116-бап. Сотталған жүктi әйелдердi, бала емiзетін аналарды және балалары бар әйелдердiматериалдық-тұрмыстық қамтамасыз ету ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексі
1. Балалары бар сотталған әйелдер жазасын өтеп жүрген мекемелерде балалар үйлерi ұйымдастырылуы мүмкiн.
Мекемелердің балалар үйлерінде Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес балалардың қалыпты тұруы мен дамуына қажетті жағдайлар қамтамасыз етіледі. Мектепке дейінгі тәрбие мен білім беруді ұйымдастыруды жергілікті атқарушы орган қамтамасыз етеді.
Сотталған әйелдер өздерiнiң үш жасқа дейiнгi балаларын мекемелердің балалар үйлерiне орналастырады және жұмыстан бос уақытта олармен шектеусіз қарым-қатынаста болады. Оларға балаларымен бiрге тұруға рұқсат етіледі.
2. Сотталған әйелдердiң жазбаша келiсiмiмен бала (балалар) олардың жұбайларына, туыстарына немесе сот шешімімен өзге де адамдарға берiледi не бала (балалар) үш жасқа толғаннан кейін тиiстi балалар мекемелерiне жiберiледі.
Сотталған әйелдің мекеме әкімшілігіне өтінішхаты бойынша, мынадай:
жаза мерзімін өтеу бойынша босатуға;
сотталған әйелдің мерзімінен бұрын шартты түрде босату, жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыру туралы өтінішхат беру құқығы басталғанға дейін бір жылдан аз уақыт қалған жағдайларда, бала (балалар) төрт жасқа толғанға дейін сотталған әйелмен бірге қала алады.
3. Сотталған жүктi әйелдер мен бала емiзетін аналардың саны мен ассортименті медициналық қорытындыда айқындалатын азық-түлiк салынған сауқаттар мен сәлемдемелер алуына болады. Сотталған жүктi әйелдердің босану уақытында және босанғаннан кейiнгi кезеңде әйелдердің мамандандырылған медициналық көмекке құқығы бар.
3-1. Тиісті күзету және оқшаулау жағдайында босанудың мекемеде емес, мекеме тұрған жердегі медициналық денсаулық сақтау ұйымдарының босандыру бөлімшесінде өтуіне жол беріледі. Егер бала мекемеде туылса, ол жөнінде туу туралы куәлігінде көрсетілмейді.
3-2. Сотталған жүкті әйелдер мен бала емізетін аналардың медициналық қорытындыға сәйкес өз қаражаты есебінен ана мен баланың қалыпты денсаулығын сақтау үшін қажетті мөлшерде және ассортиментте тамақ өнімдерін сатып алуына болады.
4. Мекемелердің балалар үйлерінде балалар тамақпен, бірінші кезекте қажетті заттармен, жеке жатын орынмен, төсек керек-жарақтарымен, жынысы мен климаттық жағдайлар ескеріле отырып, маусым бойынша киiммен, iшкиiммен және аяқкиiммен бюджет қаражаты есебінен қамтамасыз етiледi.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы