101-бап. Аффект жағдайында жасалған адам өлтіру. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің бабына түсініктеме
- 1. Жәбірленушінің зорлық-зомбылығы, қорлауы немесе ауыр қорлауы не өзге де құқыққа қайшы немесе адамгершілікке жатпайтын әрекеттері (әрекетсіздігі), сол сияқты жәбірленушінің жүйелі түрде құқыққа қайшы немесе адамгершілікке жатпайтын мінез-құлқына байланысты туындаған ұзаққа созылған психиканы жарақаттаушы жағдай салдарынан кенеттен туындаған қатты жан күйзелісі (аффект) жағдайында жасалған адам өлтіру —
- үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
- 2. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген мән-жайлар кезінде екі немесе одан да көп адамды өлтіру —
- бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Осы қылмыстың қоғамдық қауіптілігі адамның туған кезінен бастап өзіне тиесілі өмір сүруге деген абсолютті құқығының бұзылуынан көрінеді.
Осы бапта көзделген адам өлтіру, ҚК-нің 100-бабында көзделген адам өлтіру сияқты, артықшылық берілген адам өлтіру қатарына жатады. Мұндай адам өлтіргені үшін жазаны жеңілдетудің негізі, бір жағынан, кінәлінің ерекше психикалық жай-күйімен, екінші жағынан, кінәлінің осы жай-күйіне жәбірленушінің өзінің құқыққа қайшы мінез-құлқы себеп болуымен байланысты.
Қылмыстың объектісі — жәбірленушінің өмірі.
Объективтік жағы — жәбірленушінің зорлық-зомбылығы, қорлауы немесе ауыр қорлауы не өзге де құқыққа қайшы немесе адамгершілікке жатпайтын әрекеттері (әрекетсіздігі), сол сияқты жәбірленушінің жүйелі түрде құқыққа қайшы немесе адамгершілікке жатпайтын мінез-құлқына байланысты туындаған ұзаққа созылған психиканы жарақаттаушы жағдай салдарынан кенеттен туындаған қатты жан күйзелісі (аффект) жағдайында жасалған адам өлтіру.
Аффект — адамның қысқа мерзімділігімен және қарқынды дамуымен, күшті әрі терең эмоционалдық күйзелісімен, айқын сыртқы көрінісімен, санасының тарылуымен және өз әрекеттерін бақылау қабілетінің төмендеуімен сипатталатын ерекше психикалық жай-күйі.
Қатты жан күйзелісі психиканың ауруға шалдыққан бұзылуы болып саналмайды және есі дұрыс еместіктің медициналық өлшемшарты ретінде қарастырылмайды. Сондықтан оны кейде патологиялық аффектіден ажырату үшін физиологиялық аффект деп атайды. Патологиялық аффект кезінде күшті күйзеліс нәтижесінде сана толық ажырап, бұл адамның есі дұрыс еместігін білдіреді. Физиологиялық аффект адамды өз әрекеттерін сезіну қабілетінен айырмайды, бірақ өзін-өзі бақылауды және қабылданатын шешімдерге сыни баға беруді едәуір қиындатады.
Физиологиялық аффект адамның психикасын әдеттегі жай-күйінен шығаратын, саналы интеллектуалдық қызметін әлсірететін, ішкі психологиялық процестердің шамадан тыс қарқындылығына және олардың сыртқы көрінісінің аса күшті болуына, әрекеттердің есепсіз жасалуына әкелетін жоғары дәрежедегі эмоциялық жарқылмен сипатталады. Аффектінің сыртқы көрінісі көптеген жағдайларға, оның ішінде адамның психикасының жеке ерекшеліктеріне байланысты әртүрлі болады. Сондықтан нақты бір адамның белгілі бір жағдайда физиологиялық аффект жағдайында болғаны немесе болмағаны туралы қорытындыны тек кешенді психологиялық-психиатриялық сараптама береді.
Бұл ретте сарапшылардың алдына бірқатар сұрақтар қою қажет: кінәлі қылмыс жасаған сәтте аффект жағдайында болды ма, оның уақыттық шектері, яғни басталу және аяқталу сәттері қандай?
ҚК-нің қарастырылып отырған бабында физиологиялық аффект туралы сөз болып отыр. Оны уақытша психикалық бұзылыстың бір түрі ретінде қарастырылатын және адамды есі дұрыс емес деп тануға әкеп соғатын патологиялық аффектіден (ҚК-нің 16-бабы) ажырату қажет.
Заңда (ҚК-нің 101-бабы) жай ғана толқу жағдайы емес, қатты жан күйзелісі туралы сөз болып отырғанына назар аудару керек.
Физиологиялық аффектіні адам өлтіргені үшін жауаптылықты жеңілдететін мән-жай деп тану үшін оның жәбірленушінің құқыққа қайшы мінез-құлқына реакция ретінде кенеттен туындауы қажет. Қатты жан күйзелісінің кенеттен туындауын оның кінәлінің өзі үшін күтпеген жерден пайда болуы деп түсіну керек.
Адамда қатты жан күйзелісі әртүрлі мән-жайлардың нәтижесінде туындауы мүмкін. Алайда қылмыстық заң физиологиялық аффект жағдайын қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін мән-жай деп жәбірленушінің құқыққа қайшы мінез-құлқынан туындаған жағдайда ғана таниды. ҚК-нің 101-бабының диспозициясында оны қолдану үшін кем дегенде біреуі анықталуға тиіс мән-жайлардың тізбесі белгіленген.
Ең алдымен, жәбірленуші тарапынан жасалған зорлық-зомбылық көрсетіледі (соққылар, ұрып-соғу, бас бостандығынан құқыққа қайшы айыру, әртүрлі ауырлық дәрежесіндегі денсаулыққа зиян келтіру, тек кінәлінің ғана емес, оның туған-туыстары мен жақындарының да өміріне қауіп төндіру). Кінәліге қатысты заңды әрекеттерден туындаған қатты жан күйзелісі жағдайында жасалған адам өлтіруді ҚК-нің 101-бабы бойынша саралауға болмайды. Мысалы, қылмыскерді ұстап жатқан полиция қызметкерін қатысып отырған адамдардың біреуі өлтірген жағдайда.
Егер адам аффект жағдайында адам өлтіре отырып, қажетті қорғану құқығын жүзеге асырса, онда ол не ҚК-нің 32-бабының негізінде қылмыстық жауаптылықтан босатылады, не қажетті қорғаныс шегінен шығу кезінде жасалған адам өлтіргені үшін жауап береді (ҚК-нің 102-бабы). Заң зорлық-зомбылықтың түрін нақтыламайтындықтан, аффект психикалық зорлық-зомбылықтан да туындауы мүмкін деп пайымдауға болады.
Қылмыстық құқық практикасы мен доктринасы зорлық-зомбылықтың құқыққа қайшы сипатта болуға тиіс екенін негізге алады. Егер зорлық-зомбылық әрекеттерін жәбірленуші заңды түрде қолданса, ҚК-нің 101-бабын қолдануға болмайды.
Қорлау жәбірленушінің кінәлінің немесе оның жақындарының ар-намысы мен қадір-қасиетін өрескел, әдепсіз түрде кемсітуден, мұраттарын немесе кемшіліктерін келемеждеуден, өмірінің интимдік жағына қатысты мәліметтерді жария етуден және т.б. көрінетін бірнеше рет жасалған зорлық-зомбылық әрекеттерін білдіреді.
Ауыр қорлау — мораль мен адамгершілік нормаларына негізделген субъективті-бағалау санаты (ар-намыс пен қадір-қасиетті өрескел кемсіту, ұлттық, діни сезімді қорлау, махаббатты қорлау және т.б.).
Жәбірленушінің өзге де құқыққа қайшы немесе адамгершілікке жатпайтын әрекеттері (әрекетсіздігі) — мүліктік залал келтіру, мүлікті пайдалану құқығын бұзу, өз бетінше әрекет ету фактілері, қарызды қайтарудан бас тарту, ерлі-зайыптылық опасыздық және т.б. жағдайлар.
Жәбірленушінің жүйелі түрде құқыққа қайшы немесе адамгершілікке жатпайтын мінез-құлқынан туындаған ұзаққа созылған психиканы жарақаттаушы жағдай жәбірленушінің кінәлі үшін өмір сүрудің, жұмыс істеудің төзгісіз жағдайларын туғызатын бірқатар әрекеттерді жасауынан көрінуі мүмкін. Соның нәтижесінде «төзімнің шегі» таусылып, адам өзін ұстай алмай, адам өлтіруге барады. Бұл ретте адам өлтіру мен жәбірленушінің арандатушылық мінез-құлқы арасында уақыт алшақтығы болмауға тиіс. Жәбірленушінің жүйелі түрде құқыққа қайшы немесе адамгершілікке жатпайтын мінез-құлқына байланысты туындаған ұзаққа созылған психиканы жарақаттаушы жағдай орын алған, адам өлтіру мен жәбірленушінің мінез-құлқының соңғы әрекеті арасында уақыт алшақтығы болған жағдайда аффект жағдайының туындауы мүмкін жекелеген жағдайлар бұған жатпайды. Мысалы, маскүнем әкенің әйелі мен балаларын жүйелі түрде қорлауы практикада отбасы мүшелерінің бірінде физиологиялық аффект жағдайының туындауына әкеп соғатын ұзаққа созылған психиканы жарақаттаушы жағдай ретінде танылады. Егер физиологиялық аффект нәтижесінде кенеттен туындаған адам өлтіру ниеті бірден емес, ұзақ уақыт өткеннен кейін жүзеге асырылса, ҚК-нің 101 немесе 111-баптары қолданылмайды, өйткені мұндай жағдайларда кінәлі аффект жағдайында емес, кек алу себептері бойынша әрекет етеді.
Сол сияқты, аффект жағдайында жасалған адам өлтіруді кінәлі алдын ала ойластырып, осы ниетін қалыптасқан жағдайды пайдалана отырып жүзеге асырған кезде де осы қылмыстың құрамы болмайды.
Егер жасалған әрекетте бір мезгілде ҚК-нің 101-бабында көзделген адам өлтірудің және ауырлататын мән-жайлар кезінде жасалған адам өлтірудің (ҚК-нің 99-бабының 2-бөлігі) белгілері болса, ҚК-нің 101-бабының нормасы қолданылады, өйткені ауырлататын және жеңілдететін мән-жайлар бәсекелескен кезде соңғыларына басымдық беріледі.
ҚР Жоғарғы Сотының «Адамның өмірі мен денсаулығына қарсы кейбір қылмыстық құқық бұзушылықтарды саралау туралы» нормативтік қаулысының 26-тармағында былай деп атап көрсетілген: «Әрекетті ҚК-нің 101-бабы бойынша саралау үшін кінәлінің физиологиялық аффект жағдайында болуы, оның кенеттен туындауы және жәбірленушінің әрекеттерімен байланысы қажетті шарт болып табылады.
ҚК-нің 101-бабы бойынша жауаптылық аффект жәбірленуші тарапынан жасалған зорлық-зомбылықтан, қорлаудан немесе ауыр қорлаудан не жәбірленушінің өзге де құқыққа қайшы немесе адамгершілікке жатпайтын әрекеттерінен (әрекетсіздігінен) (жақын адамдардың өліміне немесе денсаулығына зиян келтіру, оларды зорлау, өзіне-өзі қол жұмсауға дейін жеткізу, өз бетінше әрекет ету, қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдалану және т.б.), сондай-ақ ұзаққа созылған психиканы жарақаттаушы жағдайдан, қатты жан күйзелісі жәбірленушінің жүйелі түрде құқыққа қайшы немесе адамгершілікке жатпайтын мінез-құлқының, оның бірнеше рет жасаған құқыққа қайшы әрекеттерінің (жүйелі түрде ұрып-соғу, азаптау) салдары ретінде туындаған кезде, олардың соңғысы адам өлтіруге себеп болған жағдайда ғана туындайды.
Бұл ретте көрсетілген құқыққа қайшы әрекеттердің кінәлінің өзіне немесе оған жақын адамдарға қатысты жасалғаны маңызды емес».
Кінәлінің аффект жағдайында болған-болмағанын және оның қанша уақытқа созылғанын анықтау үшін сот-психиатриялық сараптама жүргізу қажет. Бұл ретте аффектілік жай-күй кінәлінің санасында үстемдік ететін, сонымен бірге оның өзін-өзі ұстай білу қабілеті мен аффектіні туындатқан себепке байланысты әрекет ету мүмкіндігі сақталатын қысқа мерзімді қарқынды эмоция болып табылатынын ескеру қажет. Жәбірленушінің әрекеттері мен кінәлінің жауап әрекеттері арасындағы ұзақ уақыт аралығы аталған бапты қолдануды жоққа шығарады.
Қылмыс құрамы құрылымы бойынша материалдық болып табылады. Қылмыс биологиялық өлім басталған сәттен бастап аяқталған деп есептеледі.
Субъективтік жағы қарастырылып отырған қылмыс кінәнің кенеттен туындаған тікелей немесе жанама қасақаналық түрімен сипатталады. Мұндай адам өлтірудің себебі көбінесе кек алу немесе қызғаныш болып табылады, алайда басқа да себептер болуы мүмкін.
Аффект жағдайында абайсызда өлім келтіру ҚК-нің 104-бабы бойынша жауаптылыққа әкеп соғады, бұл жағдайда қатты жан күйзелісі жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде танылады.
Субъектісі — 16 жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға.
ҚК-нің 101-бабының 2-бөлігі осы қылмыстың сараланған құрамын — аффект жағдайында жасалған екі немесе одан да көп адамды өлтіруді көздейді. Кінәлі бір мезгілде немесе қысқа уақыт аралығында өзінде қатты жан күйзелісінің туындауына қатысы бар бірнеше жәбірленушіні өмірінен айырады.
ҚК-нің 101-бабының 2-бөлігі бойынша аффектінің туындауына себеп болған құқыққа қайшы немесе адамгершілікке жатпайтын әрекеттер олардың әрқайсысы тарапынан жасалған жағдайда екі немесе одан да көп жәбірленушінің өліміне әкеп соғу сараланады. Бір адамды аффект жағдайында өлтіру және дәл осындай жағдайда басқа адамның өміріне қастандық жасау ҚК-нің 101-бабының 2-бөлігі бойынша ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігіне сілтеме жасай отырып саралануға тиіс.
Екі немесе одан да көп адамды өлтіру жағдайында қатты жан күйзелісі жай-күйі тек кейбір адамдардың мінез-құлқынан туындаса, жауаптылық ҚК-нің 101 және 99-баптарының тиісті бөліктерінде көзделген қылмыстардың жиынтығы бойынша туындайды.
Бір жәбірленушіге қатысты қатты жан күйзелісі жағдайында қасақана өлім келтіру және мінез-құлқы аффектінің туындауына байланысты емес басқа адамға абайсызда өлім келтіру ҚК-нің 101 және 104-баптарында көзделген қылмыстардың жиынтығы бойынша сараланады.
Лауазымды адамның қызметтік міндеттерін орындау кезінде аффект жағдайында жасаған адам өлтіруі тек ҚР ҚК-нің 101-бабы бойынша саралануға тиіс. Бұл жерде қосымша саралау талап етілмейді.
ҚК-нің 101-бабының 1 және 2-бөліктерінде көзделген әрекеттер ауырлығы орташа қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі мен ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері Исидор Шамилұлы Борчашвилиден.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулар Қорғау Арбитраждық Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Ережелер Жолдаулар