1-бап. Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар 1 бөлiм. Жалпы ережелер Қазақстан Республикасындағы көлiк туралы Заңы
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) жеңіл рельстi көлiк – жеке бөлінген жолдар бойынша жолаушыларды және багажды әлеуметтік маңызы бар тұрақты тасымалдауды жүзеге асыратын және метрополитен мен темір жолға қарағанда габариттерінің, жүк көтергіштігінің және қатынас жылдамдығының аздығымен сипатталатын қалалық рельстік көлік түрі;
1-1) жолаушыларды әлеуметтiк маңызы бар тасымалдау – тарифтердiң қолжетiмдi деңгейiн және Қазақстан Республикасының аумағы бойынша халықтың еркiн жүрiп-тұру мүмкiндiгiн қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылатын жолаушыларды тасымалдау;
1-2) аралас тасымал – бірыңғай тауар-көлік жүкқұжатымен (бірыңғай коносаментпен) көліктің екі немесе одан да көп түрімен тасымалдау;
1-3) аралас тасымалдар кезіндегі өзара іс-қимыл шарты – аралас тасымалдар операторы мен әртүрлі көлік түрлерімен тасымалдаушылар арасында жасалған шарт;
1-4) аралас тасымалдар операторы – аралас тасымалды ұйымдастыруды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
1-5) аралас тасымалдар шарты – аралас тасымалды жүзеге асыру үшін аралас тасымалдар операторы мен клиент (жүк жөнелтушi, жүк алушы, жолаушы, кемемен жалданушы) арасында жасалған шарт;
1-6) алып тасталды - ҚР 13.06.2017 № 69-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
1-7) əскери жолаушылар – əскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ тиісті мемлекеттік органның бірінші басшысының тізбесімен айқындалған адамдар;
1-8) əскери жүктер – уəкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тəртіппен тасымалданатын қару-жарақтың, əскери техниканың, оқ-дəрінің жəне басқа да материалдық-техникалық мүліктің барлық түрі;
1-9) əскери тариф – əскери жүктерді республикаішілік тасымалдауға қолданылатын, Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес бекітілетін тариф;
1-10) əскери тасымалдар – уəкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тəртіппен меншік нысандарына қарамастан тасымалдаушылар орындайтын, əскерлерді, əскери жүктерді жəне əскери жолаушыларды тасымалдау;
1-11) бірыңғай тауар-көлік жүкқұжаты (бірыңғай коносамент) – жүкті межелі пунктке дейін жеткізу үшін аралас тасымалдар операторының жүкті өз иелігіне қабылдағанын куəландыратын құжат;
2) клиент (жүк жөнелтушi, жүк алушы, жолаушы, кемемен жалданушы) – тасымалдаушымен жасалған шартқа сәйкес, ал аралас тасымалдар кезінде жасалған аралас тасымалдар шартына сәйкес көлiктi пайдаланатын жеке немесе заңды тұлға;
3) көлік инфрақұрылымы объектілері теміржол, трамвай, жеңілрельс, монорельс және ішкі су жолдарын, автомобиль жолдарын, тоннельдерді, эстакадаларды, көпірлерді, вокзалдар мен станцияларды, жолаушыларға қызмет көрсету пункттерін, метрополитен желілерін, порттарды, порттағы құралдарды, кеме қатынайтын гидротехникалық құрылыстарды (шлюздерді), әуеайлақтарды, әуежайларды, көлік-логистика орталықтарын, байланыс, навигация және көлік құралдарының жүрісін басқару жүйелерінің объектілерін, магистральдық құбыржолдарды, сондай-ақ көлік кешенінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін өзге де ғимараттарды, құрылыстарды, құрылғылар мен жабдықтарды қамтитын технологиялық кешен;
4) көлiк кәсiпорны – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес iс-әрекет жасайтын, жүктердi, жолаушыларды, багажды тасымалдау, көлiк құралдарын сақтау, оларға техникалық қызмет көрсету және оларды жөндеу жөнiндегі қызметпен айналысатын заңды тұлға;
5) көліктік логистика – тасымалдың (тасымалдаудың) әрбір кезеңінде жүктер қозғалысының мониторингін қамтитын, әртүрлі көлік түрлерін (теміржол, автомобиль, теңіз, ішкі су, әуе) пайдалана отырып, оңтайлы маршрут бойынша жүк жөнелтушіден (өндірушіден) жүк алушыға дейінгі тасымалды (тасымалдауды) жоспарлау және басқару жөніндегі тасымалдау процесіне қатысушылардың өзара байланысты іс-қимылдарының жиынтығы;
5-1) көлік-логистика орталығы бұл құрылыстар орналастырылған арнайы бөлінген учаскені қамтитын, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кедендік және шекаралық операцияларды қоса алғанда, тасымалдаумен қатар жүргізілетін, жүктермен және көлік құралдарымен жасалатын дайындау, бөлу және қорытындылау технологиялық операцияларын орындауға, оның ішінде қарап-тексеруге арналған көлік инфрақұрылымы объектісі;
5-2) қадағалау объектісі – Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде жасалған, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалатын тауарлар (өнімдер) мен көлік құралдары;
6) Қазақстан Республикасының көлігі – Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген теміржол, автомобиль, теңіз, ішкі су, әуе көлігі, қалалық рельстік көлік, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағындағы магистральдық құбыр көлігі;
7) қалалық рельсті көлік – қала шекарасындағы және қала маңы аймағындағы жолдармен жолаушыларды тасымалдауға арналған көлік түрі (метрополитен, трамвай, жеңіл рельсті, монорельсті көлік);
8) метрополитен – көліктің өзге түрлерінің желілерінен және жаяу жүргіншілердің оларға өту жолынан оқшауланған (бөлінген, бір деңгейдегі қиылыстары жоқ) жолдар бойынша жолаушылар мен багажды әлеуметтік маңызы бар тұрақты тасымалдауды жүзеге асыратын қалалық рельстік көлік түрі;
8-1) навигациялық пломба – пломбалау элементі мен электрондық блоктан тұратын, навигациялық спутниктік жүйелер технологиялары негізінде жұмыс істейтін және қадағалау объектісіне қатысы бар ақпаратты беруді қамтамасыз ететін, Еуразиялық экономикалық одақ құқығында белгіленген талаптарға жауап беретін техникалық құрылғы;
8-2) навигациялық пломбаларды пайдаланып тасымалдарды қадағалау – навигациялық пломбаны іске қосуды, қадағалау объектісін бақылап отыруды, навигациялық пломбаны істен шығаруды және қадағалау объектісін бақылап отыру процесінде алынған деректерді беруді қамтитын процесс;
8-3) тасымалдарды қадағалаудың ақпараттық жүйесі – навигациялық спутниктік жүйелердің технологиялары мен навигациялық пломба негізінде жұмыс істейтін аппараттық-бағдарламалық кешенді қоса алғандағы ақпараттық жүйе;
8-4) тасымалдарды қадағалаудың ақпараттық жүйесінің ұлттық операторы – навигациялық пломбаларды пайдаланып тасымалдарды қадағалауды қамтамасыз ететін заңды тұлға;
9) тасымалдаушы – ақыға немесе жалданып жолаушыларды, багажды, жүктердi және почта жөнелтiлiмдерiн тасымалдау жөнiнде қызметтер көрсететiн және осыған белгiленген тәртiппен берiлген тиісті рұқсаты бар, меншiк құқығымен немесе өзге де заңды негiздерде көлiк құралын иеленушi жеке немесе заңды тұлға;
10) алып тасталды - ҚР 27.10.2015 № 363-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
11) уәкiлеттi мемлекеттiк орган – көлiк саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыруды, Қазақстан Республикасы көлiк кешенiнiң қызметiн үйлестiру мен реттеудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.
Осы Заңда пайдаланылатын өзге де ұғымдар навигациялық пломбаларды пайдаланып, тасымалдарды қадағалау мақсатында Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде жасалған, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда, Қазақстан Республикасының заңнамасында пайдаланылатын мағынада қолданылады.
Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 21 қыркүйектегі N 156 Заңы.
Осы Заң Қазақстан Республикасы көлiгiнiң құқықтық экономикалық және ұйымдық қызметiнiң негiздерiн айқындайды.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы