150-бап. Жүктілікті жасанды үзу Қазақстан Республикасының Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексі
1. Әйелдің жүктілікті жасанды үзуге құқығы бар.
2. Әйелдің қалауы бойынша жүктілікті жасанды үзу жүктіліктің он екі аптаға дейінгі мерзімінде жасалады.
Жүктілікті жасанды үзудің алдын алу мақсатында дәрігерлер моральдық-этикалық, психологиялық және теріс физиологиялық салдарын, ықтимал асқынуларды түсіндіруге бағытталған әңгімелесу өткізуге міндетті.
3. Әлеуметтік көрсетілімдер бойынша жүктілікті жасанды үзу -жүктіліктің жиырма екі аптаға дейінгі мерзімінде, ал жүкті әйелдің және (немесе) шарананың өміріне қатер төндіретін медициналық көрсетілімдер мен жай-күйлер болған кезде (шарананың дамуы мен жай-күйінің өмірмен сыйыспайтын моногендік генетикалық аурулары, түзелмейтін туа біткен кемістігі болған кезде), жүктіліктің мерзіміне қарамастан жасалады.
4. Кәмелетке толмаған адамның жүктілікті жасанды үзуі олардың ата-анасының немесе өзге де заңды өкілдерінің келісімімен жасалады.
5. Заңда белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз деп танылған кәмелетке толған адамның жүктілігін жасанды үзу, егер ол өзінің жай-күйіне байланысты қалауын білдіре алмаса, заңды өкілінің өтініші бойынша және заңда белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз деп танылған кәмелетке толған адамның қатысуымен қабылданатын сот шешімі бойынша мүмкін болады.
6. Медициналық ұйымдарда әйелдің қалауы бойынша жүктілікті жасанды үзуге дейін және одан кейін, контрацепция әдістері мен құралдарын жеке іріктеуді қоса алғанда, медициналық-әлеуметтік консультация өткізіледі.
7. Жүктілікті жасанды үзуді жасаудың тәртібін, медициналық және әлеуметтік көрсетілімдерінің, сондай-ақ қарсы көрсетілімдерінің тізбесін уәкілетті орган айқындайды.
Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Экология кодексі Әлеуметтік кодекс Азаматтық кодексi Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы