Әкімшілік сот ісін жүргізуде заңдылықты бұзу жағдайлары анықталған кезде жеке ұйғарымдар шығару
ӘҚБтК-нің 1-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, егер осы Кодексте өзгеше тәртіп көзделмесе, әкімшілік сот ісін жүргізуде АПК-нің ережелері қолданылады.
АПК-нің 270-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, сот заңдылықтың бұзылған жағдайларын анықтаған кезде жеке ұйғарым шығаруға және оны жіберуге құқылы, ал егер бұзушылықтар мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар және мемлекеттік қызметшілер тарапынан жол берілсе, сот тиісті ұйымдарға, басқарушылық функцияларды жүзеге асыратын лауазымды немесе өзге де адамдарға жеке ұйғарым шығарып, жібереді. Олар қабылданған шаралар туралы бір ай мерзімде хабарлауға міндетті.
Жеке ұйғарымдар шығару заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту, заңға және сотқа құрметпен қарауды қалыптастыру жөніндегі міндеттерді іске асыру кепілдіктерінің бірі болып табылады.
Әкімшілік органдардың тұрғын үй комиссияларына қатысты жеке ұйғарымдарды соттар тиісті ден қою шараларын қабылдау үшін жоғары тұрған органға жібереді.
Талдау жүргізіліп отырған санаттағы істер бойынша жеке ұйғарымдар шығару практикасы соттардың жеке ұйғарымдарды сот шешімімен белгіленген бұзушылықтар бойынша шығаратынын көрсетеді.
Әкімшілік істі қарау барысында анықталған бұзушылықтарға ден қою шарасы ретінде шығарылатын жеке ұйғарым сот шешімімен белгіленген бұзушылықтарды қайталамауға тиіс.
Мемлекеттік органдардың атына жеке ұйғарымдар шығару кезінде мынадай факторларды ескеру қажет:
- тұрғын үй заңнамасы нормаларының бір мәселе бойынша жүйелі түрде бұзылуы;
- әкімшілік рәсімге қатысушы үшін бұзушылықтар нәтижесінде туындаған елеулі құқықтық салдарлар.
Жаңа сот талқылауларына алып келетін жергілікті атқарушы органдардың жүйелі бұзушылықтары бойынша жеке ұйғарым шығару мысалы
М.-ның Басқармаға берген талап қоюы 2022 жылғы 23 мамырдағы сот шешімімен қанағаттандырылған. Астана қаласы әкімдігі жанындағы тұрғын үй комиссиясының М.А.-ны (қызы), А.Б.-ны (немересі), Д.Б.-ны (немересі), З.Б.-ны (немересі), В.Б.-ны (немересі) З.А.-ның отбасы құрамынан шығару туралы шешімі заңсыз деп танылған. Тұрғын үй басқармасына аталған адамдарды мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар тізіміне қайта енгізу туралы әкімшілік акт қабылдау міндеті жүктелген.
Жауапкер тұрғын үй заңнамасының нормаларын бұза отырып, толық емес отбасы және көпбалалы отбасы белгілеріне жататын М.-ны және оның кәмелетке толмаған төрт баласын тұрғын үйге мұқтаждар есебінен шығарған.
Жол берілген заңдылық бұзушылықтары талап қоюшының және оның кәмелетке толмаған балаларының құқықтарының елеулі түрде бұзылуына алып келген.
Бұл ретте сот талап қоюшының отбасына қатысты осындай бұзушылықтарға уәкілетті мемлекеттік органның бұдан бұрын да жол бергенін атап өтті.
Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының 2017 жылғы 4 мамырдағы шешімімен З.-ның талап қоюы бойынша кезектілікті ауыстыру туралы бұйрық заңсыз деп танылып, Басқармаға оның құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін бұзушылықтарды жою міндеті жүктелген.
Осыған қарамастан, Басқарма талап қоюшы отбасының конституциялық құқықтарын бұзуды жалғастырып, Қазақстан Республикасы Конституциясының 25-бабында көзделген міндеттемелерді орындамаған, бұл жаңа сот дауларының туындауына алып келген.
Жеке ұйғарым арқылы тиісті шаралар қабылдау үшін Астана қаласының әкімдігіне анықталған заңдылық бұзушылықтары туралы хабарланды.
Астана қаласы әкімдігінің жауабына сәйкес, сот шешімі мен жеке ұйғарымның талаптары отбасы құрамына мына адамдарды: М.А. (қызы), А.Б. (немересі), Д.Б. (немересі), З.Б. (немересі), В.Б. (немересі) енгізу арқылы орындалған.
Осылайша, М.-ның 2007 жылғы 19 маусымнан бастап анасының атына рәсімделген бұрынғы кезектілігі қалпына келтірілген. 2023 жылғы 11 сәуірдегі жағдай бойынша М.-ның кезектегі нөмірі № 139 болып табылады.
М.-ға тұрғын үй коммуналдық тұрғын үй қорына тұрғын үйлер келіп түсуіне қарай беріледі.
Жеке ұйғарым одан әрі жұмыстағы кемшіліктерді жою мақсатында шығарылғандықтан, соттың тұрғын үймен қамтамасыз етудің жеткіліктілігін бағалауға қатысты қорытындылары ескеріліп, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру жөніндегі қызметте қолданылатын болады.
Іс бойынша іс жүргізу тәртібі
ӘҚБтК-нің 146, 148-баптарының нормаларына сәйкес әкімшілік іс талап қою берілген күннен бастап ақылға қонымды мерзімдерде, бірақ үш айдан аспайтын мерзімде қаралып, шешіледі.
Сот талқылауы АПК-нің 147-бабында белгіленген ерекшеліктерді қоспағанда, АПК қағидалары бойынша жүзеге асырылады. Сот тараптардың келісімімен әкімшілік істі талап қою берілген күннен бастап ақылға қонымды мерзімде, бірақ үш айдан аспайтын мерзімде жазбаша іс жүргізу тәртібімен қарауға құқылы.
Сот талап қоюды тіркегеннен кейін, алдын ала тыңдау және сот талқылауы сатыларында соттың белсенді рөлі шеңберінде талап қоюшылардың дұрыс құқықтық ұстаным қалыптастыруына жәрдем көрсетуді қамтамасыз етеді.
Жалпы алғанда, республика соттары аталған санаттағы істерді жоғарыда көрсетілген талаптарды сақтай отырып қараған.
Іске қатысатын тұлғалар шеңбері
ӘҚБтК-нің 26-бабына сәйкес әкімшілік процеске қатысушылар талап қоюшы, жауапкер, мүдделі тұлға және прокурор болып табылады.
Бұл ретте тұрғын үй даулары бойынша ӘҚБтК-нің 31-бабының ережелеріне сәйкес прокурор, әдетте, іске қатыспайды.
Іске қатысатын тұлғалар шеңберін талап қоюшы сотқа талап қою берген кезде айқындайды. Сотқа талап қоюмен жүгінуге құқығы бар тұлғалар Заңның 67–68-баптарында көрсетілген.
Алдын ала тыңдау барысында сот құқықтары, бостандықтары немесе заңды мүдделері әкімшілік актімен, әкімшілік әрекетпен (әрекетсіздікпен) қозғалуы мүмкін тұлғалар шеңберін анықтайды, кейіннен олар тиісті бапқа сәйкес мүдделі тұлғалар ретінде іске тартылады.
Талдау көрсеткендей, ТЖВ және ЕЖВ төлемдеріне байланысты әскери қызметшілердің, құқық қорғау органдары және СГО қызметкерлерінің талап қоюлары бойынша жауапкер ретінде шешім қабылдаған тұрғын үй комиссиялары құрылған тиісті аумақтық әкімшілік орган (әскери бөлімдер, ҚАЖК мекемелері, ПД, желілік бөлімдер, күзет қызметтері және т.б.) қатысады. Қажет болған жағдайда мүдделі тұлға ретінде жоғары тұрған мемлекеттік орган (Комитет, Министрлік) іске тартылады.
Азаматтардың ЖАО-ға берген талап қоюлары бойынша жауапкер ретінде әкімшілік-аумақтық бірліктің әкімі және/немесе ТКШ бөлімі, тұрғын үй қатынастары бөлімі тартылады.
«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңның 31-бабы 1-тармағының 12) тармақшасына сәйкес аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімі аппараты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй салуды және оны бөлуді ұйымдастырады.
Заңның 77-бабының 1-тармағына сәйкес коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалдаған тұрғын үй өтініш берушінің тұрғылықты жері бойынша тұрғын үй комиссиясының шешімі негізінде жергілікті атқарушы органның шешімімен беріледі.
Тұрақты негізде жұмыс істейтін ЖАО тұрғын үй комиссиялары ЖАО жанынан құрылады. Уәкілетті орган тұрғын үй беруді жүзеге асыратын ЖАО болып табылады.
Әрбір нақты жағдайда талап қоюшының талаптарының нысанасы мен негіздеріне, жауапкердің қарсылықтарына, қолданылуға жататын заңдарға, сондай-ақ уәкілетті органдардың құқықтық жағдайы мен өкілеттіктеріне сүйене отырып, жауапкерлерді дұрыс айқындау қажет.
Тиісті емес жауапкерге талап қою берілген жағдайда, дауды қарау кезінде созбалаңдыққа жол бермеу мақсатында сот ӘҚБтК-нің 16, 116-баптарына сәйкес талап қоюшыға тиісті емес жауапкерді тиісті жауапкермен ауыстыру тәртібін ӘҚБтК-нің 29-бабына сәйкес түсіндіруге тиіс.
Жергілікті соттардың практикасына сүйенсек, тұрғын үй комиссияларының мүшелерін жауапкер ретінде іске тартудың қажеті жоқ.
Талап қоюды қанағаттандыру туралы шешімді әкімшілік орган, әкім немесе ТКШ бөлімі орындайды. Заңды күшіне енген сот шешімдерін орындауға байланысты қиындықтар мен проблемалық мәселелер жоқ.
Дәлелдемелер және дәлелдеу
ӘҚБтК-нің 129-бабына сәйкес, дау айту туралы талап қоюлар бойынша дәлелдеу ауыртпалығы әкімшілік органға жүктелгеніне қарамастан, орган/тұрғын үй комиссиясы мемлекеттік органдар арасындағы ақпарат алмасу жүйелерінде орналасқан деректермен ғана шектеледі. ЖАО шешімдер қабылдау кезінде, әдетте, кезекте тұрған адамдардан қосымша құжаттарды талап етпейді.
Сонымен бірге, тұрғын үй даулары бойынша дәлелдеу сипаты заңмен қорғалатын мәліметтерді қамтитын немесе өзінің мазмұнына байланысты тек талап қоюшы ұсына алатын дәлелдемелерді (ипотекалық шарттар, банктерден алынған анықтамалар, жұмыс орнынан, оқу орнынан анықтамалар, қызметтік тізімдер) ұсынуды талап етеді немесе жеке сипаттағы мәліметтерді (отбасы құрамы туралы) қамтиды.
Осылайша, дәлелдемелер ретінде:
а) ЖАО тұрғын үй комиссияларының кезекте тұрғандар тізімінен шығару туралы шешімдеріне дау айту жөніндегі талап қоюлар бойынша талап қоюшылар кезекте тұрғандар санатына жататынын растайтын құжаттарды (персоналды басқару бөлімдерінен алынған қызметтік тізімдер, мемлекеттік қызметшілердің жұмыс орнынан анықтамалары, мүгедектігі туралы анықтамалар, барлық балалардың туу туралы куәліктері, некені бұзу туралы куәліктер, отбасының барлық мүшелерінің мүлікке тіркелген құқықтары туралы анықтамалар және т.б.) ұсына алады.
Талап қоюшылар тұрғылықты жері бойынша тұратынын (елден шықпағанын) растау үшін оқу орнынан, жұмыс орнынан анықтамаларды, куәлардың айғақтарын, учаскелік полиция инспекторларының рапорттарын (мінездемелерін) ұсынады.
Талап қою беру мерзімдері
(мерзімдерді қалпына келтіру практикасы)
Талап қою беру мерзімдері ӘҚБтК-нің 20-тарауында, атап айтқанда, ӘҚБтК-нің 136-бабында реттеледі.
Жалпы ереже бойынша, дәлелді себеппен өткізіп алынған талап қою беру мерзімін сот АПК қағидалары бойынша қалпына келтіруі мүмкін. Сотқа талап қою беру мерзімін өткізіп алудың себептері және олардың әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы сот тарапынан алдын ала тыңдау барысында анықталады.
Сотқа талап қою беру мерзімінің дәлелді себепсіз өткізіп алынуы, сондай-ақ өткізіп алынған сотқа жүгіну мерзімін қалпына келтірудің мүмкін болмауы талап қоюды қайтаруға негіз болып табылады.
Сонымен бірге, ӘҚБтК-нің 136-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік рәсімге қатыспаған, құқықтары, бостандықтары және заңды мүдделері әкімшілік актімен қозғалатын тұлға әкімшілік актінің қабылданғаны туралы білген немесе білуі мүмкін болған күннен бастап бір ай ішінде, бірақ ол қабылданған күннен бастап бір жылдан кешіктірмей сотқа талап қою беруге құқылы.
Процестік мәжбүрлеу шараларын қолдану
Істі қарау барысында процестік заңнама нормаларының бұзылғаны анықталған жағдайда, ӘҚБтК-нің 18-тарауына сәйкес процестік мәжбүрлеу шаралары қолданылады.
ӘҚБтК-нің 127-бабына сәйкес, сот процестік құқықтарды теріс пайдаланатын немесе процестік міндеттерін орындамайтын тұлғаға, оның ішінде дәлелдемелерді ұсыну, сот белгілеген мерзімді дәлелді себептерсіз бұза отырып тапсырмаларды орындау жағдайларында, егер бұл әкімшілік істі қараудың созылуына алып келсе, әрбір әрекет (әрекетсіздік) үшін он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алу түрінде процестік мәжбүрлеу шарасын қолдануға құқылы.
Соттың талабын, сұрау салуын орындамағаны, әкімшілік іске қатысушы тұлғаның сот отырысына келмегені, сотқа уақтылы хабарламағаны, пікірді уақтылы ұсынбағаны, сот отырысында төрағалық етушінің өкімдеріне бағынбағаны, сотта белгіленген тәртіпті бұзғаны, сондай-ақ сотқа және (немесе) судьяға құрметтемеушілікті анық көрсететін өзге де әрекеттер (әрекетсіздік) үшін сот жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алуға құқылы.
Сот шешімін, тараптардың татуласу, медиация немесе партисипативтік рәсім тәртібімен дауды реттеу туралы келісімін бекіту туралы сот ұйғарымын орындамағаны үшін сот жауапкерге елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алу салады. Бұл ретте сол сот актісінде оны орындау мерзімі көрсетіледі, ол бір айдан аспауға тиіс.
Талданып отырған кезеңде соттарда ақшалай өндіріп алу түріндегі процестік мәжбүрлеу шарасын қолдану практикасы қалыптасты.
Даулардың осы санаты бойынша ақшалай өндіріп алу жауапкерлерге көбінесе мынадай себептер бойынша салынады:
- пікірді уақтылы ұсынбау;
- әкімшілік істің материалдарын уақтылы немесе толық көлемде ұсынбау;
- дәлелді себепсіз сот отырысына келмеу (немесе онлайн форматта қосылмау).
Пайдаланылған қысқартулар:
ӘҚБтК – Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі
АПК – Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі
АК – Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі
НҚС – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы
АЖ – ақпараттық жүйе
ҚР ЖС ӘСК – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы
ӘСК немесе алқа – әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы
СМАС – мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот
ІІМ – Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі
ҚМ – Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі
ҰҚК – Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті
БП – Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы
ТЖД – Төтенше жағдайлар департаменті
АМО – арнайы мемлекеттік органдар
ПД – Полиция департаменті
ТЖВ – тұрғын үйдің ағымдағы төлемдері
ЕЖВ – тұрғын үйдің біржолғы төлемдері
МТҚ – мемлекеттік тұрғын үй қоры
ЖАО – жергілікті атқарушы органдар
Тұрғын үй дауларын реттейтін негізгі нормативтік құқықтық актілер:
- Қазақстан Республикасының Конституциясы;
- ӘҚБтК;
- АК;
- АПК;
- Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңы (бұдан әрі – Тұрғын үй қатынастары туралы заң);
- Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңы (бұдан әрі – Мемлекеттік мүлік туралы заң);
- Қазақстан Республикасының «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңы (бұдан әрі – Әскери қызмет туралы заң);
- Қазақстан Республикасының «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңы (бұдан әрі – Құқық қорғау органдары туралы заң);
- Қазақстан Республикасының «Құқықтық актілер туралы» Заңы (бұдан әрі – Құқықтық актілер туралы заң);
- Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1997 жылғы 18 шілдедегі №9 «Азаматтардың мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй-жайларды жекешелендіру туралы заңнаманы соттардың қолдану практикасы туралы» нормативтік қаулысы.
Сондай-ақ заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер:
- Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 12 ақпандағы №49 қаулысымен бекітілген әскери қызметшілерді қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету, тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін есептеу, тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, тоқтата тұру және қайта бастау қағидалары (бұдан әрі – №49 қағидалар);
- Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 12 ақпандағы №50 қаулысымен бекітілген ақшалай өтемақыны жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі – №50 қағидалар);
- Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 5 тамыздағы №524 қаулысымен бекітілген ішкі істер органдары қызметкерлерін қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету, тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін есептеу, тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, тоқтата тұру және қайта бастау қағидалары, сондай-ақ тұрғын үй төлемдерін алуға құқығы бар ішкі істер органдары қызметкерлері лауазымдарының санаттары (бұдан әрі – №524 қағидалар);
- Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 шілдедегі №673 қаулысымен бекітілген мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үйлерді жекешелендіру қағидалары (бұдан әрі – №673 қағидалар);
- Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушының 2021 жылғы 13 тамыздағы №441 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалдаған тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке қою және кезекке қою, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй беруге шешім қабылдауы» мемлекеттік қызметін көрсету қағидалары;
- Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 26 мамырдағы №85 бұйрығымен бекітілген мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне беру қағидалары;
- Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 27 желтоқсандағы №168 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалдаған тұрғын үйге мұқтаж азаматтарын есепке қою қағидалары.
Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта Тұрғын үй қатынастары туралы заңда көзделгеннен өзгеше қағидалар белгіленсе, халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
Құқықтық актілер туралы заңның 10 және 12-баптарына сәйкес кодекстердің заңдарға қарағанда заңдық күші жоғары; әртүрлі деңгейдегі нормативтік құқықтық актілердің нормаларында қайшылықтар болған жағдайда, жоғары деңгейдегі актінің нормалары қолданылады.
Жалпы ереже бойынша, АК-нің 4-бабында және Құқықтық актілер туралы заңның 43-бабында көзделгендей, нормативтік құқықтық актілер олар қолданысқа енгізілгеннен кейін туындаған қатынастарға қолданылады.
Внимание!
Адвокатская контора Закон и Право, обращает ваше внимание на то, что данный документ является базовым и не всегда отвечает требованиям конкретной ситуации. Наши адвокаты готовы оказать вам помощь в юридической консультации, составлении любого правового документа, подходящего именно под вашу ситуацию.
Для подробной информаций свяжитесь с Адвокатом / Юристом, по телефону; +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Юрист Юридическая услуга Юридическая консультация Гражданские Уголовные Административные дела споры Арбитражные Юридическая компания Казахстан контора Судебные дела