Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 185-бабына түсіндірме. Мемлекеттік құпияларды заңсыз жинау, тарату, жария ету
1. Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді заңсыз жинау, сол сияқты мемлекеттік құпияларды құрайтын заңсыз алынған мәліметтерді, егер мемлекеттік опасыздық немесе тыңшылық белгілері болмаса, тарату –
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді, егер мемлекеттік опасыздық белгілері болмаса, қызметі, жұмысы бойынша не Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негіздер бойынша сеніп тапсырылған немесе өзіне белгілі болған адамның жария етуі –
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген іс-әрекеттер, егер олар ірі залал келтіруге немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса –
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, бес жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Осы қылмыстың қоғамдық қауіптілігі мемлекеттік құпияларды құрайтын заңсыз жиналған немесе жария етілген мәліметтердің шетелдік арнаулы қызметтердің иелігіне өтіп кетуі және Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне залал келтіруі мүмкін екендігінде. Ұлттық қауіпсіздік мүдделеріне байланысты таралуы шектелетін, өмірдің әртүрлі салаларындағы мәліметтер тізбесі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен айқындалады.
Қылмыстың объектісі мемлекеттік құпиялардың сақталуын қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар болып табылады.
Қылмыстың заты мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтер болып табылады. Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтердің түсінігі мен белгілері ҚК-нің 175-бабына берілген түсіндірмеде қарастырылған.
Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 15 наурыздағы «Мемлекеттік құпиялар туралы» Заңына сәйкес мемлекеттік құпиялар деп тиімді әскери, экономикалық, ғылыми-техникалық, сыртқы экономикалық, сыртқы саяси, барлау, қарсы барлау, жедел-іздестіру және халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған нормаларына қайшы келмейтін өзге де қызметті жүзеге асыру мақсатында мемлекет таратылуын шектейтін, мемлекеттік және қызметтік құпияларды құрайтын, мемлекет қорғайтын мәліметтер танылады (Заңның 1-бабы). Осындай анықтама Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2013 жылғы 13 желтоқсандағы «Қылмыстық сот ісін жүргізуде мемлекеттік құпияларды қорғау мәселелерін реттейтін заңнаманың кейбір нормаларын қолдану туралы» нормативтік қаулысының 1-тармағында да берілген.
Аталған Заңның 1-бабында сондай-ақ «мемлекеттік құпия» және «қызметтік құпия» ұғымдарының анықтамалары қамтылған:
мемлекеттік құпия – жария етілуі немесе жоғалуы Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне зиян келтіретін немесе зиян келтіруі мүмкін әскери, экономикалық, саяси және өзге де сипаттағы мәліметтер;
қызметтік құпия – мемлекеттік құпияның құрамына кіруі мүмкін жекелеген деректер сипатындағы, жария етілуі немесе жоғалуы мемлекеттің ұлттық мүдделеріне, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен ұйымдарының мүдделеріне зиян келтіруі мүмкін мәліметтер.
Қылмыстың объективтік жағы мынадай әрекеттердің бірін жасаумен сипатталады: 1) мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді заңсыз жинау; 2) мемлекеттік құпияларды құрайтын заңсыз алынған мәліметтерді мемлекеттік опасыздық немесе тыңшылық белгілері болмаған жағдайда тарату.
Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді жинау, егер кінәлі адамның әрекетінде мемлекеттік опасыздық немесе тыңшылық белгілері болмаса, осы бап бойынша жауаптылыққа әкеп соғады. Бұл мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді жинау кезінде кінәлі адамның Қазақстан Республикасының сыртқы қауіпсіздігі мен егемендігіне нұқсан келтіру немесе оларды әлсірету мақсатының не аталған мәліметтерді шет мемлекетке, шетелдік ұйымға немесе олардың өкілдеріне беру мақсатының анықталмайтынын білдіреді. Көрсетілген белгілер болған жағдайда мұндай әрекеттер ҚК-нің 175 және 176-баптарында көзделген қылмыстардың белгілерін құрайды.
Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді жинау деп осы мәліметтерді заңсыз алуға бағытталған әрекеттер түсініледі. Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді жинаудың кең таралған тәсілдері ретінде мыналарды атап өтуге болады: құжаттарды ұрлау; мемлекеттік құпияларды иеленетін адамдарға немесе олардың жақындарына пара беру немесе оларға қоқан-лоққы жасау; байланыс құралдарындағы ақпаратты ұстап қалу; компьютерлік жүйеге немесе желіге заңсыз кіру; осындай мәліметтерді жинау үшін арнайы техникалық құралдарды пайдалану.
Мемлекеттік құпияларды қамтитын құжаттарды ұрлау – бұл тиісті құжаттарды құжат айналымынан немесе иеліктен заңсыз алып қою және оларды өзінің немесе басқа адамның пайдасына айналдыру.
Пара беру – мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерге ие адамға осы мәліметтер үшін ақы ретінде ақша немесе өзге де мүлікті беру не беруге уәде ету немесе мүліктік сипаттағы қызметтер көрсету.
Қоқан-лоққы жасау мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерге ие адамға қатысты күш қолданумен, мүлікті жоюмен немесе бүлдірумен не адамның құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіруі мүмкін мәліметтерді таратумен қорқытуды білдіреді. Қоқан-лоққы ауызша немесе жазбаша түрде, сондай-ақ делдалдар арқылы берілуі мүмкін. Қоқан-лоққы нақты болуы тиіс.
Байланыс құралдарындағы ақпаратты ұстап қалу материалдық-техникалық жабдықтарды (радиотехникалық, телефондық, телеграфтық) пайдалана отырып, байланыс құралдарына рұқсатсыз қосылу жолымен хат-хабарлармен, пошта және телеграф хабарламаларымен, телефон, телефакс, телетайп және басқа да телекоммуникациялар арқылы берілетін ақпаратпен заңсыз танысу арқылы мемлекеттік құпияларды заңсыз алу тәсілін білдіреді.
Компьютерлік жүйеге немесе желіге заңсыз кіру мынадай әрекеттерден көрінуі мүмкін: белгілі бір компьютерге қосылу, телефон желісіне қосылу, бөтен адамның атын (паролін) пайдалану, автоматтандырылған жүйелерді қорғаудағы осал тұстарды анықтау (қорғаныс жүйесін бұзу) және т.б.
Арнайы техникалық құралдар деп материалдық жеткізгіштерден ақпаратты алуға арналған аппаратуралар, құрылғылар мен құралдар түсініледі.
Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді жинау тәсілдерінің бұл тізбесі түпкілікті болып табылмайды, өйткені заң аталған мәліметтерді жинаудың кез келген өзге тәсілдерін қолдануға жол береді, мысалы, ақпарат алмасу, сенімді теріс пайдалану жолымен осы мәліметтерді алу және т.б.
Мемлекеттік құпияларды құрайтын заңсыз алынған мәліметтерді тарату деп осындай мәліметтерге рұқсаты жоқ кем дегенде бір адамға оларды кез келген тәсілмен (ауызша, жазбаша, телефон арқылы немесе өзге де байланыс арналары арқылы) хабарлауды түсіну керек.
Түсіндіріліп отырған баптың 1-бөлігі бойынша қылмыс құрамы формальды болып табылады, қылмыс баптың диспозициясында көрсетілген әрекеттердің кез келгені жасалған сәттен бастап аяқталған деп есептеледі.
Мемлекеттік құпияларды заңсыз хабарлау немесе заңсыз алынған мемлекеттік құпияларды тарату кезіндегі субъективтік жағы тікелей қасақаналық түріндегі кінәмен сипатталады, яғни кінәлі адам заңсыз әрекеттерінің нәтижесінде заңды қол жеткізу құқығы жоқ мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерге ие болатынын не осы мәліметтерді тарататынын сезінеді, қоғамдық қауіпті зардаптардың туындау мүмкіндігін немесе болмай қоймайтынын алдын ала біледі және олардың туындауын қалайды.
ҚК-нің 185-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстың субъектісі жалпы болып табылады, ол 16 жасқа толған, есі дұрыс кез келген адам болуы мүмкін.
ҚК-нің 185-бабының 2-бөлігінде мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді жария еткені үшін жауаптылық көзделген.
Объективтік жағы жария ету нысанындағы әрекетпен сипатталады, оның астарында мемлекеттік құпияларды олармен танысуға құқығы берілмеген заңды және жеке тұлғаларға кез келген басқа тәсілдермен хабарлау, беру, ұсыну, жөнелту, жариялау немесе жеткізу түсініледі. Осылайша, жария ету деп мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді бөтен адамдардың иелігіне айналатындай етіп құқыққа қайшы жария етуді түсіну қажет.
Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді жария етудің міндетті белгісі – аталған мәліметтерді олармен танысуға құқығы жоқ бөтен адамдардың қабылдауы. Бөтен адам деп атқаратын жұмысының сипатына немесе қызметтік міндеттеріне қарай құпия мәліметтерге қол жеткізу құқығы немесе рұқсаты жоқ кез келген адам танылады.
Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерге қол жеткізу – уәкілетті лауазымды адамның нақты бір адамды мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтермен санкцияланған түрде таныстыруы.
Мемлекеттік құпияларға рұқсат беру – азаматтардың мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерге қол жеткізу құқығын, ал ұйымдардың осындай мәліметтерді пайдалана отырып жұмыстар жүргізу құқығын ресімдеу рәсімі.
Бөтен адамдарға, егер олардың осы мәліметтерге рұқсаты болмаса, жақын туыстар да жатады.
Жария ету әрекет арқылы да, әрекетсіздік арқылы да жасалуы мүмкін. Әрекет арқылы жария ету, мысалы, сенімді әңгімелесу, көпшілік алдында сөз сөйлеу, мемлекеттік құпияны қамтитын құжаттардан жасалған көшірмелері бар есепке алынбаған дәптерлер мен блокноттарды жоғалту және сол сияқты жағдайларда жүзеге асырылады. Әрекетсіздік арқылы жария ету, мысалы, режимдік объектіні бүркемелеу жөнінде шаралар қабылдамау, кінәлі адамның құжаттарды, бұйымдарды, кестелерді, сызбаларды бөтен адамдар олармен таныса алатын жағдайда қалдыруы; құжаттарды, жүктерді, бұйымдарды, материалдарды және т.б. сақтау, беру, жөнелту, тасымалдау талаптарын сақтамауы арқылы жасалуы мүмкін.
Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді жария ету құрамының міндетті белгісі мемлекеттік опасыздық белгілерінің болмауы болып табылады.
Қылмыс жария етілген мәліметтер бөтен адамдардың иелігіне өтіп, олар мәліметтерді қабылдап, олардың жалпы мағынасын түсінген сәттен бастап аяқталған болып есептеледі. Бұл ретте жария етілген мәліметтердің бүкіл жиынтығын қабылдау талап етілмейді, жария етілген ақпараттың жалпы мағынасын түсіну жеткілікті.
Мәліметтерді жария етудің субъективтік жағы тікелей және жанама қасақаналық түріндегі кінәмен сипатталады. Қылмыс тікелей қасақаналықпен жасалған кезде кінәлі адам өз әрекеттерінің қоғамдық қауіптілігін сезінеді, соның нәтижесінде мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтердің бөтен адамдардың иелігіне өтетінін алдын ала біледі және мұны қалайды (мысалы, баспасөзде жариялау). Жанама қасақаналықпен жария ету кезінде кінәлі адам мемлекеттік құпияларды жария етудегі өз әрекеттерінің қоғамдық қауіптілігін сезінеді, өз әрекеттерінің нәтижесінде аталған мәліметтердің бөтен адамдарға белгілі болуы мүмкін екенін алдын ала біледі және бөтен адамдардың олармен танысу фактісіне саналы түрде жол береді (мысалы, қоғамдық орында әңгімелесу барысында).
Қасақана жария етудің уәжі көбінесе өзінің хабардарлығын, құзыреттілігін және сол сияқты қасиеттерін бөтен адамға көрсету мақсатында мақтану болып табылады.
Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді жария ету ҚК-нің 185-бабы бойынша тек әрекетте мемлекеттік опасыздықтың тыңшылық немесе мемлекеттік құпияны беру нысанындағы белгілері болмаған жағдайда ғана сараланады. Жария ету кезінде кінәлі адамда мәліметтерді шет мемлекетке, ұйымға немесе олардың өкілдеріне беру арқылы елдің сыртқы қауіпсіздігіне зиян келтіруге ұмтылу болмайды. Бұдан басқа, түсіндіріліп отырған баптың мағынасындағы мемлекеттік құпияларды беру адресатының ұғымы мемлекеттік опасыздық құрамындағы адресат ұғымына қарағанда кеңірек. Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтер кез келген бөтен адамға жария етілуі мүмкін.
ҚК-нің 185-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстың субъектісі арнайы болып табылады. Ол мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтер сеніп тапсырылған немесе қызметі, жұмысы бойынша не Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негіздер бойынша белгілі болған адам болуы мүмкін.
ҚК-нің 185-бабының 3-бөлігінде осы баптың 1 немесе 2-бөліктерінде көзделген әрекеттер ірі залал келтіруге немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан жағдайда қылмыстық жауаптылық белгіленеді.
3-бөлікте көзделген қылмыс құрамы материалдық болып табылады. Қылмыс ірі залал немесе ауыр зардаптар келтірілген сәттен бастап аяқталған деп есептеледі.
ҚК-нің 3-бабының 38) тармағына сәйкес, ҚК-нің 185-бабына қатысты ірі залал деп айлық есептік көрсеткіштен бес жүз есе асатын мөлшердегі залал түсініледі.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2013 жылғы 13 желтоқсандағы «Қылмыстық сот ісін жүргізуде мемлекеттік құпияларды қорғау мәселелерін реттейтін заңнаманың кейбір нормаларын қолдану туралы» нормативтік қаулысының 2-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 185, 186 және 458-баптарында көзделген қылмыстармен келтірілген залалдың мөлшері Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 17 шілдедегі № 701 қаулысымен бекітілген, мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді жария ету немесе жоғалту салдарынан Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне немесе мемлекеттік органдары мен ұйымдарының мүдделеріне келтірілген немесе келтірілуі мүмкін залалдың, сондай-ақ мәліметтерді құрайтын жеткізгіштерді құпияландыру нәтижесінде олардың меншік иесіне келтірілетін залалдың мөлшерін айқындау қағидаларына сәйкес белгіленеді. Залал мөлшерін айқындау қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі мемлекеттік органның немесе ұйымның тұрақты жұмыс істейтін комиссиясы арқылы жүзеге асырылады. Ұйымда комиссия болмаған жағдайда залал мөлшерін айқындауды мәліметтер жоғалған немесе жария етілген ұйым басшысының бұйрығымен құрылатын сараптама комиссиясы жүргізеді.
Қылмыстық іс бойынша залал мөлшерін айқындау кезінде тұрақты жұмыс істейтін комиссия немесе сараптама комиссиясы жоғарыда аталған Қағидалардың 8-тармағының ережелерін басшылыққа алып, өз қорытындысында осы көрсеткіштерді есепке алу негіздері мен уәждерін көрсетуге тиіс.
Жоғарғы Соттың аталған нормативтік қаулысының 6-тармағына сәйкес, ҚК-нің 185, 186 және 458-баптарында көзделген ауыр зардаптарға мәліметтердің шетелдік арнаулы қызметтердің, террористік және экстремистік ұйымдардың немесе ұйымдасқан қылмыстық топтардың иелігіне өтуі, Қазақстан Республикасының сыртқы саяси мүдделеріне немесе ұлттық қауіпсіздігіне залал келтіру, қылмыстық әрекеттер нәтижесінде жаһандық ғылыми зерттеулер бағдарламасының, мемлекеттік іс-шаралардың және халықаралық келіссөздердің тоқтатылуы, режимдік объектінің басқа жерге көшірілуі, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің, осы органдарға құпия түрде жәрдем көрсететін (көрсеткен) адамдардың, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерінің қаза болуы, денсаулығына ауыр зиян келтірілуі не қамауға алынуы және т.б. жатқызылуы тиіс.
ҚК-нің 185-бабында көзделген әрекетті мемлекеттік опасыздықтан (ҚК-нің 175-бабы) және тыңшылықтан (ҚК-нің 176-бабы) ажырату қажет. Бұл қылмыстардың қылмыс заты бірдей – мемлекеттік құпиялар. Объективтік жағы бойынша да ұқсастық бар, өйткені аталған қылмыстарды жасау тәсілдері бірдей болуы мүмкін. Демек, бұл қылмыстарды ажырату қол сұғу объектісі және субъективтік жағы бойынша жүргізілуі тиіс.
Мемлекеттік құпияларды заңсыз жинау, тарату, жария етудің объектісі мемлекеттік құпиялардың сақталуын қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар болып табылады. Ал мемлекеттік опасыздық пен тыңшылықтың объектісі Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделері, сыртқы қауіпсіздігі және егемендігі болып табылады. ҚК-нің 185-бабында көзделген қылмыстарды жасау кезінде кінәлі адам жиналған мәліметтерді шет мемлекетке, халықаралық немесе шетелдік ұйымға, яғни оларды мемлекет шегінен тыс жерге беру мақсатын көздемейді.
Мемлекеттік опасыздық пен тыңшылық кезінде субъективтік жағынан кінәлі адам берілетін мәліметтердің сипатын, адресаттар тобын (шет мемлекет, халықаралық немесе шетелдік ұйым не олардың өкілдері) сезінеді және оларды Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне қарсы пайдалану үшін аталған адресаттарға беруді қалайды. Мемлекеттік құпияларды заңсыз жинау, тарату немесе жария ету кезінде кінәлі адам мұндай мақсатты көздемейді.
ҚК-нің 185-бабының 1 және 2-бөліктерінде көзделген әрекеттер ауырлығы орташа қылмыстарға жатады.
ҚК-нің 185-бабының 3-бөлігінде көзделген әрекет ауыр қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіне Исидор Шамилович Борчашвилидің 2021 жылғы түсіндірмесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Арбитраждық Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Келісімшарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсіндірме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар