Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 140-бабына түсініктеме. Бұлтартпау шараларын қолдану тәртібі
1. Күдіктіге, айыпталушыға бір мезгілде екі немесе одан да көп бұлтартпау шараларын қолдануға болмайды.
2. Бұлтартпау шарасын қолдану туралы қылмыстық процесті жүргізетін орган қаулы шығарады, онда адам күдікті, айыпталушы болып отырған қылмыстық құқық бұзушылық және осы бұлтартпау шарасын қолдану негіздері көрсетіледі. Қаулының көшірмесі өзіне қатысты қаулы шығарылған адамға табыс етіледі және оған бір мезгілде бұлтартпау шарасын қолдану туралы шешімге осы Кодексте көзделген тәртіппен шағым жасау тәртібі түсіндіріледі.
Күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы, осы Кодекстің 139-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, оның іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарылғаннан кейін ғана қолданылады.
3. Күзетпен ұстауға байланысты емес бұлтартпау шарасын қолдану кезінде тиісті мінез-құлықты қамтамасыз ету үшін күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға төмендегі міндеттердің біреуі немесе бірнешеуі жүктелуі мүмкін:
1) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға, прокурорға не сотқа олар белгілеген уақытта келу;
2) қылмыстық процесті жүргізетін органның рұқсатынсыз тұрақты немесе уақытша тұрғылықты жерінен кетпеу;
3) қылмыстық процесті жүргізетін адамға, прокурорға тұрғылықты жерінің, жұмыс орнының өзгергені туралы хабарлау;
4) белгілі бір адамдармен қарым-қатынас жасамау және белгілі бір жерлерге бармау;
5) есірткіге немесе алкогольге тәуелділіктен емделу курсынан өту;
6) электрондық бақылау құралдарын тағып жүру.
4. Күдікті, айыпталушы осы Кодекстің 141, 142, 143, 144, 145 және 146-баптарында көзделген шараларды бұзатын әрекеттер жасаған жағдайда, оларға неғұрлым қатаң бұлтартпау шарасы қолданылады, бұл туралы күдіктіге, айыпталушыға тиісті қаулының көшірмесін табыс ету кезінде хабарлануға тиіс. Осы Кодекстің 156, 165-баптарында көзделген процестік мәжбүрлеу шараларын бұзған жағдайда, күдіктіге, айыпталушыға қатысты бұлтартпау шарасы таңдалады.
ҚПК-нің 140-бабы қылмыстық істер бойынша бұлтартпау шараларын қолданудың жалпы шарттарын қамтиды. Оларды анықтаушының, тергеушінің, прокурордың қолдануының жекелеген ерекшеліктері ҚПК-нің 137-бабының 1-бөлігінде көзделген бұлтартпау шараларының түріне байланысты болады. Мәселен, күзетпен ұстауды, оның ішінде уақытша күзетпен ұстауды, экстрадициялық қамаққа алуды, үйқамақты, кепілді қолдану, олардың күшін жою немесе өзгерту кезінде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамдар, прокурор ҚПК-нің 55-бабы 1-бөлігінің, 62-бабы 5-бөлігінің, 145—153, 588—589-баптарының талаптарын басшылыққа алуға міндетті.
Бұлтартпау шараларының тізбесіне неғұрлым жеңілінен неғұрлым қатаңына қарай орналасқан бұлтартпау шараларының түрлері енгізілгені маңызды, бұл заңда ұсынылған орналасу тәртібіне сәйкес қылмыстық іс бойынша мән-жайларды ескере отырып, бұлтартпау шараларын таңдау қажет деген ойға жетелейді.
ҚПК-нің 140-бабының нормаларын талдау нәтижесінде мынадай заңдылықтарды анықтауға болады.
Бұлтартпау шаралары, ең алдымен, қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілген, айып тағылған адамға қатысты таңдалады (ҚПК-нің 140-бабының 1-бөлігі).
Бір рет таңдалған бұлтартпау шарасы қылмыстық істің қылмыстық процестің сатыларындағы қозғалысы барысында өзгертілуі мүмкін, бірақ ол әрқашан бір ғана мөлшерде таңдалады (ҚПК-нің 140-бабының 1-бөлігі).
Жалпы ереже бойынша, күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасын қолдануға, ҚПК-нің 139-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, оның іс-әрекетін ҚПК-нің 203—207-баптарының тәртібімен саралау туралы қаулы шығарылғаннан кейін ғана жол беріледі (ҚПК-нің 140-бабының 2-бөлігі). Бұл заңның өте маңызды ұстанымы болып табылады, өйткені ол жеткілікті деректердің, яғни дәлелдемелердің негізінде объективті түрде айқындалған және іс бойынша күдікті ретінде танылған, болашақта іс бойынша айыпталушы болуы мүмкін нақты адамды анықтайды.
Бұлтартпау шарасын таңдау үшін қаулы шығару қажет, оның көшірмесі күдіктіге табыс етіледі және оған прокурорға, тергеу судьясына шағым жасау құқығы түсіндіріледі, сондай-ақ қаулының заңдылығы мен негізділігін анықтау және оны іс бойынша қадағалау іс жүргізуіне қосу үшін прокурорға жіберіледі (ҚПК-нің 140-бабының 2-бөлігі).
Қаулыда іс бойынша кез келген қаулы сияқты кіріспе, сипаттау-дәлелдеу және қарар бөліктері болады. Кіріспе бөлігінде шешімнің атауынан, оның қабылданған жері мен күнінен, тергеуді жүргізетін адам, судья туралы мәліметтерден басқа, қылмыстық іс бойынша жалпы мәліметтер де (оның мемлекеттік нөмірі, кімге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғаны және ҚР ҚК-нің қандай баптары бойынша басталғаны) көрсетіледі. Сипаттау-дәлелдеу бөлігінде жасалған қылмыстың құрамын көрсетумен қатар, дәл осы бұлтартпау шарасын және басқа шараны емес, осы шараны қолдану негіздері мен мән-жайларының бар екендігін растайтын дәлелдемелер көрсетілуге тиіс. Қарар бөлігінде таңдалған бұлтартпау шарасының түрі, күдіктінің, айыпталушының прокурорға, тергеу судьясына шағым жасау мүмкіндігі туралы нұсқау, қаулының көшірмесін прокурорға жіберу көрсетіледі.
Күзетпен ұстауға байланысты емес бұлтартпау шараларын қолданудың жалпы ережесі күдіктіге, айыпталушыға оларды таңдаудың мақсаттарын және заңға бағынатын тиісті мінез-құлқын қамтамасыз ететін белгілі бір міндеттерді жүктеу мүмкіндігі болып табылады. Міндеттер істің мән-жайларына және қылмыстық құқық бұзушылық субъектісі жеке басының ерекшеліктеріне байланысты біреу немесе бірден бірнешеу болып жүктелуі мүмкін.
Міндеттердің тізбесі ҚПК-нің 140-бабының 3-бөлігінде белгіленген. Міндеттердің мазмұны жалпы алғанда түсінікті болғандықтан, ҚПК-нің 140-бабы 3-бөлігінің 6-тармағында тергеудегі адамның жүрген жерін бақылауға арналған электрондық құралдарды тағу міндеті көрсетілгенін ғана атап өтеміз, мысалы, оған үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған жағдайда (электрондық білезік тағу).
Электрондық бақылау құралдарын қолданудың әрбір жағдайы және олардың мақсатының күдіктіге, айыпталушыға түсіндірілгені туралы бұлтартпау шарасын қолдану туралы қаулыда белгі жасалады. Электрондық бақылау құралдары әскери бөлім командирінің бақылауына берілген әскери қызметшілерге және күзетпен ұсталатын адамдарға қолданылмайды (ҚПК-нің 137-бабының 2-бөлігі).
Электрондық бақылау құралдарын қолдануға оларды айналасындағылардың байқауынан жасыру шаралары қабылданған жағдайда жол беріледі және ол күдікті, айыпталушы, сотталушы баратын орындар мен олардың жүріп-тұру бағыттарын, сондай-ақ жасын, денсаулық жағдайын, отбасылық жағдайын және өмір салтын ескере отырып жүзеге асырылуға тиіс, — деп көрсетілген ҚПК-нің 137-бабының 3-бөлігінде.
Күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қатысты іс жүргізу барысында электрондық бақылау құралдарын қолданудың тәртібі, шарттары мен негіздері Үкіметпен айқындалады (ҚПК-нің 137-бабының 4-бөлігіне түсініктемені қараңыз).
Бұлтартпау шарасын таңдау туралы қаулының көшірмесін табыс ету кезінде күдіктіге, айыпталушыға және оған байланысты өзге де адамдарға (кепілгерлерге, ата-аналарға және т.б.) барлық нұсқамалар мен нақты бұлтартпау шарасын қолдану фактісінен туындайтын қосымша шектеулерді орындау қажеттігі, ал оларды сақтамаған жағдайда күдіктілерге, айыпталушыларға қатысты неғұрлым қатаң бұлтартпау шарасын қолдану мүмкіндігі туралы ескертіледі (ҚПК-нің 140-бабының 4-бөлігі).
Және керісінше, егер күдікті, айыпталушы келу туралы міндеттеменің талаптарын (бұл бұлтартпау шарасы емес, ҚПК-нің 156-бабы), жақындауға тыйым салу талаптарын (бұл бұлтартпау шарасы емес, ҚПК-нің 165-бабы) бұзса, заң оларға бұзушылықтың сипатына сәйкес келетін бұлтартпау шарасын қолдануға рұқсат береді (ҚПК-нің 140-бабының 4-бөлігі).
Жалпы алғанда, күзетпен ұстауға, үйқамаққа, экстрадициялық қамаққа алуға санкция беру, олардың мерзімдерін ұзарту, кепілге санкция беру жөніндегі айрықша құқық тек тергеу судьясына тиесілі.
Кепіл не тергеу судьясы күзетпен ұстауға санкция беруімен бір мезгілде, бұл фактіні күзетпен ұстауға санкция беру туралы қаулының мәтінінде көрсете отырып белгіленеді, не ҚПК-нің 148-бабының 5—9-бөліктерінде көзделген тәртіппен күзетпен ұстаудың орнына санкцияланады.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар істі мәні бойынша қарау кезінде ҚПК-нің 137-бабының 1-бөлігінде көзделген кез келген бұлтартпау шарасын қолдануға құқылы.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне 2020 жылғы түсініктеме. Авторы: Марат Чекишевич Қоғамов, заң ғылымдарының докторы, Қазақстанның құрметті заңгері, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Норматив Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес беру Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар