Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 48-бабына түсініктеме. Мерзімдерді есептеу
1. Осы Кодексте белгіленген мерзімдер сағаттармен, тәуліктермен, айлармен, жылдармен есептеледі.
2. Мерзімдерді есептеу кезінде мерзімнің басталуына негіз болған сағат пен тәулік есепке алынбайды. Бұл қағида ұстап алу, күзетпен ұстау, үйқамақ және медициналық мекемеде немесе ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымында болу мерзімдерін есептеуге қолданылмайды.
3. Мерзімдерді есептеу кезінде оларға жұмыс істемейтін уақыт та қосылады.
4. Тәуліктермен есептелетін мерзім мерзімнің соңғы тәулігінің жиырма төрт сағатында аяқталады. Айлармен есептелетін мерзім мерзімнің соңғы айындағы тиісті ай мен күні аяқталады. Егер мерзімнің аяқталуы тиісті күні жоқ айға сәйкес келсе, онда мерзім осы айдың соңғы күні аяқталады. Жылдармен есептелетін мерзім мерзімнің соңғы жылының тиісті айы мен күнінде аяқталады. Егер мерзімнің аяқталуы тиісті күні жоқ айға сәйкес келсе, онда мерзім осы айдың соңғы күні аяқталады. Мерзімнің соңғы күні жұмыс істемейтін күнге сәйкес келген жағдайларда, ұстап алу, күзетпен ұстау, үйқамақ және медициналық мекемеде немесе ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымында болу мерзімдерін есептеу жағдайларын қоспағанда, мерзімнің аяқталу күні одан кейінгі жұмыс күні болып есептеледі.
5. Адамды қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікпен ұстап алған кезде мерзім осы шара нақты қолданылған сәттен бастап (сағат пен минутына дейінгі дәлдікпен) есептеледі. Күзетпен ұстау, үйқамақ, сондай-ақ медициналық мекемеде немесе ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымында болу мерзімдерін есептеу кезінде мерзімге оның алғашқы тәулігі қосылады.
ҚПК-нің 48-бабының 1-бөлігінен көрініп тұрғандай, қылмыстық істің бүкіл қозғалысы белгілі бір мерзімдерге бағынады, яғни қылмыстық-процестік қатынастар туындайтын, дамитын және тоқтатылатын уақыт аралықтарымен шектеледі. Басқаша айтқанда, сотқа дейінгі тергеп-тексеру және сот талқылауы процесі белгілі бір мерзімдермен шектелген. Бұл заңсыздықты, қылмыстық істі тергеп-тексеру мен қараудағы созбалаңдықты болдырмау, тергеушінің қызметін қылмыстық істің сотта қаралу перспективаларын «зерттеуге», ал судьяның қызметін қылмыс мән-жайларын ғылыми зерттеудің қандай да бір түріне немесе үкім шығаратын «баспа станогына» айналдырмау үшін орынды болып табылады. Қылмыстық процесс – мемлекеттік қызметтің ерекше түрі, оның міндеттері қылмыстық қолсұғушылықтардан зардап шеккен азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін кідіріссіз, ақылға қонымды мерзімдерде қалпына келтіруден тұрады.
ҚПК сағаттармен есептелетін мерзімдерді ажыратады (54-баптың 1-бөлігі). Бұл белгілі бір мақсатпен, яғни қылмыстық процесті жүргізетін органның адамның және азаматтың белгілі бір құқықтары мен бостандықтарын шектейтін жүргізіліп жатқан процестік әрекетінің немесе қабылдаған процестік шешімінің заңдылығы мен негізділігін мүмкіндігінше тезірек тексеру мақсатында жасалған. Мысалы, тергеушінің процестік немесе тергеу әрекеттерін жүргізу туралы барлық қаулылары шығарылған сәттен бастап жиырма төрт сағат ішінде олардың көшірмелері заңдылығын тексеру үшін міндетті түрде прокурорға жіберіледі (43-баптың 3-бөлігі, 44-баптың 5-бөлігі, 198-бап, 202-баптың 3-бөлігі, 204-баптың 3-бөлігі, 232-баптың 6-бөлігі және т.б.). Қарастырылып отырған тұрғыдан алғанда, күдіктіні ұстап алу кезінде мерзімдерді есептеу тәртібі айтарлықтай көрнекі болып табылады. Ұстап алудың негіздеріне қарай мерзімдер әртүрлі болғанымен, барлық жағдайларда олар 72 сағаттан аспауға тиіс. ҚПК-ге сәйкес, адамды күдікті ретінде ұстап алудың жалпы мерзімі жетпіс екі сағаттан аспауға тиіс. Бұл мерзім Конституцияда белгіленген (16-баптың 2-тармағы), ҚПК-де қайталанып, нақтыланған және оны ешқандай жағдайда бұзуға жол берілмейді. Ұстап алудың процестік нысанын, оның ішінде ұстап алу мерзімдерін сақтау қылмыстық заңмен қорғалады (ҚК-нің 414-бабы). Егер нақты ұстап алынған сәттен бастап қырық сегіз сағат ішінде, ал кәмелетке толмағандарға қатысты жиырма төрт сағат ішінде ұстап алынған адамды ұстау орнының бастығына күдіктіні күзетпен ұстауға санкция беру туралы сот қаулысы келіп түспесе, ҚПК-нің 131-бабы 4-бөлігінің 1–6-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, ұстап алынған адамды ұстау орнының бастығы оны өз қаулысымен дереу босатады және бұл туралы іс жүргізуінде іс жатқан адамды және прокурорды хабардар етеді. ҚПК-нің 131-бабы 4-бөлігінің 1–6-тармақтарында көзделген жағдайларда, егер нақты ұстап алынған сәттен бастап жетпіс екі сағат ішінде күдіктіні күзетпен ұстауға санкция беру туралы сот қаулысы келіп түспесе, ұстап алынған адамды ұстау орнының бастығы оны өз қаулысымен дереу босатады және бұл туралы іс жүргізуінде іс жатқан адамды және прокурорды хабардар етеді (ҚПК-нің 133-бабының 2-бөлігі).
Аталған талаптар орындалмаған жағдайда, ұстап алынған адамды ұстау орны әкімшілігінің басшысы қылмыстық заңда белгіленген жауаптылықта болады (ҚПК-нің 133-бабының 3-бөлігі).
ҚПК адамды ұстап алу тәртібін жеткілікті дәрежеде егжей-тегжейлі регламенттейді: бастапқыда күдікті жеткізілгеннен кейін оның жалпы денсаулық жағдайын және дене жарақаттарының бар-жоғын анықтау үшін ҚПК-нің 223-бабында көзделген тәртіппен куәландыру жүргізілуге тиіс; одан әрі жеткізілген сәттен бастап үш сағаттан аспайтын мерзімде тергеуші нақты ұстап алынған уақытты минутына дейінгі дәлдікпен көрсете отырып, ұстап алу хаттамасын жасайды (131-баптың 2-бөлігі); жүргізілген ұстап алу туралы тергеуші ұстап алу хаттамасы жасалған сәттен бастап он екі сағат ішінде прокурорға жазбаша хабарлауға міндетті (131-баптың 3-бөлігі); ұстап алумен бір мезгілде ұстап алынған адамға жеке тінту жүргізіледі, оның нәтижелері ұстап алу хаттамасына енгізіледі (131-баптың 2-бөлігінің 4-тармағы, 132-бап); он екі сағат ішінде тергеуші оның отбасының кәмелетке толған мүшелерінің біріне, ал олар болмаған жағдайда басқа туыстарына немесе жақын адамдарына ұстап алынғаны туралы дереу хабарлауға немесе күдіктінің өзіне осындай хабарлауды жүзеге асыру мүмкіндігін беруге міндетті. Шетелдіктің ұстап алынғаны туралы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі арқылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі мен Қазақстан Республикасының Бас Прокурорының бірлескен бұйрығымен белгіленген тәртіппен осы мемлекеттің елшілігіне, консулдығына немесе өзге де өкілдігіне дереу, ал мұндай мүмкіндік болмаған жағдайда жиырма төрт сағат ішінде хабарлануға тиіс (135-бап); күдіктіден жауап алу ол ұстап алынған сәттен бастап жиырма төрт сағат ішінде жүргізілуге тиіс. Ұстап алу тәртібі мен оның мерзімдерін бұзу ұстап алу хаттамасы мен күдіктіден жауап алу хаттамасының қылмыстық іс бойынша дәлелдемелер көздері ретінде қарастырылмауына әкеп соғады.
Қылмыстық процестің міндеттерін шешуге, заңдылық және қылмыстық процестің өзге де қағидаттарын сақтауға ҚПК-де белгілі бір мерзімдерді тәуліктермен есептеу де ықпал етеді. Мысалы, прокурор шағымды алған сәттен бастап жеті тәулік ішінде оны қарауға және қабылданған шешім туралы шағым берген адамды хабардар етуге міндетті. Ұстап алу, тінту, алу, мүлікке тыйым салу, күдікті деп тану, күдіктінің іс-әрекетін саралау, лауазымынан шеттету кезіндегі заң бұзушылықтарға, сондай-ақ азаптауды, зорлық-зомбылықты, қорқытуды қолдануға немесе қорғау құқығын бұзуға қатысты шағымдар оларды алған сәттен бастап үш тәулік ішінде қаралуға тиіс. Шағымды тексеру үшін қосымша материалдарды талап ету немесе өзге де шараларды қабылдау қажет болған айрықша жағдайларда, бұл туралы шағым берген адамды хабардар ете отырып, шағымды он бес тәулікке дейінгі мерзімде қарауға жол беріледі (ҚПК-нің 105-бабының 2-бөлігі); сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталуы қылмыстық құқық бұзушылық туралы арызды, хабарды Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркеу не алғашқы кезек күттірмейтін тергеу әрекетін жүргізу болып табылады. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталғаны туралы прокурорға бір тәулік ішінде хабарланады (ҚПК-нің 179-бабының 1-бөлігі); басты сот талқылауы қысқартылған тәртіппен қарау кезінде оны тағайындау туралы қаулы шығарылған сәттен бастап үш тәуліктен ерте емес және он тәуліктен кешіктірілмей, ал жалпы тәртіппен қарау кезінде он бес тәуліктен кешіктірілмей, тараптарға сот отырысының өткізілетін орны мен уақыты туралы хабарланған сәттен бастап басталуға тиіс. Айрықша жағдайларда бұл мерзім судьяның қаулысымен ұзартылуы мүмкін, бірақ отыз тәуліктен аспауға тиіс (ҚПК-нің 322-бабының 4-бөлігі) және т.б.
Мерзімдерді айлармен есептеу қылмыстық процестің әртүрлі сатыларында іс жүргізуге көбірек тән. Бұл сатылар жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті зерттеу мақсатында әртүрлі процестік режимдерді қолданумен ерекшеленеді. Мысалы, бұлтартпау шараларын таңдау және қолдану мерзімдері қылмыстық істер бойынша айлармен есептелуі мүмкін, өйткені олар іс бойынша сот ісін жүргізудің қалыпты, ырғақты барысын қамтамасыз етеді және іс жүргізу мерзімдерімен тығыз байланысты. Мәселен, Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде арыз бен хабар тіркелген сәттен бастап есептелетін сотқа дейінгі тергеп-тексеру анықтау істері бойынша бір айдан, ал алдын ала тергеу істері бойынша екі айдан аспауға тиіс (ҚПК-нің 192-бабының 2-бөлігі); санкциялауға жататын жасырын тергеу әрекеті отыз тәуліктен аспайтын мерзімде жүргізіледі және т.б. (ҚПК-нің 236-бабының 1-бөлігі); іс апелляциялық тәртіппен, ерекшеліктерді қоспағанда, сотқа келіп түскен күннен бастап бір айдан кешіктірілмей қаралуға тиіс (425-бап); іс кассациялық сатыдағы сотқа берілген күннен немесе ұсыну, наразылық келіп түскен күннен бастап отыз тәулік ішінде қаралуға тиіс. Бұл мерзім істің күрделілігіне немесе көлемінің үлкендігіне, сондай-ақ басқа да дәлелді себептердің болуына байланысты кассациялық сатыдағы соттың қаулысымен әр жолы бір айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін (ҚПК-нің 492-бабының 3-бөлігі) және т.б.
ҚПК-де жылдармен есептелетін мерзімдерді реттеу де орынды болып табылады және тергелетін қылмыстық істердің ерекшеліктеріне (мысалы, көп эпизодты немесе әртүрлі облыстардың аумағында жасалған, көбінесе қылмыстық істер бойынша халықаралық құқықтық көмек көрсетуді талап ететін істер және т.б.), іс бойынша іс жүргізу аяқталғаннан кейін тергеу және сот қателіктерін түзету мүмкіндігіне байланысты негізделген. Мысалы, заңды күшіне енген ақтау үкімін, неғұрлым ауыр қылмыстық құқық бұзушылық туралы заңды қолдану қажеттілігі, жазаның жеңілдігі немесе сотталған адамның жағдайын нашарлатуға әкеп соғатын өзге де негіздер бойынша айыптау үкімін, не істі тоқтату туралы сот қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхатты, наразылықты, ұсынуды беру олардың заңды күшіне енген күнінен бастап бір жыл ішінде жол беріледі (ҚПК-нің 487-бабының 2-бөлігі); сот үкімі шығарылғанға дейін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша сотталғанның, ақталған адамның пайдасына айыптау үкімін немесе мүлікті тәркілеу туралы қаулыны қайта қарау ешқандай мерзімдермен шектелмейді (ҚПК-нің 501-бабының 1-бөлігі); ақтау үкімін, істі тоқтату туралы қаулыны қайта қарауға, сондай-ақ сотталған адамның жағдайын нашарлататын негіздер бойынша айыптау үкімін қайта қарауға қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімдері ішінде және жаңа мән-жайлар анықталған күннен бастап бір жылдан кешіктірілмей ғана жол беріледі (ҚПК-нің 501-бабының 3-бөлігі) және т.б.
Процестік мерзімдерді есептеудің жалпы тәртібіне ҚПК-нің 48-бабының 2–4-бөліктері арналған. Олардың мазмұны қылмыстық процестің ерекшеліктерін, оның нысанасын, міндеттері мен қағидаттарын, сондай-ақ формальды түрде айқындалған рәсімдердің күрделілігін, мерзімдердің көптігін және процестік мәжбүрлеу шараларын қолдануды ескеретінін қорытындылауға мүмкіндік береді. Сондықтан осы мерзімдерді есептеу кезінде олардан ерекшеліктерді қоспағанда, жұмыс істемейтін уақыт та әрдайым есепке алынады (ҚПК-нің 48-бабының 3-бөлігі). Жалпы алғанда, қылмыстық процесс саласына қатысты осы мәселе бойынша Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2012 жылғы 13 сәуірдегі № 2 «Қазақстан Республикасы Конституциясының конституциялық мерзімдерді есептеу мәселесі бойынша нормаларына ресми түсіндірме беру туралы» нормативтік қаулысын да басшылыққа алу қажет. Бұл қаулы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі К.К. Масимовтың Қазақстан Республикасы Конституциясының конституциялық мерзімдерді есептеу мәселесі бойынша нормаларына ресми түсіндірме беру туралы өтінішін қарау қорытындысы бойынша қабылданған. Оны зерделеу ұсынылады (ҚПК-нің 1-бабына түсініктемені қараңыз).
Заң процестік мәжбүрлеу шараларын қолдану кезінде мерзімдерді есептеуді ерекше атап көрсетеді (ҚПК-нің 48-бабының 2, 4, 5-бөліктері), өйткені бұл сотпен әлі сотталмаған адамдарға қатысты және аталған шараларды қолданудың басталу мерзімдерін дәл есептеу қажеттілігін туындатады. Мәселен, күдіктіні ұстап алу мән-жайларына қарамастан, анықтау органы немесе тергеуші оны ұстап алу хаттамасында басқа мәліметтермен қатар мыналарды көрсетуге міндетті: күдіктіні кімнің ұстағанын, ұстап алудың негіздері мен уәждерін, орнын, нақты ұстап алу және жеткізу уақытын (сағаты мен минутына дейінгі дәлдікпен); нақты (физикалық) ұстап алу және жеткізу уақытын сағаты мен минутына дейінгі дәлдікпен. Күдіктіні ұстап алу мерзімінің және ҚПК-де белгіленген ұстап алудың жалпы мерзімі шегіндегі өзге де мерзімдердің өтуі дәл осы сағат пен минуттан басталады. Бұл мерзім, әдетте, жетпіс екі сағаттан аспауға тиіс (133-баптың 2-бөлігі). Күзетпен ұстау, үйқамақ, сондай-ақ медициналық мекемеде немесе ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымында болу мерзімдерін есептеу кезінде мұндай жоғары дәлдік талап етілмейді, өйткені оларға осы шаралар қолданылған сәттен бастап алғашқы тәулік қосылады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне 2020 жылғы түсініктеме. Авторы: Марат Чекишевич Когамов, заң ғылымдарының докторы, Қазақстанның құрметті заңгері, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Арбитраждық Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар \