Сыбайлас жемқорлық қылмыс үшін сотталған адамдарға шартты түрде соттау қолданылмайды
Шымкент қаласы Абай аудандық сотының 2018 жылғы 04 шілдедегі үкімімен: К. бұрын сотталмаған, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - ҚК) 361-бабының екінші бөлігімен мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға өмір бойына айыра отырып, 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеуге; ҚК-нің 369-бабының екінші бөлігімен мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға өмір бойына айыра отырып, 1 жылға бас бостандығын шектеуге; ҚК-нің 371-бабының екінші бөлігімен мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға 3 жылға айыра отырып, 3 жылға бас бостандығынан айыруға сотталған. ҚК-нің 58-бабының екінші, бесінші бөліктерінің негізінде онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы және қылмыстардың жиынтығы бойынша тағайындалған негізгі жазаға жиынтықты құрайтын құқық бұзушылықтар үшін тағайындалған қосымша жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы, түпкілікті мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға өмір бойына айыра отырып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. ҚК-нің 63-бабын қолданып, тағайындалған жазаны шартты деп санап, бас бостандығынан айырудың барлық тағайындалған мерзіміне пробациялық бақылау белгіленген. К.-дан мемлекет кірісіне 32 100 теңге процестік шығын өндірілген. Іс бойынша заттай дәлелдемелердің тағдыры Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 118-бабында бекітілген тәртіппен шешілген.
Сот үкімімен К. «Оңтүстік Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар» басқармасы мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Басқарма) мүгедектер және ардагерлермен жұмыс жөніндегі бөлімнің басшысы қызметін атқару барысында, 2016 жылғы мамыр-желтоқсан айлары аралығында, лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдаланғаны, қызметтік жалғандық жасауы және салғырттық жасағаны үшін кінәлі деп танылған. Үкім апелляциялық тәртіппен қайта қаралмаған. Бас Прокурор наразылығында үкімде сипатталған қылмыстық құқық бұзушылық бойынша сотталған К.-нің кінәсінің дәлелденуі мен оның құқық бұзушылық әрекетінің саралануын дауламай, соттың қылмыстық заңды дұрыс қолданбағандығына назар аударып, оған ҚК-нің 361-бабының бірінші бөлігімен, осы Кодекстің 50-бабының екінші бөлігіндегі тізімде көрсетілген лауазымдарды атқару құқықығынан өмір бойына айыра отырып 1 жылға бас бостандығын шектеу, ҚК-нің 369-бабының бірінші бөлігімен осы Кодекстің 50-бабының екінші бөлігінде көрсетілген тізімдегі лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 1 жылға бас бостандығын шектеу, ҚК-нің 371-бабының екінші бөлігімен, осы Кодекстің 50-бабының екінші бөлігіндегі тізімде көрсетілген лауазымдарды атқару құқығынан 3 жылға айыра отырып, 3 жылға бас бостандығын шектеу, ал ҚК-нің 58-бабының 2), 5) бөліктерінің негізінде, түпкілікті 50-бабының екінші бөлігіндегі тізімде көрсетілген лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұраған. Сотта анықталғандай, Басқарма басшысы Т.-ның «Комиссия туралы» 2016 жылғы 23 ақпандағы №11-Ө бұйрығына, 2016 жылғы 5 ақпандағы № 23 келісім-шарттың № 1 қосымшасына сәйкес Оңтүстік Қазақстан облысындағы (бұдан әрі – ОҚО) мұқтаж мүгедектерге арналған жалпы құны 99 616 940 теңгеге тифлотехникалық құралдарын қабылдап алу үшін комиссия құрылып, комиссия төрайымы ретінде К. мен тағы басқа да қызметкерлер бекітілген. Аталған бұйрық бойынша 2016 жылғы 17 мамырдағы қабылдап-алу актісіне сәйкес комиссия төрайымы К. және комиссия мүшелері ретінде бекітілген материалдық-техникалық жабдықтау және пайдалануды қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Ү., мүгедектер және ардагерлермен жұмыс жөніндегі бөлімінің бас маманы К., бухгалтерлік есеп бөлімінің бас маманы Ш. (орнына қол қойған К.), «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы А. жалпы мөлшері 99 337 354 теңгеге тифлотехникалық құралдарды, оның ішінде «компьютерные тифлокомплексы» 167 дана х 526 034 теңгеден = 87 847 678 теңгеге қабылдап алған.
Басқарма басшысы Т.-ның «Комиссия туралы» 2016 жылғы 6 қыркүйектегі № 126-Ө бұйрығына сәйкес, 2016 жылғы 28 шілдедегі № 101 (№ 102) келісім-шартымен жалпы құны 165 319 000 теңгеге тифлотехникалық құралдарын қабылдап алу үшін комиссия құрылып, комиссия төрайымы ретіне К. мен тағы басқа да қызметкерлер бекітілген. Аталған бұйрыққа сәйкес 2016 жылғы 14 қыркүйектегі қабылдапалу актісіне сәйкес комиссия төрайымы К. және мүшелері жалпы құны 165 319 000 теңгеге тифлотехникалық құралдарын, оның ішінде «компьютерные тифлокомплексы» 83 дана х 645 000 теңгеден = 53 535 000 теңгеге қабылдап алған. 2016 жылғы 17 мамырдағы және 14 қыркүйектегі қабылдап-алу актілеріне сәйкес екі келісімшарт негізінде 264 656 354 теңгеге тифлотехникалық құралдардың ішінен, 141 382 678 теңгеге 250 дана «компьютерные тифлокомплексы» құралдарының орнына 250 дана ноутбук қабылданып алынған. К., лауазымды адам бола тұра және комиссия төрайымы ретінде, техникалық ерекшіліктеріне сәйкес лицензияланған «JAWS for Windows» бағдарламасы орнатылған компьютерлердің орнына жеткізуші жеткізген техникалық ерекшіліктеріне сәйкес келмейтін лицензияланбаған «JAWS for Windows» бағдарламасы орнатылған 250 дана ноутбуктің бағаларын салыстырмай, олардың сапасына мән бермей, ноутбуктерге орнатылған лицензияланбаған бағдарламасының дұрыстығын анықтамай, есеп беру кезеңін (отчетный период) сылтауратып, комиссия мүшелеріне, өзінің қарамағындағы қызметкерлеріне келген тауарларды қабылдауға нұсқау беріп, өз мiндеттерiн қызметiне адал қарамауы салдарынан, мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiне абайсызда ауыр зардаптарға әкеп соқтырған салғырттық жасаған. Сонымен қатар К. басқарма тарапынан «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің «Бәйдібек» корпоративтік қорымен жасасқан 2016 жылғы 05 тамыздағы № 105 келісімшартқа сәйкес 385 дана қоларбаны жалпы құны 43 860 000 теңгеге сатып алу үшін «Ар-Рохим» Мүгедектер 136 000 теңгеге жеткізілетіні туралы Басқармаға белгісіз жағдайда түскен бір ғана жалған прайс-парағында көрсетілген ұлғайтылған бағасын негізге алып, ОҚО Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына жолданатын ресми құжатына көрінеу жалған мәлiметтердi енгізіп, қосымша бюджеттік өтінімге қызметтiк жалғандық жасаған. Бұдан басқа Басқарма басшысы Т.-ның «Комиссия туралы» 2016 жылғы 6 қыркүйектегі № 127-Ө бұйрығына сәйкес 2016 жылғы 5 тамыздағы № 105 келісімшартымен жалпы құны 43 860 000 теңгеге қоларбаларды қабылдап алу үшін комиссия құрылып, комиссия төрайымы ретіне К. мен тағы басқа да қызметкерлер бекітілген.
Өз кезегінде комиссия төрайымы К. мен комиссия мүшелері жалпы 43 860 000 теңгеге жасасқан келісімшарт негізінде қабылдап алған 260 дана қоларбалардың жалпы құны, сараптаманың анықтаған құнымен есептегенде, 260 дана қоларба х 73 000 теңгеден = 18 980 000 теңге, айырмасы (35 360 000 – 18 980 000) = 16 380 000 теңге бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына жол беріп, мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiне елеулі зиян келтірген. Сот іс бойынша заңның талаптарын сақтай отырып, сот тергеуін жан-жақты жүргізіп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы жинақтаған және сот мәжілісінде тікелей зерттеліп-сараланған, объективті бағаланған, дәйектілігі жағынан ешбір күмән келтірмейтін нанымды дәлелдемелер жиынтығын негізге алып, К. сот үкімінде сипатталған қылмыстық әрекетті жасағаны үшін кінәлі - деген тұжырымға дұрыс келген. К.-нің бұл қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасаудағы кінәсі, оның өзінің кінәсін ішінара мойындап берген жауаптарымен қатар, куәлар Т., Б., Е., С., Х. және тағы басқалардың жауаптарымен, оқиға орнына қарау жүргізу, заттарды алу мен қарау жүргізу хаттамаларымен, бірқатар сот-сараптама қорытындыларымен, сол сияқты басқа да іс құжаттарымен толығымен дәлелденген. Сот К.-нің қылмыстық құқық бұзушылық әрекеттеріне құқықтық тұрғыдан негізді баға беріп, оның іс-әрекетін ҚК-нің 361, 369 және 371-баптарының екінші бөліктерімен дұрыс саралаған. Сот К.-ге жаза тағайындағанда, қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесі, оның жеке басы, құқық бұзушылық жасағанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқы, жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар, сондай-ақ тағайындалған жазаның сотталғанның түзелуіне және оның отбасының жағдайына ықпалын ескерген. Алайда сот К.-ге негізгі жаза тағайындағанда төмендегідей заңбұзушылықтарға жол берген. ҚК-нің 3-бабының 29-тармағына сәйкес сыбайлас жемқорлық қылмыстарына - ҚК-нің 361, 369-баптарында көзделген іс-әрекеттер жатқызылған. ҚК-нің 13-бабының бірінші бөлігі талаптарына сәйкес қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы кезінде адам әрбір жасалған іс-әрекет үшін осы Кодекстің тиісті бабы немесе бабының бөлігі бойынша қылмыстық жауаптылықта болады. ҚҚ-нің 63-бабының алтыншы бөлігінің талаптары бойынша сыбайлас жемқорлық қылмыс үшін сотталған адамдарға шартты түрде соттау қолданылмайды. Алайда сот сотталған К.-ге негізсіз ҚК-нің 63-бабын қолданып, шартты жаза тағайындаған. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнама мен құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар қызметін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 12 шілдедегі Заңымен енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес ҚК-нің 361, 369-баптарының екінші бөліктері алып тасталған. Сонымен қатар осы Заңмен ҚК-нің 371-бабының екінші бөлігінің санкциясы өзгертіліп, бас бостандығынан айырудан басқа - «төрт мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу» жазалары көзделген. Мұндай жағдайда ҚК-нің 6-бабының талаптары бойынша сот үкімі өзгертіліп, аталған Заңмен енгізілген өзгерістерге сәйкестендіруге жатады.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сотталған К.-ге қатысты бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгертіп, К.-ге ҚК-нің 361-бабының бірінші бөлігімен мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 1 жылға бас бостандығын шектеу; - ҚК-нің 369-бабының бірінші бөлігімен мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 1 жылға бас бостандығын шектеу; - ҚК-нің 371-бабының екінші бөлігімен мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан 3 жылға айыра отырып, 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. ҚК-нің 58-бабының екінші, бесінші бөліктері негізінде, қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы және осы қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін тағайындалған қосымша жазалардың онша қатаң емесін осындай неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы, түпкілікті, мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы
Құжатты жүктеп алу
-
Сыбайлас жемқорлық қылмыс үшін сотталған адамдарға шартты түрде соттау қолданылмайды
219 рет жүктеп алынды -
Сыбайлас жемқорлық қылмыс үшін сотталған адамдарға шартты түрде соттау қолданылмайды
156 рет жүктеп алынды