67-бап. Тұрғынжайға мұқтаж адамдарды есепке қою және мемлекеттік мекемелердің, мемлекеттік кәсіпорындардың тұрғын үй қорынан тұрғынжай беру Тұрғын үй қатынастары туралы Заңы
1. Мемлекеттік мекемелер, мемлекеттік кәсіпорындар тұрғынжайға мұқтаж адамдардың тізімдерін жүргізеді және тұрғынжайға мұқтаждар есебінде тұрған адамдардың тізімдерін және соңғы жиырма төрт айда мемлекеттік мекемелердің, мемлекеттік кәсіпорындардың тұрғын үй қорынан тұрғынжай алған адамдардың тізімдерін олардың тұрғынжайға мұқтаждар есебіне қойылған күнін көрсете отырып, өздерінің интернет-ресурстарында жариялайды.
Жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғынжайлардан басқа, мемлекеттік қызметшілерге, бюджеттік ұйымдардың жұмыскерлеріне, әскери қызметшілерге, ғарышкерлікке кандидаттарға, ғарышкерлерге, арнаулы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, сондай-ақ мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын адамдарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғынжайлар қызметтік тұрғынжайларға теңестіріледі.
2. Осы баптың 4, 5, 6 және 7-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік мекемелердің тұрғын үй қорынан тұрғынжайлар аталған мекемелердің осы елді мекендегі тұрғынжайға мұқтаж жұмыскерлеріне пайдалануға беріледі.
Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру мақсатында құрылған мемлекеттік мекемелердің тұрғын үй қорынан тұрғынжайлар Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын Қазақстан Республикасының азаматтарына, қандастарға беріледі.
Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын Қазақстан Республикасының азаматтарына, қандастарға жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру мақсатында құрылған мемлекеттік мекемелердің тұрғын үй қорынан тұрғынжай берудің міндетті шарты олардың отбасы мүшелерін қоса алғанда, жаңа тұрғылықты жері бойынша меншік құқығында тұрғынжайдың болмауы болып табылады.
Мемлекеттік мекемелер беретін тұрғынжайлар қызметтік тұрғынжайлар болып табылады.
3. Мемлекеттік кәсіпорындардың тұрғын үй қорынан тұрғынжайлар осы кәсіпорындардың жұмыскерлеріне пайдалануға беріледі және қызметтік тұрғынжайларға теңестіріледі.
4. Мемлекеттік мекемелердің тұрғын үй қорынан тұрғынжайлар Қазақстан Республикасы Президентінің, Құрылтайының, Премьер-Министрінің және Үкіметінің қызметін қамтамасыз ететін және оқшауланған мүлікті жедел басқару құқығы жоқ мемлекеттік органдардың осы елді мекендегі тұрғынжайға мұқтаж мемлекеттік қызметшілеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын өзге де адамдарға пайдалануға беріледі.
5. Ведомстволық тұрғын үй қорынан қызметтік тұрғынжайлар лауазымға ротациялау тәртібімен тағайындалған не мемлекеттік органның көшірілуіне байланысты басқа елді мекенге ауыстырылған, осы елді мекендегі тұрғынжайға мұқтаж мемлекеттік қызметшілерге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бір елді мекеннен екіншісіне көшуге байланысты қызмет бабындағы лауазымдық орын ауыстыру кезінде осы елді мекендегі тұрғынжайға мұқтаж мемлекеттік қызметшілердің жекелеген санаттарына лауазымдық міндеттерін атқару кезеңіне пайдалануға беріледі.
6. Осы елді мекендегі Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары мен ішкі істер органдары, азаматтық қорғау органдары мемлекеттік мекемелерінің тұрғын үй қорының жекешелендіруге жатпайтын қызметтік тұрғынжайлары тұрғынжайға мұқтаж деп танылған және тиісінше Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары мен ішкі істер органдарының , азаматтық қорғау органдарының кадрларында тұрған қызметкерлерге (жұмыскерлерге) қызмет өткеру (еңбек қатынастары) кезеңіне беріледі.
7. Астананың тұрғын үй қорын есепке алу және күтіп-ұстау саласындағы коммуналдық мемлекеттік мекеменің тұрғын үй қорынан тұрғынжайлар осы елді мекендегі тұрғынжайға мұқтаж мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік ұйымдар жұмыскерлеріне пайдалануға беріледі.
Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуiрдегi N 94 Заңы.
Қазақстан Республикасының Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы