Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 53-бабына түсініктеме. Соттың өкілеттіктері
- 1. Соттың сот билігінің органы ретіндегі өкілеттіктері заңмен айқындалады.
- 2. Тек сот қана:
- 1) адамды қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп тануға және оған жаза тағайындауға;
- 2) адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын не тәрбиелік ықпалы бар мәжбүрлеу шараларын қолдануға;
- 3) төмен тұрған сот қабылдаған шешімнің күшін жоюға немесе оны өзгертуге;
- 4) сот актілерін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарауға;
- 5) тергеуші, анықтаушы, анықтау органы, прокурор күдіктіге, айыпталушыға қатысты таңдаған күзетпен ұстау, үйқамақ, экстрадициялық қамақ түріндегі бұлтартпау шарасына, кепілге санкция беруге және олардың мерзімдерін ұзартуға;
- 5-1) жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуге және олардың мерзімдерін ұзартуға, сондай-ақ адамды өзіне қатысты жүргізілген жасырын тергеу әрекеттері туралы хабардар ету мерзімін ұзартуға, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына адамды өзіне қатысты жүргізілген жасырын тергеу әрекеттері туралы хабардар етпеуге келісім беруге;
- 6) күдіктіге, айыпталушыға қатысты лауазымынан уақытша шеттету және жақындауға тыйым салу түріндегі процестік мәжбүрлеу шараларына санкция беруге;
- 7) күзетпен ұсталмаған адамды сот-психиатриялық және (немесе) сот-медициналық сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыруға;
- 8) мәйітті эксгумациялауға, халықаралық іздестіру жариялауға, мүлікке тыйым салуға, қарап-тексеруге, тінтуге, алып қоюға және жеке тінтуге санкция беруге;
- 9) үлгілерді мәжбүрлеп алуға және куәландыруға санкция беруге құқылы.
- 3. Осы Кодексте көзделген жағдайларда және тәртіппен сот:
- 1) қылмыстық қудалау органының, прокурордың шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдарды қарайды;
- 2) прокурордың, қорғаушының өтінішхаты бойынша куә мен жәбірленушінің айғақтарын депонирлейді;
- 3) ақшалай және әкімшілік жазалар қолданады;
- 4) үкімді орындауға байланысты мәселелерді қарайды;
- 5) прокурордың заңсыз жолмен алынған мүлікті үкім шығарылғанға дейін тәркілеу туралы өтінішхатын қарайды.
- 4. Істі сотта қарау барысында қылмыстық құқық бұзушылық жасауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бұзуға ықпал еткен мән-жайлар, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жол берілген өзге де заң бұзушылықтар анықталған жағдайда, сот тиісті ұйымдардың немесе адамдардың назарын қажетті шаралар қабылдауды талап ететін осы мән-жайлар мен заң бұзушылық фактілеріне аударатын жеке қаулы шығарады. Сот қажет деп таныған басқа жағдайларда да жеке қаулы шығаруға құқылы.
- 5. Төмен тұрған соттың (судьяның) атына жеке қаулы шығарылмайды. Төмен тұрған соттың үкімнің, қаулының күшін жоюға немесе оларды өзгертуге әкеп соққан заң бұзушылықтары туралы жоғары тұрған сот сатысының сот актісінде көрсетіледі. Басқа қылмыстық құқық бұзушылық құрамдарын құрайтын не әкімшілік немесе тәртіптік жауаптылыққа әкеп соғатын әрекеттер жасау фактілері анықталған кезде сот заңда көзделген шараларды қабылдау үшін тиісті прокурордың атына жеке қаулы шығарады.
- 6. Заңда көзделген жағдайларда судья қаралып жатқан істер бойынша анықтау органдарының жедел есепке алу істерін, қарсы барлау қызметінің материалдарын және жасырын тергеу әрекеттерінің материалдарын талап етіп алдыруға және олармен танысуға құқылы. Бұған жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметін және жасырын тергеу әрекеттерін ұйымдастыру туралы, нақты жедел-іздестіру, қарсы барлау іс-шаралары мен жасырын тергеу әрекеттері, ақпарат көздері мен оны алу тәсілдері туралы жария етуге жатпайтын мәліметтер кірмейді.
- Ескерту. 53-бапқа Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 31 қазандағы № 378-V Заңымен (2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі); 2016 жылғы 28 желтоқсандағы № 36-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 2017 жылғы 21 желтоқсандағы № 118-VI Заңымен (қолданысқа енгізу тәртібін 2-баптан қараңыз) өзгерістер енгізілді.
Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады, — деп Конституцияның 75-бабының 1-тармағында жарияланған. Сот төрелігін жүзеге асыру кезінде судья тәуелсіз және тек Конституция мен заңға ғана бағынады, — деп Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабының 1-тармағында жалғастырылады. Сот төрелігіне арналған осы ережелердің өзінен қылмыстық процесте басты рөл сотқа берілгені көрінеді, ал оның қызметтік заңы Конституция нормаларынан басқа, қылмыстық сот ісін жүргізу тәртібін айқындайтын заңнаманың қайнар көздерін бекітетін ҚПК болып табылады (1-бапқа түсініктемені қараңыз). Сот билігінің иесі ретіндегі соттың өкілеттіктерін ҚПК қылмыстық процестің сотқа дейінгі және сот сатыларына да таратады (ҚПК-нің 53-бабының 1-бөлігі). Бұл орынды, өйткені ешкімнің нақты қылмыстық іс бойынша соттың немесе судьяның өкілеттіктерін иемденуге құқығы жоқ. Сондықтан сотқа дейінгі сатыларда тергеу судьясының болуы анықтаушының, тергеушінің судьяға айналуына, яғни олардың судья өкілеттіктерін иемденуіне жол бермеу, қылмыстық істің сот сатыларына барынша жылдам өтуін қамтамасыз ету мақсатынан туындайды.
Негізінде, сот жүзеге асыратын сот төрелігі ұғымы ҚПК-нің 53-бабының 2 және 3-бөліктерінде ашылған және кеңейтілген түсіндіруге жатпайды. Бұл ұғым қылмыстық процестің барлық сатыларындағы сот функцияларын қамтиды: қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында тергеу судьясының жан-жақты сот бақылауын жүзеге асыруын, бірінші сатыдағы соттың қылмыстық істі мәні бойынша қарап, қорытынды сот актілерін қабылдауын, жоғары тұрған соттардың сот шешімдерін қайта қарауын, сот шешімдерін орындауын және өзге де сот өкілеттіктерін жүзеге асыруын. Мұнда сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында процестік, оның ішінде тергеу әрекеттеріне толыққанды сот санкциясын беру; сотқа дейінгі тергеп-тексеруге қатысушыларға дәлелдемелерді бекітуге жәрдем көрсету; ҚПК нормаларының талаптарын бұзғаны үшін қылмыстық-процестік және әкімшілік санкцияларды оның қатысушыларына тікелей қолдану мүмкіндігі; іс бойынша үкім шығарылғанға дейін заңсыз жолмен алынған мүлікті тәркілеуді жүзеге асыру көзделген.
3. Қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысындағы тергеу судьясының процестік қызметі қылмыстық процестің қандай да бір тарапының ұстанымын күшейтетін фактор ретінде ешбір жағдайда қарастырылмауға тиіс. Керісінше, оның осы сатыға қатысуы тараптардың іс бойынша ұстанымдарын теңестіреді және адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын заңсыз қылмыстық қудалаудан сот арқылы қорғаудың кепілі болып табылады. Соңғы жылдары қылмыстық-процестік заңнама осы бағытта дамып келеді: қамауға алу және күзетпен ұстауға санкция беру құқығы Конституциямен соттарға жүктелді (16-баптың 2-тармағы) және ҚПК-ге қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында барлық санкцияларды (рұқсаттарды) беруге және қылмыстық іс бойынша өзге де мәселелерді шешуге құқылы тергеу судьясы институтын енгізу арқылы одан әрі дамытылды.
Соттың қызметін тек қылмыстық іс бойынша сот төрелігін жүзеге асырумен ғана шектеуге болмайды. Бұл соттың процестік қызметі туралы түсінігімізді тарылтады. ҚПК нормаларына сәйкес сотқа жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алуда, қылмыстық процеске қатысушылардың барлығына терең тәрбиелік ықпал етуде де маңызды рөл беріледі. Осы мақсатта сот сот шешімімен бір мезгілде профилактикалық сипаттағы жеке қаулы шығаруға құқылы. Бұл қаулымен ол тиісті ұйымдардың, лауазымды адамдардың назарын іс бойынша анықталған қылмыстық құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларға және қылмыстық қудалау органдары тарапынан заңдылықтың бұзылуына аударады (ҚПК-нің 53-бабының 4–5-бөліктері). Мысалы, жеке қаулымен сот тергеушінің қылмыстық іс бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі қызметін толықтыра алады. Бұл туралы мәлімет айыптау актісінде де (бұл ҚПК-нің 113-бабының 4-бөлігі талап ететін оның жұмысының бір бөлігі), сондай-ақ іске қоса тіркелетін тергеушінің ҚПК-нің 200-бабы тәртібімен енгізген ұсынуының көшірмесінде де болуға тиіс.
Жеке қаулылар шығару негіздерінің тізбесі толық болып табылмайды, — деп Жоғарғы Сот 2003 жылғы 19 желтоқсандағы № 11 «Қылмыстық істер бойынша соттардың жеке қаулылар шығару тәжірибесі туралы» нормативтік қаулысында көрсетеді. Осыған байланысты соттар өзге де фактілерге ден қоюға құқылы: сот процестерінің үзілуі, сотты құрметтемеу көріністері, қылмыстық процесті жүргізетін органдардың процестік мерзімдерді бұзуы. Сот көтермелеу сипатындағы жеке қаулы да шығара алады.
ҚПК-нің 23-бабының 5-бөлігіне сәйкес сот қылмыстық қудалау органы болып табылмайды, айыптау немесе қорғау тарапының жағында болмайды және құқық мүдделерінен басқа қандай да бір мүдделерді білдірмейді. Сондықтан қылмыс жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайлар лауазымды немесе өзге де адамның әрекеті не әрекетсіздігі салдарынан туындап, оның бойында қылмыс белгілері болған жағдайда, сот жеке қаулыда оларды қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы мәселе қоюға құқылы емес. Ол тек осы фактіні мұндай мәселелерді шешу құзыретіне кіретін органдардың назарына жеткізе алады.
Апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттар сот талқылауының материалдары бойынша қылмыс жасауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бұзуға ықпал еткен мән-жайларды, сондай-ақ анықтау, алдын ала тергеп-тексеру барысында жол берілген өзге де бұзушылықтарды анықтаған жағдайда, жеке қаулы шығаруға құқылы. Соттың жеке қаулы шығаруы, егер осы іс бойынша осындай ден қоюды талап ететін басқа да мән-жайлар болса, жоғары тұрған соттардың жеке қаулы шығаруына кедергі болып табылмайды (3–6-тармақтар).
Мысалы, адвокаттардың өз міндеттерін тиісінше орындамау фактілері анықталған кезде (қорғауға формалды түрде қатысу, процестік әрекеттердің бос бланкілеріне қол қою, қылмыстық сот ісін жүргізу барысында орын алған заңдылық бұзушылықтарына ден қоймау және т.б.) соттар жеке қаулылар шығару арқылы ден қоюға құқылы (Жоғарғы Соттың 2002 жылғы 6 желтоқсандағы № 26 «Қорғану құқығын реттейтін қылмыстық-процестік заңнаманы қолдану тәжірибесі туралы» нормативтік қаулысының 26-тармағы).
Лауазымды адамның соттың жеке анықтамасын, қаулысын, прокурордың, тергеушінің немесе анықтаушының ұсынуын қараусыз қалдыруы не оларда көрсетілген заң бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдамауы, сондай-ақ жеке анықтамаға, қаулыға немесе ұсынуға уақтылы жауап бермеуі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 664-бабына сәйкес сегіз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Төмен тұрған соттардың (судьялардың) үкімнің, қаулының күшін жоюға немесе оларды өзгертуге себеп болған заң бұзушылықтары жоғары тұрған соттың жеке қаулысының нысанасы болып табылмайтынын атап өту қажет, өйткені заң бұған жол бермейді. Бұл бұзушылықтар барлық судьялардың конституциялық мәртебесіне толық сәйкес келетін қисынды тәртіппен төмен тұрған соттардың сот шешімдерінің күшін жою немесе оларды өзгерту арқылы түзету жүргізілуі мүмкін жоғары тұрған соттардың сот шешімдерінде көрсетіледі.
Соттың қолындағы қосымша профилактикалық құралдардың бірі — ҚПК-де (159–160-баптар) және ӘҚБтК-де көзделген негіздер болған кезде, айыптау үкімі шығарылған адамдарды қоспағанда, қылмыстық процеске қатысушыларға және басқа да адамдарға ақшалай немесе әкімшілік жазалар қолдану құқығы. Бұдан бөлек, сот біреуді қылмыстық, әкімшілік немесе тәртіптік жауаптылыққа тарту мәселесін шешу үшін тиісті прокурордың атына жеке қаулы шығара алады.
Жоғарғы Сот осы мәселеге қатысты соттардың назарын мынаған аударады: қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сотта істі қарау кезінде сот отырысы залында қоғамдық тәртіп бұзылған немесе сотты құрметтемеу көрінісі орын алған жағдайда, сот кінәлі адамға әкімшілік заңнамада көзделген жазалау шараларын тікелей сот отырысы залында өзінің қаулысымен қолдануға құқылы. Соттың (судьяның) сот отырысы залында қоғамдық тәртіпті бұзған немесе сотты құрметтемеген кінәлі адамға әкімшілік жаза қолдану жөніндегі әрекеттері сот талқылауының хаттамасында көрсетілуге тиіс. Жоғары тұрған соттың мұндай әрекеттері сот отырысының хаттамасында тек заңға сәйкес мұндай хаттама жүргізілетін жағдайларда ғана тіркеледі. Ал әкімшілік жаза қолдану туралы шешім барлық жағдайларда жеке дәлелді қаулы түрінде ресімделеді.
Сотты құрметтемеу және сот отырысынан тыс жерде жасалған өзге де құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жазаларды сот ӘҚБтК нормаларына сәйкес жалпы тәртіппен қолданады. ӘҚБтК-нің 684-бабының 3-бөлігіне сәйкес, процеске қатысып отырған адамның сотты құрметтемеу фактілері бойынша әкімшілік істерді сот талқылауына төрағалық етуші судья ҚПК-нің 346-бабының 1-бөлігінде, АПК-нің 119–120-баптарында және ӘҚБтК-нің 653-бабында көзделген тәртіппен қарайды (Жоғарғы Соттың 1998 жылғы 14 мамырдағы «Қазақстан Республикасындағы сот билігі туралы заңнаманы қолданудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 10-тармағы; сондай-ақ ҚПК-нің 1-бабына түсініктемені қараңыз).
Соттың өкілеттіктері қатарында анықтау органдарының жедел-іздестіру қызметі мен арнаулы мемлекеттік органдардың қарсы барлау қызметі саласына белсенді түрде араласу құқығы да бар (ҚПК-нің 53-бабының 6-бөлігі). Жедел-іздестіру және қарсы барлау қызметінің әдістерінің қылмыстық процеске енуі, оның нәтижелерін қылмыстық істер бойынша іс жүргізу кезінде пайдалану немесе жедел-іздестіру қызметінің нысандары мен әдістерін қолдана отырып жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу түрінде көрініс табуы, осылайша алынған дәлелдемелердің сапасы мен анықтығы үшін судьялардың жауапкершілігін едәуір арттырады. Себебі осы қызмет түрлерінің әдістері мен жасырын процестік әрекеттерді, заңда көзделген ерекшеліктерді қоспағанда, қылмыстық процесті жүргізетін органның өзі немесе лауазымды адам жүзеге асырмайды. Осыған байланысты сот іс бойынша дәлелдемелерді зерттеу кезінде мемлекеттік құпиялар туралы заңнамада және ҚПК-де белгіленген рұқсат етілген шектерде жедел есепке алу істерімен және жасырын тергеу әрекеттерінің материалдарымен танысуға құқылы.
Бұл мәселе бойынша Жоғарғы Сот ҚПК-нің 24-бабының 1-бөлігінің талаптарын қамтамасыз ету мақсатында судьяның талабы бойынша Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 15 қыркүйектегі «Жедел-іздестіру қызметі туралы» Заңының 5-бабының 4) тармақшасына сәйкес қаралып жатқан қылмыстық іске қатысы бар барлық қолда бар жедел-қызметтік құжаттар ұсынылуға тиіс екенін атап өтті. Бұған құпия көмекшілер мен штаттағы жасырын қызметкерлердің жеке басы туралы мәліметтер кірмейді. Бұл ретте сот талап етіп алдырылған құжаттарды зерттеу кезінде қылмыстық процесте пайдаланылмаған жедел-іздестіру қызметінің нәтижелерін, сондай-ақ құпиясыздандыруға жатпайтын өзге де мәліметтерді, оның ішінде жедел-іздестіру қызметін ұйымдастыру, нақты жедел-іздестіру іс-шаралары, ақпарат көздері мен оны алу тәсілдері туралы мәліметтерді және т.б. жария етпеуге бағытталған қажетті шараларды қабылдауға міндетті (Жоғарғы Соттың 2013 жылғы 13 желтоқсандағы № 3 «Қылмыстық сот ісін жүргізуде мемлекеттік құпияларды қорғау мәселелерін регламенттейтін заңнаманың кейбір нормаларын қолдану туралы» нормативтік қаулысының 15-тармағы).
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне 2020 жылғы түсініктеме. Авторы: Қоғамов Марат Чекішұлы, заң ғылымдарының докторы, Қазақстанның құрметті заңгері, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Норматив Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулар Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар