Жаза тағайындау Сотталғанның әрекеттерінде қылмыстардың қайталануының танылмауы және қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің түрін белгілеу
Шығыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2018 жылғы 14 маусымдағы үкімімен: Қ. 2017 жылғы 28 наурызда Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 188-бабының үшінші бөлігімен 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасына шартты түрде сотталған, - ҚК-нің 293-бабы үшінші бөлігінің 2) тармағымен 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға, 287-бабының екінші бөлігімен 6 айға бас бостандығынан айыруға, ҚК-нің 58-бабының үшінші бөлігіне сәйкес қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша жазаларды толық қосу жолымен 5 жылға бас бостандығынан айыруға сотталған. ҚК-нің 64-бабының бесінші бөлігі негізінде Алматы қаласы Медеу ауданы № 2 аудандық сотының 2017 жылғы 28 наурыздағы үкімімен Қ.-ға ҚК-нің 188-бабының үшінші бөлігімен тағайындалған 3 жылға шартты түрдегі соттаудың күші жойылған. ҚК-нің 60-бабына сәйкес үкімдердің жиынтығы бойынша жазаларды ішінара қосу жолымен Қ.-ға түпкілікті 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған, жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеу белгіленген. Сот үкімімен Қ. адамдар тобымен алдын ала сөз байласып, денсаулыққа зиян келтiру үшiн арнайы лайықталған атыс қаруын қолданып, қоғамдық тәртіпті, қоғамды құрметтемеу анық көрінетін, азаматтарға күш қолданумен ұштасқан қоғамдық тәртіпті тым өрескел бұзғаны үшін, сондай-ақ жарақат салатын патрондармен ату мүмкіндігі бар ұңғысыз атыс қаруын, газды қаруды заңсыз иемденгені, сақтағаны және алып жүргені үшін кінәлі деп танылған. Осы үкіммен М.-да сотталған, оған қатысты сот актілері дауланбайды. Шығыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2018 жылғы 2 тамыздағы қаулысымен сот үкімі өзгеріссіз қалдырылған.
Жаза тағайындау Сотталғанның әрекеттерінде қылмыстардың қайталануының танылмауы және қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің түрін белгілеу
Бас Прокурор наразылығында сотталған Қ.-ның кінәсінің дәлелденуі мен қылмыстық әрекетінің саралануын дауламай, Қ.-ның бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшін шартты жазаға сотталып, пробациялық бақылау кезеңі ішінде осы үкім бойынша ауыр қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін бас бостандығынан айыру жазасына сотталғанын, сондықтан ҚК-нің 14-бабының бірінші бөлігіне сәйкес оның әрекеттерінде қылмыстардың қайталануы танылуға жататынын, сонымен бірге ҚК-нің 46-бабы бесінші бөлігінің 3) тармағының негізінде сотталғанға жазаның өтелуі қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерінде тағайындалуы қажет екенін көрсетіп, қылмыстық заңның дұрыс қолданылмауына байланысты сот актілерін өзгертуді сұраған. Сотталған Қ.-ға қатысты үкімнің сипаттау-уәждеу бөлігінде көрсетілген мән-жайларда қылмыстық құқық бұзушылықтар жасаудағы кінәсінің дәлелденгендігі туралы сот тұжырымдары басты сот талқылауында объективті түрде зерттеліп, тиісті баға берілген дәлелдемелерге негізделген және наразылықта дауланбайды. Сотталған Қ.-ның әрекеттері ҚК-нің 293-бабы үшінші бөлігінің 2) тармағымен, 287-бабының 2-бөлігімен дұрыс сараланған. Сот Қ.-ға жаза тағайындау кезінде ҚК-нің 52-бабының талаптарын сақтай отырып, жаза тағайындаудың жалпы негіздерін басшылыққа алып, жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтардың сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесін ескеріп, сотталғанның қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайларды назарға алып, әділ жаза тағайындаған. Алайда сотталған Қ.-ның әрекеттерінде қылмыстардың қайталануы танылмай, қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесі дұрыс белгіленбеуіне байланысты сот актілерінің осы бөліктерімен келіспеу жөніндегі наразылықтың уәждері негізді болып табылады. Қылмыстық іс материалдарынан анықталғандай, Қ. бұрын Алматы қаласы Медеу ауданы № 2 аудандық сотының 2017 жылғы 28 наурыздағы үкімімен ҚК-нің 188-бабының үшінші бөлігімен 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасына шартты түрде сотталған. ҚК-нің 14-бабының бірінші бөлігіне сәйкес егер адам бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыруға сотталған болса, осы адамның ауыр қылмыс жасауы қылмыстардың қайталануы деп танылады. ҚК-нің 79-бабының бірінші бөлігінің негізінде қылмыс жасағаны үшiн сотталған адам соттың айыптау үкiмi заңды күшiне енген күннен бастап сотталғандығы өтелген немесе алып тасталған кезге дейiн сотталған болып есептеледi. Сотталғандық осы Кодекске сәйкес қылмыстардың қайталануын, қылмыстардың қауіпті қайталануын таныған кезде және жаза тағайындау кезiнде ескерiледi. Аталған баптың үшінші бөлігінің 1) тармағына сәйкес сотталғандық шартты түрде сотталған адамдарға қатысты - пробациялық бақылау мерзiмi өткен соң жойылады. «Қылмыстық жаза тағайындаудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 25 маусымдағы № 4 нормативтік қаулысының 12-тармағының талабына сәйкес бас бостандығынан айыру шартты түрде тағайындалған (ҚК-нің 63-бабы қолданыла отырып) не үкімді орындауды кейінге қалдыру қолданылған кезде (ҚК-нің 74 және 76-баптары) және осы адам пробациялық бақылау кезеңі ішінде немесе үкiмдi орындауды кейiнге қалдырған кезең iшiнде жаңа қылмыс жасағанда не шартты түрде соттаудың немесе үкімді орындауды кейiнге қалдырудың күші жойылып осы адам сот үкімі бойынша тағайындалған бас бостандығынан айыру жазасын өтеу үшiн тиiстi мекемеге жiберiлген жағдайда, қылмыстың қайталануын тану кезінде адамның ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасағаны үшін алынбаған және жойылмаған бұрынғы соттылығы ескерiлуге жатады.
Қ.-ның алдыңғы үкім бойынша ауыр қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыру жазасына шартты түрде сотталып, пробациялық бақылау кезеңі ішінде ауыр қылмыстық құқық бұзушылық жасап, сот үкімімен бас бостандығынан айыру жазасына сотталғанын ескеріп, оның әрекеттерінде қылмыстардың қайталануы танылуға жатады. ҚК-нің 46-бабы бесінші бөлігінің 3) тармағына сәйкес бас бостандығынан айыру қылмыстардың қайталануы кезінде сотталған еркектерге қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерінде өтеу тағайындалады. Сондықтан Қ.-ға жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеу тағайындалуға жатады. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сотталған Қ.-ға қатысты жергілікті соттардың сот актілерін өзгертіп, ҚК-нің 14-бабының бірінші бөлігіне сәйкес Қ.-ның әрекеттерінде қылмыстардың қайталануы бар деп таныды. Қ.-ға жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеуді тағайындаған бөлігінің күші жойылып, оған жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеу тағайындалды. Сот актілерінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылып, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығы қанағаттандырылды.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы
Құжатты жүктеп алу
-
Жаза тағайындау Сотталғанның әрекеттерінде қылмыстардың қайталануының танылмауы және қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің түрін белгілеу
205 рет жүктеп алынды -
Жаза тағайындау Сотталғанның әрекеттерінде қылмыстардың қайталануының танылмауы және қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің түрін белгілеу
145 рет жүктеп алынды