Құрылыс-монтаж жұмыстарын тоқтата тұру және өз бетінше салынған құрылысты бұзу міндетін жүктеу
Жер учаскесі меншік иесі мен құрылыс салушының бір тұлға болуына байланысты өз бетінше салынған құрылысқа меншік құқығын тану туралы талап жаңадан құрылған жылжымайтын мүлік объектісіне құқықтарды тіркеуді жеңілдету және арнайы заңнаманың нормаларын айналып өту мақсатында пайдаланылмауға тиіс
Талап қоюшы бір мезгілде жер учаскесінің меншік иесі немесе тұрақты жер пайдаланушысы және өз бетінше салынған құрылысты салушы болып табылған жағдайда, өз бетінше салынған құрылысқа құқықты тану туралы талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту негізді болып табылады.
Павлодар қалалық сотының 2021 жылғы 26 ақпандағы шешімімен Т.В.-ның А.С.-ға өз бетінше салынған құрылысқа меншік құқығын тану және ақшалай соманы өндіру туралы талап қоюын қанағаттандырудан бас тартылды.
Талап қоюда талап қоюшының жұбайы С.С. тірі кезінде тұрғылықты жері бойынша орналасқан жер учаскесінде қажетті рұқсат беру құжаттарын алмай, гараждар салғаны, сарайды көмір сақтайтын орын ретінде қайта жабдықтағаны, тұрғын үйге салқын жапсаржай салғаны көрсетілген.
Шаруашылық және тұрғын мақсаттағы құрылыс объектілері өз бетінше салынған құрылыстың белгілеріне ие болған, бұл ретте жер учаскесіне жеке меншік құқығы туралы актіге сәйкес жер учаскесінің нысаналы мақсаты құрылыс салуға мүмкіндік берген.
Аталған құрылыстар басқа адамдардың құқықтары мен мүдделерін бұзбайды, құрылыс және қала құрылысы нормативтерінің талаптарына сәйкес келеді, сондай-ақ өз бетінше салынған құрылысты сақтап қалу азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмейді.
Жауапкер аталған құрылыстарды өз еркімен тіркеуден бас тартады, өйткені бөлінуге жататын мүліктің құны және оның үлесін ақшалай баламада бөліп беру құны едәуір ұлғаяды.
Сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тарта отырып, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 244-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекеттік меншіктегі, жер учаскелері ретінде қалыптастырылмаған жерде, құрылысты жүзеге асырған адамға тиесілі емес жер учаскесінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жер заңнамасына, Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасына сәйкес қажетті рұқсаттарды алмай салынған тұрғын үй, басқа да құрылыс, ғимарат немесе өзге де жылжымайтын мүлік өз бетінше салынған құрылыс болып табылатынын негізге алды.
Сот мұра қалдырушы С.С. салған құрылыстардың пайдалануға қабылданбағанын және оларға меншік құқығының тіркелмегенін анықтады, демек, олар мұра құрамына кірмеген.
Салынған объектіні меншік иесінің өз бетінше пайдалануға қабылдау актісін Т.В. 2020 жылғы 25 қыркүйекте мұра қалдырушы қайтыс болғаннан кейін ресімдеген. Бұл ретте сәулет саласындағы уәкілетті органның жауабына сәйкес аталған объект есепке алу журналында тіркелген.
Алайда Т.В. салынған объектіні пайдалануға қабылдау актісін тіркеу үшін уәкілетті органға жүгінген кезде екінші ортақ меншік иесінің келісімі болмауына байланысты актіні тіркеуден бас тартылған.
Талап қоюшы жауапкер А.С.-ға талап қоя отырып, өз ұстанымын «Соттардың мұрагерлік туралы заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулының 23-тармағына сәйкес өз бетінше салынған жылжымайтын мүлікті (осы мақсаттар үшін бөлінбеген жер учаскесінде, құрылыс жүргізуге қажетті рұқсаттарды алмай және т.б.) мұраға алу тек сот тәртібімен жүзеге асырылуы мүмкін екендігімен негіздеді.
Нотариус мұндай мүлікке меншік құқығын мұра қалдырушының атына тіркеу үшін куәлік беруге құқылы емес. Осыған байланысты талап қоюшы өз бетінше салынған құрылыс мұра қалдырушыға заңды негіздерде тиесілі мүлік болып табылмайды және мұра құрамына енгізілуі мүмкін емес деп есептейді.
Сонымен бірге мұраны қабылдаған мұрагерлер өз бетінше салынған құрылысқа меншік құқығын өздерінің атына тануды талап ету құқығынан айырылмайды.
Сот даулы құқықтық қатынастар барлық мұрагерлердің бірлескен жүгінуі кезінде шешілуі мүмкін деген қорытындыға келді. Бұл ретте талап «Жергілікті мемлекеттік басқару туралы» Заңға сәйкес жергілікті атқарушы органға қойылуға тиіс, өйткені әкім мемлекеттік органдармен, ұйымдармен және азаматтармен өзара қатынастарда тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің мүдделерін білдіреді.
Осыған байланысты мұндай істер бойынша тиісті жауапкер тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің әкімі болып табылады.
Сонымен қатар өз бетінше салынған құрылысқа меншік құқығын сот тәртібімен тану құқықты қорғаудың айрықша тәсілі болып табылатыны және жаңадан құрылған жылжымайтын мүлік объектісіне құқықтарды тіркеуді жеңілдету мақсатында заңда белгіленген рәсімдерді айналып өту үшін пайдаланылмауға тиіс екендігі атап өтілді.
Өз бетінше салынған құрылыстарды заңдастыру мақсатында сотқа жүгіну өз бетінше салынған құрылыстарды бұзу туралы талап қоюлар санатымен тығыз байланысты.
Мұндай талап қоюлар қала құрылысы бақылауы саласындағы уәкілетті органдармен не құқықтары өз бетінше салынған құрылыс объектілерімен бұзылған адамдармен, сондай-ақ құрылысты белгіленген талаптарға сәйкестендіру мүмкін болмаған жағдайларда беріледі.
Осылайша, өз бетінше салынған құрылысқа меншік құқығын тану туралы талап қоюлармен қатар, құрылыстарды бұзу туралы талаптар да бұзылған немесе дауланатын құқықты қорғау түрлерінің бірі болып табылады.
А.К. «O» ЖШС-не көппәтерлі тұрғын үйдің құрылыс-монтаж жұмыстарын тоқтата тұру және өз бетінше салынған құрылысты бұзу міндетін жүктеу туралы талап қоюмен сотқа жүгінді.
Атырау қалалық сотының 2021 жылғы 23 желтоқсандағы шешімімен талап қою талаптардың тиісті емес жауапкерге қойылғаны негізінде қанағаттандырудан бас тартылды.
Іс материалдарынан көрінетіндей, талап арыз сотқа 2021 жылғы 24 қыркүйекте берілген және талап арызды сот іс жүргізуіне қабылдау кезінде ЖШС жер учаскесінің меншік иесі әрі құрылыс салушы болып табылған. ЖШС сотты жазбаша хабардар еткен меншік иесінің кейіннен өзгеруі Азаматтық процестік кодекстің 50-бабында көзделген тәртіппен тиісті емес жауапкерді тиісті жауапкермен ауыстыруға негіз болуға тиіс еді.
Алайда соттың ұйғарымдарымен жаңа меншік иелері Ж.И. мен М.К. жауапкер жағындағы үшінші тұлғалар ретінде іске тартылып, оларды қоса жауапкерлер ретінде іске тартудан бас тартылған.
Процестік заңның жоғарыда көрсетілген бұзушылықтары соттың істің мән-жайларын толық анықтау жөнінде шаралар қабылдамауына әкеліп соқты, сот істі тиісті емес жауапкер негізінде шешу мүмкіндігімен ғана шектелген.
Ал сот талап қоюшының құқықтарының бұзылған-бұзылмағанын, оның келтірген уәждерінің қаншалықты негізді әрі шынайы екенін анықтауы қажет еді.
Жетісу облысының Текелі қалалық сотының 2023 жылғы 21 желтоқсандағы шешімімен К.М.-ның Текелі қаласының әкіміне өз бетінше салынған құрылысқа меншік құқығын тану туралы талап қоюы қанағаттандырылды.
Талап қоюшы Текелі қаласында орналасқан өзі салған медициналық орталыққа меншік құқығын тануды сұраған.
Іс материалдарынан медициналық орталықтың талап қоюшыға тиесілі жер учаскесінде, алайда Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы Қазақстан Республикасы заңнамасында көзделген рұқсат беру рәсімдерін сақтамай салынғаны анықталады.
Аталған істер апелляциялық тәртіппен қайта қараудың нысанасы болмаған және Жетісу облыстық соты жүргізген қорытындылауда істі дұрыс шешпеудің мысалдары ретінде келтірілген.
Яғни, осы өңірдің апелляциялық сатысы басқа өңірлердегі сияқты бірінші сатыдағы соттарда дұрыс сот практикасын қалыптастыру бағытында жұмыс істеуі қажет.
«Тұрғын үйге меншік құқығын қорғауға байланысты дауларды шешудің кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулының 11-тармағында соттарға осындай даулардың негізгі тұжырымдамасын айқындауға мүмкіндік беретін түсіндірмелер берілген.
Бұзу туралы талап қоюмен уәкілетті орган, прокурор, жер учаскесінің меншік иесі немесе тұрақты жер пайдаланушысы жүгінуге құқылы екенін ескеру қажет.
Қорытындылау көрсеткендей, істердің осы санаты сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі, сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауды жүзеге асыратын уәкілетті органдардың талап қоюлары бойынша қаралады.
Өз бетінше салынған құрылыс объектісін бұзу азаматтық-құқықтық жауапкершіліктің ең шеткі шарасы болып табылады, ал құқық бұзушылықтың салдарын жоюдың өзі құқық бұзушылыққа шамалас болуы, жария және жеке мүдделер арасындағы теңгерімсіздікті туғызбауы, бұл шаруашылық айналымның тұрақтылығының бұзылуына және шамадан тыс залал келтіруге әкеп соқтырмауы тиіс.
Құрылысты тұрғызу кезінде жіберілген бұзушылықтардың елеулілігін бағалау кезінде соттар Азаматтық кодекстің 8-бабының азаматтар мен заңды тұлғалардың басқа тұлғаға зиян келтіру ниетімен ғана жасалған әрекеттеріне немесе құқықты өзге нысандарда теріс пайдалануға жол берілмейтіні туралы ережелерін, сондай-ақ олардың азаматтық құқықтарды қорғаудың таңдап алынған тәсіліне шамаластығын ескеруге тиіс.
Азаматтық кодекстің 244-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес, мемлекетке тиесілі және жер учаскелері ретінде қалыптастырылмаған жерде, құрылысты жүзеге асырған адамға тиесілі емес жер учаскесінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жер заңнамасына, Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасына сәйкес қажетті рұқсаттарды алмай салынған тұрғын үй, басқа да құрылыс, ғимарат немесе өзге де жылжымайтын мүлік өз бетінше салынған құрылыс болып табылады.
Өз бетінше салынған құрылыстарға байланысты дауларды қарау кезінде соттар Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында елеулі бұзушылықтың жіберілген-жіберілмегеніне, құрылысты сақтап қалу басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына әкеп соқпайтынына, азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмейтініне толық көлемде баға беруге тиіс.
Осы мақсатта тараптардан тиісті сарапшылардың қорытындыларын, сондай-ақ құрылыстың қала құрылысы және құрылыс нормалары мен қағидаларына сәйкестігін растайтын дәлелдемелерді талап ету қажет.
Бұдан басқа, талап қою берілгенге дейін даулы объектілерді әкімшілік тәртіппен бұзу туралы талаптардың қойылған- қойылмағанын анықтау қажет. Бұл белгілі бір дәлелдемелердің, атап айтқанда, мемлекеттік нормативтердің бұзылуы анықталған кезде уәкілетті органдардың нұсқамалар беруінің, сондай-ақ мүлік меншік иелеріне әкімшілік айыппұлдардың салынуының болғанын білдіреді.
Талап қоюшының келісімінсіз оның жер учаскесінде салынған және талап қоюшы осы жер учаскесін иеленіп отырған жағдайда өз бетінше салынған құрылысты бұзу туралы талапқа, сондай-ақ азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өз бетінше салынған құрылысты бұзу туралы талапқа талап қою мерзімі қолданылмайды (Азаматтық кодекстің 187-бабы).
Бұл ретте Азаматтық кодекстің 244-бабының 2-тармағында көзделген бұзу туралы ережелер тек өз бетінше салынған құрылыстарға қатысты қолданылатынын ескеру қажет.
Практикада жиі кездесетін, іргелес жер учаскелерінің шекараларын бұза отырып орналасқан құрылыстарды бұзу туралы даулар, яғни «көршілер арасындағы даулар» меншік құқығын және өзге де заттық құқықтарды қорғауды реттейтін заң нормаларына сәйкес шешілуге тиіс.
Жамбыл облысының Тараз қалалық сотының 2022 жылғы 20 маусымдағы шешімімен Т.И.-дің Т.П.-ға өз бетінше салынған құрылысты бұзуға мәжбүрлеу туралы талап қоюы қанағаттандырылды.
Іс материалдарынан даудың нысанасы аяқталмаған гараж екені, оның жауапкер өз жер учаскесінде салғанымен, құрылыстың бір бөлігі тараптардың жер учаскелері арасындағы межелік шекарадан шығып, талап қоюшының жер учаскесінде орналасқаны анықталады. Сот талап қоюды дұрыс қанағаттандырған.
Сонымен бірге сот Азаматтық кодекстің 244-бабын дұрыс қолданбаған, өйткені бұл жағдайда жауапкер салған құрылысты өз бетінше салынған құрылыс деп санауға негіздер анықталмайды.
Қорытындылау көрсеткендей, соттар негізінен даулардың осы санатын дұрыс шешеді, өз бетінше салынған құрылыстарды бұзу туралы талап қоюлар соттармен негізінен дұрыс қаралады және қиындық туғызбайды.
Талап қоюды бере отырып, талап қоюшы барлық жағдайларда заңнамада белгіленген рәсімді бұза отырып өз бетінше салынған құрылыстың салынғанын растайды.
Өз бетінше салынған құрылысқа байланысты және құрылыс объектілерін бұзумен ұштасқан істерді қарау практикасы Астана және Алматы қалаларында неғұрлым өзекті болып табылады.
Астана қаласының «Отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы» ММ және «В» ЖШС «S» ЖШС-не талап қоюмен сотқа жүгініп, жауапкерді өз қаражаты есебінен Астана қаласы, Есіл ауданы, Ш.Айтматов және Ж.Молдағалиев көшелерінің қиылысында орналасқан «Кіріктірілген үй-жайлары және паркингі бар көппәтерлі тұрғын үй кешені» (бұдан әрі – КТҮК) өз бетінше салынған құрылыс объектісін бұзуға міндеттеуді сұраған (бұдан әрі – ОЭК, «В» ЖШС, Серіктестік, КТҮК).
Іс бойынша Астана қаласы әкімдігінің қаулысымен ОЭК-ке жылу магистралінің 6-шы енгізілімін жүргізу үшін зерттеп-қарау, іздестіру және жобалау жұмыстарын жүргізуге екі жер учаскесі (полигон) 3 жыл мерзімге берілгені анықталды.
Құбыржолды өзіне бөлінген учаскеде төсеу жұмыстарын орындаудың мүмкін еместігі туралы мердігер мен ОЭК-тің өтініші негізінде тиісті тексеру жүргізілген.
Тексеру барысында Серіктестіктің 2022 жылғы шілдеден бастап тиісті рұқсат алмай және жұмыс жобасы бекітілмеген жағдайда, жер учаскесіне құқығы болмай тұрып, көрсетілген мекенжай бойынша 4 блоктан тұратын кіріктірілген үй-жайлары және паркингі бар көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысын жүргізіп жатқаны анықталған (қадаларды қағу жұмыстары орындалып, ростверкті құю жұмыстары басталған).
Істі қарау нәтижелері бойынша ОЭК-тің талап қоюы қанағаттандырылып, Серіктестікке заңсыз құрылысты өз қаражаты есебінен бұзу міндеті жүктелді.
Шешімнің осы бөлігі Азаматтық процестік кодекстің 244-бабының 1-бөлігі тәртібімен дереу орындалуға жіберілді.
Астана қаласы сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 26 мамырдағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылды.
Сонымен бірге сот алқасы жіберілген бұзушылықтарға байланысты Астана қаласының әкіміне жеке ұйғарым шығарды.
Жүктелген міндеттерді орындау мақсатында Астана қаласының Отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы 2018 жылдан бастап қала әкімінің 2018 жылғы 9 қазандағы және 2022 жылғы 30 мамырдағы қаулылары негізінде Есіл ауданы, Қорғалжын тасжолы маңы ауданында орналасқан, жалпы алаңы 25,1177 гектар жер учаскесінде «Жылумен жабдықтаудың магистральдық желілері» бойынша зерттеп-қарау, іздестіру және жобалау жұмыстарын жүргізген.
Алайда «S» ЖШС-нің өз бетінше және заңсыз құрылыс жүргізуіне байланысты құрылыс мерзімі, соның салдарынан тұтынушыларды жылумен (газбен) қамтамасыз ету мерзімі бұзылды.
Сот алқасы бақылаушы мемлекеттік органның жосықсыз құрылыс салушының заңсыз әрекеттерін уақтылы анықтап, олардың жолын кеспегеніне назар аударды.
Осылайша, жоғарыда көрсетілген дау мемлекетке тиесілі және жер учаскелері ретінде қалыптастырылмаған жерде тұрғызылған өз бетінше салынған құрылыстың мысалы болып табылады.
Басқа мысалдар құрылысты жүзеге асырған тұлғаға тиесілі емес жер учаскелерінде өз бетінше құрылыс салуға байланысты.
Сәулет туралы заңның 31 және 31-1-баптарына сәйкес сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган құрылыс объектілеріне бару, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы, құрылыс және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың қызметін бақылау арқылы сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауды жүзеге асырады.
Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалау жер учаскесіне тиісті құқықтың, бекітілген жобалық (жобалау-сметалық) құжаттаманың, жобаларға жүргізілген сараптаманың оң қорытындысының болуына, сондай-ақ құрылыс-монтаж жұмыстарын бастағаны туралы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауды жүзеге асыратын органдарға хабарламаның берілуіне жүзеге асырылады.
Мемлекеттік нормативтердің бұзылуы және (немесе) бекітілген жобалардан (жобалық шешімдерден) ауытқулар анықталған кезде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалау органдары шешімдер қабылдайды (нұсқамалар береді).
Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалау органдарының нұсқамалары, көрсетілімдері және өзге де шешімдері, сондай-ақ заңнамада белгіленген тәртіппен шығарылған мемлекеттік органдардың шешімдері Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің барлық субъектілері үшін міндетті болып табылады.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 463, 321 және 319-баптарына сәйкес жауапкерлерді нұсқаманың талаптарын орындамағаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тарту фактілері сотқа талап қою кезінде дәлелдемелер базасына жатады.
Астана қаласының «Қалалық ортаны бақылау және сапа басқармасы» ММ «С» ЖШС-не құрылыс-монтаж жұмыстарын тоқтата тұруға мәжбүрлеу және құрылыстарды бөлшектеу туралы талап қоюмен сотқа жүгінді.
Астана қаласы, «Есіл» ауданында орналасқан «W» көппәтерлі тұрғын үй кешені объектісі бойынша «С» ЖШС-не қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізілді.
Тексеру нәтижелері бойынша 2022 жылғы 28 шілдедегі №326 нұсқама берілді.
Талап қою құрылыс салушы тарапынан нұсқама талаптарының орындалмағанымен, жауапкердің құрылыс салынатын жер учаскелеріне тиісті рұқсаттарсыз және құқық белгілейтін құжаттарсыз құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізгені үшін бірнеше рет әкімшілік жауаптылыққа тартылғанымен негізделген.
Бұл ретте объектінің құрылысы меншік құқығымен үшінші тұлғаға тиесілі жер учаскесінде басталған.
Астана қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 28 қазандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылды.
«С» ЖШС-не «W» көппәтерлі тұрғын үй кешені объектісі бойынша барлық құрылыс-монтаж жұмыстарын тоқтата тұру міндеті жүктелді.
Сондай-ақ «С» ЖШС-не аталған объект бойынша тұрғызылған құрылыстарды бөлшектеу міндеті жүктелді.
Сот «Сәулет қызметі туралы» заңның 17-бабына сілтеме жасай отырып, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамада белгіленген нормалар мен талаптарды (шарттарды, қағидаларды, шектеулерді) осы қызмет субъектілерінің бұзуы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғатынын көрсетті.
Мұндай бұзушылықтарға, оның ішінде өз бетінше құрылыс салу, сондай-ақ ғимараттардың сәулеттік келбетін өзгерту, ғимараттарды, жекелеген үй-жайларды және (немесе) ғимараттың бөліктерін қайта жоспарлау (қайта жабдықтау, қайта бейіндеу) жатады.
Сот құрылыс салушының объектінің құрылысын қолданыстағы заңнаманы өрескел бұза отырып жүргізгенін анықтады, бұл жауапкер өкілінің тарапынан дауланған жоқ.
Объектіде «Сәулет қызметі туралы» заңның 68-бабының 12-тармағын бұза отырып, уәкілетті органда құрылыс-монтаж жұмыстарын бастағаны туралы тіркелген хабарламасыз жұмыстар жүргізілген, сондай-ақ жер учаскесіне тиісті құқық болмаған.
Уәкілетті мемлекеттік органның 2022 жылғы 28 шілдедегі №326 нұсқамасын құрылыс салушы орындамаған, соның нәтижесінде «С» ЖШС-не қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 463, 321 және 319-баптары бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасалған.
Сонымен қатар, заңды күшіне енген Астана қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 22 тамыздағы қаулысымен жауапкер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 319-бабы бойынша (жерге тиісті құқықсыз өндірістік, тұрғын, шаруашылық, гидротехникалық (су шаруашылығы) немесе тұрмыстық объектілерді заңсыз салу) 107 205 теңге мөлшерінде айыппұл сала отырып, мәжбүрлеп бұзусыз әкімшілік жауаптылыққа тартылған.
Сондай-ақ Астана қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 31 тамыздағы заңды күшіне енген қаулысымен жауапкер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 463-бабының 1-бөлігі бойынша (тіркеу, рұқсат алу немесе хабарлама жіберу міндетті болған жағдайларда, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, тіркеусіз, рұқсатсыз кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асыру не хабарламаны жібермеу) 85 764 теңге мөлшерінде айыппұл сала отырып, мәжбүрлеп бұзусыз әкімшілік жауаптылыққа тартылған.
Астана қаласы сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 21 желтоқсандағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылды.
Басқа жағдайда Астана қаласының «Қалалық ортаны бақылау және сапа басқармасы» ММ «Т» ЖШС-не нұсқама талаптарын орындауға міндеттеу туралы талап қоюмен сотқа жүгінді.
Талап қоюшы Астана қаласының «Есіл» ауданында орналасқан №3 тұрғын емес үй-жайға жапсарлас салынған «Жазғы кафе» объектісі бойынша «Т» ЖШС-не жоспардан тыс тексеру жүргізді.
Тексеру нәтижесінде сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мемлекеттік нормативтерде және өзге де нормативтік құқықтық актілерде көзделген талаптардың бұзылғаны анықталды.
Жауапкердің заңнама талаптарын бұзғаны заңды күшіне енген Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулыларымен анықталған.
Бұл ретте объектінің құрылысы меншік құқығымен үшінші тұлғаға тиесілі жер учаскесінде басталғаны анықталды.
2022 жылғы 16 тамызда талап қоюшы ТОО-ға бұзушылықтарды жою туралы нұсқама шығарды, атап айтқанда: құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізудің басталғаны туралы хабарлама талонын жолдау; жер учаскесіне (құрылыс салуға арналған алаңға немесе трассаға) тиісті құқық белгілейтін құжатты немесе атқарушы органның оны беру туралы шешімін алу; жобалау-сметалық құжаттаманы бекіту; жобаларға сараптаманың оң қорытындысын алу; объектінің құрылысы техникалық және авторлық қадағалаумен сүйемелденуін қамтамасыз ету; салынған объектіні пайдалануға қабылдау актісі бекітілгенге дейін жазғы дәмхананың пайдаланылуын тоқтата тұру.
2022 жылғы 26 желтоқсандағы СМЭС шешімімен талап қою қанағаттандырылды. «Т» ЖШС-не 2022 жылғы 16 тамыздағы бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың талаптарын орындау міндеттелді, атап айтқанда: құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізудің басталғаны туралы хабарлама талонын жолдау; жер учаскесіне (құрылыс салуға арналған алаңға немесе трассаға) тиісті құқық белгілейтін құжатты немесе атқарушы органның оны беру туралы шешімін алу; жобалау-сметалық құжаттаманы бекіту; жобаларға сараптаманың оң қорытындысын алу; объектінің құрылысы техникалық және авторлық қадағалаумен сүйемелденуін қамтамасыз ету; салынған объектіні пайдалануға қабылдау актісі бекітілгенге дейін жазғы дәмхананың пайдаланылуын тоқтата тұру.
Белсенді құрылыс жүргізіліп жатқан қалалар үшін рұқсат алмай салынған (жобалау құжаттамасынан ауытқып салынған) өз бетінше салынған құрылыстарға байланысты даулар тән.
«Астана қаласының қалалық ортасының бақылау және сапа басқармасы» ММ «E» ЖШС-не № 671 2022 жылғы 30 желтоқсандағы нұсқаманы «Кіріктірілген үй-жайлары және паркингі бар көппәтерлі тұрғын үй кешені» объектісіндегі құрылыс-монтаж жұмыстарын тоқтата тұру арқылы орындауға мәжбүрлеу туралы талап қоюмен сотқа жүгінді.
Талап қоюшы «E» ЖШС-не қатысты Астана қаласының «Алматы» ауданында орналасқан «Кіріктірілген үй-жайлары және паркингі бар көппәтерлі тұрғын үй кешені» объектісі бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру белгіленген тәртіппен Астана қаласы бойынша Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет басқармасында 2022 жылғы 28 желтоқсанда № 2271000002200032/00620 болып тіркелген.
Тексеру нәтижелері бойынша Басқарма 1 және 2 блоктар бойынша 2022 жылғы 26 желтоқсанда № EXLEAD-0032/22 («Сараптама ұйымдарының палатасы») сараптаманың оң қорытындысы алынғанын анықтады. Оған сәйкес объект 5 қабаттан тұрады, алайда 6 және 7-қабаттар деңгейінде қаңқаның құрылысы жүргізілген.
2023 жылғы 16 мамырдағы СМЭС шешімімен талап қою қанағаттандырылды. «E» ЖШС-не Астана қаласы, «Алматы» ауданында орналасқан «Кіріктірілген үй-жайлары және паркингі бар көппәтерлі тұрғын үй кешені» объектісіндегі құрылыс-монтаж жұмыстарын 2022 жылғы 30 желтоқсандағы № 671 нұсқаманың талаптары орындалғанға дейін тоқтата тұру міндеттелді. Нұсқама құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізудің басталғаны туралы хабарламаны жолдау және объектіні салу үшін бөлінген учаскеге жерге тиісті құқық алу арқылы орындалуға тиіс болды.
Соттың тұжырымдарына сәйкес, 6 қабаттан жоғары құрылыс заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік сараптамадан өткен жобалау құжаттамасының негізінде жүзеге асырылуға тиіс.
«Алматы қаласының қала құрылысы бақылау басқармасы» ММ А.В.-ға объектіні пайдалануға қабылдау актісін жарамсыз деп тану, объектілерді өз бетінше салынған құрылыс деп тану және оларды бұзу туралы талап қоюмен сотқа жүгінді. Іске үшінші тұлғалар ретінде: «Алматы қаласының Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы» КММ, сондай-ақ салынып жатқан тұрғын үйді сатып алу туралы алдын ала сатып алу-сату шарттарын жасасқан жеке тұлғалар тартылды.
Талап қоюға жауапкердің жер учаскесінде тиісті рұқсат құжаттарынсыз жеке тұрғын үйдің орнына екі объектіден тұратын тұрғын үй кешенін салуы негіз болды.
«Сәулет қызметі туралы» Заңның 20-бабының 23-14) тармақшасына сәйкес қабылданған Құрылыс салуды ұйымдастыру қағидалары елді мекен аумағында құрылыс салу тәртібін регламенттейді, ал Құрылыс салуды ұйымдастыру қағидаларының 22-тармағында құрылыс жобаларын кезең-кезеңімен іске асыру көзделген.
Жауапкер А.В. Құрылыс салуды ұйымдастыру қағидаларының талаптарын бұза отырып, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізудің басталғаны туралы хабарламасыз, жобалау-сметалық құжаттамасыз, тиісінше, жобаға сараптаманың оң қорытындысынсыз, техникалық және авторлық қадағалаусыз шаруашылық тәсілмен құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізген.
Қала құрылысы бақылауы саласындағы уәкілетті орган жауапкерге қатысты ӘҚБтК-нің 316-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасаған.
Анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама шығарылып, онда құрылыс-монтаж жұмыстарын тоқтата тұру және объектінің құжаттамасын сәйкестендіру талап етілген. Аталған талаптар орындалмаған, соның салдарынан жауапкер ӘҚБтК-нің 462-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылған.
Сонымен бірге, жауапкер құрылысты сақтап қалу басқа тұлғалардың құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерінің бұзылуына әкеп соқпайтынын немесе азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмейтінін растайтын жеткілікті дәлелдемелер ұсынбаған.
Іс материалдарында бар құрылыс объектісінің техникалық жай-күйі туралы қорытынды ғимараттың сенімділігі мен орнықтылығын растамайды, өйткені бағалау екі объектіден тұратын тұрғын үй кешеніне емес, жеке тұрғын үйге берілген.
Жауапкер мен үшінші тұлғалардың Құрылыс салуды ұйымдастыру қағидаларының 22-тармағына сәйкес, олардың пікірінше, жауапкершіліктің үшінші деңгейіне жататын техникалық жағынан күрделі емес объектілерді салу үшін жобалау алдындағы және жобалау құжаттамасын әзірлеу және оған сараптама жүргізу талап етілмейді деген уәждеріне сот баға берген.
Осылайша, салынған объектілердің жертөле және үш жерүсті қабаттан тұратыны және таунхаус түріне жататыны анықталды.
Жоғарыда баяндалған мән-жайларды ескере отырып, ГАСК-тың талап қоюы қанағаттандырылды.
Алматы қаласының ГАСК-ының М.А.-ға өз бетінше салынған құрылысты бұзу туралы талап қоюы тек кассациялық сатыдағы сотта дұрыс шешімін тапты. Төмен тұрған соттар талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқан, олар өз шешімдерін талап қоюшы объектінің қолданыстағы құрылыс нормалары мен қағидаларын бұза отырып салынғанын, сондай-ақ азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін, үшінші тұлғалардың заңмен қорғалатын құқықтары мен мүдделерін бұзатынын растайтын дәлелдемелер ұсынбағанымен негіздеген.
«Сәулет қызметі туралы» Заңның 24-2-бабына сәйкес сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі объектілерін жобалау құрылыстардың адам өмірі мен денсаулығы және қоршаған орта үшін қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс.
Құрылыстарды жобалау кезінде адам өмірі мен денсаулығына және қоршаған ортаға төнуі мүмкін барлық тәуекелдер олардың өмірлік циклінің барлық кезеңдерінде, оның ішінде қалыпты пайдалану кезінде, төтенше жағдайларда, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу кезінде болжамды бұзушылықтар болғанда және жол берілмейтін құрылыс кезінде сәйкестендіріліп, ескерілуге тиіс.
Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу кезінде құрылыс салушы жобалау құжаттамасында айқындалған қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі барлық шаралар кешенін орындауға және олардың орындалуын құрылыстың әртүрлі кезеңдерінде бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті.
Жоғарыда көрсетілген заң талаптарын жауапкер орындамаған.
Аталған іс бойынша құрылыс салушының Құрылыс салуды ұйымдастыру қағидаларының 22-тармағын бұзғаны, атап айтқанда, рұқсат беру рәсімдерінен өту кезеңдерінің сақталмағаны анықталды.
Анықталғандай, жауапкер белгіленген тәртіппен сараптамадан өткен бекітілген жобалау-сметалық құжаттамасыз, авторлық және техникалық қадағалаусыз жертөлесі және пайдаланылатын шатыры бар 3 қабатты көппәтерлі тұрғын үй салған.
Бұзушылық фактілері жауапкерді ӘҚБтК-нің 316-бабының 1-бөлігі және 321-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тарту туралы қаулылармен расталған.
Осындай мән-жайларда кассациялық сатыдағы сот төмен тұрған соттардың сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдаған.
Жоғарыда келтірілген мысалдар жер учаскесі заңды пайдалануында болатын тұлға салған өз бетінше салынған құрылыс туралы істерді қарау кезінде туындайтын мәселелерді көрнекі түрде көрсетеді.
Осыған байланысты «Сәулет қызметі туралы» Заңның 68-бабының 2-тармағына сәйкес құрылыс объектісін салуды жүзеге асыру ниеті бар тапсырыс беруші Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес жергілікті атқарушы органдардан тиісті жерге құқық беру туралы шешім алуға міндетті екенін ескеру қажет.
Тапсырыс берушінің жерге тиісті құқығы және объектіні салу үшін бекітілген егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес функционалдық аймақ болған жағдайда, жергілікті атқарушы органдардан қосымша шешім алу талап етілмейді.
Өз бетінше құрылыс салуды жүзеге асырған тұлға оған меншік құқығын иеленбейді. Ол бұл құрылысты иеліктен шығаруға – сатуға, сыйға тартуға, жалға беруге және басқа да мәмілелер жасауға құқылы емес.
«Сәулет қызметі туралы» Заңның 34-2-бабына сәйкес құрылыс тапсырыс берушісі Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген барлық қажетті рұқсат құжаттарымен объектіні қамтамасыз етуге міндетті.
Азаматтық кодекстің 188-бабына сәйкес меншік құқығы – заңнамалық актілермен танылатын және қорғалатын, субъектінің өз қалауынша өзіне тиесілі мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету құқығы.
Меншік иесінің өз құқықтарын жүзеге асыруы басқа тұлғалардың және мемлекеттің құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін бұзбауға тиіс.
Меншік иесі өз құқықтарын жүзеге асыру кезінде азаматтардың денсаулығына және қоршаған ортаға келтірілуі мүмкін зиянның алдын алуға бағытталған шараларды қабылдауға міндетті.
Жер кодексінің 65-бабына сәйкес жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылар:6) жер учаскесінде шаруашылық және өзге де қызметті жүзеге асыру кезінде құрылыс, экологиялық, санитариялық-гигиеналық және өзге де арнайы талаптарды (нормаларды, қағидаларды, нормативтерді) сақтауға міндетті.
«Сәулет қызметі туралы» Заңның 68, 70-баптарында құрылыс процесінің тиісті кезеңдерінде осы бапта белгіленген рәсімдер орындалуға және талаптар сақталуға тиіс екендігі көзделген.
Құрылыс пен құрылыс өнімдерінің тиісті сапасын қамтамасыз ету кезінде сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектілеріне қойылатын талаптарды белгілейтін нормалар мен ережелер Азаматтық кодекспен реттеледі және көлемдік, жазықтық және желілік күрделі құрылыстардың (құрылыстардың, ғимараттардың және олардың кешендерінің, коммуникациялардың) барлық түрлеріне, оның ішінде оларға жататын технологиялық және инженерлік жабдықтарға, сондай-ақ олардың жобалауына, салынуына, құрылыс материалдарын, бұйымдары мен конструкцияларын дайындауға (өндіруге) байланысты жұмыстардың (қызметтердің) барлық түрлеріне, құрылыс өнімдерінің (объектілердің) мақсатына қарамастан қолданылады.
Құрылыс (консервациялау) кезеңінің барлық уақытында және объектілердің қызмет ету (пайдалану) мерзімі ішінде меншік иелері (тапсырыс берушілер, иеленушілер, жалға алушылар, жалға берушілер) олардың сапасының мынадай негізгі сипаттамаларын міндетті түрде қамтамасыз етуге тиіс: салу және пайдалану кезінде, оның ішінде жұмыстарды жүргізу және объектілерді күтіп-ұстау кезінде қауіпсіздік.
Алматы қаласының ГАСК-ы Г.Ш. және «В» ЖШС-не қатысты бастаған бірқатар азаматтық істер Г.Ш.-ға тиесілі жер учаскесінде жобаланған 11 қабатты әкімшілік ғимараттың құрылысын жүргізуге тыйым салу туралы, ал кейіннен қазаншұңқырды қайта көму міндетін жүктеу туралы талап қоюмен аяқталған.
Алматы қаласы Алмалы ауданының №2 аудандық сотының 2023 жылғы 21 шілдедегі шешімімен талап қою қанағаттандырылды. Г.Ш.-ға, «B» ЖШС-не Алматы қаласы, Алмалы ауданы аумағындағы жер учаскесінде орналасқан ғимаратты салу барысында әзірленген қазаншұңқырды сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде қайта көму міндеттелді.
Сот актілеріне сәйкес жауапкерлер құрылыс объектісінің қазаншұңқырынан қолданыстағы құрылыстарға (тұрғын үйлерге) дейінгі арақашықтықтың 35 метрден астам болуға тиіс талаптарын сақтамаған (іс жүзінде нормативтік 50 метрдің орнына 15 метр және 12 метр болған), сондай-ақ жобалау құжаттамасында өрт қауіпсіздігі талаптары бұзылған, атап айтқанда, 11 қабатты әкімшілік ғимарат орналасқан аймақта өрт сөндіру техникасының өтуі мен жұмыс істеуі үшін нормативтік жағдайлар қамтамасыз етілмеген. Тереңдігі 11 метр етіп қазылған қазаншұңқыр адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Құрылыс сейсмикалық қауіпті және халық тығыз қоныстанған ауданда жүргізілген.
Алматы қаласы Алмалы ауданының №2 сотының 2023 жылғы 14 қыркүйектегі шешімімен Б.Д.-ның В.А.-ға қоршауды және қолданыстағы құрылыстарды бөлшектеу арқылы бұзушылықтарды жою туралы талап қоюын қанағаттандырудан бас тартылды.
Талаптарын негіздеу кезінде талап қоюшы жауапкердің өзіне тиесілі жер учаскесінде қоршау мен құрылыс салғанын көрсеткен, бұл жер учаскесінің орналасу схемасымен расталады. Іргелес жер учаскесінің шекаралары кадастрлық нөмірі көрсетілген меншік құқығы туралы актіге сәйкес келмейді.
Сот шешім қабылдаған кезде Алматы қаласы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалының мәліметтеріне сүйеніп, тараптардың жер учаскелерінің нақты шекаралары бұрын берілген меншік құқығы туралы актілердегі шекараларға сәйкес келмейтінін, жауапкер учаскесінің алаңы бойынша сәйкессіздік 0,0059 га, ал талап қоюшы учаскесінің алаңы бойынша сәйкессіздік 0,0155 га құрайтынын негізге алған. Сот арқылы қорғауға бұзылған құқық жататынын ескере отырып, соттың тұжырымдары дұрыс болып табылады.
Осы санаттағы істер бойынша заңдық маңызы бар мән-жайлардың шеңбері кез келген жылжымайтын мүлік объектісін салу немесе реконструкциялау кезінде сақталуға тиіс жалпы талаптарды негізге ала отырып айқындалуға тиіс.
Бұл талаптарды мынадай түрде топтастыруға болады:
- құрылыс жүргізіліп жатқан жер учаскесіне құқықтың бар екенін не осы учаскенің меншік иесінің немесе қолданыстағы құрылыстың меншік иесінің құрылыс салуға, реконструкциялауға берген рұқсатының бар екенін растайтын дәлелдемелер;
- жер учаскесінің нысаналы мақсаты мен рұқсат етілген пайдалану тәртібінің, сондай-ақ жоспарлау жобаларында белгіленген қызыл сызықтардың сақталғанын растайтын дәлелдемелер;
- белгіленген тәртіппен бекітілген, құрылыс салуға рұқсат беруге негіз болып табылатын жобалау құжаттамасының болуы;
- құрылыс салуға рұқсаттың, яғни жобалау құжаттамасының жер учаскесінің қала құрылысы жоспары талаптарына сәйкестігін растайтын және құрылыс салушыға күрделі құрылыс объектілерін салуды, реконструкциялауды, күрделі жөндеуді жүзеге асыру құқығын беретін құжаттың болуы;
- қала құрылысы регламенттерінің, құрылыс, экологиялық, санитариялық-гигиеналық, өртке қарсы және өзге де қағидалар мен нормативтердің сақталғанын растайтын дәлелдемелер;
- іргелес жер учаскелерінің және өзге де жылжымайтын мүлік объектілерінің меншік иелерінің, жер иеленушілерінің, жер пайдаланушыларының және жалға алушыларының құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталғанын растайтын дәлелдемелер.
Егер өз бетінше салынған құрылыс жер учаскесінің меншік иесі (иеленушісі, пайдаланушысы) тарапынан салынса, оның осы жер учаскесіне құқықтары Жылжымайтын мүлікке құқықтар мен онымен жасалатын мәмілелердің мемлекеттік тізіліміндегі жазбамен, сондай-ақ жерге құқықтарды куәландыратын мемлекеттік актілермен, куәліктермен және басқа да құжаттармен расталуға тиіс.
Меншік құқығын тану туралы іс бойынша дәлелдеудің тағы бір маңызды аспектісі – объектінің қауіпсіздігін анықтау.
Егер өз бетінше салынған құрылыс қай жерде орналасқанына қарамастан, азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірсе, оған меншік құқығы танылмайды.
Мысалы, талап қоюшының объект оның жер учаскесінің ортасында салынғанын және оған өзге тұлғалардың қолжетімділігі жабық екенін алға тартқан уәждерінің құқықтық маңызы жоқ.
Сондай-ақ жүргізілген талдау нәтижелері бойынша өз бетінше салынған құрылысты сақтау үшінші тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін бұзбайтынын және азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмейтінін растайтын сотқа ұсынылатын дәлелдемелерге мыналар жататынын атап өткен жөн: салынған құрылыстың құрылыс және қала құрылысы нормалары мен қағидаларына сәйкес келетінін көрсететін құрылыс сараптамасының қорытындысы; өрт қауіпсіздігі органдарының, энергия қадағалау органдарының қорытындылары; құрылысты заңдастыруға қарсылық білдірмейтін іргелес жер пайдаланушылардың хаттары және тағы басқалар.
Осы мақсатта сот қажетті құзыретті органдардың қорытындылары болмаған жағдайда немесе олардың дұрыстығына күмән болған кезде процестік заңнама қағидаларына сәйкес сараптама тағайындауға құқылы.
Азаматтық кодекстің 244-бабының 3-тармағында сот өз бетінше салынған құрылысқа меншік құқығын тануы мүмкін болатын екі жағдай айқындалған: не құрылысты жүзеге асырған тұлғаға (егер бұл құрылыс жер учаскелеріне қалыптастырылмаған, мемлекетке тиесілі жерде салынса), не (егер құрылыс оны салған тұлғаға тиесілі емес жер учаскесінде салынса) тиісті тұлғаның талап қоюы бойынша жер учаскесі тиесілі тұлғаға.
Өз бетінше құрылыс салушының талап қоюын қанағаттандырудың шарты – оған салынған құрылысты орналастыру үшін құрылыс орналасқан жер учаскесін белгіленген тәртіппен беру.
Жер учаскесінің меншік иесінің немесе жер учаскесі заңды пайдалануында болатын тұлғаның талап қоюын қанағаттандырудың шарты – құрылыс салуды жүзеге асырған тұлғаға сот айқындайтын мөлшерде шығындарын өтеу.
Кез келген жағдайда, егер құрылыс Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасының және өзге де заңнамасының талаптарына сәйкес келмесе, яғни құрылыс салуды жүзеге асырған тұлғада тиісті құжаттар болмаса, көрсетілген тұлғалардың өз бетінше салынған құрылысқа меншік құқығы танылмайды, бұл АК-нің 244-бабының 1-тармағының талаптарына сәйкес келеді.
«Алматы қаласының Қала құрылысы бақылау басқармасы» КММ жеке кәсіпкер О.Н.-ға қатысты, үшінші тұлғалар ретінде «Алматы қаласының Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы» КММ мен Н.К.-ны тарта отырып, жалпы алаңы 329,4 шаршы метр болатын автокөлік жуу орны және кафесі бар автокешен түріндегі заңсыз салынған тұрғын емес үй-жайларды өз бетінше салынған құрылыс деп тану және оларды жауапкер О.Н.-ның қаражаты есебінен бұзу туралы талап қоюмен сотқа жүгінді.
Сот құрылыс салынған жер учаскесінің бөлінбейтін болып табылатынын және осы жер учаскесінің бір бөлігін іргелес меншік иесі Н.К. алып жатқанын анықтады.
Жер учаскесіне жеке меншік құқығы туралы актіге сәйкес жылжымайтын мүлік объектісінің нысаналы мақсаты – тұрғын үйді пайдалану және оған қызмет көрсету үшін деп көрсетілген.
2016 жылғы 28 желтоқсандағы техникалық паспортқа сәйкес жоғарыда көрсетілген мекенжайда жалпы алаңы 329,4 шаршы метр болатын автокөлік жуу орны және кафесі бар автокешен түріндегі тұрғын емес үй-жай орналасқан.
Сондай-ақ, 2012 жылы Алматы қаласының ГАСК-ы меншік иесі О.Н.-ға қатысты жобалау-сметалық құжаттамасыз, белгіленген тәртіппен сараптамадан өтпеген және авторлық әрі техникалық қадағалаусыз «А» литерлі тұрғын емес үй-жай мен тұрғын үй салғаны үшін әкімшілік хаттамалар жасағаны, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер аумағын абаттандыру қағидаларын бұза отырып бұрынғы «А», «A1», «A2», «А3» литерлі құрылыстарды бұзғаны үшін әкімшілік хаттама жасалғаны анықталды.
Осылайша, жауапкер жер учаскесін нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбайды, сәйкестендіру құжатында көрсетілген шекаралардан тыс пайдаланады, яғни автокөлік жуу орны мен кафесі бар автокешеннің құрылысын жауапкер рұқсат құжаттарынсыз, құрылыс-техникалық нормалар мен қағидаларды бұза отырып жүзеге асырған.
Бұл ретте, 2020 жылғы 23 қазандағы объектіні тексеру актісінің негізінде жауапкердің мемлекеттік меншіктегі алаңы 192 шаршы метр жерді өз бетінше иеленіп отырғаны анықталды.
Жоғарыда көрсетілген мән-жайлар Алматы қаласының СМЭС-інің 2021 жылғы 11 наурыздағы талап қоюды қанағаттандыру туралы шешім шығаруына негіз болды.
Объектіні өз бетінше салынған құрылыс деп тану жағдайында да, өз бетінше реконструкциялауға қатысты талап қоюларды шешу кезінде де даулы объектінің белгіленген қала құрылысы параметрлері мен талаптарына, жер учаскесінің құқықтық режиміне сәйкес келетін-келмейтінін немесе белгіленген нормалар мен қағидалардың өзге де бұзушылықтарымен салынғанын, сондай-ақ азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін анықтау қажет.
Сот практикасын қорыту барысында жергілікті соттар талап қою мерзіміне байланысты меншік құқығын тануға қатысты проблемалық мәселелерді талқылады.
Жылжымайтын мүлікке меншік құқығын тану туралы дауларды шешу кезінде соттар қолданыстағы заңнамада иелену мерзіміне байланысты меншік құқығының туындау негіздері (АК-нің 240-бабы) мен өз бетінше құрылыс салуды жүзеге асыруға байланысты меншік құқығының туындау негіздері (АК-нің 244-бабы) ажыратылатынын ескеруге тиіс.
АК-нің 240-бабында жиынтығында иелену мерзіміне байланысты жылжымайтын мүлікке меншік құқығының туындауына негіз болатын шарттар көзделген. Атап айтқанда, өз мүлкіндей жылжымайтын мүлікті жеті жыл бойы адал, ашық және үздіксіз иелену осындай мүлікке меншік құқығын алуға мүмкіндік береді.
Осыған байланысты иелену мерзімі өз бетінше салынған құрылыс иелену және пайдалану объектісі болып табылатын жағдайларға, оның ішінде заңсыз иеленіп отырған жер учаскесінде орналасқан құрылыстарға қолданылмайтынын атап өткен жөн, өйткені мұндай жағдайда құрылыс салушының адалдығы сияқты қажетті шарт жоқ. Себебі өз бетінше құрылыс салуды жүзеге асыра отырып, тұлға меншік құқығының туындауына негіздердің жоқ екенін түсінуге тиіс болған.
Жетісу облысы Панфилов аудандық сотының 2023 жылғы 16 мамырдағы шешімімен В.П.-ның Панфилов ауданы Жаркент ауылдық округі әкімінің «Аппараты» ММ-не қатысты өз бетінше салынған құрылысқа меншік құқығын тану туралы талап қоюы қанағаттандырылды.
Талап қоюшы сотқа Панфилов ауданы Головацкий ауылында орналасқан тұрғын үй түріндегі жылжымайтын мүліктің өз иелігінде екенін көрсетіп, талап қоюмен жүгінген.
Бұған дейін ол Панфилов ауданы Жаркент ауылдық округі әкімінің «Аппараты» ММ-не тұрғын үй салу үшін жер учаскесін бөлу туралы өтінішпен жүгінген. Жер учаскесі беріліп, талап қоюшы онда тұрғын үй салған.
Талап қоюшы мүлікті пайдаланып, коммуналдық қызметтер ақысын төлейтінін, яғни мүлікті адал, ашық және үздіксіз иеленіп отырғанын негізге алып, тұрғын үйге меншік құқығын өзіне тануды сұраған.
Сот өз шешімін АК-нің 240-бабының нормаларына сүйене отырып негіздеген, оған сәйкес мүліктің меншік иесі болып табылмайтын, бірақ жылжымайтын мүлікті жеті жыл бойы немесе өзге мүлікті кемінде бес жыл бойы өз мүлкіндей адал, ашық және үздіксіз иеленген азамат немесе заңды тұлға осы мүлікке меншік құқығын алады (иелену мерзімі), сондай-ақ АК-нің 244-бабының нормаларына сүйенген, онда тұлғаға тиесілі емес жер учаскесінде салынған (тұрғызылған, жапсарлас салынған) жылжымайтын мүлік объектісіне меншік құқығы танылатыны көзделген.
Сот тұрғын үйді талап қоюшының салғанын және оны адал, ашық әрі үздіксіз иеленіп, пайдаланып отырғанын көрсетіп, меншік құқығын таныған.
Ұлытау облысының (бұрынғы Қарағанды облысы) сот практикасынан келтірілген мысал қызығушылық тудырады.
Сәтбаев қалалық сотының 2021 жылғы 18 мамырдағы шешімімен Ш.О.-ның Сәтбаев қаласы әкімінің «Аппараты» ММ-не (тиісті емес жауапкер) қатысты өз бетінше салынған құрылыс – дүңгіршекке меншік құқығын тану туралы талап қоюы қанағаттандырылды.
Сот анықтағандай, даулы объектіні талап қоюшы 1994 жылы өзіне жер пайдалану құқығы тиесілі емес жер учаскесінде салған.
Соттан тыс тәртіппен өз бетінше салынған құрылысқа құқықтарды ресімдеу мүмкін болмауының себебі жер учаскесіне ресімделген құжаттардың қолданылу мерзімінің өтуі ретінде екіұшты түрде көрсетілген. Сірә, бұл жер учаскесін жалдау мерзімінің аяқталуын білдіреді.
Сотта мемлекеттік органдардың өкілдері талап қоюға қарсылық білдірмеген, сонымен бірге жергілікті атқарушы органның талап қоюшыға кейіннен дүңгіршек орналасқан жер учаскесін беру ниетін растайтын құжат ұсынбаған. Бұл мән-жай болашақта сот шешімін орындауды қиындатуы немесе оны орындау мүмкін болмай қалуы мүмкін.
Сот талап қоюды қанағаттандыру туралы шешімінің негізіне талап қоюшының 27 жылдан астам уақыт бойы дүңгіршекті ашық, адал және үздіксіз иеленіп, пайдаланып келгенін, даулы мүлікке үшінші тұлғалардың талаптарының жоқтығын алған.
Яғни сот өз бетінше салынған құрылысқа меншік құқығын тану туралы дауды қарау кезінде қажетті мән-жайларды анықтамаған. Сонымен қатар, иелену мерзіміне байланысты меншік құқығын тану туралы талаптарды шешуге тән негіздемелер келтірілген.
Осылайша, өз бетінше салынған құрылыс деп мыналар танылады:
- мемлекетке тиесілі, жер учаскелері ретінде қалыптастырылмаған жерде;
- құрылыс салуды жүзеге асырған тұлғаға тиесілі емес жер учаскесінде;
- Қазақстан Республикасының жер заңнамасына, Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасына сәйкес қажетті рұқсаттар алынбай салынған тұрғын үй, басқа да құрылыс, ғимарат немесе өзге де жылжымайтын мүлік (АК-нің 244-бабының 1-тармағы).
Іс жүргізу тәртібі
Өз бетінше салынған құрылысқа құқықты тану туралы талап қою талап қою ісін жүргізу тәртібімен қаралады, өйткені мүдделі тұлға даулы құқық немесе заңды мүддені қорғау туралы талаппен құқық туралы дауды шешу арқылы жүгінеді.
«Тұрғын үйге меншік құқығын қорғауға байланысты дауларды шешудің кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулының 11-тармағында осы мәселе бойынша толық түсіндірмелер берілген.
Осылайша, өз бетінше салынған құрылысқа құқықты тану туралы талап қоюлардың барлығы соттарға талап қою ісін жүргізу тәртібімен беріледі және қаралады.
Соттылық
АПК-нің 31-бабының 1-бөлігіне сәйкес жер учаскелеріне, ғимараттарға, үй-жайларға, құрылыстарға, жермен берік байланысты басқа да объектілерге (жылжымайтын мүлікке) және басқа да объектілерге құқықтар туралы талап қоюлар осы объектілердің орналасқан жері бойынша беріледі.
Яғни өз бетінше салынған құрылысқа меншік құқығын тануға байланысты даулар даулы жылжымайтын мүлік объектісінің аумақтық орналасқан жері бойынша қаралады.
Егер іс тараптарының бірі азамат болып табылса, мұндай талап қоюлар аудандық соттарда қаралады.
Іс тараптары заңды тұлға құрмай жеке кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар және заңды тұлғалар болып табылатын жағдайларда, талап қою АПК-нің 27-бабының 1-бөлігіне сәйкес мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттардың соттылығына жатады.
Іске қатысатын тұлғалар құрамы
Өз бетінше салынған құрылысқа меншік құқығын тану туралы талап қоюлар соттарда талап қою ісін жүргізу тәртібімен қаралады және жергілікті атқарушы органға беріледі. Мұндай істер бойынша жауапкерлер тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органын басқаратын әкімдер болуға тиіс. Даудың санатына қарай мұндай талап қоюлар жер учаскесінің меншік иесіне немесе құрылыс салушыға (өз бетінше салынған құрылысты тұрғызған тұлғаға) берілуі мүмкін.
Соттар өз бетінше салынған құрылыс мердігер ұйымдармен салынған жағдайда, жауапкер құрылыс жұмыстары жүргізілген тұлғаның тапсырмасы бойынша әрекет еткен тапсырыс беруші болатынын ескеруге тиіс.
Әрбір нақты жағдайда істі дұрыс шешу үшін қатысуы қажет үшінші тұлғалардың құрамы талап қоюшы талаптарының нысанасы мен негіздерінің, жауапкер қарсылықтарының және қолданылуға жататын заңдардың мазмұнына қарай сотпен айқындалады.
Бұл ретте іс бойынша қабылданған шешім осы тұлғалардың құқықтары мен міндеттерінің көлеміне әсер етуі мүмкін екенін ескеру қажет.
Мемлекеттік баж
Салық кодексінің 607-бабына сәйкес мемлекеттік баж уәкілетті мемлекеттік органдар немесе лауазымды адамдар заңдық мәні бар әрекеттерді жасағаны және (немесе) құжаттар бергені үшін алынатын міндетті төлем болып табылады.
АПК-нің 149-бабына сәйкес талап қою арызына мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат қоса беріледі.
АПК-нің 104-бабы 1-бөлігінің 11) тармақшасында жылжымайтын мүлік объектілеріне меншік құқығы туралы талап қоюларда талап қою бағасы осындай объектілердің орналасқан жеріндегі талап қою берілген күнгі нарықтық құны бойынша айқындалатыны көзделген.
Өз бетінше салынған құрылысқа меншік құқығына қатысты азаматтық-құқықтық даулар мүліктік сипаттағы және тиісінше бағалауға жататын талаптарға жатады. Даулы объект материалдық объект болып табылады және ақшалай құны бар, сондықтан оның талап қою бағасы нарықтық құны бойынша айқындалады.
Салық кодексінің 610-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, мүліктік сипаттағы талап қою арыздарынан мемлекеттік баж жеке тұлғалардан – талап қою сомасының 1 пайызы, заңды тұлғалардан – 3 пайызы мөлшерінде алынады.
Өз бетінше салынған құрылысқа меншік құқығын тану туралы талап қою берілген кезде мемлекеттік баж мүліктің құны негізінде, оның нарықтық құнын растайтын құжаттарды (бағалау туралы есепті, жылжымайтын мүліктің нарықтық құны туралы ақпараттық анықтамаларды) қоса бере отырып төленуге тиіс.
АПК-нің 109-бабы 1-бөлігінің сот шығыстарын шешім пайдасына шығарылған тарапқа өндіріп алу арқылы бөлу туралы ережелері өз бетінше салынған құрылысқа меншік құқығын тану туралы жергілікті атқарушы органға қойылған талап қоюлар санатына қолданылмайды және соттар жергілікті атқарушы органдардан талап қоюшылардың пайдасына мемлекеттік баж төлеуге байланысты шығыстарды өндіріп алмауға тиіс.
Талап қоюшы жауапкер мұндай істер бойынша талап қоюшының материалдық құқықтарын бұзбағанына қарамастан, өз құқықтарын сот арқылы қорғауды таңдаған деген ұстаным негізге алынуға тиіс. Бұған дейін Жоғарғы Сот осы проблематика бойынша, оның ішінде «Азаматтық істер бойынша сот шығыстары туралы Қазақстан Республикасы соттарының заңнаманы қолдануы туралы» нормативтік қаулысында түсіндірмелер берген.
Аталған түсіндірмелер өңірлер бойынша сот практикасын қорытуларда көрініс тапқан, бұл олардың сот практикасында кеңінен қолданылатынын және соттарда осы мәселе бойынша қиындықтардың жоқтығын көрсетуі мүмкін.
Сонымен бірге соттардың жылжымайтын мүлік объектісінің нарықтық құнын бағаламай немесе жылжымайтын мүлікті бағалау туралы есептің тек титулдық парағы болған кезде талап қоюларды іс жүргізуге қабылдап, істерді қараған жағдайлары кездеседі. Бұл ретте бағалау есебінің зерттеу бөлігінде объектіні зерттеуге қатысты қолданылған тәсілдер мен әдістер, оның сипаттамасы, техникалық және конструктивтік сипаттамалары және басқа да мәліметтер қамтылғанымен, олар іс материалдарында болмаған.
Материалдық құқық нормаларын қолдану практикасы
АПК-нің 23-бабына сәйкес соттар азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен бұзылған немесе дауланатын құқықтарды, бостандықтар мен заңды мүдделерді қорғау туралы істерді, егер заңға сәйкес оларды қорғау өзге тәртіппен жүзеге асырылмаса, қарайды және шешеді.
Сот тәртібімен өз бетінше салынған құрылысқа меншік құқығын тану құқықты қорғаудың ерекше тәсілі болып табылады. Ол сотқа жүгінген тұлға өзіне байланысты емес қандай да бір себеппен қала құрылысы қызметіне байланысты қатынастарды және жерді пайдалану жөніндегі қатынастарды реттейтін нормативтік құқықтық актілерде белгіленген тәртіппен жаңадан салынған немесе реконструкцияланған жылжымайтын мүлік объектісіне құқық белгілейтін құжаттарды алу мүмкіндігінен айырылған жағдайда қолданылуы мүмкін.
Мұндай талап қою арнайы заңнама нормаларын айналып өту мақсатында жаңа жылжымайтын мүлік заттарын құру және оларды азаматтық айналымға енгізудің рұқсат беру тәртібін көздейтін талаптарды жеңілдету үшін пайдаланылмайды.
Сәулет туралы заңға сәйкес объектілер мен олардың кешендерін салу (реконструкциялау, реставрациялау, кеңейту, техникалық қайта жарақтандыру, жаңғырту, күрделі жөндеу) елді мекеннің бас жоспарының (немесе бес мың адамға дейін тұрғыны бар елді мекендерді дамыту мен салудың оны алмастыратын схемасының) негізінде әзірленген, белгіленген тәртіппен бекітілген егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына, құрылыс салу жобасына сәйкес әзірленген жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы (бұдан әрі – ЖСҚ) бойынша жүзеге асырылады.
Заңның 63-бабы 1-тармағына сәйкес жаңа ғимараттар мен құрылыстарды, олардың кешендерін салудың ЖСҚ-сында объектінің орналасқан жерінің қала құрылысы тұрғысынан негізділігі, құрылысты жүргізу және құрылысы аяқталған объектіні пайдалануға беру үшін қажетті көлемде экономикалық, сәулеттік, көлемдік-жоспарлау, функционалдық, технологиялық, конструктивтік, инженерлік, табиғатты қорғау, энергия үнемдеу және өзге де шешімдер қамтылуға тиіс.
Заңның 73-бабының 2 және 4-тармақтарында салынған объектіні қабылдау және пайдалануға беру тапсырыс беруші объект толық дайын болған кезде бекітілген жобаға сәйкес және сәйкестік туралы декларация, құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасы және орындалған жұмыстардың бекітілген жобаға сәйкестігі туралы қорытындылар болған кезде жүзеге асыратыны көзделген.
Бұл ретте салынған объектінің толық дайын болуы құрылыс салуды ұйымдастыру және құрылыс саласындағы рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидаларына сәйкес айқындалады. Салынған объектіні пайдалануға қабылдау актімен ресімделеді. Салынған объектіні пайдалануға қабылдау актісі бекітілуге жатады. Қабылдау актісін бекітуді тапсырыс беруші жүзеге асырады. Объектіні пайдалануға қабылдау актісіне қол қойылған күн оның бекітілген күні және объектіні пайдалануға енгізу күні болып есептеледі.
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 13 желтоқсандағы №867 бұйрығымен меншік иесінің салынған объектіні пайдалануға өз бетінше қабылдау қағидалары, сондай-ақ қабылдау актісінің нысандары бекітілген.
Осылайша, Заңның ережелеріне сәйкес жер учаскесінің меншік иелері құрылысы аяқталған тұрғын үйді пайдалануға қабылдауды өздері жүзеге асырады. Тұрғызылған құрылысқа құқықтарды тіркеуге негіз салынған объектіні пайдалануға қабылдау актісі болып табылады.
Салынған объектіні меншік иесінің өз бетінше пайдалануға қабылдау тәртібі мен қабылдау актісінің нысанын сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органдар бекітеді. Меншік иесінің салынған объектіні пайдалануға өз бетінше қабылдау актісі сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы функцияларды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдарда міндетті түрде есепке алынуға жатады.
Жоғарыда айтылғандардан өз бетінше салынған құрылыс иесі Заңның 9-тарауында көзделген тәртіппен сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы уәкілетті органдарға жүгінуге тиіс екені туындайды.
Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы уәкілетті орган құрылыс объектісінің белгіленген қала құрылысы, құрылыс нормалары мен қағидаларына сәйкестігін растайтын техникалық құжаттаманы беруден бас тартқан жағдайда, құрылыс иесі мемлекеттік органдардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) АППК тәртібімен шағымданып, сотқа жүгінуге құқылы.
Соттар өз шешімдерін негізінен АК-нің 244-бабында қамтылған нормаға негіздеп, талап қоюшы ұсынған тұрғын үй құрылысының сенімділігі мен орнықтылығына жүргізілген техникалық зерттеуге және өз бетінше салынған құрылысқа меншік құқығын танудың өзге мүмкіндігінің болмауына сілтеме жасайды.
Сонымен бірге мұндай істер даудың болмауына байланысты сотта қаралуға жатпайды.
Нормативтік-құқықтық база
Өз бетінше салынған құрылысқа құқықты тануды реттейтін және осы санаттағы істерді қарау кезінде қолданылуға жататын негізгі нормативтік құқықтық актілер мыналар болып табылады:
- Қазақстан Республикасының Конституциясы;
- Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі (бұдан әрі – АК);
- Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі (бұдан әрі – АПК);
- Қазақстан Республикасының Жер кодексі (бұдан әрі – Жер кодексі);
- Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңы (бұдан әрі – Сәулет туралы заң);
- Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы» Заңы (бұдан әрі – Жергілікті басқару туралы заң);
- Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі (бұдан әрі – ӘҚБтК);
- Қазақстан Республикасының «Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексі (Салық кодексі) (бұдан әрі – Салық кодексі);
- Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1999 жылғы 9 шілдедегі №10 «Тұрғын үйге меншік құқығы туралы заңнаманы қолданудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысы (бұдан әрі – «Тұрғын үйге меншік құқығы туралы заңнаманы қолданудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулы);
- Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 16 шілдедегі №5 «Тұрғын үйге меншік құқығын қорғауға байланысты дауларды шешудің кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысы (бұдан әрі – «Тұрғын үйге меншік құқығын қорғауға байланысты дауларды шешудің кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулы);
- Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 16 шілдедегі №6 «Соттардың жер заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысы (бұдан әрі – «Соттардың жер заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулы);
- Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 25 желтоқсандағы №9 «Азаматтық істер бойынша сот шығыстары туралы Қазақстан Республикасы соттарының заңнаманы қолдануы туралы» нормативтік қаулысы (бұдан әрі – «Азаматтық істер бойынша сот шығыстары туралы Қазақстан Республикасы соттарының заңнаманы қолдануы туралы» нормативтік қаулы);
- Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2009 жылғы 29 маусымдағы №5 «Соттардың мұрагерлік туралы заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысы (бұдан әрі – «Соттардың мұрагерлік туралы заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулы);
- Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы №750 бұйрығымен бекітілген құрылыс салуды ұйымдастыру және құрылыс саласындағы рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидалары (бұдан әрі – Құрылыс салуды ұйымдастыру қағидалары);
- сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы қатынастарды реттейтін Қазақстан Республикасының ҚНжЕ-лері.
Дауларды қарау кезінде тиісті құқықтық қатынастар туындаған кезде қолданыста болған нормативтік құқықтық актілер қолданылуға жатады.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы