы шілдеде тергеуші А. басқа қызметке ауысуына байланысты, өзінің № 5 қызметтік бөлмеде орналасқан қызметтік орнымен бірге, осы бөлмедегі сейфті бір кілтімен Ж.-ға әрі қарай қызмет бабы бойынша пайдалануы үшін берген. Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің тергеушілерінің іс жүргізуіндегі қылмыстық істер бойынша заттай дәлелдемелер ретінде алынған 28 908 400 теңге ақша қаражаттары 2018 жылғы 26 қазанда Ж.-ның қатысуымен № 5 қызметтік бөлмесінде орналасқан сейфіне салынып, сейфтің кілті Ж.-ға табысталған. Демек аталған ақша қаражаты Ж.-ның сейфінде сақтау үшін сеніп тапсырылған. Сол сәтте Ж.-ның сенiмді теріс пайдалану жолымен жымқыру белгілерінсіз меншік иесіне мүлiктiк ірі залал келтiруге ниеті туындаған. Бірінші сатыдағы сот тергеуінде анықталғандай, Ж. өзінің кінәсін мойындаған бейнежазбада өзі бейнеленгендігін дауламайды, түсірілім оның келісімімен және рұқсатымен жариялы түрде түсірілген, өзіне қатысты қысым көрсету дерегімен құқық қорғау органдарына жүгінбеген.
Аталған бейнежазбаны қылмыстық істі жүргізген тергеуші қылмыстық-процестік заң нормаларына сәйкес алу хаттамасымен алған және оған қарау жүргізіп, айғақ зат ретінде таныған. «Сот үкімі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2018 жылғы 20 сәуірдегі № 4 нормативтік қаулысының 2, 20-тармақтарына сəйкес заң талаптарын сақтай отырып жиналған жəне тікелей сот отырысында толық, объективті жəне жан-жақты зерттеліп, талданған əрі тиісті баға берілген дəлелдемелерге негізделген, сот түйіндері уəжделген үкім негізді болып табылады. Қылмыстық істерді қараған кезде соттар тікелей сот ісін жүргізу қағидатын сақтаулары қажет. Қазақстан Республикасы Қылмыстықпроцестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 331-бабына сəйкес үкім тікелей басты сот талқылауында зерттелген дəлелдемелерге негізделуге тиіс. Егер дəлелдемелер сот отырысында тараптардың қатысуымен зерттелмеген болса, сот өз түйіндерін растау үшін үкімде оларға сілтеме жасауға құқылы емес. Куəлардың сотқа дейінгі іс жүргізу барысында іс бойынша алынған айғақтарын жария етуге жəне үкімде оларға сілтеме жасауға ҚПК-нің 372-баптарында (куəнің айғақтарын жариялау) көрсетілген жағдайларда ғана жол беріледі. Бұл айғақтардағы нақты деректер басты сот талқылауында тексеріліп, жан-жақты зерттеліп жəне расталғаннан кейін ғана сот түйіндерінің негізіне алынуы мүмкін. Бұл ретте апелляциялық сатыдағы сот іс бойынша куәлардың сұрақтарға берген жауаптарына және жинақталған дәлелдемелерге біржақты баға беріп, негізсіз тұжырым жасаған.
Сондықтан сот алқасы апелляциялық сатыдағы сот үкімнің күшін жою туралы қаулысы мен ақтау үкімінің күші жойылуға жатады деген тұжырымға келді. Куə М.-ның жауабына сәйкес ол А.-мен бірге автокөлікте отырған кездерінде сотталған Ж.-ға келіп «əкем келді, ақшаны қайтарамын уайымдамаңдар деп» айтқанын бекіткен. Ал куəлар түсірген бейнежазбада сотталған Ж. сейфтегі 28 908 400 теңгені алғанын өз еркімен мойындаған. Сот психологиялық-криминалистикалық сараптама қорытындысына орай, яғни жоғарыда аталған бейнежазбада Ж. өзін еркін ұстап, бос сөйлеп тұрғаны және жаттанды сөз айту белгілері жоқ екені бекітілген. Сонымен қатар куәлар А., М., Е. және Б. сотта сотталған Ж.-ның ақша қаражаттарын сейфтен алғанын және оны өзі мойындағанын естігендері туралы айғақ берген. Куәларға сотта жалған жауап берген жағдайда қылмыстық жауаптылық көзделгені ескертілген. Яғни олардың жауаптарына күмән келтіруге негіз жоқ. Іс материалдары және сотта зерттелген дәлелдемелерге сәйкес ақша қаражаттары сақтаулы тұрған сейфтің кілті Ж.-да болғандығы бекітіледі. Демек, Ж. сенiмді теріс пайдалану жолымен мүлiктің иеленушісіне жымқыру белгiлерiнсіз мүлiктiк ірі залал келтiрген. «Бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену жөніндегі істер бойынша сот тәжірибесі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі № 8 нормативтік қаулысының 6-тармағына сәйкес бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену мақсатынсыз өзіне немесе басқа адамдарға уақытша пайдалану үшін бөтеннің мүлкін құқыққа қарсы иелену ұрлық болып саналмайды. Істің мұндай тұрғысында, сот алқасы Ж.-ның іс-әрекеті ҚК-нің 195-бабы төртінші бөлігінің 2) тармағымен, яғни сенiмді теріс пайдалану жолымен жымқыру белгілерінсіз меншік иесіне мүлiктiк ірі залал келтiргеніне байланысты қайта саралануға, Бас Прокурордың міндетін атқарушының наразылығы ішінара қанағаттандырылуға жатады деп санайды. ҚК-нің 11-бабының үшінші бөлігіне сәйкес Ж.-ның әрекеті ауырлығы орташа қылмыс санатына жатады.
Сот алқасы Ж.-ға жаза тағайындағанда қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамға қауiптiлiк дәрежесiн, кінәлінің жеке басын, оның құқық бұзушылық жасағанға дейiнгi және одан кейiнгi мiнез-құлқын және бұрын сотты болмағанын, қылмыстық жауаптылығы мен жазаны жеңiлдететiн мән-жайларды ескеріп, жазаның бұл түрі оның түзелуіне және жаңа қылмыстардың алдын алу үшін қажетті және жеткілікті, әрі әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру және жазаның мақсатына жетуді қамтамасыз ете алады деп есептеп, осы қылмысы үшін заңның санкциясында көзделген бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындау қажет деп санайды. ҚК-нің 44-бабының талабына сәйкес пробациялық бақылауды жүргізу сотталушының тұрғылықты жеріндегі пробация қызметі бөліміне жүктелуі тиіс. Ж.-ның айыпталып отырған ҚК-нің 195-бабы төртінші бөлігінің 2) тармағында қосымша жаза ретінде белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыру жазасы көзделген. Сот алқасы Ж.-ның қылмыстық әрекеті ауырлығы орташа қылмыс санатына жататындығын ескеріп, қосымша жаза тағайындауға қажет етпейді деп есептейді. Ж.-дан «Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының екінші бөлігіне сәйкес жәбірленушілерге өтемақы қорына он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде мәжбүрлі төлем өндірілуге жатады. Қылмыстық істегі құжаттарға сәйкес 2020 жылғы 20 ақпаннан 17 сәуірге дейін қамауда отырған.
Сондықтан ҚК-нің 62-бабы үшінші, бірінші бөліктерінің 2) тармағының негізінде 2020 жылғы 20 ақпаннан 17 сәуірге дейін қамауда отырған бір күні бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеудің екі күн мерзіміне есептелуге жатады. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сотталған Ж.-ға қатысты апелляциялық сот алқасының қаулысы мен ақтау үкімінің күштерін жойды. Ж.-ға қатысты бірінші сатыдағы соттың үкімі өзгертілді. Ж.-ның әрекеттері ҚК-нің 188-бабы төртінші бөлігінің 3) тармағынан ҚК-нің 195-бабы төртінші бөлігінің 2) тармағымен қайта сараланып, осы баппен 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. ҚК-нің 62-бабы үшінші, бірінші бөліктерінің 2) тармағына сәйкес Ж.-ның 2020 жылғы 20 ақпаннан 17 сәуірге дейін күзетпен ұстауда отырған бір күні бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеудің екі күн мерзіміне есептелсін. ҚК-нің 44-бабына сәйкес Ж.-ға жаза өтеудің барлық мерзіміне пробациялық бақылау белгіленсін, оған пробация қызметіне хабарламай, тұрақты тұрғылықты жерінен кетпеу, жұмысын ауыстырмау, ішімдік ішіп ойын-сауық құратын жерлерге (мейрамхана, дәмхана, түнгі клубтарға, букмекерлік кеңселерге, компьютерлік клубтарға) бармау міндеттерін орындау жүктелді. Ж. жергілікті атқарушы органдар айқындайтын орындарда жылына бір жүз сағаттан мәжбүрлі еңбекке тартылып, тұрғылықты жері бойынша пробация қызметіне он тәулiк iшiнде есепке қою үшiн келу мiндетi белгiленді. ҚК-нің 44-бабының үшінші бөлігіне сәйкес жазаны өтеуден қаскөйлікпен жалтарған жағдайда, бас бостандығын шектеудiң өтелмеген мерзiмi дәл сол мерзiмге бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаға ауыстырылатыны түсіндірілді. Жазаны өтеу мерзімі пробация қызметінде есепке алынған уақыттан бастап есептелді. ҚК-нің 98-2-бабының 2) тармағына сәйкес Жәбірленушілерге өтемақы қорына 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мәжбүрлі төлем ретінде 37 875 (отыз жеті мың сегіз жүз жетпіс бес) теңге өндірілді. Үкімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылды. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының міндетін атқарушының наразылығы ішінара қанағаттандырылды.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы