Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 150-бабы. Сайлау құқықтарын немесе сайлау комиссияларының жұмысына кедергі жасау туралы түсініктеме
1. Азаматтың өзінің сайлау құқықтарын немесе референдумға қатысу құқығын еркін жүзеге асыруына кедергі жасау —
бір жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартуға не бір жүз жиырма сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға жазаланады.
1-1. Сайлау комиссияларының немесе референдум комиссияларының жұмысына заңсыз араласу және дауыс беруге, кандидаттарды, партиялық тізімдерді тіркеуге, сайлауда немесе референдумда дауыстарды санауға және дауыс беру нәтижелерін анықтауға байланысты міндеттерді орындауға кедергі жасау —
бір жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартуға не бір жүз жиырма сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға жазаланады.
2. Осы баптың бірінші және 1-1-бөліктерінде көзделген әрекеттер:
1) сатып алумен, алдаумен, күш қолданумен не оны қолдану қатерін төндірумен ұштасқан;
2) адам өзінің лауазымдық немесе қызметтік жағдайын пайдалана отырып жасаған;
3) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша немесе қылмыстық топ жасаған;
4) электрондық сайлау жүйесінің жұмыс істеуінің белгіленген тәртібін бұзу арқылы жасалған болса, —
төрт мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартуға не төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Түсіндіріліп отырған қылмыстық құқық бұзушылықтың (1, 1-1-бөліктері — қылмыстық теріс қылықтар, 2-бөлігі — қылмыс) қоғамдық қауіптілігі Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлау және сайлану, сондай-ақ республикалық референдумға қатысу конституциялық құқығының бұзылуында көрініс табады.
1948 жылғы 10 желтоқсандағы Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 21-бабында былай делінген:
«1. Әрбір адам өз елін басқаруға тікелей немесе еркін сайланған өкілдері арқылы қатысуға құқылы.
- Әрбір адам өз елінде мемлекеттік қызметке тең қол жеткізу құқығына ие.
- Халықтың еркі үкімет билігінің негізі болуы тиіс; бұл ерік жалпыға бірдей және тең сайлау құқығы негізінде, жасырын дауыс беру арқылы немесе дауыс беру еркіндігін қамтамасыз ететін басқа да тең мәнді нысандар арқылы өткізілетін мерзімді және бұрмаланбаған сайлауларда көрініс табуы тиіс».
1966 жылғы 16 желтоқсандағы Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде былай делінген: «Әрбір азамат ешқандай кемсітусіз және негізсіз шектеулерсіз мынадай құқықтар мен мүмкіндіктерге ие болуға тиіс:
мемлекеттік істерді жүргізуге тікелей немесе еркін сайланған өкілдері арқылы қатысуға;
жалпыға бірдей және тең сайлау құқығы негізінде, жасырын дауыс беру арқылы өткізілетін және сайлаушылардың еркін ерік білдіруін қамтамасыз ететін шынайы әрі мерзімді сайлауларда дауыс беруге және сайлануға;
өз елінде жалпыға бірдей теңдік жағдайында мемлекеттік қызметке жіберілуге».
Қазақстан Республикасы Конституциясының 33-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтары сот әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған адамдарды қоспағанда, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлауға және сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысуға құқылы. Сайлау құқықтары саяси құқықтар болып табылады, өзінің табиғаты бойынша олар ажыратылмайды, әрбір адамға туғаннан бастап тиесілі және мемлекеттің азаматтығына ие болумен байланысты.
Қазақстан Республикасының Президентін, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттарын, мәслихаттар мен Қазақстан Республикасы жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерін сайлауды әзірлеу және өткізу кезінде туындайтын қатынастарды, сондай-ақ республика азаматтарының еркін ерік білдіруін қамтамасыз ететін кепілдіктерді 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңы реттейді.
Республикадағы сайлау азаматтың өзінің сайлау және сайлану құқығын еркін жүзеге асыруына негізделеді (аталған Заңның 2-бабы).
Заңның 3-бабының 3-тармағына сәйкес, Республика азаматтарының сайлауға қатысуы ерікті болып табылады. Ешкімнің азаматты сайлауға қатысуға немесе қатыспауға мәжбүрлеуге, сондай-ақ оның ерік білдіруін шектеуге құқығы жоқ.
Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар сайлауға қатыспайды (Заңның 4-бабының 3-тармағы).
Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 2 қарашадағы «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңының 1-бабына сәйкес, республикалық референдум — Конституцияның, конституциялық заңдардың, заңдардың жобалары және Қазақстан Республикасы мемлекеттік өмірінің өзге де аса маңызды мәселелері бойынша шешімдер жөніндегі бүкілхалықтық дауыс беру. Референдум Республика аумағында өткізіледі.
Референдум өткізу мынадай қағидаттарға негізделеді: 1) референдумға қатысудың еріктілігі және азаматтардың еркін ерік білдіруі; 2) азаматтардың референдумға қатысуға жалпыға бірдей, тең және тікелей құқығының болуы және жасырын дауыс беру; 3) жариялылық (аталған Заңның 4-бабы).
«Республикалық референдум туралы» Заңның 5-бабына сәйкес, шыққан тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне немесе кез келген өзге де мән-жайларға қарамастан, он сегіз жасқа толған Республика азаматтары референдумға қатысу құқығына ие болады. Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың референдумға қатысуға құқығы жоқ. Республика азаматтарының өзге де азаматтарының референдумға қатысу құқықтарын тікелей немесе жанама түрде қандай да бір шектеуге жол берілмейді және ол заң бойынша жазаланады (1-тармақ). Азаматтар референдумға тікелей, тең негізде қатысады және олардың әрқайсысы тиісінше бір дауысқа немесе тең дауыс санына ие болады (2, 3-тармақтар).
Қылмыстық құқық бұзушылықтың объектісі болып көрсетілген конституциялық құқық табылады.
Жекелеген жағдайларда қылмыстық құқық бұзушылықтың нысанасы сайлау немесе референдум құжаттары, мысалы, сайлаушылар тізімдері болуы мүмкін.
Объективтік жағын 1-бөлік бойынша мынадай әрекет немесе әрекетсіздік құрайды:
азаматтың өзінің сайлау құқықтарын еркін жүзеге асыруына кедергі жасау;
азаматтың референдумға қатысу құқығын жүзеге асыруына кедергі жасау.
Кедергі жасау әртүрлі бөгеттер туғызуды білдіреді. Атап айтқанда, азаматтың өзінің сайлау құқықтарын еркін жүзеге асыруына кедергі жасау ретінде кінәлінің сайлау құқығын жүзеге асырып жатқан азаматқа оның сайлау бойынша еркін ерік білдіруіне кедергі келтіретін қандай да бір ықпал етуі, мысалы, кандидаттарды сайлау алдындағы науқанға қатысудан шеттету; нақты кандидаттарды ұсыну кезінде кедергілер мен қиындықтар жасау; тұрғылықты жерінің өзгеруіне байланысты дауыс беру құқығы туралы куәлікті беруден бас тарту сияқты әрекеттер бағалануы мүмкін.
Азаматтың референдумға қатысу құқығын жүзеге асыруына кедергі жасау референдум өткізу жөніндегі бастамашыл топтың қызметіне қарсы әрекет етуден, азаматтың референдумға қатысу құқығын заңсыз шектеуден, мысалы, референдум өткізу жөніндегі бастамашыл топты құруға немесе оның қызметіне кедергі жасаудан, азаматтарды сауалнамаға қатысушылар тізімінен заңсыз алып тастаудан және т.б. көрініс табады.
ҚР ҚК 150-бабының 1-1-бөлігі бойынша объективтік жағын мыналар құрайды: 1) сайлау комиссияларының немесе референдум өткізу жөніндегі комиссиялардың жұмысына заңсыз араласу; 2) дауыс беруге, кандидаттарды, партиялық тізімдерді тіркеуге, сайлауда немесе референдумда дауыстарды санауға және дауыс беру нәтижелерін анықтауға байланысты міндеттерді орындауға кедергі жасау.
Сайлау комиссияларының немесе референдум өткізу жөніндегі комиссиялардың жұмысына заңсыз араласу деп кінәлінің сайлау комиссияларының немесе референдум өткізу жөніндегі комиссиялардың жалпы жұмысына, сондай-ақ олардың жекелеген мүшелерінің қызметіне кедергі келтіретін құқыққа қайшы әрекеттерін түсіну қажет (мысалы, сайлау комиссиясының мүшесіне оның отырыстарына қатысуға тыйым салу, сайлау комиссияларын үй-жайдан айыру немесе олардың заңды талаптарын елемеу, референдум өткізу жөніндегі бастамашыл топты тіркеуден негізсіз бас тарту).
Сайлауда немесе референдумда дауыс беруге, кандидаттарды, партиялық тізімдерді тіркеуге, дауыстарды санауға және дауыс беру нәтижелерін анықтауға байланысты міндеттерді орындауға кедергі жасау байқаушыларды дауыс беру немесе дауыстарды санау кезінде қатысу мүмкіндігінен айыру, қоғамдық тәртіпті бұзу және т.б. сияқты әрекеттерден көрініс табуы мүмкін.
Қылмыстық құқық бұзушылық құрамы өзінің құрылымы бойынша формальды болып табылады. Қылмыстық құқық бұзушылық мынадай әрекеттер жасалған сәттен бастап аяқталған болып танылады: азаматтың өзінің сайлау құқықтарын еркін жүзеге асыруына кедергі жасау; азаматтың референдумға қатысу құқығын жүзеге асыруына кедергі жасау; сайлау комиссияларының немесе референдум өткізу жөніндегі комиссиялардың жұмысына заңсыз араласу; сайлауда немесе референдумда дауыс беруге, кандидаттарды, партиялық тізімдерді тіркеуге, дауыстарды санауға және дауыс беру нәтижелерін анықтауға байланысты міндеттерді орындауға кедергі жасау.
Әрекеттің субъективтік жағы тікелей қасақаналықпен сипатталады, өйткені адам өзінің әрекетінің қоғамдық қауіпті сипатын, яғни ҚР Конституциясымен кепілдік берілген азаматтардың сайлау құқықтарын бұзатынын сезінеді, осы құқықтардың бұзылу мүмкіндігін немесе болмай қоймайтынын алдын ала біледі және соны қалайды. Ниеттер жеке сипатта да (кек алу, қызғаныш және т.б.), саяси сипатта да (белгілі бір партияның мүшесі болып табылатын адамның кандидат ретінде ұсынылуын қаламау, «өз» кандидатын қолдау және т.б.) болуы мүмкін.
Субъектісі — он алты жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға.
ҚР ҚК 150-бабының 2-бөлігінде сайлау құқықтарын немесе референдумға қатысу құқығын жүзеге асыруға кедергі жасау не сайлау комиссияларының немесе референдум комиссияларының жұмысына заңсыз араласу және сайлауда немесе референдумда дауыс беруге, кандидаттарды, партиялық тізімдерді тіркеуге, дауыстарды санауға және дауыс беру нәтижелерін анықтауға байланысты міндеттерді орындауға кедергі жасау үшін мынадай жағдайларда жауаптылық көзделген:
сатып алумен, алдаумен, күш қолданумен не оны қолдану қатерін төндірумен ұштасқан;
адам өзінің лауазымдық немесе қызметтік жағдайын пайдалана отырып жасаған;
адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша немесе қылмыстық топ жасаған;
электрондық сайлау жүйесінің жұмыс істеуінің белгіленген тәртібін бұзу арқылы жасалған.
Сатып алу деп сайлауға, референдумға қатыспағаны үшін, оның ішінде сайлауда кандидатурасын алып тастағаны үшін, көрсетілген комиссиялардың жұмысына қатыспағаны үшін не адамның өзінің ерік білдіруіне қайшы дауыс бергені, комиссиядағы өз міндеттерін орындамай, сатып алушының нұсқауы бойынша әрекет еткені үшін кез келген мүліктік игіліктер мен артықшылықтарды уәде ету немесе беру түсініледі. Сайлау комиссиясының немесе референдум өткізу жөніндегі комиссияның лауазымды адамын сатып алған жағдайда, бұдан басқа неғұрлым ауыр қылмыс — пара беру де жасалады, яғни қылмыстар жиынтығы орын алады.
Алдау — сайлау науқанына қатысушыны әртүрлі нақты мән-жайларға, атап айтқанда, кандидаттың жеке басына, сайлау немесе референдум өткізу уақытына, орнына, дауыс беру рәсіміне және т.б. қатысты жаңылыстыру болып табылады.
Ауырлататын белгі ретіндегі күш қолдану ұрып-соғумен, денсаулыққа жеңіл немесе орташа ауырлықтағы зиян келтірумен, заңсыз бас бостандығынан айырумен сипатталуы мүмкін. Денсаулыққа ауыр зиян келтіру ҚР ҚК 150-бабы 2-бөлігінің 1) тармағында және ҚР ҚК 106-бабында көзделген қылмыстар жиынтығын құрайды.
Күш қолдану қатерін төндіру деп жәбірленушіге физикалық күш қолдану ниеті туралы хабарлау арқылы оған психикалық ықпал етуді түсіну қажет. Бұл ретте жәбірленуші мұның жай ғана қорқыту емес, қазіргі уақытта немесе болашақта шын мәнінде жүзеге асырылуы мүмкін күш қолдану екенін түсінеді.
Лауазымдық немесе қызметтік жағдайын пайдалана отырып жасалған сайлау құқықтарын жүзеге асыруға немесе сайлау комиссияларының жұмысына кедергі жасау құрамының субъектісі болып әртүрлі кедергілер жасау үшін заңмен берілген өкілеттіктерін пайдаланатын адам табылады.
Егер сайлау құқықтарын жүзеге асыруға немесе сайлау комиссияларының жұмысына кедергі жасау екі немесе одан да көп адамның осы әрекетті бірлесіп жасау туралы алдын ала уағдаласуы бойынша жасалса, ол адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша жасалған деп танылады.
Егер сайлау құқықтарын жүзеге асыруға немесе сайлау комиссияларының жұмысына кедергі жасау ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым, қылмыстық қоғамдастық, трансұлттық ұйымдасқан топ, трансұлттық қылмыстық ұйым, трансұлттық қылмыстық қоғамдастық, террористік топ, экстремистік топ, банда немесе заңсыз әскерилендірілген құралым жасаған болса, ол қылмыстық топ жасаған деп танылады.
Егер кінәлінің әрекеттері автоматтандырылған сайлау жүйесі бағдарламасының (мысалы, «Сайлау» ААЖ) істен шығуына немесе оның физикалық тұтастығы сақталған кезде есептеу техникасының жұмысындағы іркіліске (мысалы, компьютердің, компьютерлік жүйенің, сервердің толық немесе ішінара істен шығуы) не электрондық жүйенің қауіпсіздігінің бұзылуына әкеп соқса, сайлау құқықтарын жүзеге асыруға немесе сайлау комиссияларының жұмысына кедергі жасау электрондық сайлау жүйесінің жұмыс істеуінің белгіленген тәртібін бұзу арқылы жасалған деп танылады.
ҚР ҚК 150-бабының 1, 1-1-бөліктерінде көзделген әрекеттер қылмыстық теріс қылықтарға жатады.
ҚР ҚК 150-бабының 2-бөлігінде көзделген әрекет ауырлығы орташа қылмыстар санатына жатады.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме авторы — Исидор Шамилұлы Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі мен ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.*
Конституция Заңы Кодекс Нормативтік акт Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Ережелер Жолдаулар