Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 161-бабына түсініктеме. Басқыншылық соғысты тұтандыруды насихаттау немесе оған жария түрде шақыру
1. Басқыншылық соғысты тұтандыруды насихаттау немесе оған жария түрде шақыру —
бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Дәл сол әрекет бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын лауазымды адам жасаған жағдайда —
үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыруға жазаланады.
Қарастырылып отырған қылмыстың қоғамдық қауіптілігі мемлекетаралық қатынастарды бейбіт жолмен реттеу жүйесіне идеологиялық, психологиялық және саяси зиян келтірумен сипатталады. Басқыншылық соғысты тұтандыруды насихаттау немесе оған жария түрде шақыру басқыншылыққа дайындықтың элементі болып табылады, өйткені олардың мақсаты немесе ықтимал нәтижесі бейбітшілікке қатер төндіру, бейбітшілікті бұзу немесе басқыншылық актісін жасау қаупін туғызу не күшейту болып табылады. Олар басқыншылық соғысқа дайындалудан психологиялық, ақпараттық мазмұнымен ерекшеленеді, яғни мемлекетаралық проблемаларды шешу үшін басқыншылық соғыс идеясының, оның қажеттілігі мен заңдылығының халықтың қоғамдық санасы мен эмоцияларына сіңірілуіне бағытталған.
1947 жылғы қарашада БҰҰ Бас Ассамблеясы «Жаңа соғыстың насихатшылары мен арандатушыларына қарсы қабылдануға тиіс шаралар туралы» 110 (II) қарарында кез келген елдегі және кез келген нысандағы соғыс насихатын айыптады, ал 1950 жылы Бейбітшілікті жақтаушылардың Екінші дүниежүзілік конгресі барлық елдердің парламенттеріне соғыс насихаты үшін қылмыстық жауаптылық белгілеу туралы ұсыныспен жүгінді. БҰҰ Бас Ассамблеясының 1966 жылғы 16 желтоқсандағы 2200 А (XXI) қарарымен қабылданған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 20-бабы соғыс насихатына үзілді-кесілді тыйым салады: «Соғыстың кез келген насихатына заңмен тыйым салынуға тиіс», яғни мұндай насихат пен сөз сөйлеулердің мемлекеттік саясатқа қайшы келетінін екіұшты түсіндіруге жол бермейтіндей көрсететін және бұзылған жағдайда қажетті санкциялар көзделетін заң болуы керек. Осы кезден бастап бұл норма халықаралық шарттық сипатқа ие болды. БҰҰ Бас Ассамблеясының 1987 жылғы 18 қарашадағы 42/22 қарарымен қабылданған Халықаралық қатынастарда күш қолданбау немесе күш қолданамын деп қорқытпау қағидатының тиімділігін арттыру туралы декларацияда күш қолданбау және күш қолданамын деп қорқытпау қағидатын сақтау мақсатында «мемлекеттер басқыншылық соғыстарды насихаттаудан бас тартуға міндетті» деп көрсетілген.
Осы қылмыстың объектісі әлемдік ақпараттық-психологиялық қауіпсіздік, бейбітшілікті және мемлекеттердің бейбіт қатар өмір сүруін қорғау жөніндегі қоғамдық қатынастар болып табылады.
Қылмыстың объективтік жағы мынадай белсенді әрекеттер түрінде көрініс табады:
басқыншылық соғысты насихаттау;
басқыншылық соғысты тұтандыруға жария түрде шақыру.
Насихаттау — бұқаралық ақпарат құралдарында және жекелеген адамдардың жария сөз сөйлеулерінде кез келген нысанда көзқарастарды, идеяларды, ілімдерді, білімдерді терең түсіндіру және тарату; қалың бұқараға идеялық ықпал ету. Қылмыстық-құқықтық мағынада соғыс насихаты деп кең ауқымды адамдар тобы арасында басқыншылық соғысты ақтайтын, осындай соғысты қолдаушылар санын арттыратын, бір мемлекеттің екінші мемлекетке қарсы басқыншылықты жоспарлауына, дайындауына немесе тұтандыруына түрткі болатын ақпаратты таратуды түсінеміз. Соғыс насихатының нысаны кез келген болуы мүмкін: ауызша, жазбаша, бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалану арқылы, Интернетте орналастыру, әдеби шығармалар жасау және т.б.
Шақырулар белгілі бір мазмұндағы және тарихи шығу тегі әртүрлі қақтығыстарды шешудің жалғыз құралы ретінде қандай да бір халыққа немесе мемлекетке қарсы басқыншылық соғыстың қажеттілігі мен орындылығына сендіру мақсатында белгісіз адамдар тобына үндеу жасаудан тұрады. Олар дүниежүзілік соғысты, қандай да бір мемлекетке немесе мемлекеттер тобына қарсы соғысты тұтандыруға ашық немесе бүркемеленген шақыру түрінде көрініс табуы мүмкін.
Шақырулардың жариялылығы олардың үшінші тұлғалардың тікелей қатысуымен жасалуынан немесе (жазбаша нысанда болған жағдайда) басқа адамдардың олармен кейіннен танысуына есептелуінен көрінеді (мысалы, тиісті мазмұндағы плакаттарды немесе ұрандарды жапсыру). Көбінесе шақырулар тыңдаушылардың жеткілікті үлкен тобына: көпшілікке, жиналысқа қатысушыларға, өңірдің немесе елдің халқына арналады.
Шақырулар оқта-текте жасалуы мүмкін, алайда олардың абстрактілі антипасифизмге емес, дәл басқыншылық соғысты тұтандыруға бағытталуы міндетті. Адамның бір елдің екінші елге қарсы басқыншылығын ақтайтын өз бағалары мен көзқарастарын бір рет білдіруі қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпайды, өйткені баптың диспозициясында көпше түрдегі «шақырулар» сөзі көрсетілген.
Басқыншылық соғысты тұтандыруды насихаттау немесе оған жария түрде шақыру өзінің қылмыстық-құқықтық табиғаты бойынша айдап салудың бір түрі болып табылады, алайда басқыншылық соғысты тұтандыруға айдап салудан нақтылығының төмендігімен және идеялық сипаттың басымдығымен ерекшеленеді. Сонымен қатар айдап салу нақты адамдарға қатысты жүзеге асырылады, ал шақырулар белгісіз, кең ауқымды адамдар тобына бағытталады.
Егер қарастырылып отырған шақырулардың ықпалымен басқыншылық шабуыл жасалған болса, онда басқыншылық соғысты тұтандыру және жүргізу үшін жауаптылықты соғысты тікелей тұтандырған және жүргізіп жатқан адам көтереді. Ал басқыншылық соғысты тұтандыруға шақырған субъект нақты адамдарға іріктеп бағытталған ықпалдың болмауына байланысты осы қылмысқа (ҚК-нің 160-бабы) сыбайлас қатысушы ретінде жауаптылыққа тартылмайды.
Қылмыс құрамының құрылымы бойынша ол формальдық құрамға жатады. Қылмыс ақпаратты кем дегенде бір бөгде адамның қабылдаған немесе онымен өз бетінше танысқан сәтінен бастап, кінәлі адам басқыншылық соғыстың тұтандырылуына түрткі бола алғанына немесе болмағанына қарамастан, аяқталған деп танылады.
Қарастырылып отырған қылмысты жасауға дайындалу әрекеттері (үнпарақтар дайындау, өзге ақпараттық өнімдерді көбейту, бейнежазба жасау және т.б.) ҚК-нің 161-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпайды, өйткені бұл қылмыс орташа ауырлықтағы қылмыстар санатына жатады.
Қылмыстың субъективтік жағы тікелей қасақаналықпен сипатталады. Адам қандай да бір тәсілмен кең ауқымды адамдар тобы арасында басқыншылықты ақтайтын және оған итермелейтін идеяларды тарататынын, басқыншылық соғысты тұтандыруға жария түрде шақыратынын сезінеді және соны қалайды. Қылмыстың себептері кез келген болуы мүмкін. Осы қылмыстың міндетті белгісі арнайы мақсат болып табылады: басқыншылық соғысты тұтандыру.
Егер шақырулар, мысалы, азаттық соғысын жүргізуге бағытталған болса, қарастырылып отырған қылмыстың құрамы болмайды.
Қарастырылып отырған баптың 1-бөлігінде көзделген қылмыстың субъектісі жалпы, яғни 16 жасқа толған кез келген адам болып табылады.
ҚК-нің 161-бабының 2-бөлігінде саралаушы белгілер ретінде дәл сол әрекеттерді бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын лауазымды адамның жасауы көзделген.
Бұқаралық ақпарат құралдарын немесе ақпараттық-коммуникациялық желілерді пайдалану басқыншылық соғысты тұтандыруды насихаттау мен оған шақырулардың газеттер, журналдар, радио, теледидар, Интернет желісі және т.б. арқылы жүзеге асырылуын білдіреді.
Бұқаралық ақпарат құралы — мерзімді баспасөз басылымы, теле-, радиоарна, кинодеректеме, аудиовизуалды жазба және бұқаралық ақпаратты мерзімді немесе үздіксіз жария таратудың өзге де нысаны, оның ішінде интернет-ресурстар (1999 жылғы 23 шілдедегі «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» ҚР Заңының 1-бабының 4) тармақшасы).
Желі ақпараттық жүйелер арасында, сондай-ақ басқа телекоммуникация желілері арасында ақпарат беруді қамтамасыз ететін аппараттық-бағдарламалық құралдардың жиынтығын білдіреді. Қолжетімділік өлшемшарты бойынша телекоммуникация желілері жергілікті, ведомстволық, корпоративтік және жалпыға қолжетімді болып бөлінеді.
ҚК-нің 3-бабының 16) тармақшасына сәйкес, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам деп ҚР Конституциясында, ҚР конституциялық және өзге де заңдарында мемлекет функциялары мен мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін тікелей орындау үшін белгіленген лауазымды атқаратын адам, оның ішінде Парламент депутаты, судья, сондай-ақ ҚР мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес «А» корпусының саяси мемлекеттік лауазымын не әкімшілік мемлекеттік лауазымын атқаратын адам түсініледі.
Саяси мемлекеттік қызметші — тағайындалуы (сайлануы), босатылуы және қызметі саяси-айқындаушы сипатқа ие, саяси мақсаттар мен міндеттерді іске асыру үшін жауапты мемлекеттік қызметші (2015 жылғы 23 қарашадағы «Мемлекеттік қызмет туралы» ҚР Заңының 1-бабының 16) тармақшасы).
«А» корпусы — кадр резервіне іріктеудің, конкурстық іріктеудің, мемлекеттік қызмет өткерудің және оны тоқтатудың ерекше тәртібі, сондай-ақ арнайы біліктілік талаптары көзделген басқару деңгейіндегі әкімшілік мемлекеттік лауазымдар (ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 1-бабының 1) тармақшасы).
Лауазымдар санаттарының толық тізбесі Саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізілімінде бекітілген (ҚР Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы «Саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізілімін бекіту туралы» Жарлығын қараңыз).
ҚК-нің 161-бабының 1-бөлігінде көзделген әрекет орташа ауырлықтағы қылмыстарға жатады.
ҚК-нің 161-бабының 2-бөлігінде көзделген әрекет ауыр қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі мен ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері Исидор Шамилұлы Борчашвилиден.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес беру Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Келісімшарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Ережелер Жолдаулар