Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 155-бабына түсініктеме. Бейбіт жиналысты ұйымдастыруға, өткізуге немесе оған қатысуға кедергі келтіру
1. Бейбіт жиналысты, өзге де заңды жария іс-шараны ұйымдастыруға, өткізуге немесе оларға қатысуға заңсыз кедергі келтіру не оларға қатысуға мәжбүрлеу —
екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір жүз сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Лауазымды адамның өзінің қызмет бабын пайдалана отырып не күш қолданып немесе оны қолдану қатерін төндіріп жасаған дәл сол іс-әрекет —
үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз жазаланады.
ҚК-нің 155-бабында көзделген іс-әрекеттің қоғамдық қауіптілігі (1-бөлік — қылмыстық теріс қылық, 2-бөлік — қылмыс) Қазақстан Республикасы Конституциясымен кепілдік берілген жиналыстар, митингілер, демонстрациялар, шерулер, пикеттеулер бостандығына құқықты бұзудан көрінеді.
1966 жылғы 16 желтоқсандағы Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 21-бабына сәйкес бейбіт жиналыстар өткізу құқығы танылады. Бұл құқықты пайдалану заңға сәйкес енгізілетін және демократиялық қоғамда мемлекеттік және қоғамдық қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп мүдделерінде, халықтың денсаулығы мен имандылығын қорғау немесе басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін қажетті шектеулерден басқа ешқандай шектеулерге жатпайды.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 32-бабында Республика азаматтарының бейбіт әрі қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер мен пикеттеулер өткізуге құқығы бар екендігі айқындалған. Конституциялық ережеге сәйкес бұл құқықты пайдалану мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп мүдделерінде, денсаулықты сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында заңмен шектелуі мүмкін. Жиналыстарды, митингілерді, демонстрацияларды, шерулер мен пикеттеулерді ұйымдастыру және өткізу тәртібі Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 25 мамырдағы «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заңымен реттеледі.
Қазақстан Республикасының «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Заңының 19-бабымен бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу құқығы қоғамдық бірлестіктерге де берілген. Жиналыстарды өткізу тәртібі Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-мен реттеледі.
Іс-шара өткізу туралы мүдделі ұйымдар атқарушы органға өтініш береді. Өтініш жазбаша нысанда жасалып, онда іс-шараның мақсаты, нысаны, орны, уақыты, қозғалыс бағыты, ұйымдастырушылар туралы мәліметтер көрсетілуге тиіс. Іс-шара өтініште көрсетілген талаптарға дәл сәйкес өткізілуі керек, бұл ретте іс-шараны өткізу мақсаты Қазақстан Республикасының Конституциясына қайшы келмеуге, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндірмеуге тиіс.
Осы іс-әрекеттің объектісі — бейбіт жиналысты, өзге де заңды жария іс-шараны ұйымдастыру, өткізу немесе оларға қатысу жөніндегі аталған конституциялық құқық.
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заңының 1-бабының 1) тармағына сәйкес бейбіт жиналыс — өзінің сипаты бойынша бейбіт, күш қолданусыз және қарусыз болып табылатын, мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп мүдделеріне, денсаулықты сақтауға, халықтың имандылығын, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қауіп төндірмейтін және Қазақстан Республикасының азаматтары жиналыс, митинг және демонстрация, шеру мен пикеттеу нысанында өткізетін жария іс-шара.
Заңды жария іс-шараларға демонстрациялар, жиналыстар, митингілер, пикеттеулер мен шерулер жатады.
Демонстрация — Қазақстан Республикасы азаматының немесе азаматтары тобының қоғамдық маңызы бар мәселелер және (немесе) адамдардың және (немесе) органдардың, ұйымдардың іс-әрекеттері (әрекетсіздігі) бойынша пікірін жария түрде білдіру мақсатында белгілі бір уақытта белгілі бір маршрут бойынша көлік құралдарын пайдалана отырып, дыбыс күшейткіш техникалық құралдарды, плакаттарды, транспаранттарды және көрнекі үгіттеудің өзге де құралдарын пайдаланып немесе пайдаланбай, талаптар қою арқылы немесе онсыз қозғалуы (аталған Заңның 1-бабының 5) тармақшасы).
Жиналыс — Қазақстан Республикасы азаматтарының қоғамдық маңызы бар мәселелерді және (немесе) адамдардың және (немесе) органдардың, ұйымдардың іс-әрекеттерін (әрекетсіздігін) ұжымдық түрде жария талқылау мақсатында белгілі бір уақытта белгілі бір жерде бірлесіп болуы (аталған Заңның 1-бабының 7) тармақшасы).
Митинг — Қазақстан Республикасы азаматтарының қоғамдық маңызы бар мәселелер және (немесе) адамдардың және (немесе) органдардың, ұйымдардың іс-әрекеттері (әрекетсіздігі) бойынша пікірін жария түрде білдіру үшін белгілі бір уақытта белгілі бір жерде дыбыс күшейткіш техникалық құралдарды, плакаттарды, транспаранттарды және көрнекі үгіттеудің өзге де құралдарын пайдалана отырып немесе оларды пайдаланбай, талаптар қою арқылы немесе онсыз бірлесіп болуы (аталған Заңның 1-бабының 8) тармақшасы).
Пикеттеу — Қазақстан Республикасы бір азаматының қоғамдық маңызы бар мәселелер және (немесе) адамдардың және (немесе) органдардың, ұйымдардың іс-әрекеттері (әрекетсіздігі) бойынша пікірін жария түрде білдіру мақсатында белгілі бір уақытта белгілі бір жерде қозғалыссыз және дыбыс күшейткіш техникалық құралдарды пайдаланбай, плакаттарды, транспаранттарды және көрнекі үгіттеудің өзге де құралдарын пайдалана отырып немесе оларды пайдаланбай болуы (аталған Заңның 1-бабының 10) тармақшасы).
Шеру — Қазақстан Республикасы азаматының немесе азаматтары тобының көлік құралдарын пайдаланбай, қоғамдық маңызы бар мәселелер және (немесе) адамдардың және (немесе) органдардың, ұйымдардың іс-әрекеттері (әрекетсіздігі) бойынша пікірін жария түрде білдіру мақсатында белгілі бір уақытта белгілі бір маршрут бойынша дыбыс күшейткіш техникалық құралдарды, плакаттарды, транспаранттарды және көрнекі үгіттеудің өзге де құралдарын пайдалана отырып немесе оларды пайдаланбай, талаптар қою арқылы немесе онсыз жүріп өтуі (аталған Заңның 1-бабының 12) тармақшасы).
Түсіндіріліп отырған қылмыстық құқық бұзушылықтың объективтік жағын үш баламалы іс-әрекет құрайды: 1) бейбіт жиналысты, өзге де заңды жария іс-шараны өткізуге заңсыз кедергі келтіру; 2) оларға қатысуға заңсыз кедергі келтіру; 3) оларға қатысуға мәжбүрлеу.
Заңсыз кедергі келтіру деп бейбіт жиналысты, өзге де заңды жария іс-шараны заңды түрде өткізу үшін әртүрлі бөгеттер мен кедергілер жасауды түсіну қажет. Мысалы, аталған іс-шараларды өткізуге негізсіз бас тарту; өткізілетін іс-шараның бағыты бойынша негізсіз тосқауылдар қою немесе оларға қатысу үшін бөгеттер мен кедергілер жасау, мысалы, аталған іс-шараларға қатысуға тікелей немесе бүркемелі түрде тыйым салу.
Аталған іс-шараларға қатысуға мәжбүрлеу деп адамдарды жиналысқа, митингіге, демонстрацияға, шеруге немесе пикеттеуге қатысуға мәжбүрлеу мақсатында оларға физикалық немесе психикалық ықпал етуді түсіну қажет.
Қылмыстық құқық бұзушылық құрамы өзінің құрылымы бойынша формальды болып табылады. Қылмыстық құқық бұзушылық баптың диспозициясында көрсетілген әрекеттер жасалған сәттен бастап аяқталған деп танылады.
Субъективтік жағы тікелей қасақаналықпен сипатталады, яғни адам Конституциямен кепілдік берілген жиналыстар, митингілер, демонстрациялар, пикеттеулер бостандығына құқықты бұзып отырғанын сезінеді, салдардың туындау мүмкіндігін немесе болмай қоймайтынын алдын ала біледі және олардың туындауын қалайды.
Қарастырылып отырған іс-әрекеттің субъектісі жалпы болып табылады — 16 жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға.
ҚК-нің 155-бабының 2-бөлігінде заң шығарушы лауазымды адамның өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған дәл сол іс-әрекеттері үшін қылмыстық жауаптылық белгілеген.
Өз жағдайын пайдаланатын лауазымды адам ұғымы ҚК-нің 3-бабының 26) тармағына берілген түсініктемеде ашылады (сондай-ақ ҚК-нің 361-бабына берілген түсініктемені қараңыз).
Тағы бір саралаушы белгі болып физикалық немесе психикалық күш қолдану не оны қолдану қатерін төндіру табылады.
Физикалық күш қолдану ұрып-соғуды, денсаулыққа жеңіл немесе ауырлығы орташа зиян келтіруді, заңсыз бас бостандығынан айыруды және т.б. қамтиды. Бұл ретте тиісті баптар (ҚК-нің 107-бабы) бойынша қосымша саралау талап етілмейді. Денсаулыққа ауыр зиян келтірілген жағдайда жасалған іс-әрекет ҚК-нің 155 және 106-баптарының жиынтығы бойынша саралануға тиіс.
Күш қолдану қатері жиналысты, митингіні, демонстрацияны, шеруді, пикеттеуді өткізуге немесе оларға қатысуға кедергі келтіру мақсатында психикалық ықпал етуді білдіреді.
ҚК-нің 155-бабының 1-бөлігінде көзделген іс-әрекет қылмыстық теріс қылықтарға жатады.
ҚК-нің 155-бабының 2-бөлігінде көзделген іс-әрекет ауырлығы орташа қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне Исидор Шамилұлы Борчашвилидің 2021 жылғы түсініктемесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес беру Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар