179-бапқа түсініктеме. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі. Билікті басып алуды немесе билікті ұстап тұруды насихаттау не оған жария түрде шақыру, сол сияқты билікті басып алу немесе билікті ұстап тұру не Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен өзгерту
1. Қазақстан Республикасының Конституциясын бұза отырып, билікті күшпен басып алуды немесе билікті күшпен ұстап тұруды, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді не Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен өзгертуді насихаттау немесе жария түрде оған шақыру, сол сияқты осындай мазмұндағы материалдарды тарату мақсатында дайындау, сақтау немесе тарату —
бір мыңнан бес мыңға дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Дәл сол әрекеттерді адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып не қоғамдық бірлестіктің көшбасшысы жасаған кезде, не бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, не адамдар тобы немесе адамдар тобы алдын ала сөз байласу арқылы, оның ішінде шетелдік көздерден алынған қаражатты пайдалана отырып жасаған кезде —
бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Қазақстан Республикасының Конституциясын бұза отырып, билікті күшпен басып алуға немесе билікті күшпен ұстап тұруға не Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен өзгертуге бағытталған әрекеттер —
Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыра отырып немесе онсыз он екі жылдан он жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Шет мемлекет, халықаралық немесе шетелдік ұйым өкілдерінің Қазақстан Республикасының уәкілетті органдары мен лауазымды адамдарының құзыретіне жататын өкілеттіктерді жүзеге асыруы —
үш мыңнан жеті мыңға дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Түсіндіріліп отырған қылмыстың қоғамдық қауіптілігі бұл қылмыстың мемлекеттік билікті қалыптастыру мен оның жұмыс істеу қағидаттарын, тәртібін бекітетін Қазақстан Республикасы конституциялық құрылысының негіздеріне қол сұғуымен сипатталады.
«Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық. Халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді. Республикада мемлекеттік билік біртұтас, ол Конституция мен заңдар негізінде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөліну, олардың тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін пайдалана отырып, өзара іс-қимыл жасау қағидатына сәйкес жүзеге асырылады», – деп Қазақстан Республикасы Конституциясының 3-бабында бекітілген.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 3-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасында ешкім де билікті иемденіп кете алмайды. Билікті иемденіп кетушілік заң бойынша қудаланады. Халық пен мемлекет атынан билік жүргізу құқығы Республика Президентіне, сондай-ақ өзінің конституциялық өкілеттіктері шегінде Республика Парламентіне тиесілі.
ҚК-нің 3-бабының 39) тармағына сәйкес, бұл қылмыс экстремистік қылмыстарға жатады.
ҚК-нің 179-бабында қамтылған қылмыстық-құқықтық тыйымның негізінде халықаралық құқық нормалары жатыр. Мәселен, 2001 жылғы 15 шілдедегі Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясының 3-бабына сәйкес, қатысушы мемлекеттер экстремизмнің ешбір жағдайда тек саяси, философиялық, идеологиялық, нәсілдік, этникалық, діни немесе өзге де осыған ұқсас сипаттағы пайымдаулармен ақталуына жол бермеу үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды. Бұл бап халықаралық және конституциялық нормалармен негізделген сөз бостандығы құқығын шектеуге жол берілетін жағдайларды белгілейді.
1966 жылғы 16 желтоқсандағы Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 19-бабына сәйкес, өз пікірін еркін білдіру құқығын пайдалану заңмен шектелуі мүмкін, егер мұндай шектеу басқа адамдардың құқықтары мен беделін құрметтеу, мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, халықтың денсаулығы мен имандылығын қорғау үшін қажет болса.
Айта кету керек, осы тараудағы экстремистік қылмыстарға ҚК-нің 179-бабымен қатар ҚК-нің 180, 181, 182, 184-баптары да жатады. ҚК-нің «Диверсия» деп аталатын 184-бабы террористік қылмыстарға да жатады.
Қылмыстың объектісі – Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысының негіздері.
Конституциялық құрылыс – басқару нысаны, мемлекеттік құрылым нысаны, мемлекеттік егемендік, саяси режим, жеке тұлғаның құқықтық мәртебесі сияқты құқықтық институттардың жиынтығы. Тиісінше, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысының негіздері ретінде халық билігі, президенттік басқару нысаны, мемлекеттік құрылымның унитарлық нысаны, мемлекеттің демократиялық, зайырлы және әлеуметтік сипаты, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде тану сияқты институттарды тануға болады.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 8 желтоқсандағы «Террористік және экстремистік қылмыстар туралы заңнаманы қолданудың сот практикасының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 17-тармағында ҚК-нің 3-бабының 39-тармағында көрсетілген экстремистік қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылық туындайтыны айтылған.
Соттар 2005 жылғы 18 ақпандағы Қазақстан Республикасының «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 1-бабының 1) тармақшасына сәйкес экстремизм деп белгіленген тәртіппен экстремистік деп танылған ұйымдардың атынан жеке және (немесе) заңды тұлғаның, жеке және (немесе) заңды тұлғалар бірлестігінің әрекеттерді ұйымдастыруы және (немесе) жасауы; жеке және (немесе) заңды тұлғаның, жеке және (немесе) заңды тұлғалар бірлестігінің мынадай әрекеттерге бағытталған іс-қимылдары түсінілетінін назарда ұстауы тиіс: конституциялық құрылысты күшпен өзгерту, Қазақстан Республикасының егемендігін, аумақтық тұтастығын, оған қол сұғылмаушылықты және оның бөлінбейтіндігін бұзу, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетіне нұқсан келтіру, билікті күшпен басып алу немесе билікті күшпен ұстап тұру, заңсыз әскерилендірілген құралымды құру, оған басшылық ету және оған қатысу, қарулы бүлікті ұйымдастыру және оған қатысу, әлеуметтік, сословиелік араздықты қоздыру (саяси экстремизм); нәсілдік, ұлттық және рулық араздықты, оның ішінде зорлық-зомбылықпен немесе зорлық-зомбылық жасауға шақырумен байланысты араздықты қоздыру (ұлттық экстремизм); діни араздықты немесе алауыздықты, оның ішінде зорлық-зомбылықпен немесе зорлық-зомбылық жасауға шақырумен байланысты араздықты қоздыру, сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігіне, өміріне, денсаулығына, имандылығына немесе құқықтары мен бостандықтарына қауіп төндіретін кез келген діни практиканы қолдану (діни экстремизм) екенін ескеруі қажет.
Түсіндіріліп отырған баптың 1-бөлігінде көзделген қылмыс құрамының объективтік жағын мынадай әрекеттердің бірін жасау құрайды:
Қазақстан Республикасының Конституциясын бұза отырып, билікті күшпен басып алуды насихаттау немесе жария түрде оған шақыру;
Қазақстан Республикасының Конституциясын бұза отырып, билікті күшпен ұстап тұруды насихаттау немесе жария түрде оған шақыру;
мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді насихаттау немесе жария түрде оған шақыру;
Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен өзгертуді насихаттау немесе жария түрде оған шақыру;
Қазақстан Республикасының Конституциясын бұза отырып, билікті күшпен басып алуға немесе билікті күшпен ұстап тұруға, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге не Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен өзгертуге бағытталған насихат немесе жария шақырулар қамтылған материалдарды дайындау, тарату мақсатында сақтау немесе тарату.
Насихат – қандай да бір идеяларды, ілімдерді, көзқарастарды, білімдерді тарату және тереңдете түсіндіру; қалың бұқараға идеялық ықпал ету. Қылмыстық-құқықтық мағынада насихат Қазақстан Республикасының Конституциясын бұза отырып, билікті күшпен басып алуға немесе билікті күшпен ұстап тұруға, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге не Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен өзгертуге бағытталған көзқарастар мен идеяларды белгілі бір адамдар тобы арасында тарату ретінде түсініледі. Өзінің қылмыстық-құқықтық табиғаты бойынша насихат айдап салудың бір түрі болып табылады.
Шақырулар дегеніміз – белгісіз адамдар тобына билікті күшпен басып алудың немесе Қазақстан Республикасының Конституциясын бұза отырып билікті күшпен ұстап тұрудың, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтірудің не Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен өзгертудің қажеттілігі мен орындылығына оларды сендіру мақсатында жасалған үндеу.
Мақсаттылық шақыруларды отбасылық және достық әңгімелер барысында мемлекеттік және саяси мәселелер бойынша жеке пікір білдіруден ажыратуға мүмкіндік береді. Бұл жағдайда мақсат азаматтардың ұмтылысын біріктіру, олардың ерік-жігерін жандандыру және мінез-құлқын экстремистік қызметті жүзеге асыруға бағыттау болып табылады.
Жария шақырулар деп кез келген нысанда (ауызша, жазбаша, техникалық құралдарды, жалпыға ортақ пайдаланылатын ақпараттық-телекоммуникациялық желілерді, оның ішінде Интернет желісін пайдалану арқылы) басқа адамдарды ҚК-нің 179-бабының 1-бөлігінде көрсетілген әрекеттерді жасауға итермелеу мақсатында жасалған үндеулерді түсіну қажет.
Қарастырылып отырған қылмыс құрамының объективтік жағының міндетті белгісі ретінде жағдай танылады: шақырулар жария түрде айтылуы тиіс.
Шақырулардың жариялылығы олардың үшінші тұлғалардың тікелей қатысуымен жасалуынан немесе (жазбаша нысанда болған жағдайда) кейіннен басқа адамдардың олармен танысуына есептелуінен көрінеді (мысалы, тиісті мазмұндағы плакаттар мен ұрандарды жапсыру).
Мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге жария түрде шақырулар дегеніміз – Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысы мен қауіпсіздігі негіздеріне қарсы басқа да қылмыстарды жасауға шақырулар (мысалы, мемлекетке опасыздық жасауға, Қазақстан Республикасы Президентінің өміріне қол сұғуға, диверсия жасауға және т.б. жария түрде шақырулар).
Қазақстан Республикасының Конституциясын бұза отырып, билікті күшпен басып алуға немесе билікті күшпен ұстап тұруға, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге не Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен өзгертуге бағытталған насихат немесе жария шақырулар қамтылған материалдарды дайындау дегеніміз – осындай мазмұндағы материалдарды жасауға, көшіруге, көбейтуге байланысты кез келген қасақана әрекеттер.
Сақтау деп Қазақстан Республикасының Конституциясын бұза отырып, билікті күшпен басып алуға немесе билікті күшпен ұстап тұруға, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге не Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен өзгертуге бағытталған насихат немесе жария шақырулар қамтылған материалдардың кінәлі адамның иелігінде (өзінде, үй-жайда, жасырын жерде және т.б.) болуына байланысты кез келген қасақана әрекеттерді түсіну қажет. Сақтау ұзақтығы қылмысты саралауға әсер етпейді. Көрсетілген заттар кінәлі адамның иелігінде болған сәттен бастап сақтау аяқталған қылмыс деп танылады. Бұл ретте сақтау кезінде мұндай материалдарды тарату мақсаты міндетті белгі болып табылады.
Заңсыз дайындау немесе тарату мақсатында сақтау ниетінің бар-жоғын шешу кезінде дәлелдемелердің жиынтығына сүйену қажет (мысалы, көрсетілген материалдардың көп мөлшерде табылуы және т.б.).
Қазақстан Республикасының Конституциясын бұза отырып, билікті күшпен басып алуға немесе билікті күшпен ұстап тұруға, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге не Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен өзгертуге бағытталған насихат немесе жария шақырулар қамтылған материалдарды тарату деп оларды кез келген шарттармен кең ауқымды адамдар тобына беру, сондай-ақ олардың арасында қолданыстағы конституциялық құрылысқа қатысты теріс көзқарас пен оған қарсы әрекет етуге деген шешім қалыптастыру мақсатында кез келген нысандағы ақпаратты (әдеби шығармалар, үнпарақтар, бейнефильмдер және т.б.) тарату түсініледі.
Қарастырылып отырған қылмыс құрамының тағы бір маңызды белгісі – шақырулардың дәл билікті күшпен ұстап тұруға, конституциялық құрылысты өзгертуге немесе Қазақстан Республикасының тұтастығы мен оның аумағының бірлігін бұзуға бағытталуы.
Кінәлі адамның Қазақстан Республикасының Конституциясын бұза отырып, билікті күшпен басып алуға немесе билікті күшпен ұстап тұруға, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге не Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен өзгертуге арандатуының сәтті болған-болмағанына қарамастан, қылмыс аяқталған болып есептеледі.
Қылмыстың субъективтік жағы тікелей қасақаналықпен сипатталады, яғни адам өз әрекеттерінің қоғамдық қауіптілігін сезінеді, қоғамдық қауіпті зардаптардың туындау мүмкіндігін немесе болмай қоймайтынын алдын ала біледі және осы зардаптардың туындауын қалайды, сондай-ақ арнайы мақсатты – билікті күшпен басып алу немесе ұстап тұру не Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын өзгерту мақсатын көздейді.
Бұл қылмыстың себептері әртүрлі болуы мүмкін – идеялық тұрғыдан теріске шығарудан бастап Қазақстан Республикасының қолданыстағы конституциялық құрылысына деген тікелей өшпенділікке дейін.
Қылмыстың субъектісі – 16 жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға.
ҚК-нің 179-бабының 2-бөлігі бойынша ҚК-нің 179-бабының 1-бөлігінде көзделген дәл сол әрекеттерді, бірақ адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып не қоғамдық бірлестіктің көшбасшысы ретінде, не бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, не адамдар тобы немесе адамдар тобы алдын ала сөз байласу арқылы, оның ішінде шетелдік көздерден алынған қаражатты пайдалана отырып жасағаны үшін жауаптылық белгіленген.
Қызмет бабын пайдалану деп лауазымды адамдардың және меншік нысанына қарамастан ұйымдарда тиісті лауазым атқаратын өзге де адамдардың өз қызметтік жағдайын Қазақстан Республикасының Конституциясын бұза отырып билікті күшпен басып алуды немесе ұстап тұруды, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді не Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен өзгертуді насихаттау немесе жария түрде оған шақыру, сондай-ақ осындай мазмұндағы материалдарды дайындау, тарату мақсатында сақтау немесе тарату үшін пайдалануы түсініледі.
Мұндай жағдайларда кінәлі адамның әрекеттерін лауазымдық қылмыстар немесе коммерциялық және өзге де ұйымдардағы қызмет мүдделеріне қарсы қылмыстар үшін жауаптылық көздейтін баптар бойынша қосымша саралау талап етілмейді.
ҚК-нің 3-бабының 21) тармағында қоғамдық бірлестіктің көшбасшысы ұғымы бекітілген. Ол – қоғамдық бірлестіктің басшысы, сондай-ақ өзінің ықпалы мен беделі арқылы осы қоғамдық бірлестіктің қызметіне жеке-дара басқарушылық ықпал ете алатын қоғамдық бірлестіктің өзге де қатысушысы.
Бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалану дегеніміз – Қазақстан Республикасының Конституциясын бұза отырып билікті басып алуға немесе ұстап тұруға не конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге бағытталған насихат пен шақырулардың мерзімді баспасөз басылымында жариялануы, сондай-ақ радио немесе теледидар арқылы не ақпаратты беру мен өңдеуге арналған техникалық құралдарды пайдалана отырып (оның ішінде жалпыға қолжетімді телекоммуникациялық желілердегі сайттар – Интернет және т.б.) таратылуы.
1999 жылғы 23 шілдедегі Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңының 1-бабының 4) тармақшасына сәйкес бұқаралық ақпарат құралы деп «мерзімді баспасөз басылымы, теле-, радиоарна, кинодеректеме, аудиовизуалды жазба және бұқаралық ақпаратты мерзімді немесе үздіксіз жария таратудың өзге де нысаны, соның ішінде интернет-ресурстар» түсініледі. Осы Заңның 1-бабының 11) тармақшасына сәйкес мерзімді баспасөз басылымы – тұрақты атауы, ағымдағы нөмірі бар және үш айда кемінде бір рет шығарылатын газет, журнал, альманах, бюллетень және олардың қосымшалары.
Бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалану теледидарды, радионы, газеттерді, журналдарды, интернет-ресурстарды бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері (журналистер) де, басқа да адамдар да қолдануды көздейді.
Телекоммуникация деп электр немесе оптикалық сигналдың көмегімен, сондай-ақ электромагниттік толқындар арқылы дыбыстық сигналдарды, бейнелерді, мәтінді және басқа да деректерді қашықтыққа беру және қабылдау түсініледі (тиісінше, телекоммуникация желілері сымды да, сымсыз да болуы мүмкін).
Телекоммуникация жүзеге асырылатын техникалық құралдар жүйесі телекоммуникация желісі (телекоммуникациялық желі) болып табылады.
Телекоммуникациялық желілерге, атап айтқанда, теле- және радио желілері, компьютерлік желілер, телефон байланысы желілері жатады. Билікті күшпен басып алуға немесе билікті күшпен ұстап тұруға бағытталған насихат пен шақырулар, осындай экстремистік мазмұндағы материалдарды кез келген телекоммуникациялық желілерді пайдалана отырып тарату ҚК-нің 179-бабының 2-бөлігінде көзделген жауаптылыққа әкеп соғатын қылмыстың сараланған құрамын құрайды. Мұндай әрекеттің қоғамдық қауіптілігін заң шығарушы жоғары деп бағалайды, өйткені насихат материалдары мен заңсыз жария шақыруларды телекоммуникациялық желілер арқылы тарату қылмыскердің осындай экстремистік ақпаратты тарату кезінде көздейтін аудитория ауқымын едәуір кеңейтуге мүмкіндік береді.
ҚК-нің 179-бабының 2-бөлігі бойынша адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласқан адамдар тобы жасаған әрекет те сараланады. ҚК-нің 31-бабына сәйкес, егер қылмыстық құқық бұзушылықты жасауға алдын ала сөз байласпаған екі немесе одан да көп орындаушы бірлесіп қатысса, қылмыстық құқық бұзушылық адамдар тобы жасаған деп танылады, ал егер оған қылмыстық құқық бұзушылықты бірлесіп жасау туралы алдын ала уағдаласқан адамдар қатысса, қылмыстық құқық бұзушылық алдын ала сөз байласқан адамдар тобы жасаған деп танылады.
ҚК-нің 179-бабының 3-бөлігінде Қазақстан Республикасының Конституциясын бұза отырып, билікті күшпен басып алуға немесе билікті күшпен ұстап тұруға не Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен өзгертуге бағытталған әрекеттер үшін қылмыстық жауаптылық көзделген.
Билікті күшпен басып алуға бағытталған әрекеттер Қазақстан Республикасы Конституциясының 3-бабын бұзудың ең шектен шыққан нысаны болып табылады. Аталған бапқа сәйкес, «Қазақстан Республикасында ешкім де билікті иемденіп кете алмайды. Билікті иемденіп кетушілік заң бойынша қудаланады». Мұндай әрекеттерге билікті басып алуға конституцияға қайшы тәсілмен шақыру әрекеті, Қазақстан Республикасындағы билікті конституциялық құрылысты өзгертпестен бұрын оған ие болмаған жекелеген адамдардың, топтардың, саяси партиялардың, қозғалыстардың немесе өзге де саяси күштердің иеленіп алуы жатады.
ҚК-нің 179-бабының 3-бөлігінде заң шығарушы билікті басып алудың және оны ұстап тұрудың, сондай-ақ конституциялық құрылысты өзгертудің тек бір ғана конституцияға қайшы тәсілін – зорлық-зомбылықты атайды. Зорлық-зомбылық, мысалы, Конституция мен Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құрылған билік органдарының өкілдерін қамауға алуды, интернациялауды, күштеп оқшаулауды, ұрып-соғуды, денсаулығына зиян келтіруді білдіреді. Егер билікті күшпен басып алу адам өлтірумен ұштасса, онда кінәлі адамның әрекеттері себептері мен мақсаттарына қарай не Қазақстан Республикасы Президентінің өміріне қол сұғу (ҚК-нің 178-бабы), мемлекеттік немесе қоғамдық қайраткердің өміріне қол сұғу (ҚК-нің 255-бабының 4-бөлігі), не адам өлтіру (ҚК-нің 99-бабы) ретінде саралануы тиіс.
Билікті күшпен басып алу – бұрын билікке ие болмаған адамдардың, топтардың, ұйымдардың оны күш қолдану арқылы иеленіп алуы. Жасалатын әрекеттер әртүрлі болуы мүмкін: мемлекеттік билік өкілеттіктерін заңды түрде жүзеге асыратын адамдарды физикалық тұрғыдан жоюдан немесе оларды мәжбүрлеп оқшаулаудан бастап, заң шығарушы, атқарушы және сот билігі органдарының жұмысын бұғаттауға, депутаттарды, Үкімет мүшелерін оқшаулауға, олардың жұмыс үй-жайларына кіруіне жол бермеуге, физикалық күш қолдану қаупін төндіруге және т.б. дейін.
Қылмыстың осы нысандағы құрамы билікті күшпен басып алуға бағытталған әрекеттер жасалған сәттен бастап, олардың билікті нақты басып алуға әкелген-әкелмегеніне қарамастан, аяқталған болып есептеледі.
Егер билікті күшпен басып алу жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырумен немесе қарулы бүлікпен ұштасса, онда жасалған әрекет ҚК-нің 272-бабымен немесе ҚК-нің 181 және 179-баптарымен қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша саралануы тиіс.
Билікті күшпен ұстап тұруға бағытталған әрекеттер дегеніміз – Қазақстан Республикасының Конституциясын бұза отырып, билікті бұрын заңды негіздерде иеленген адамдардың (лауазымды адамның немесе органның өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін) немесе мемлекеттік төңкеріс, билікті күшпен басып алу нәтижесінде билік заңсыз түрде белгілі бір адамдардың қолына өткен жағдайда сол адамдардың билікті сақтап қалуы немесе оны сақтап қалуға әрекеттенуі.
Конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге бағытталған әрекеттер – билікті басып алғаннан немесе заңсыз ұстап қалғаннан кейін мемлекеттік биліктің жаңа жүйесі қалыптастырылып, конституциялық құрылыс өзгертілетін құқыққа қайшы қол сұғушылықтың келесі кезеңі. Конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге бағытталған әрекеттер мемлекеттік билік құрылымын өзгертуден, биліктің кейбір институттарын таратып, жаңаларын енгізуден және т.б. көрініс табуы мүмкін.
Түсіндіріліп отырған баптың 3-бөлігінде көзделген қылмыс Қазақстан Республикасының Конституциясын бұза отырып, билікті күшпен басып алуға немесе билікті күшпен ұстап тұруға бағытталған әрекеттер не Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен өзгертуге бағытталған әрекеттер жасалған сәттен бастап, кінәлі адамдардың қылмыстық жоспарларын жүзеге асыра алған-алмағанына (билікті басып алғанына немесе ұстап тұрғанына, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын өзгерткеніне) қарамастан, аяқталған болып есептеледі.
ҚК-нің 179-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстың субъектісі – 16 жасқа толған адам, ал билікті күшпен ұстап тұру кезінде қылмыстың субъектісі заң бойынша билікті конституциялық жолмен келген басқа адамдарға беруге міндетті бұрынғы мемлекеттік билік иесі болуы мүмкін.
ҚК-нің 179-бабының 4-бөлігі шет мемлекет, халықаралық немесе шетелдік ұйым өкілдерінің Қазақстан Республикасының уәкілетті органдары мен лауазымды адамдарының құзыретіне жататын өкілеттіктерді жүзеге асырғаны үшін жауаптылық белгілейді.
Заң шығарушы шет мемлекет, халықаралық немесе шетелдік ұйым өкілдерінің Қазақстан Республикасының уәкілетті органдары мен лауазымды адамдарының құзыретіне жататын өкілеттіктерді жүзеге асырғаны үшін жауаптылық белгіледі. Бұл «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның 4-бабында көзделген мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттарына қайшы келеді.
Сонымен қатар, 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 16-бабының 1-тармағына сәйкес, мемлекеттік қызметке Қазақстан Республикасының заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа жетпеген, жеке және кәсіби қасиеттері, денсаулық жағдайы, білім деңгейі бойынша өзіне жүктелген лауазымдық міндеттерді орындауға қабілетті, біліктілік талаптарына сай келетін Қазақстан Республикасының азаматтары қабылданады.
Өкілеттіктерді жүзеге асыру деп мемлекеттік органдарда заңмен берілген құқықтар мен міндеттер шеңберінде міндеттер мен функцияларды іске асыру түсініледі. ҚК-нің 179-бабының 4-бөлігі бойынша қылмыс көрсетілген адамдар Қазақстан Республикасының уәкілетті органдары мен лауазымды адамдарының құзыретіне кіретін өкілеттіктерді жүзеге асырған сәттен бастап аяқталған болып есептеледі.
Шет мемлекет, халықаралық немесе шетелдік ұйым өкілдері дегеніміз – олардың ресми тұлғалары (үкіметтік ұйымдардың мүшелері, дипломатиялық өкілдіктердің қызметкерлері, шетелдік арнайы қызметтердің қызметкерлері және т.б.), сондай-ақ олардың тапсырмаларын орындайтын өзге де адамдар.
Субъективтік жағы тікелей қасақаналықпен сипатталады: кінәлі адам шет мемлекеттің немесе халықаралық не шетелдік ұйымның өкілі бола отырып, Қазақстан Республикасының уәкілетті органдары мен лауазымды адамдарының құзыретіне жататын өкілеттіктерді жүзеге асырып отырғанын сезінеді. Бұл қылмыстың мақсаттары мен себептері әртүрлі болуы мүмкін және қылмысты саралауға әсер етпейді.
Қылмысқа ҚК-нің 175-бабына ескертпеде бекітілген ереженің күші қолданылады. Оған сәйкес, түсіндіріліп отырған бапта көзделген қылмысты жасаған адам, егер Қазақстан Республикасының мүдделеріне залал келтірудің туындауын болдырмауға мемлекеттік органдарға ерікті немесе уақтылы хабарлау арқылы не өзге де жолмен ықпал етсе және оның әрекеттерінде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады (ҚК-нің 175-бабына түсініктемені қараңыз).
ҚК-нің 179-бабының 1, 2 және 4-бөліктерінде көзделген әрекеттер ауыр қылмыстарға жатады.
ҚК-нің 179-бабының 3-бөлігінде көзделген әрекет аса ауыр қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме. Авторы – Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі мен ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ішкі істер органдарының қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Жолдаулар