609-бап. Қабылданған адамдарға қатысты жазаны орындауды немесе мәжбүрлеп емдеуді ұйымдастыру ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Қазақстан Республикасының азаматын жазасын өтеу немесе мәжбүрлеп емдеуді жүргізу үшін қабылдау туралы сұрау салу қанағаттандырылғаннан және осындай беруге шет мемлекеттің уәкілетті органының келісімі алынғаннан кейін Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы ішкі істер органына осы адамды Қазақстан Республикасында қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесіне немесе мәжбүрлеп емдеуді жүзеге асыратын медициналық ұйымға беру орнын, уақыты мен тәртібін келісу және беруді ұйымдастыру туралы тапсырма береді.
Мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының азаматын жазасын өтеу немесе мәжбүрлеп емдеуді жүргізу үшін қабылдауды жүзеге асыруда ішкі істер органына өз құзыреті шегінде жәрдем көрсетеді.
2. Осы Кодекстің 602-бабында көрсетілген, Қазақстан Республикасының қабылданған азаматтарына қатысты Қазақстан Республикасында жазаны орындау немесе мәжбүрлеп емдеуді жүзеге асыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Осы Кодекстің 602-бабында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтарына қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасында және Қазақстан Республикасының халықаралық шартында көзделген тәртіппен мерзiмiнен бұрын шартты түрде босату, рақымшылық қолданылуы немесе кешірім жасау, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды тоқтату немесе оны өзгерту жүзеге асырылуы мүмкін.
4. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы өзінің соты үкім немесе қаулы шығарған мемлекеттің уәкілетті органына жазаны немесе мәжбүрлеп емдеуді орындаудың жай-күйі мен нәтижелері туралы:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жазаны өтеуді немесе мәжбүрлеп емдеуді аяқтаған;
2) осы Кодекстің 602-бабында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтары қайтыс болған немесе қашып кеткен жағдайда хабарлайды.
Ескерту. 609-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 27.12.2021 № 88-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы