Салық берешегін өндіріп алу туралы салық бұйрығын шығару жөніндегі әрекеттерді даулау
В.Л.Вялько «Ақтөбе қаласы бойынша МКБ» РММ-ге салық бойынша берешек бес жылдан астам уақыт бұрын пайда болғанын және салық органы 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап көзделген салық міндеттемелері бойынша талап қоюдың үш жылдық ескіру мерзімін қолдануға тиіс болғанын уәждеп, салық берешегін өндіріп алу туралы салық бұйрығын шығару жөніндегі әрекеттерді заңсыз деп тану туралы арызбен сотқа жүгінді.
Апелляциялық сатыдағы соттың 2021 жылғы 20 қаңтардағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Ақтөбе қалалық сотының 2020 жылғы 4 қарашадағы шешімімен мәлімделген талаптарды қанағаттандырудан бас тартылды.
Сот 2008 жылғы 7 маусым мен 2016 жылғы 15 қазан аралығындағы кезеңде В.Л.Вялькоға 1993 жылы шығарылған MAZDA маркалы автокөлік құралы тіркелгенін анықтады.
Аталған көлік құралына 2011-2015 жылдар кезеңінде 69 565 теңге сомасында салық, 64 125 теңге өсімпұл есептелді.
Салық органы арыз иесіне көлік салығы бойынша берешектің бар екендігі туралы бірнеше рет хабарлаған.
2020 жылғы 17 сәуірде МКБ салық төлеушінің атына жеке тұлғалардың көлік құралдары салығы бойынша 69 565 теңге сомасындағы салық берешегі және 60 270,2 теңге өсімпұл туралы хабарлама шығарды.
Хабарлама салық төлеушіге электронды тәсілмен сол күні жеткізілді.
Хабарламаның орындалмауына байланысты салық төлеушіден 2020 жылғы 18 мамырдағы салық бұйрығымен 69 565 теңге сомасындағы берешек және 60 564 теңге өсімпұл өндіріп алынды.
Арыз иесі жеке тұлғалардың салық берешегі туралы 2020 жылғы 17 сәуірдегі хабарламаны дауламаған, салық берешегін төлемеген.
Сот алқасы арыз берушінің орындалмаған салық міндеттемелеріне талап қоюдың ескіру мерзімін қолдану бөлігіндегі дәлелдерін мыналарға байланысты негізсіз деп таныды.
СК-нің 48-бабына сәйкес, 2020 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданыста болған редакцияда салық органы салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді есептеуге, есепке жазуға немесе олардың есептелген, есепке жазылған сомасын қайта қарауға құқылы болатын; салық төлеуші (салық агенті) салықтық есептілікті ұсынуға міндетті, салықтық есептілікке өзгерістер мен толықтырулар енгізуге, салықтық есептілікті кері қайтарып алуға құқылы болатын; салық төлеуші (салық агенті) салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді, өсімпұлды есепке жатқызуды және (немесе) қайтаруды талап етуге құқылы болатын уақыт кезеңі салықтық міндеттеме мен талап бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі деп танылады.
Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, талап қоюдың ескіру мерзімі үш жылды құрайды.
Талап қоюдың ескіру мерзімінің өтуі осы баптың 4, 5, 6 және 10-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, тиісті салықтық кезең аяқталғаннан кейін басталады.
2020 жылғы 1 қаңтардан бастап СК-нің 48-бабы жаңа редакцияда қолданылады, оған сәйкес талап қоюдың ескіру мерзімі үш жылды құрайды.
«Құқықтық актілер туралы» Заңның 43-бабының 1-тармағына сәйкес нормативтік құқықтық актінің күші ол қолданысқа енгізілгенге дейін туындаған қатынастарға қолданылмайды.
Осылайша, Салық кодексінің 48-бабына енгізілген өзгерістер 2020 жылғы 1 қаңтардан кейін пайда болған салық қатынастарына қолданылады.
СК-ның жаңа редакциядағы 48-бабының нормалары арыз беруші В.Л.Вяльконың 2011-2015 жылдар аралығы кезеңінде туындаған салықтық міндеттемелеріне қолданылмайды.
Бұдан басқа, көлік құралына салық уақтылы есептелген (2016 жылы 2011-2015 жылдар кезеңі үшін), бұл салық төлеушінің жеке шотынан үзінді көшірмемен расталады, сондықтан талап қоюдың ескіру мерзімі бұл жағдайда қолданылмайды.
Жоспардан тыс салықтық тексеру жүргізу туралы нұсқамаға шағым жасау жөніндегі даулар
Апелляциялық сатыдағы соттың 2020 жылғы 10 қарашадағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Ақтөбе облысы МАЭС-тің 2020 жылғы 14 қыркүйектегі шешімімен «BAITAU» ЖШС-ның «Ақтөбе облысы бойынша МКД» РММ нұсқамасын заңсыз деп тану және оның күшін жою туралы арызы қанағаттандырусыз қалдырылды.
Іс материалдарынан 2020 жылғы 22 маусымда Департамент салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің жекелеген түрлері: КТС және ҚҚС бойынша салық міндеттемесін орындау мәселелері бойынша серіктестікке жоспардан тыс салықтық тақырыптық тексеру жүргізу туралы № 173 нұсқама шығарғаны байқалады.
Тексерілетін кезең: 2018 жылғы қаңтар – 2018 жылғы 31 желтоқсан аралығы.
Нұсқама Ақтөбе облысы бойынша Құқықтық статистика және арнайы есепке алу басқармасында 2020 жылғы 24 маусымда тіркелген, Серіктестік басшысы Р.Х.Убайдуллаевқа 2020 жылғы 1 шілдеде тапсырылған.
Салықтық тексеруді тағайындауға Қарағанды облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті тергеушісінің 2020 жылғы 22 сәуірдегі қаулысы негіз болды.
«Қазақстан Республикасында тексерулерге және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы № 229 Жарлығының 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасында шағын кәсіпкерлікті, оның ішінде микрокәсіпкерлікті дамыту үшін жағдайды жақсарту мақсатында Қазақстан Республикасында орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде (бұдан әрі – ҚПК) көзделген негіздер бойынша тексерулерді қоспағанда, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін шағын кәсіпкерлік субъектілерін, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілерін бару арқылы тексерулерді және профилактикалық бақылау мен қадағалауды тоқтату туралы қаулы шығарылған.
СК-нің 145-бабы 3-тармағының 3) тармақшасына сәйкес тексерулер, оның ішінде ҚПК-де көзделген негіздер бойынша жүзеге асырылатын тексерулер жоспардан тыс салықтық тексерулер болып табылады.
Кәсіпкерлік кодекстің 144-бабы 3-тармағының 9) тармақшасына сәйкес қылмыстық қудалау органының ҚПК-де көзделген негіздер бойынша тапсырмасы бақылау және қадағалау субъектілерін жоспардан тыс тексеруге негіздер болып табылады.
ҚПК-нің 122-бабына сәйкес орындалмауы құжаттарды жасыруға немесе жоюға әкеп соғуы мүмкін кейінге қалдыруға болмайтын тергеу әрекеттерін жүргізуді талап ететін жағдайларда, қылмыстық қудалау органы атына жалған шот-фактуралар жазылған адамды салықтық тексеруге бастамашылық жасауға, уәкілетті органдар мен лауазымды адамдардан ревизиялар мен тексерулер жүргізуді талап етуге құқылы.
Қарағанды облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті 18 заңды тұлғаның, оның ішінде «МДМ» ЖШС, «КаzKemp» ЖШС, «Халық Элемент» ЖШС атынан аса ірі мөлшерде жалған шот-фактураларды жазып беру фактісі бойынша анықталмаған тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде.
«BAITAU» ЖШС аталған ұйымдармен өзара есеп айырысқан.
Осылайша, жоғарыда көрсетілген заңнама талаптарына сәйкес келетін қылмыстық қудалау органының қаулысы осы салықтық тексеруді тағайындауға негіз болды.
Нормативтік-құқықтық база
«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық Кодексі)» 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы кодексінің 2-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының салық заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Кодекстен, сондай-ақ қабылдануы осы Кодексте көзделген нормативтік құқықтық актілерден тұрады.
Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта Салық кодексіндегі ережелерден өзгеше ережелер белгіленсе, көрсетілген шарттың ережелері қолданылады.
Соттар салық заңнамасын қолдануға байланысты істерді қарау кезінде басшылыққа алуы тиіс негізгі нормативтік құқықтық актілер:
1.Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 30 тамыздағы Конституциясы;
- «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» Қазақстан Республикасының кодексі (бұдан әрі – СК);
3.1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі (бұдан әрі – АК) (Жалпы бөлім), 1999 жылғы 1 шілдедегі (Ерекше бөлім);
- 2015 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі (бұдан әрі – АПК);
- 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі (бұдан әрі – Кәсіпкерлік кодекс) ;
- «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы;
- «Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы» 2007 жылғы 28 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңы;
- «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» 1995 жылғы 17 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы;
9.Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулылары (бұдан әрі – НҚ):
- «Салық заңнамасын қолданудың сот практикасы туралы» 2017 жылғы 29 маусымдағы № 4;
- «Соттардың азаматтық іс жүргізу заңнамасының кейбір нормаларын қолдануы туралы» 2003 жылғы 20 наурыздағы № 2;
- «Мәмілелер жарамсыздығының және соттардың олардың жарамсыздығының салдарларын қолдануының кейбір мәселелері туралы» 2016 жылғы 7 шілдедегі № 6;
- «Соттардың АПК 29-тарауының нормаларын қолдануының кейбір мәселелері туралы» 2010 жылғы 24 желтоқсандағы № 20;
- Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары, мемлекеттік кірістер органдары жүйесіндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық бұйрықтары.
ҚР ЖС 2020 жылы және 2021 жылғы 3 айда салық заңнамасын қолданудың сот практикасын қорыту 2021 жылғы 9 шілдегі
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкендігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды.
Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Құжатты жүктеп алу
-
2020 жылы және 2021 жылғы 3 айда салық заңнамасын қолданудың сот практикасын ҚОРЫТУ
17 рет жүктеп алынды