Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / Кодекстер / Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 116-бабына түсініктеме. Адамның ағзалары мен тіндерін алуға мәжбүрлеу немесе оларды заңсыз алу

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 116-бабына түсініктеме. Адамның ағзалары мен тіндерін алуға мәжбүрлеу немесе оларды заңсыз алу

АMANAT партиясы және Заң және Құқық адвокаттық кеңсесінің серіктестігі аясында елге тегін заң көмегі көрсетілді

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 116-бабына түсініктеме. Адамның ағзалары мен тіндерін алуға мәжбүрлеу немесе оларды заңсыз алу

  • 1. Тірі адамның ағзалары мен тіндерін трансплантациялау немесе өзге де мақсаттарда пайдалану үшін оларды алуға мәжбүрлеу немесе заңсыз алу, сол сияқты тірі адамның ағзалары мен тіндеріне қатысты заңсыз мәмілелер жасау —
  • белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
  • 2. Дәл сол әрекеттер:
  • 1) кінәлі адамға көрінеу дәрменсіз күйде екені белгілі адамға қатысты;
  • 2) көрінеу кәмелетке толмаған адамға қатысты;
  • 3) екі немесе одан да көп адамға қатысты;
  • 4) адамдар тобымен, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен;
  • 5) бірнеше рет;
  • 6) қару немесе қару ретінде пайдаланылатын заттарды қолдану арқылы;
  • 7) кінәлі адамға көрінеу жүктілік жағдайында екені белгілі әйелге қатысты;
  • 8) алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы;
  • 9) адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып;
  • 10) жәбірленушінің материалдық немесе өзге де тәуелділігін пайдалану арқылы жасалса, —
  • мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан алты жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз алты жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
  • 3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, абайсызда жәбірленушінің өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан не қылмыстық топ жасаған әрекеттер —
  • мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан он жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз сегіз жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Қарастырылып отырған қылмыстың қоғамдық қауіптілігі медицинаның қазіргі даму деңгейі мен жаңа технологиялар медициналық қызметтердің және емдеу тәсілдерінің барған сайын жетілдірілген түрлерінің пайда болуына ғана емес, сонымен қатар осы саладағы теріс пайдаланушылық мүмкіндіктерінің кеңеюіне де алып келетіндігімен байланысты. Мұндай теріс пайдаланушылықтар бір адамның өмірін басқа адамға зиян келтіру есебінен сақтап қалуға бағытталған жол берілмейтін әрекеттерден көрініс табады.

Қылмыстың объектісі адамның өмірі мен денсаулығы болып табылады. Қылмыстың заты — кез келген ағзалар немесе тіндер. Ағза — құрамына бірнеше тін кіретін және организмде белгілі бір арнайы функцияларды орындайтын дербес құрылымдық бірлікті құрайтын дене бөлігі. Оларға, мысалы, жүрек, бүйрек, бауыр және т.б. жатады. Тін — құрылысы, функциялары мен шығу тегі бірдей жасушалар мен жасушааралық заттардың жиынтығы.

1966 жылғы 16 желтоқсандағы Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде: «Ешбір адам өзінің еркін келісімінсіз медициналық немесе ғылыми тәжірибелерге тартылмауға тиіс» деп белгіленген (7-бап). Бұл ереже Биология мен медицинаны қолдануға байланысты адамның құқықтары мен қадір-қасиетін қорғау туралы Еуропа Кеңесінің конвенциясында, Адам құқықтары және биомедицина туралы конвенцияда (1997 жылғы 4 сәуір) және Адам құқықтары және биомедицина туралы конвенцияға адамның шығу тегінен алынған ағзалар мен тіндерді трансплантациялауға қатысты қосымша хаттамада (2002 жылғы 24 қаңтар) одан әрі дамытылған. Аталған құжаттар ағзаларды немесе тіндерді трансплантациялау үшін алу донордың алдын ала білдірілген, ерікті, ақпараттандырылған және нақты келісімі болған жағдайда ғана жүзеге асырылуы мүмкін екенін растайды.

Трансплантация дегеніміз — «ағзаны немесе тінді бір адамнан толық алып, оны басқа адамға имплантациялаудың бүкіл процесі, оның ішінде дайындау, сақтау және күтіп ұстау жөніндегі барлық рәсімдер» (2002 жылғы 24 қаңтардағы Адам құқықтары және биомедицина туралы конвенцияға адамның шығу тегінен алынған ағзалар мен тіндерді трансплантациялауға қатысты қосымша хаттаманың 2-бабы).

Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексі 1-бабының 1-тармағының 259) тармақшасына сәйкес трансплантация — ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) организмнің басқа жеріне немесе басқа организмге ауыстырып салу.

Қылмыстың объективтік жағы тірі адамның ағзалары мен тіндерін трансплантациялау немесе өзге де мақсаттарда пайдалану үшін оларды алуға мәжбүрлеумен немесе заңсыз алумен, сол сияқты тірі адамның ағзалары мен тіндеріне қатысты заңсыз мәмілелер жасаумен сипатталады.

Мәжбүрлеу дегеніміз — адамды өзі қаламаған әрекетті жасауға көндіру. С.И. Ожеговтың орыс тілі сөздігіне сәйкес, «мәжбүрлеу» сөзі қандай да бір әрекетті жасауға күштеп көндіру дегенді білдіреді. Мәжбүрлеу адамның ерік білдіруін немесе мінез-құлқын өзгертуге бағытталған оған белсенді түрде қасақана күш қолдану арқылы ықпал етуден тұрады. Бұл ретте мәжбүрлеу тәсілі ретінде физикалық зорлық-зомбылық немесе физикалық зорлық-зомбылық қолдану қатері, яғни психикалық зорлық-зомбылық көрініс табады. ҚР ҚК 116-бабының 1-бөлігінің санкциясын ескере отырып, физикалық зорлық-зомбылықтың көлемі ұрып-соғуды, дене ауруын келтіретін өзге де күш қолдану әрекеттерін, денсаулыққа жеңіл немесе ауырлығы орташа зиян келтіруді қамтиды; мәжбүрлеу кезінде мұндай әрекеттер қосымша дербес қылмыстық-құқықтық баға беруді талап етпейді.

«Донорға» ауыр дене жарақаты келтірілген немесе ол қайтыс болған жағдайларда, тиісті қасақаналық болған кезде әрекеттер ҚР ҚК 106-бабы 2-бөлігінің 9) тармағы немесе 99-бабы 2-бөлігінің 12) тармағы бойынша сараланады.

Қарастырылып отырған қылмыс құрамындағы психикалық зорлық-зомбылық тек күш қолдану қатерінен тұрады, бұл ретте адам өлтіру немесе денсаулыққа ауыр зиян келтіру қатері мәжбүрлеу тәсілі ретінде қолданылған жағдайда, ол ҚК-нің 115-бабы бойынша дербес саралауды талап етпейді. Психикалық ықпал ету ретіндегі қатердің мазмұны заң шығарушымен тек адамның денесіне физикалық ықпал ету әрекеттерін қолданумен шектелген. Сондықтан егер жәбірленушіні донор болуға мәжбүрлеу ар-намысқа тиетін мәліметтерді жария ету (шантаж), мүлікті жою немесе алып қою, өзге де зиян келтіретін әрекеттер жасау қатері арқылы жүзеге асырылса, ҚК-нің 116-бабы қолданылмайды. Қатер нақты болуы тиіс, яғни жәбірленушінің оны жүзеге асырудан қауіптенуіне негіздер болуы қажет.

Заң әдебиеттерінде алдауды да мәжбүрлеу құралы ретінде қарастыруға болады деген пікір айтылған. Мұндай ұстаным алдау өзінің мазмұны бойынша қатерді білдіретін жағдайда ғана дұрыс болуы мүмкін. Мысалы, адамға оның ауыр науқас екені хабарланып, ал емдеу мүмкіндігі трансплантация жасауға келісім беруіне тәуелді етіп қойылады.

Қарастырылып отырған қылмыс жәбірленушінің ағзалары мен тіндерін тек трансплантациялау мақсатында ғана емес, өзге де мақсаттарда пайдалану үшін жасалуы мүмкін екенін ескеру қажет. Адамның ағзалары мен тіндерін өзге мақсаттарда пайдалану каннибализм, садизм, жыныстық фетишизм және т.б. жағдайларда мүмкін болады. Сондай-ақ адамның ағзалары мен тіндерін өнеркәсіптік мақсаттарда пайдалану да мүмкін. Мұнда ең бастысы — мәжбүрлеудің жәбірленушінің ағзалары мен тіндерін пайдалану мақсатында жасалуы, ал мұндай пайдаланудың сипаты әртүрлі болуы мүмкін.

Адамның ағзалары мен тіндеріне қатысты заңсыз мәмілелерге адам ағзалары мен тіндерін сатып алу-сату, сыйға тарту (ағзалар мен тіндерді басқа адамға өтеусіз беру), айырбастау (ағзалар мен тіндерді қандай да бір затқа айырбастау), алмасу (адамның ағзалары мен тіндерін басқа адамның ағзалары мен тіндеріне ауыстыру), тараптар арасында жасалған мәміле бойынша міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету құралы ретінде адамның ағзалары мен тіндерін қалдыру, адамның ағзалары мен тіндерін төлем құралы ретінде пайдалану, қандай да бір мүліктік емес сипаттағы пайда алу мақсатында адамның ағзалары мен тіндерін беру және басқа да әрекеттер жатқызылуға тиіс.

Қылмыс құрамы өзінің құрылымы бойынша формальды болып табылады және тірі адамның ағзалары мен тіндерін трансплантациялау немесе өзге де мақсаттарда пайдалану үшін оларды алуға мәжбүрлеу әрекеттері басталған немесе тікелей заңсыз алу жүзеге асырылған, сол сияқты тірі адамның ағзалары мен тіндеріне қатысты заңсыз мәмілелер жасалған сәттен бастап аяқталған деп есептеледі.

Субъективтік жағы тікелей қасақаналық түріндегі кінәмен сипатталады. Кінәлі адам жәбірленушіні ағзалары мен тіндерін алуға мәжбүрлеп отырғанын түсінеді және соны қалайды. Ниеті — жақын адамына басқа адамның денсаулығы есебінен көмек көрсетуге ұмтылу, сондай-ақ пайдакүнемдік ниет. Мақсаты — жәбірленушінің ағзалары мен тіндерін трансплантациялау немесе өзге де мақсаттарда пайдалану үшін алу.

Қылмыстың субъектісі — он алты жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға.

ҚК-нің 116-бабының 2-бөлігінде қарастырылып отырған қылмыстың сараланған құрамы көзделген, яғни дәл сол әрекеттер мынадай жағдайларда жасалса:

кінәлі адамға көрінеу дәрменсіз күйде екені белгілі адамға қатысты. Дәрменсіз күй дегеніміз — жәбірленушінің белгілі бір физиологиялық немесе өзге де себептерге (жас балалық, қарттық, ауру, дене кемістіктері — соқырлық, кереңдік, қолының немесе аяғының болмауы және т.б.) байланысты қылмыскерге тиімді қарсылық көрсету мүмкіндігінің болмауын білдіреді. ҚК-нің 116-бабы 2-бөлігінің 1) тармағына қатысты ұйқыдағы немесе қатты мас күйіндегі, сондай-ақ өзге де себептермен есінен танған адамның жағдайын жатқызуға болады. Бұл ретте жәбірленушінің дәрменсіз күйі кінәлі адамға белгілі болуы тиіс;

көрінеу кәмелетке толмаған адамға қатысты. ҚК-нің 116-бабы 2-бөлігінің 2) тармағы бойынша жауаптылық кінәлі адам жәбірленушінің он сегіз жасқа толмағанын білген жағдайларда туындайды;

екі немесе одан да көп адамға қатысты. ҚК-нің 116-бабының 1-бөлігінде көрсетілген әрекеттерді екі немесе одан да көп адамға қатысты жасау кінәлі адамның қасақаналығы трансплантациялау немесе өзге де мақсаттарда пайдалану үшін ағзалар мен тіндерді алуға мәжбүрлеуді немесе оларды заңсыз алуды, сол сияқты екі немесе одан да көп адамның ағзалары мен тіндеріне қатысты заңсыз мәмілелер жасауды қамтитынын білдіреді;

ҚК-нің 116-бабының 1-бөлігінде көрсетілген әрекеттерді адамдар тобымен, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасау — адамның ағзалары мен тіндерін трансплантациялау немесе өзге де мақсаттарда пайдалану үшін оларды алуға мәжбүрлеуді немесе заңсыз алуды, сол сияқты адамның ағзалары мен тіндеріне қатысты заңсыз мәмілелер жасауды алдын ала сөз байласпай кемінде екі адамның (адамдар тобы) немесе осы қылмысты бірлесіп жасау туралы алдын ала уағдаласқан адамдардың (адамдар тобының алдын ала сөз байласуы) қатысуымен жасаған жағдайларда орын алады;

бірнеше рет. Әрекеттерді бірнеше рет жасау бір адамға қатысты да, әртүрлі адамдарға қатысты да көрсетілген әрекеттерді екі немесе одан да көп рет жасауды білдіреді. Бұл ретте кінәлі адамда ҚК-нің 116-бабының 1-бөлігінде көзделген әрекеттерді жасауға деген қасақаналық әрбір жолы жаңадан туындағаны анықталуға тиіс;

қару немесе қару ретінде пайдаланылатын заттарды қолдану арқылы. Қолдану деп қаруды немесе қару ретінде пайдаланылатын заттарды адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтіру мақсатында олардың арнайы мақсатына сәйкес нақты пайдалануды түсіну қажет.

1998 жылғы 30 желтоқсандағы «Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қару деп тірі немесе өзге де нысананы зақымдауға, сондай-ақ сигнал беруге конструкциялық тұрғыдан арналған құрылғылар мен заттар түсініледі. Осы тармақтағы қару деп атыс қаруын да, суық қаруды да түсіну қажет.

Суық қару деп нысананы тікелей зақымдау құралы адамның бұлшық ет күші арқылы іске қосылатын қару түсініледі.

Қару ретінде пайдаланылатын өзге де заттарға адамның денсаулығына ауыр зиян келтіруге мүмкіндік беретін кез келген заттар жатқызылуы мүмкін;

кінәлі адамға көрінеу жүктілік жағдайында екені белгілі әйелге қатысты. Қылмысты осы тармақ бойынша саралау үшін міндетті шарт — кінәлі адамның жәбірленушінің жүкті екенін білуі. Кінәлі адамның бұл туралы хабардар болуы жәбірленушінің сыртқы белгілеріне немесе оның хабарлауына, сондай-ақ медициналық құжаттармен танысуына негізделуі мүмкін. Қалай болғанда да, жүктілік жағдайы туралы мәліметтер нақты болуы тиіс. Жәбірленушінің жүкті екенін білмеген адам осы тармақ бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылмайды. Осы тармақ бойынша саралау үшін қол сұғушылық нәтижесінде жүкті әйелдің ұрығының қайтыс болған-болмағаны да заңдық маңызға ие емес;

алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы. Адамды осы тармақ бойынша жауаптылыққа тартудың қажетті шарты — алдау немесе сенімді теріс пайдалану фактісін анықтау;

адамның өз қызмет бабын пайдалана отырып жасауы. ҚК-нің 116-бабының 1-бөлігінде көрсетілген әрекеттерді адамның қызмет бабын пайдалана отырып жасауы адамның ағзалары мен тіндерін трансплантациялау немесе өзге де мақсаттарда пайдалану үшін оларды алуға мәжбүрлеуге немесе заңсыз алуға, сол сияқты адамның ағзалары мен тіндеріне қатысты заңсыз мәмілелер жасауға қызмет мүдделеріне қарсы өз биліктік өкілеттіктерін пайдаланатын адамның қатысуы жағдайларында орын алады;

жәбірленушінің материалдық немесе өзге де тәуелділігін пайдалану арқылы. Адамның ағзалары мен тіндерін трансплантациялау немесе өзге де мақсаттарда пайдалану үшін оларды алуға мәжбүрлеу немесе заңсыз алу, сол сияқты адамның ағзалары мен тіндеріне қатысты заңсыз мәмілелер жасау жәбірленушінің материалдық немесе өзге де тәуелділігін пайдалану арқылы жасалды деп кінәлі адамның өзіне материалдық, қызметтік немесе өзге де тұрғыдан тәуелді адамға қатысты ағзалар мен тіндердің алынуына әкеп соғатын белгілі бір әрекеттерді жасаймын деп қорқытқан немесе осындай әрекеттерді заңсыз жасаған жағдайларда ғана танылады. Жәбірленушінің кінәлі адамнан материалдық тәуелділігі толық немесе ішінара асырауында болуымен, кінәлі адамның тұрғын үйінде тұруымен немесе жәбірленушінің материалдық жағдайының жақсаруы не нашарлауы соған байланысты болуымен және т.б. шартталуы мүмкін. Борышкер мен кредитор, мұрагер мен мұра қалдырушы арасындағы қатынастар да материалдық тәуелділік жағдайын құрауы мүмкін.

ҚК-нің 116-бабының 3-бөлігінде осы баптың 1 және 2-бөліктерінде көзделген, абайсызда жәбірленушінің өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан не қылмыстық топ жасаған әрекеттер үшін жауаптылық белгіленген.

ҚК-нің 3-бабының 4) тармағына сәйкес өзге де ауыр зардаптарға денсаулыққа ауыр зиян келтіру, адамдардың жұқтыруы немесе улануы, сондай-ақ денсаулық жағдайының нашарлауы және басқа да зардаптар жатқызылады.

 

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, авторы — Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі мен ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.*

Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес беру Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулары Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Ережелер Жолдаулар

 

116-бап. Адамның ағзалары мен тiндерiн алып қоюға мәжбүрлеу немесе заңсыз алып қою  ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының

116-бап. Адамның ағзалары мен тiндерiн алып қоюға мәжбүрлеу немесе заңсыз алып қою ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының1 Трансплантациялау не өзгедей пайдалану ү...

Толық оқу »

315-бап. Адам мәйiтiнiң ағзалары мен тiндерiн заңсыз алып қою  ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының

315-бап. Адам мәйiтiнiң ағзалары мен тiндерiн заңсыз алып қою ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының1 Транспланттау не өзгедей пайдалану үшiн адам мәйiтiнiң ағзала...

Толық оқу »

113-бапқа түсініктеме. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің ҚР ҚК адам ағзаларын немесе тіндерін алып қоюға мәжбүрлеу немесе заңсыз алып қою

113-бапқа түсініктеме. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің ҚР ҚК адам ағзаларын немесе тіндерін алып қоюға мәжбүрлеу немесе заңсыз алып қою 1. Транспланттау не өзге д...

Толық оқу »

ҚК 275-1-бабына түсініктеме. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің ҚР ҚК адам мәйітінің мүшелері мен тіндерін заңсыз алып қою

ҚК 275-1-бабына түсініктеме. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің ҚР ҚК адам мәйітінің мүшелері мен тіндерін заңсыз алып қою 1. Трансплантациялау не өзге де пайдалану...

Толық оқу »

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 315-бабына түсініктеме. Адам мәйітінің ағзалары мен тіндерін заңсыз алып қою

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 315-бабына түсініктеме. Адам мәйітінің ағзалары мен тіндерін заңсыз алып қою1. Адам мәйітінің ағзаларын немесе тіндерін транспланта...

Толық оқу »