616-бап. Кінәні мойындау туралы мәміле нысанында процестік келісім жасасу тәртібі ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Процестік келісімде:
1) оның жасалған күні мен орны;
2) процестік келісімді жасасушы прокуратура органының лауазымды адамы;
3) келісім жасасушы күдіктінің, айыпталушының тегі, аты және әкесінің аты (ол болған кезде), туған күні мен жері, тұрғылықты жері және айналысатын кәсібі, оның қорғаушысының тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде);
4) қылмысты оның жасалған уақытын, орнын, сондай-ақ осы Кодекстің ережелеріне сәйкес дәлелденуге жататын басқа да мән-жайларды көрсете отырып сипаттау;
5) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің осы қылмыс үшін жауаптылық көздейтін тармағы, бөлігі, бабы;
6) процестік келісімде көрсетілген шарттарды сақтаған және міндеттемелерді орындаған кезде күдіктіге, айыпталушыға қатысты қолданылуы мүмкін, қылмыстық жауаптылық пен жазалауды жеңілдететін мән-жайлар және қылмыстық заңның нормалары;
7) процестік келісім жасасқаннан кейін күдікті, айыпталушы жасауға міндеттенетін әрекеттер;
8) прокурор сот алдында ол туралы өтінішхат беретін жазаның түрі мен мөлшері;
9) процестік келісім жасасудың осы Кодекстің 614-бабында көзделген салдары;
10) жәбірленушінің процестік келісім жасасуға келісетіні туралы көрсетілуге тиіс.
2. Процестік келісімге прокурор, күдікті, айыпталушы, оның қорғаушысы қол қояды. Процестік келісімге қол қойылғанға дейін күдіктінің, айыпталушының өз қорғаушысымен бірге оның ережелерін оңаша және құпия талқылауға құқығы бар.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы