Сот шартты жаза тағайындағанда, сотталғандардың қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайлармен ғана шектеліп, қылмыстық құқық бұзушылықтың қоғамға қауіптілік дәрежесін, сондай-ақ жәбірленушінің жаза тағайындау жөніндегі пікірін толық ескермеген
Қызылорда облысы Сырдария аудандық сотының 2016 жылғы 29 маусымдағы үкімімен Е. және Ж. ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігінің 2) тармағымен кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандықтарынан шектеуге сотталған. Сотталғандар Е. мен Ж.-дан ортақ түрде мемлекет пайдасына 8 755 теңге сот шығындары өндірілген. Заттай дәлелдемелердің мәселесі шешілген. Сот үкімімен Е. мен Ж. адамдар тобымен атыс қаруын қолданып, қоғамдық тәртіпті, қоғамды құрметтемеу анық көрінетін, азаматтарға күш қолданумен ұштасқан қоғамдық тәртіпті тым өрескел бұзғаны үшін кінәлі деп танылған. Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2016 жылғы 09 тамыздағы қаулысымен сот үкімі өзгеріссіз қалдырылған. Сот үкімі төмендегі мән-жайлардың негізінде өзгертілді. Сотталғандар Е. мен Ж.-ға қатысты үкімнің сипаттау-уәждеу бөлігінде көрсетілген жағдайда қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәларының дәлелденгендігі туралы сот тұжырымдары сот отырысында объективті түрде зерттелген және тиісті баға берілген дәлелдемелерге негізделген, сондықтан ол өтінішхатта дауланбайды.
Сотталғандар Е. мен Ж.-ның қылмыстық әрекеттері жәбірленушілер Х. мен Б.-ның оларға қатысты жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың мән-жайлары туралы берген айғақтарымен, оқиға орнына қарап-тексеру жүргізу, адамды фотосурет арқылы тануға ұсыну, беттестіру, айғақтарды оқиға болған жерде көрсету арқылы нақтылау, адамды тану үшін көрсету хаттамаларымен, сараптама қорытындыларымен және сотта зерттелген басқа да іс құжаттарымен толық дәлелін тапқан. Жәбірленуші Б.-ға жеңіл дәрежедегі, ал жәбірленуші Х.-ға орта және жеңіл дәрежедегі дене жарақаттарын, соның ішінде пышақты қолдану арқылы келтіру фактісі оларға қатысты жүргізілген №№ 1510 және 158 сотдәрігерлік сараптама қорытындыларымен расталады. Сот Е. мен Ж.-ның әрекеттерін ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігінің 2-тармағымен дұрыс саралаған. Алайда жәбірленуші Х-ның сотталғандар Е. мен Ж.-ға қатысты сот үкімінің жаза тағайындау бөлігімен келіспеу жөніндегі уәждері негізді. «Қылмыстық жаза тағайындаудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 25 маусымдағы № 4 нормативтік қаулысының ережелеріне сәйкес, соттар жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесін, кінәлі адамның жеке басына қатысты мәліметтерді, оның ішінде құқық бұзушылық жасағанға дейiнгi және одан кейiнгi оның мiнез-құлқын, оның жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды, сондай-ақ тағайындалған жазаның сотталушының түзелуіне ықпалын ескерулері қажет. Бірінші сатыдағы сот Е. мен Ж.-ның жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде жәбірленушілерден кешірім сұрап, олармен татуласқандарын таныған.
Алайда, бұл мән-жайлар бір-біріне қарама-қайшы, себебі сотталғандардың басты сот талқылауында берген айғақтарынан олардың іс жүзінде кінәларын мойындамағаны, жәбірленушіден кешірім сұрап, татуласпағандары көрінеді. Бірінші сатыдағы сот жаза тағайындағанда сотталғандардың қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайлармен ғана шектеліп, олардың қылмыстық құқық бұзушылық жасағанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлықтарын және әрекеттерін, жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың қоғамға қауіптілік дәрежесін, сонымен қатар жәбірленушінің жаза тағайындау жөніндегі пікірін толық ескермеген. Қылмыстық іс материалдарына сәйкес сотталғандар Е. мен Ж.-ның М.-мен бірге адамдар тобы болып, яғни соңғысы атыс қаруын қолдану арқылы Х.-ның аяғынан бір рет оқ атып, оған орта дәрежелі дене жарақаттарын келтіріп, 3 жылға бас бостандығынан айыруға сотталған. Сонымен бірге сотталғандар Е. мен Ж. жәбірленушілер Б. мен Х.-дан есірткі заттарын тауып беруді талап етіп, Ж. соңғының оң құлағын пышақпен кескен. Олардың бұл әрекеттері өрескел және адам өміріне қауіпті болып табылады. Ал, соттың, сотталғандарға жаза тағайындау барысында олардың қоғамнан оқшауланбай түзелулері мүмкін деген тұжырымы ертеректеу. Апелляциялық сатыдағы сот та бұл мән-жайларды назарға алмай, олардың іс-әрекетіне дұрыс баға бермеген. Сондықтан, сот алқасы сотталғандар Е. мен Ж.-ға олардың түзелуі үшін жеткілікті бас бостандықтарынан айыру жазасын тағайындау қажет деп санайды. ҚК-нің 62-бабының 3-бөлігіне сәйкес сотталғандар Е. мен Ж.-ның 2016 жылғы 26-28 наурыз аралығында 2 күн күзетпен ұстау уақыты бас бостандығынан айыру түрiндегi жаза мерзiмiне бiр күнге бiр күн есебiмен есептелуге жатады. Сонымен бірге жәбірленуші Х.-ның өтінішхатында сотталғандардың әрекеттерін ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігінің 2) тармағымен қатар осы Кодекстің 107-бабы 2-бөлігінің 5) тармағымен саралау қажеттігі жөніндегі уәжі қанағаттандырылуға жатпайды, себебі сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы Е. мен Ж.-ны сотқа тек қана ҚК-нің аталған бабымен берген және сот ҚПК-нің 340-бабының 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық істі соңғылардың сотқа берілген айыптау шегінде ғана қарай алады. Бұдан басқа, жәбірленуші Х.-ның оның мүлкін жымқыру салдарынан 140 000 теңге материалдық зиянды өндіру туралы азаматтық талап қойған. Алайда Е. мен Ж. сотқа дейінгі тергеп-тексеру органымен Х.-ның мүлкін жымқырғаны үшін айыпталмаған, сондықтан бұзақылықпен байланысты осы қылмыстық істің шеңберінде материалдық зиянды өндіру туралы талап арыз қаралуға жатпайды. ҚПК-нің 167-бабының 1-бөлігіне сәйкес азаматтық талапты қылмыстық құқық бұзушылықпен тікелей мүліктік немесе моральдық зиян келтірілген тұлға не оның өкiлi сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған кезден бастап сот тергеуі аяқталғанға дейін қоюы мүмкін. Жәбірленуші Х. сотталғандар Е. мен Ж.-дан 500 000 теңге моральдық зиянды өндіру туралы азаматтық талапты тек апелляциялық сатыдағы сотта қойған. Осыған байланысты оның моральдық зиянды өндіру туралы өтінішхаттағы уәждері де қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. Жоғарыда баяндалғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сотталғандар Е. мен Ж.-ға қатысты жергілікті соттардың сот актілерін өзгертіп, оларға ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігінің 2) тармағымен 3 жылға бас бостандықтарынан айыруға, жазаны түзеу колониясының жалпы режимінде өтеуге сотталып, үкімді орындау үшін олар қамауға алынды. ҚК-нің 62-бабының 3-бөлігіне сәйкес сотталғандар Е. мен Ж.-ның 2016 жылғы 26 - 28 наурыз аралығында 2 күн күзетпен ұсталған уақыттары оларға тағайындалған бас бостандығынан айыру түрiндегi жаза мерзiмдерiне бiр күнге бiр күн есебiмен есептелді. Сот актілерінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылып, жәбірленуші Х.-ның өтінішхаты ішінара қанағаттандырылды.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы
Құжатты жүктеп алу
-
Сот шартты жаза тағайындағанда, сотталғандардың қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайлармен ғана шектеліп, қылмыстық құқық бұзушылықтың қоғамға қауіптілік дәрежесін, сондай-ақ жәбірленушінің жаза тағайындау жөніндегі пікірін толық ескермеген
179 рет жүктеп алынды -
Сот шартты жаза тағайындағанда, сотталғандардың қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайлармен ғана шектеліп, қылмыстық құқық бұзушылықтың қоғамға қауіптілік дәрежесін, сондай-ақ жәбірленушінің жаза тағайындау жөніндегі пікірін толық ескермеген
147 рет жүктеп алынды