Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 118-бабына түсініктеме. Адамның иммун тапшылығы вирусын (АИТВ) жұқтыру
- 1. Басқа адамды адамның иммун тапшылығы вирусын (АИТВ) жұқтыру қаупіне көрінеу ұшырату — екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартуға, не жүз сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
- 2. Өзінде осы аурудың бар екенін білген адамның басқа адамға АИТВ жұқтыруы —
- бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
- 3. Осы баптың екінші бөлігінде көзделген іс-әрекетті екі немесе одан да көп адамға қатысты не кәмелетке толмағаны көрінеу белгілі адамға қатысты жасау —
- бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескертпе. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген іс-әрекеттерді жасаған адам, егер АИТВ жұқтыру қаупіне ұшыратылған немесе АИТВ жұқтырылған басқа адамға бірінші адамның осы ауруының бар екендігі туралы уақтылы ескертілсе және ол жұқтыру қаупін туғызған әрекеттерді жасауға өз еркімен келісім берсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
Қылмыстық құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіптілігі (1-бөлігі — қылмыстық теріс қылық, 2, 3-бөліктері — қылмыстар) адамның иммун тапшылығы вирусының (АИТВ) жоғары қауіптілігімен және оны жұқтырудың ауруға алып келетіндігімен сипатталады.
Жүре пайда болған иммун тапшылығы синдромы — адамның иммун тапшылығы вирусының (АИТВ) адамның иммундық жүйесін терең зақымдауы салдарынан туындайтын патологиялық көріністер байқалатын АИТВ-инфекциясының соңғы сатысы.
Вирус тасымалдаушы кейде өзінің ауруы бар екенін білмеуі мүмкін, өйткені инкубациялық кезең жылдарға, ал кейде ондаған жылдарға созылады. Басқа адамдармен қарым-қатынас жасау кезінде гигиена және санитария қағидаларын бұза отырып, ол көптеген адамдарға ауру жұқтыруы мүмкін, сөйтіп оларды өлімге душар етеді, өйткені қазіргі уақытқа дейін АИТВ-инфекциясын емдейтін медициналық препараттар жоқ.
Түсіндіріліп отырған бапта қылмыстық құқық бұзушылықтың екі дербес құрамы үшін жауаптылық белгіленген: а) АИТВ жұқтыру қаупіне ұшырату; б) АИТВ жұқтыру (2–3-бөліктер).
Осы қылмыстық құқық бұзушылықтың объектісі адамның денсаулығы болып табылады.
Объективтік жағы басқа адамды адамның иммун тапшылығы вирусын (АИТВ) жұқтыру қаупіне көрінеу ұшыратудан, жұқтыру тәсіліне қарамастан, көрініс табады. Медицинада вирустың жыныстық жолмен (гомосексуалдық қатынастар кезінде басымырақ байқалады), қан арқылы, операция жасау, қан құю және т.б. жағдайларда стерильді емес құралдарды, шприцтерді, жүйелерді пайдалану арқылы берілуі мүмкін екендігі анықталған. Ауру науқас анадан балаға емшек сүтімен емізу процесінде берілуі мүмкін.
Басқа адамды АИТВ жұқтыру қаупіне ұшыратудың объективтік жағы нақты жағдайларда басқа адамға жұқтыруға алып келуі мүмкін әрекет немесе әрекетсіздік түріндегі іс-әрекетпен көрінеді, ал егер жұқтыру орын алмаса, бұл тек кездейсоқ мән-жайлардың немесе жәбірленушінің не үшінші тұлғалардың қабылдаған шараларының нәтижесінде ғана болмаған болып есептеледі. Қауіпке ұшырату тәсілдері әртүрлі болуы мүмкін және АИТВ-ның берілу механизміне байланысты болады.
ҚК-нің 118-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық теріс қылық құрамы өзінің құрылымы бойынша формальды болып табылады. Қылмыстық теріс қылық жәбірленушіні адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтыру қаупіне ұшыратқан сәттен бастап аяқталған болып есептеледі.
Субъективтік жағы тікелей немесе жанама қасақаналықпен сипатталады. Кінәлі өзінің әрекеттерімен басқа адамға АИТВ-инфекциясын жұқтырудың нақты мүмкіндігін туғызатынын біледі және мұны қалайды немесе оған немқұрайды қарайды. Басқаша айтқанда, кінәлі вирус тасымалдаушы бола тұра, басқа адаммен жыныстық қатынасқа түсуге немесе өзге де сақтық қағидаларын бұзуға белгіленген тыйымды бұзып отырғанын сезінеді.
Заң шығарушы АИТВ жұқтыру қаупіне ұшыратудың көрінеулігін көрсете отырып, кінәнің қасақана сипатын атап көрсетеді. Көрінеулік адамның сақтық қағидаларын саналы түрде бұзып, жәбірленушіге жұқтыру мүмкіндігі туралы анық білуін білдіреді. Егер субъект барлық сақтық шараларын сақтаса, ҚК-нің 118-бабының 1-бөлігі бойынша жауаптылық жоққа шығарылады.
Субъектісі — он алты жасқа толған, АИТВ-инфекциясының өзінде бар екенін білген, есі дұрыс жеке тұлға.
Сараланған құрам (ҚК-нің 118-бабының 2-бөлігі) өзінде осы аурудың бар екенін білген адамның басқа адамға АИТВ-инфекциясын нақты жұқтырғаны үшін жауаптылықты көздейді.
Түсіндіріліп отырған баптың 2-бөлігінде көзделген әрекеттің объективтік жағы іс-әрекеттің әрекет немесе әрекетсіздік нысанында болуымен, жәбірленушінің жұқтыруы түріндегі зардаптың туындауымен және олардың арасындағы себепті байланыспен сипатталады.
Түсіндіріліп отырған баптың 2-бөлігінде көзделген қылмыс құрамы материалдық болып табылады, яғни басқа адамға АИТВ жұқтыру түріндегі зардап туындаған сәттен бастап аяқталған болып есептеледі.
Бұл жағдайда жұқтыру жәбірленушінің АИТВ-ны жұқтыруын білдіреді, бұл ретте аурудың инкубациялық кезеңінің қанша уақытқа созылатынына және АИТВ тудыратын аурудың қашан басталатынына қарамастан.
Егер жәбірленушінің дәл айыпталушының әрекеттері немесе әрекетсіздігі салдарынан жұқтырғанын анықтау мүмкін болмаса, оны АИТВ жұқтыру қаупіне көрінеу ұшыратқаны үшін ҚК-нің 118-бабының 1-бөлігі бойынша жауаптылыққа тарту мүмкіндігі жоққа шығарылмайды.
ҚК-нің 118-бабының 3-бөлігі АИТВ-инфекциясын екі немесе одан да көп адамға не кәмелетке толмағаны көрінеу белгілі адамға жұқтырғаны үшін жауаптылықты көздейді.
Екі немесе одан да көп адамға жұқтыру деп оларға АИТВ-ны бір мезгілде де, әртүрлі уақытта да жұқтыру түсініледі, егер бірінші әрекет бойынша ескіру мерзімі өтпеген болса. Кәмелетке толмаған жәбірленуші деп он сегіз жасқа толмаған адам танылады, бұл туралы кінәлі көрсетілген әрекетті жасағанға дейін білуге тиіс.
ҚК-нің 118-бабының 1-бөлігінде көзделген әрекет қылмыстық теріс қылықтарға жатады.
ҚК-нің 118-бабының 2-бөлігінде көзделген әрекет ауырлығы орташа қылмыстарға жатады.
ҚК-нің 118-бабының 3-бөлігінде көзделген әрекет ауыр қылмыстарға жатады.
Осы бапқа ескертпеге сәйкес, түсіндіріліп отырған баптың 1 немесе 2-бөліктерінде көзделген әрекеттерді жасаған адам, егер АИТВ жұқтыру қаупіне ұшыратылған немесе АИТВ жұқтырылған басқа адамға бірінші адамның осы ауруының бар екендігі туралы уақтылы ескертілсе және ол жұқтыру қаупін туғызған әрекеттерді жасауға өз еркімен келісім берсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, авторы — Исидор Шамилұлы Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.*
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулар Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Жолдаулар