Әкімшілік процеске қатысушы тұлғалардың шеңбері: талап қоюшы, жауапкер, мүдделі тұлға және прокурор
ӘРПК-нің 26-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік процеске қатысушылар талап қоюшы, жауапкер, мүдделі тұлға және прокурор болып табылады.
ӘРПК-нің 4-бабы бірінші бөлігінің 33) тармақшасына сәйкес талап қоюшы – өзінің бұзылған немесе дауланатын құқықтарын, бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінген тұлға не талап қоюды прокурор, Қазақстан Республикасының заңдарында осындай өкілеттік берілген өзге тұлға оның мүддесі үшін берген тұлға.
ӘРПК-нің 4-бабы бірінші бөлігінің 15) тармақшасына сәйкес жауапкер – сотқа талап қойылған әкімшілік орган немесе лауазымды адам.
ӘРПК-нің 30-бабының бірінші бөлігіне сәйкес сот актісі құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделеріне әсер ететін немесе әсер етуі мүмкін тұлға мүдделі тұлға деп танылады.
Практикада атқарушылық іс жүргізудің тараптары болып табылмайтын тұлғалардың сот орындаушыларымен даулары жиі туындайды. Бұл норма мүдде болған жағдайда сот тәртібімен қорғау құқығын көздейді.
Атқарушылық іс жүргізудің тарапы болып табылмайтын тұлғалардың талап қоюлары келіп түскен кезде соттар өзге де қорғау және дауланатын құқықты қалпына келтіру тәсілінің бар-жоғын, сондай-ақ жасалған әрекеттердің нәтижесінде талап қоюшы үшін тікелей құқықтық салдарлардың туындаған-туындамағанын тексеруге тиіс.
ӘРПК-нің 31-бабына сәйкес прокурор заңдылықтың сақталуына қадағалауды жүзеге асырады, әкімшілік процеске қорытынды беру үшін кіріседі.
Қажет болған жағдайда кәсіпкерлік қызметке байланысты емес даулар бойынша талап қоюшылар мен жауапкерлердің Ұлы Отан соғысына қатысушылар, оларға теңестірілген адамдар, мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілері, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар, жасына байланысты зейнеткерлер болып табылатын мынадай тұлғалардың істерін қарау кезінде іске адвокаттар (заң консультанттары) тартылады.
Кәмелетке толмағандардың мүдделерін қозғайтын талап қоюлар бойынша іске қорғаншылық және қамқоршылық органдары заңды өкілдердің міндетті қатысуымен тартылады.
Бұдан басқа, жасалған Ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде қажет болған жағдайда іске Республикалық палата ЖСО өкілдері тартылады.
Бір ЖСО-ға атқарушылық іс жүргізуді жүргізу кезінде анықталған бұзушылық фактісі бойынша екі жеке ұйғарым шығару
Қостанай облысының МАС-ының 2024 жылғы 29 қазандағы шешімімен «Общежитие» ЖШС-нің ЖСО Шакарова Л.Я.-ға қатысты 2024 жылғы 16 наурыздағы атқарушылық іс жүргізуді тоқтату туралы қаулыны заңсыз деп тану және оның күшін жою туралы талабы қанағаттандырылып, ЖСО Шакарова Л.Я.-ға қатысты жеке ұйғарым шығарылып, РП ЖСО-ға жолданған (3994-24-00-4/816).
2016 жылғы 15 сәуірде ЖСО Шакарова Л.Я. «Общежитие» ЖШС пайдасына Лексина Е.Ф.-дан 150 253 теңге мөлшеріндегі берешекті өндіріп алу туралы №1118/16-39-2001 атқарушылық іс жүргізуді қозғағаны анықталды.
2024 жылғы 16 наурызда атқарушылық іс жүргізу атқарушылық құжаттың толық орындалуына байланысты тоқтатылған.
Сонымен бірге сот отырысында сот шешімінің орындалғанын растайтын құжаттардың жоқ екендігі анықталды. Оның үстіне, бірінші сатыдағы соттың сұрау салуы бойынша атқарушылық іс жүргізудің барлық материалдары, оның ішінде атқарушылық құжаттың түпнұсқасы ұсынылмаған, жауапкер оны жоғалтып алғаны жөнінде сотты жаңылыстырған.
Сонымен қатар атқарушылық іс жүргізу материалдарында барлық атқарушылық әрекеттер туралы, атқарушылық іс жүргізу тараптарымен хат алмасу туралы мәліметтер болмаған, осыған байланысты Қостанай облыстық сотының СКАД-ы аталған құжаттарды өндіріп алушы мен борышкерден талап еткен, ал олар атқарушылық іс жүргізу материалдарында болуы тиіс еді.
Осыған байланысты Қостанай облысының МАС-ы мен Қостанай облыстық сотының СКАД-ы ЖСО Шакарова Л.Я.-ға қатысты 2 жеке ұйғарым шығарған, оларды қарау нәтижелері бойынша Қостанай облысының РП ЖСО басшысы ЖСО Шакарова Л.Я.-ға қатаң сөгіс жариялаған.
Талап қою талаптарын тұжырымдау
Сот орындаушыларының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасау туралы әкімшілік талап қоюды беру кезінде талап қоюшылар талаптарды әртүрлі редакцияда тұжырымдайды.
Негізінен жинақталатын санаттағы даулар даулауға, мәжбүрлеуге және әрекет жасауға қойылатын талап қоюлар беру арқылы қаралады (ӘРПК-нің 132-134-баптары).
ӘРПК-нің 132-бабына сәйкес, егер ауыртпалық түсіретін әкімшілік акт талап қоюшының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзса, ол әкімшілік актінің толықтай немесе оның қандай да бір бөлігінде күшін жою туралы талаппен даулауға арналған талап қоюды беруге құқылы.
Сот орындаушысы шығарған қаулымен келіспеген жағдайда, талаптар осы қаулыны заңсыз деп тану туралы қойылады. Бұл ретте әрекеттерді заңсыз деп тану туралы талап қоюды бір мезгілде берудің қажеті жоқ.
ӘРПК-нің 84-бабының 2-бөлігіне сәйкес заңсыз әкімшілік акт толықтай немесе бір бөлігінде жойылуы мүмкін.
Қаулы заңсыз деп танылған жағдайда сот аталған қаулының күшін жояды.
Талап қоюды қайтару
ӘРПК-нің 138-бабының 2-бөлігінде әкімшілік талап қоюды қайтарудың 17 негізі көзделген.
Қарастырылып отырған санаттағы істер бойынша талап қоюлар көбінесе мынадай негіздер бойынша қайтарылады:
ӘРПК-нің 138-бабы 2-бөлігінің 6) тармақшасы – талап қоюшы берген талап қоюды кері қайтарып алды;
ӘРПК-нің 138-бабы 2-бөлігінің 9) тармақшасы – тараптар татуласу келісімін, медиация туралы келісімді немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді жасады және ол сотпен бекітілді;
ӘРПК-нің 138-бабы 2-бөлігінің 11) тармақшасы – іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды;
ӘРПК-нің 138-бабы 2-бөлігінің 17) тармақшасы – іс осы сотқа соттылыққа жатпайды.
Талап қоюды қайтарудың негізі ӘРПК-нің 136-бабының 8-бөлігінде де көзделген, оған сәйкес сотқа талап қою беру мерзімінің дәлелді себепсіз өткізіп алынуы, сондай-ақ өткізіп алынған сотқа жүгіну мерзімін қалпына келтірудің мүмкін болмауы талап қоюды қайтаруға негіз болып табылады.
Талданып отырған санаттағы талап қоюларды қайтару мәселесін шешуде соттарда қиындықтар туындамайды.
Бұл ретте соттың белсенді рөл қағидатын іске асыру татуласу жолымен шешілген істердің санын (келісім жасасу не талап қоюдан бас тарту арқылы) айтарлықтай арттыруға мүмкіндік берді.
Сот шешіміне шағым жасау мерзімі
ӘРПК-нің 168-бабының төртінші бөлігіне сәйкес сот орындаушыларының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы әкімшілік істер бойынша апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты шешім түпкілікті нысанда шығарылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде берілуі мүмкін, бұл шешім шешім жарияланған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей дайындалады.
Аталған нормаға өзгерістер Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 6 қазандағы №33-НП «ӘРПК-нің 168-бабы төртінші бөлігінің бірінші абзацының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы» нормативтік қаулысын іске асыру мақсатында 2024 жылғы 21 қарашада енгізілді.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 6 қазандағы №33-НП «ӘРПК-нің 168-бабы төртінші бөлігінің бірінші абзацының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы» нормативтік қаулысынан көрініп тұрғандай, ӘРПК-нің 168-бабы төртінші бөлігінің ережелері осы баптың екінші бөлігінің нормаларынан туындайды, онда заңды күшіне енбеген сот шешімдеріне шағым берудің жалпы қағидалары айқындалған және мерзім сот шешімінің түпкілікті нысанда шығарылған күнінен бастап есептеледі.
Осыған байланысты сот орындаушыларының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы әкімшілік істер бойынша апелляциялық шағым мен прокурордың апелляциялық өтінішхатын беру үшін көзделген он жұмыс күндік мерзім сот шешімінің қарар бөлігі жарияланған сәттен бастап емес, шешімнің түпкілікті нысанда шығарылған (дайындалған) күнінен бастап есептелуге тиіс, өйткені ӘРПК-де белгіленген апелляциялық шағым беру мерзімі (сот шешімі шығарылған күннен бастап он жұмыс күні) шешім түпкілікті нысанда дайындалғанға дейін іс жүзінде өтіп кетуі мүмкін, бұл процеске қатысушыларды оның уәждеу бөлімімен танысу және апелляциялық шағым жасау құқығын толық көлемде іске асыру мүмкіндігінен айырады.
Конституциялық Сот мұндай құқықтық реттеу Конституциямен кепілдік берілген сот арқылы қорғалу құқығын, білікті заң көмегін алу құқығын және заң мен сот алдында баршаның теңдігі қағидатын шектеуі мүмкін екенін көрсетті.
Конституциялық Сот ӘРПК-де қолданылатын («шешім шығарылған күн», «шешімнің түпкілікті нысанда дайындалған күні» және т.б.) ұғымдардың заң тұрғысынан жеткілікті дәрежеде дәл еместігін және олардың әртүрлі түсіндірілуіне жол беретінін, бұл процеске қатысушылардың құқықтарының бұзылу қаупін туындататынын атап өтті.
Нәтижесінде Конституциялық Сот дауланған ережені Конституцияға сәйкес деп таныды, бірақ тек мынадай түсіндіруде: ӘРПК-нің 168-бабының төртінші бөлігінде көрсетілген әкімшілік істердің санаттары бойынша апелляциялық шағым мен прокурордың апелляциялық өтінішхатын беру мерзімі қарар бөлігінің жарияланған сәтінен бастап емес, сот шешімінің түпкілікті нысанда шығарылған (дайындалған) күнінен бастап есептелуге тиіс.
ӘРПК-нің 168-бабының 4-бөлігіне жоғарыда көрсетілген өзгерістер енгізілгенге дейін жергілікті соттарда бірінші сатыдағы сот шешіміне шағым жасау мерзімін есептеу бөлігінде осы норманы әртүрлі түсіндіруге жол берілген.
ҚР ЖС СКАД-ы процессуалдық нормаларды конституциялық-құқықтық түсіндірудің басымдығын растады және апелляциялық шағым жасау мерзімдерін шешімнің түпкілікті нысанда дайындалған күнінен бастап бірыңғай есептеуді қамтамасыз ететін сот практикасын қалыптастырды.
Бұл практика жүйелі маңызға ие, өйткені ол сот практикасындағы қайшылықтарды жояды және әкімшілік сот ісін жүргізу шеңберінде тараптардың сот арқылы қорғалу құқығын нақты іске асыру мүмкіндігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Дәлелдемелер және дәлелдеу
Дәлелдемелерді, дәлелдемелер ретінде жол берілмейтін нақты деректерді, дәлелдеу нысанасын және дәлелдемелердің көздерін, сондай-ақ дәлелдемелерді жинау, зерттеу, бағалау және пайдалану (дәлелдеу) тәртібін және дәлелдемелер мен дәлелдеуге қатысты өзге де ережелерді құқықтық реттеу тәртібі ӘРПК-де белгіленген ерекшеліктерді қоспағанда, АПК нормаларымен айқындалады (ӘРПК-нің 128-бабы).
ЖСО-ның әрекеттеріне сотқа шағымдану кезінде ЖСО тарапынан жасалған бұзушылықтарды растайтын әртүрлі құжаттар мен материалдар дәлелдемелер ретінде пайдаланылуы мүмкін. Құқыққа қайшы әрекеттерді немесе әрекетсіздікті көрсететін нақты фактілерді анықтау қажет.
Дәлелдемелер (тігілген және нөмірленген атқарушылық іс жүргізу) мыналарды қамтиды:
Атқарушылық құжат:
ЖСО әрекет еткен негіздегі атқару парағының немесе сот бұйрығының түпнұсқасы немесе куәландырылған көшірмесі.
Шағым жасалатын ЖСО қаулылары, олардың күні мен мазмұны көрсетіле отырып.
Бұзушылықтарды растайтын құжаттар:
Төлем туралы түбіртектер, ЖСО-мен хат алмасу, хабарламалар (SMS-хабарламалардың жеткізілгені туралы есептер), куәгерлердің айғақтары, мүлікті бағалау туралы есептер, мүлікті тізімдеу хаттамалары, қарап-тексеру актілері, тұрмайтыны туралы актілер, фотосуреттер, бейнежазбалар және арыз берушінің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғанын растайтын кез келген басқа материалдар.
Әділет органдарына немесе ЖСО палатасына берілген шағымдар:
(ЖСО әрекеттеріне шағым берілген жағдайда, шағымның көшірмесі және оған берілген жауаптар да дәлелдемелер ретінде пайдаланылуы мүмкін).
Куәгерлердің айғақтары:
Іс мән-жайларын растай алатын куәгерлер айғақ беру үшін сотқа шақырылады.
Мемлекеттік бажды өндіріп алу
Сот орындаушыларының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасау туралы талап қоюлар бойынша талап қоюшылар Қазақстан Республикасының «Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексінің 616-бабы 15) тармақшасына сәйкес сотқа талап қою берген кезде мемлекеттік баж төлеуден босатылады.
ӘРПК-нің 122-бабының 1-бөлігіне сәйкес сот шығыстарын бөлу мәселелері АПК-нің қағидалары бойынша қаралады.
АПК-нің 117-бабының 1-бөлігіне сәйкес талап қоюшы төлеуден босатылған мемлекеттік баж, сондай-ақ іс бойынша іс жүргізуге байланысты шығыстар сот шығыстарын төлеуден босатылмаған жауапкерден талап қою қанағаттандырылған бөлігіне толық немесе пропорционалды мөлшерде мемлекет кірісіне өндіріп алынады.
Талап қою қанағаттандырылған кезде жергілікті бюджет кірісіне мемлекеттік баж сот орындаушысынан қанағаттандырылған талап қою бөлігіне мөлшерлес өндіріп алынуға жатады.
Мемлекеттік баж мөлшерлемесі Қазақстан Республикасының «Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексінің 610-бабы 1-тармағының 8) тармақшасының қағидалары бойынша есептеледі (0,5 АЕК).
Процестік мәжбүрлеу шараларын қолдану
Істі қарау кезінде процестік заңнама нормаларының бұзылғаны анықталған жағдайда, ақшалай өндіріп алу түріндегі процестік мәжбүрлеу шаралары қолданылады.
ӘРПК-нің 127-бабына сәйкес сот процестік құқықтарды теріс пайдаланатын немесе процестік міндеттерін орындамайтын тұлғаға, оның ішінде дәлелдемелерді сот белгілеген мерзімді дәлелді себептерсіз бұза отырып ұсынған, тапсырмаларды орындаған жағдайда, егер бұл әкімшілік істі қараудың созылуына әкеп соқса, әрбір әрекеті (әрекетсіздігі) үшін он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқылы.
Соттың талабын, сұрау салуын орындамағаны, әкімшілік іске қатысушы тұлғаның сотқа келмегені, сотқа уақтылы хабарламағаны, пікірді уақтылы ұсынбағаны, сот отырысында төрағалық етушінің өкімдеріне бағынбағаны, сотта белгіленген тәртіпті бұзғаны, сондай-ақ сотты және (немесе) судьяны құрметтемейтінін анық көрсететін өзге де әрекеттер (әрекетсіздіктер) үшін сот жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алуға құқылы.
Сот шешімін, тараптардың татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді бекіту туралы сот ұйғарымын орындамағаны үшін сот жауапкерге елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алу қолданады және сол сот актісінде оның орындалуға жататын, бір айдан аспайтын мерзімін көрсетеді.
Талданып отырған кезеңде соттарда ақшалай өндіріп алу түріндегі процестік мәжбүрлеу шарасын қолдану практикасы қалыптасты. Сот орындаушыларының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасау туралы даулар санаты бойынша ақшалай өндіріп алу жауапкерлерге көбінесе мынадай себептер бойынша салынды:
- пікірді уақтылы ұсынбау;
- атқарушылық іс жүргізу материалдарын уақтылы ұсынбау;
- атқарушылық іс жүргізу материалдарын толық көлемде ұсынбау;
- дәлелді себепсіз сот отырысына келмеу (немесе онлайн форматта қосылмау).
Пайдаланылған қысқартулар:
· ӘРПК – Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі;
· АПК – Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі;
· АК – Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі;
· Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңы – Атқарушылық іс жүргізу туралы заң;
· ЖС НҚ – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы;
· Тыйым салынған мүлікті, оның ішінде электрондық аукцион нысанындағы сауда-саттықта өткізу қағидалары – Қағидалар;
· СОАТЖ – Қазақстан Республикасы сот органдарының «Төрелік» автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесі;
· ҚР ЖС СКАД – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы;
· СКАД немесе алқа – әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы;
· МАС – мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот;
· ӘД – Әділет департаменті (-тері);
· МССО – мемлекеттік сот орындаушы (-лары);
· ЖСО – жеке сот орындаушы (-лары);
· АІЖ – атқарушылық іс жүргізу.
Атқарушылық іс жүргізу мәселелерін реттейтін негізгі нормативтік құқықтық актілер:
· Қазақстан Республикасының Конституциясы;
· ӘРПК;
· АК;
· АПК;
· Атқарушылық іс жүргізу туралы заң;
· Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» Заңы;
· Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы;
· Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексі;
· Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 31 наурыздағы №1 «Соттардың атқарушылық іс жүргізу туралы заңнаманың кейбір нормаларын қолдануы туралы» нормативтік қаулысы;
· Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 19 желтоқсандағы №12 «Сот актілерін орындамағаны үшін жауапкершілік туралы» нормативтік қаулысы;
· Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2009 жылғы 12 қаңтардағы №2 «Азаматтық істер бойынша қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы» нормативтік қаулысы;
· Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2024 жылғы 29 қарашадағы №5 «Әкімшілік істер бойынша сот шешімі туралы» нормативтік қаулысы;
· Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2019 жылғы 29 қарашадағы №6 «Алименттерді өндіріп алуға байланысты істерді қарау кезінде соттардың заңнаманы қолдануы туралы» нормативтік қаулысы;
· Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 4 мамырдағы №437 «Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерлерін бекіту туралы» қаулысы (2023 жылғы 13 шілдеде күші жойылды);
· Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2014 жылғы 24 желтоқсандағы №372 «Кәмелетке толмаған балаларды асырап-бағуға алименттер ұсталатын жалақының және (немесе) өзге де табыс түрлерінің тізбесін бекіту туралы» бұйрығы;
· Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2023 жылғы 27 маусымдағы №416 «Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерлерін бекіту туралы» бұйрығы;
· Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2019 жылғы 28 наурыздағы №148 «Жеке сот орындаушылары қаулыларының үлгілік нысандарын бекіту туралы» бұйрығы.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы