Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 107-бабына түсініктеме. Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру
- 1. Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру — бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
- 2. Дәл сол іс-әрекет:
- 1) екі немесе одан да көп адамға қатысты;
- 2) адамның қызметтік қызметін жүзеге асыруына немесе кәсіби не қоғамдық борышын орындауына байланысты сол адамның өзіне немесе оның жақындарына қатысты;
- 3) аса қатыгездікпен, сол сияқты кінәлі адамға көрінеу дәрменсіз күйде болған адамға қатысты;
- 4) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, қылмыстық топпен;
- 5) бұзақылық ниетпен;
- 6) әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік, діни өшпенділік немесе араздық уәжі бойынша;
- 7) бірнеше рет;
- 8) көрінеу кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалса, —
- екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Қылмыстың қоғамдық қауіптілігі денсаулыққа ұзақ уақытқа созылған денсаулықтың бұзылуына немесе жалпы еңбекке қабілеттіліктің едәуір тұрақты түрде жоғалуына әкеп соғатын зиян келтірумен сипатталады.
Қылмыстың объектісі азаматтардың денсаулығы болып табылады.
Қылмыстың объективтік жағын мыналар құрайды:
қоғамдық қауіпті іс-әрекеттер (әрекет немесе әрекетсіздік);
денсаулыққа ауырлығы орташа зиян келтіру түріндегі қылмыстық зардап;
қылмыстық әрекет пен туындаған зардаптар арасындағы себепті байланыс.
ҚК-нің 3-бабының 12) тармағына сәйкес, денсаулыққа ауырлығы орташа зиян — адамның өміріне қауіпті емес, денсаулықтың ұзақ уақытқа (жиырма бір күннен астам мерзімге) бұзылуына немесе жалпы еңбекке қабілеттіліктің үштен бірінен аз мөлшерде едәуір тұрақты түрде жоғалуына әкеп соққан зиян.
Сот сараптамасы органдарында сот сараптамалары мен зерттеулерін ұйымдастыру және жүргізу қағидаларына сәйкес денсаулыққа ауырлығы орташа зиян келтірудің саралау белгілері (өлшемшарттары) мыналар болып табылады:
денсаулықтың ұзақ уақытқа бұзылуы — 3 аптадан астам (21 күннен астам) мерзімге. Денсаулықтың ұзақ уақытқа бұзылуына денсаулыққа зиян келтірумен тікелей байланысты, ұзақтығы үш аптадан (21 күннен) асатын ауру немесе қандай да бір орган функциясының бұзылуы түріндегі салдарлар жатады;
жалпы еңбекке қабілеттіліктің едәуір тұрақты түрде жоғалуы (10–33 % қоса алғанда).
Қылмыс құрамы өзінің құрылымы бойынша материалдық болып табылады. Қылмыс денсаулыққа ауырлығы орташа зиян келтірілген сәттен бастап аяқталған болып есептеледі.
Қылмыстың субъективтік жағы тікелей немесе жанама қасақаналық нысанындағы қасақана кінәмен сипатталады. Көбінесе бұл жерде қасақаналық белгісіз (нақтыланбаған) сипатта болады.
Осы қылмыстық іс-әрекеттің себептері мен мақсаттары әртүрлі болады. Олардың кейбіреулері денсаулыққа ауырлығы орташа зиянды сараланған түрде келтіруге жатады.
ҚК-нің 107-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстың субъектісі — 16 жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға, ал ҚК-нің 107-бабының 2-бөлігі бойынша — 14 жасқа толған адам.
Қарастырылып отырған қылмыстың сараланған түрі (ҚК-нің 107-бабының 2-бөлігі) ол мынадай жағдайларда жасалған кезде орын алады:
екі немесе одан да көп адамға қатысты, бұл кінәлі адамның бірыңғай қылмыстық ниетімен қамтылған, бір мезгілде немесе қысқа уақыт аралығында екі немесе одан да көп адамға денсаулыққа ауырлығы орташа зиян келтіруді білдіреді;
адамның қызметтік қызметін жүзеге асыруына немесе кәсіби не қоғамдық борышын орындауына байланысты сол адамның өзіне немесе оның жақындарына қатысты.
Бұл іс-әрекет жәбірленушінің қызметтік қызметті жүзеге асыру немесе кәсіби не қоғамдық борышын орындау жөніндегі заңды қызметіне кедергі келтіру мақсатында, сондай-ақ осындай қызметі үшін кек алу уәжі бойынша жасалады;
аса қатыгездікпен, сол сияқты кінәлі адамға көрінеу дәрменсіз күйде болған адамға қатысты. Денсаулыққа ауырлығы орташа зиян келтіру кезіндегі аса қатыгездік деп зиян келтіру тәсілінің ерекше қатыгездігін (бұған жәбірленуші үшін аса азапты болып табылатын қылмыс жасау тәсілі де кіреді), сондай-ақ кінәлі адамның қылмыстық әрекетте көрініс тапқан жеке басының ерекше қатыгездігін (оның айрықша тасжүректігін, мейірімсіздігін, жауыздығын, аяусыздығын) түсіну керек.
Дәрменсіз күй жәбірленушінің қылмыскерге тиімді қарсылық көрсету немесе қолсұғушылықтан жалтару мүмкіндігінен айырылғанын білдіреді. Бұл мән-жайды кінәлі адам сезінеді және қылмыс жасау кезінде жәбірленушінің осындай күйін пайдаланады;
адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, қылмыстық топпен. Егер қылмыс жасауға оған бірлесіп қатысу туралы алдын ала уағдаласқан адамдар қатысса, қылмыс адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған деп танылады.
Егер қылмыс ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым, қылмыстық қоғамдастық, трансұлттық ұйымдасқан топ, трансұлттық қылмыстық ұйым, трансұлттық қылмыстық қоғамдастық, террористік топ, экстремистік топ, банда немесе заңсыз әскерилендірілген құралым арқылы жасалса, қылмыс қылмыстық топпен жасалған деп танылады;
ҚК-нің 107-бабының диспозициясында көзделген іс-әрекет, егер ол қоғамға және жалпыға бірдей қабылданған моральдық нормаларға анық құрметтемеушілік негізінде жасалса, кінәлі адамның мінез-құлқы қоғамдық тәртіпке ашық түрде қарсылық білдіру болып табылса және өзін айналасындағыларға қарсы қоюға, оларға деген менсінбеушілік көзқарасын көрсетуге деген ниетпен шартталса, бұзақылық ниетпен жасалған деп танылады;
әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік, діни өшпенділік немесе араздық уәжі бойынша. Осы тармақты қолдану үшін заңда аталған уәждердің бірі бойынша арнайы ниетті анықтау қажет. Бұл жерде басым түрткі кінәлі адамның өзінің ұлттық, нәсілдік, діни тиесілілігіне байланысты физикалық күш қолдану арқылы жазалау әрекетін жасауға және сол арқылы белгілі бір ұлттың, нәсілдің немесе конфессияның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлауға ұмтылуы болып табылады;
бірнеше рет. ҚК-нің 107-бабы 2-бөлігінің 7) тармағына қатысты бірнеше рет жасалу деп, әдетте әртүрлі уақытта жүзеге асырылған және аталған қылмыстарды жасауға бірыңғай ниет болмаған жағдайда, диспозицияда көрсетілген әрекеттерді екі немесе одан да көп рет жасауды түсіну қажет;
көрінеу кәмелетке толмаған адамға қатысты. Кінәлі адам жәбірленушінің 18 жасқа толмағанын анық білуге тиіс.
ҚК-нің 107-бабының 1-бөлігінде көзделген іс-әрекет онша ауыр емес қылмыстарға жатады.
ҚК-нің 107-бабының 2-бөлігінде көзделген іс-әрекет ауырлығы орташа қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме авторы — Исидор Шамилұлы Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі мен ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар