475-бап. Үкiмнiң орындалуын кейiнге қалдыру, мерзімін ұзарту ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
Ескерту. 475-баптың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР 27.12.2021 № 88-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
1. Адамды қоғамдық жұмыстарға, түзеу жұмыстарына тартуға, оның бас бостандығын шектеуге немесе оны бас бостандығынан айыруға соттау туралы үкiмдi орындау мынадай негiздердiң бiрi болған кезде:
1) сотталған адамның жазаны өтеуге кедергi келтiретiн ауыр науқасы болса – ол сауығып кеткенге дейiн;
2) сотталған әйел жүктi болса немесе сотталған әйелдiң жас балалары болса және жас балаларды жалғыз өзі тәрбиелейтін еркектерге қатысты – Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 74-бабында көзделген тәртiппен;
3) сотталған адам немесе оның отбасы үшiн жазаны дереу өтеу – өрт немесе өзгедей дүлей зілзала, отбасының еңбекке жарамды жалғыз мүшесiнiң ауыр науқасы немесе қайтыс болуы немесе басқа да төтенше жағдайлардың салдарынан ауыр салдарға әкеп соғуы мүмкiн болса, сот белгiлеген, бірақ алты айдан аспайтын мерзiмге, ал Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 76-бабының екiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамдарға қатысты үш айдан аспайтын мерзiмге кейiнге қалдырылуы мүмкiн.
2. Соттың үкімі бойынша сотталған адамнан өндіріліп алуға жататын айыппұлды, өзгедей сомаларды төлеу, егер оны дереу төлеу сотталған адам үшiн мүмкiн болмаса, бір жылға дейінгі мерзiмге кейiнге қалдырылуы немесе ұзартылуы мүмкін.
3. Егер сот үкімді шығарған кезде үкімнің орындалуын кейінге қалдыру туралы мәселені шешпеген болса, оны үкімді шығарған сот немесе қызмет ауданында үкім орындауға келтірілетін сот сотталған адамның, оның заңды өкiлiнiң, жақын туыстарының, қорғаушысының өтiнiшхаты бойынша не прокурордың немесе үкімді орындау жүктелген органның ұсынуы бойынша шешедi.
Үкімді қосымша жаза бөлігінде орындауды кейінге қалдыруға жол берілмейді.
Ескерту. 475-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 27.12.2021 № 88-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы