Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 36-бабына түсініктеме. Қылмыстық қудалауды жүзеге асырмауға мүмкіндік беретін мән-жайлар
1. Қылмыстық қудалау органы, сот тиісті мән-жайлар болған кезде өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 65-бабы бірінші бөлігінде, 66, 67-баптарында, 68-бабының екінші, үшінші бөліктерінде, 83-бабының бірінші, үшінші бөліктерінде, сондай-ақ 441, 442, 444—448, 453-баптарының ескертулерінде көзделген жағдайларда адамды қылмыстық жауаптылықтан босата отырып, қылмыстық қудалауды тоқтатуға құқылы. Мұндай жағдайларда сот адамның қылмыстық жауаптылықтан босатылуымен айыптау үкімін де шығаруға құқылы.
2. Мемлекеттік айыптаушы сотта қылмыстық қудалауды жүзеге асырмауға мүмкіндік беретін мән-жайларды анықтаған кезде айыпталушыны қылмыстық қудалаудан бас тартуға құқылы. Мемлекеттік айыптаушының мәлімдеген қылмыстық қудалаудан бас тартуы жеке айыптаушының қылмыстық іс материалдарын пайдалана отырып, айыпталушыны қылмыстық қудалауды жалғастыруына кедергі келтірмейді.
3. Қылмыстық іс тоқтатылғанға дейін күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға істі тоқтатудың негізі, оның құқықтық салдары және осы негіз бойынша істің тоқтатылуына қарсылық білдіру құқығы түсіндірілуге тиіс.
4. Қылмыстық істің тоқтатылғаны туралы жәбірленушіге және (немесе) оның өкіліне хабарланады, олар осы Кодексте көзделген тәртіппен прокурорға не сотқа қаулыға шағым жасауға құқылы.
5. Егер күдікті, айыпталушы, сотталушы немесе жәбірленуші бұған қарсылық білдірсе, осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген негіздер бойынша қылмыстық істі тоқтатуға жол берілмейді. Мұндай жағдайда іс бойынша іс жүргізу жалпы тәртіппен жалғастырылады.
6. Егер сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін сот депозитіне Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 69-бабында көзделген кепіл енгізілсе, сот адамды жазаны өтеуден кепілдік белгілеу арқылы босата отырып, айыптау үкімін шығаруға құқылы.
Сот іс бойынша басқа түпкілікті шешім қабылдаған жағдайда кепіл нысанасы оны енгізген адамға дереу қайтарылады. Кепіл нысанасы қайтарылған кезде оны сақтауды қамтамасыз етуге жұмсалған сома кепіл берушіден өндіріп алынбайды. Кепіл нысанасын қабылдау, бағалау, сақтау, қайтару, өткізу, өндіріп алуды оған қолдану және оны мемлекет кірісіне айналдыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
Адамды жазаны өтеуден кепілдік белгілеу арқылы босатуға, егер айыпталушы немесе жәбірленуші бұған қарсылық білдірсе, жол берілмейді.
Ескерту. 36-бапқа Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 7 қарашадағы № 248-V Заңымен (2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі); 2019 жылғы 1 сәуірдегі № 240-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 2019 жылғы 27 желтоқсандағы № 292-VI Заңымен (қолданысқа енгізу тәртібін 2-баптан қараңыз) өзгерістер енгізілді.
Заң шығарушы сотқа, прокурорға, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарына өз құзыреті шегінде адамды қылмыстық жауаптылықтан ақтамайтын негіздер бойынша босата отырып, қылмыстық істі тоқтатуға мүмкіндік беретін мән-жайлардың тобын бөліп көрсетеді. Аталған мән-жайлар ҚК-нің 5-бөлімінде көзделген және қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босату жағдайларын сипаттайды: шынайы өкінуіне байланысты (65-баптың 1-бөлігі); қажетті қорғаныс шегінен шығу кезінде (66-бап); процестік келісімнің талаптарын орындаған кезде (67-бап); жәбірленушімен немесе арыз берушімен татуласуына байланысты (68-баптың 2—3-бөліктері); кәмелетке толмағандарға қатысты (83-баптың 1, 3-бөліктері), сондай-ақ ҚК-нің 18-тарауының «Әскери қылмыстық құқық бұзушылықтар» жекелеген баптарының ескертулері түрінде көрініс тапқан негіздер бойынша.
ҚК-нің осы баптары бойынша қылмыстық істерді тоқтату шарттары жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың санатына байланысты болады. Барлық қылмыстық теріс қылықтар бойынша қылмыстық істі тоқтатуға сөзсіз жол беріледі. Ауыр және аса ауыр қылмыстар, оның ішінде олардың жекелеген түрлері, қылмыстық қызметтің ұйымдасқан сипаты бойынша қылмыстық істі тоқтатуға жол берілмейді. Мысалы, ҚК-нің 65-бабының 2-бөлігінде осы баптың бірінші бөлігінің ережелері террористік қылмыс, экстремистік қылмыс, қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыс, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс, адамға қарсы ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған адамдарға қолданылмайтыны, тиісті жағдайларда ҚК Ерекше бөлігінің тиісті баптарында арнайы көзделген жағдайларды қоспағанда, және т.б. көрсетілген. Арнайы көзделген жағдайлар Ерекше бөлімнің тиісті баптарына ескертулер түрінде беріледі. Мысалы, терроризм актісін дайындауға қатысқан адам, егер ол мемлекеттік органдарға уақтылы ескерту арқылы немесе өзге де тәсілмен терроризм актісінің алдын алуға ықпал етсе және оның әрекеттерінде өзге қылмыстың құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады (ҚК-нің «Терроризм актісі» деп аталатын 255-бабының ескертуі); қылмыстық топқа қатысуын өз еркімен тоқтатқан және қылмыстық топ жасаған немесе жасап жатқан қылмыстарды ашуға немесе жолын кесуге белсенді түрде жәрдемдескен адам, егер оның әрекеттерінде өзге қылмыстың құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады (ҚК-нің «Ұйымдасқан топты, қылмыстық ұйымды құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу» деп аталатын 262-бабының ескертуі, бұл ескерту ҚК-нің 263, 264, 265, 268-баптарына да қолданылады) және т.б.
ҚР ҚПК-нің 36-бабының 1-бөлігіне сәйкес, онда көрсетілген мән-жайлар бойынша қылмыстық істі тоқтату қылмыстық қудалау органының және соттың құқығы болып табылады, міндеті емес. Бұл ҚК-нің «Татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату» деп аталатын 68-бабының 1-бөлігінде және «Ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату» деп аталатын 71-бабының 1-бөлігінде көрсетілген жағдайларға қатысты емес. Аталған негіздер бойынша қылмыстық істі тоқтату қылмыстық процесті жүргізетін органдар үшін міндет болып табылады, ал жекелеген жағдайларда құқық болып табылады немесе оған жол берілмейді (ҚК-нің 68-бабының 2—4-бөліктері, 71-бабының 5—6-бөліктері). Мұндай процестік шешімдерді қабылдау қылмыстық процесті жүргізетін органнан ҚК-нің 68, 71-баптарында және ҚПК-нің 36-бабында көрсетілген қылмыстық-құқықтық және қылмыстық-процестік нұсқамаларды қатаң сақтауды және оларды әрдайым уәждеуді талап етеді.
3. Қылмыстық істі тоқтатуға әкеп соғатын мән-жайлардың ішінде процестік келісімнің ынтымақтастық туралы келісім нысанындағы талаптарын орындаған кезде қылмыстық жауаптылықтан босату ерекше орын алады (ҚК-нің 2016 жылғы 9 сәуірдегі Заң редакциясындағы 67-бабы). Бұл ретте ҚК-нің 67-бабында қылмыстық жауаптылықтан босату шарттары тікелей көзделмеген. Олар жалпы түрде, өйткені ынтымақтастық туралы процестік келісімнің әрбір ісінде тараптар айқындайтын орындалатын талаптардың сипаты әртүрлі болуы мүмкін, ҚПК-нің 618—621-баптарының нормаларымен реттелген. Жалпы алғанда, ынтымақтастық туралы процестік келісім (оның талаптары орындалған жағдайда) сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының, прокурордың, бірінші және өзге де сатылардағы соттың, оның ішінде сот шешімдерін орындау сатысындағы соттардың құзыреті мен өкілеттіктерін пайдалана отырып іске асырылады. Атап айтқанда, ынтымақтастық туралы процестік келісім жасасқан және оның талаптарын орындаған сотталған адамға қатысты прокурордың өтінішхаты бар іс келісімдік іс жүргізу тәртібімен қаралмайды, ҚПК-нің 476—478-баптарына сәйкес үкімді орындау тәртібімен қаралуға тиіс, — деп атап көрсетеді Жоғарғы Сот 2016 жылғы 7 шілдедегі № 4 жоғарыда аталған нормативтік қаулысының 30-тармағында.
Баяндалған мәнмәтінде Жоғарғы Сот сондай-ақ соттардың назарын келісімдік іс жүргізуде тек кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы процестік келісіммен сотқа келіп түскен қылмыстық істер, сондай-ақ кінәні мойындау туралы келісім басты сот талқылауы барысында немесе істі апелляциялық сатыда қарау кезінде жасалған істер ғана қаралатынына аударды (Жоғарғы Соттың 2016 жылғы 7 шілдедегі № 4 нормативтік қаулысы, 30-тармақ).
Кінәні мойындау туралы жасалған процестік келісім бойынша қылмыстық істі келісімдік іс жүргізу барысында тоқтату мүмкіндігіне қатысты Жоғарғы Сот мынадай түсініктеме берді: келісімдік іс жүргізуде ҚК-нің 68-бабының бірінші бөлігінде көзделген мән-жайлар анықталған кезде сот ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлігінің 12) тармағына және 626-бабы бірінші бөлігінің 4) тармағына сәйкес татуласуына байланысты қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы шығарады. Кінәні мойындау туралы келісімді келісімдік іс жүргізуде қарау қорытындылары бойынша соттың ҚПК-нің 36-бабында және ҚК-нің 68-бабының екінші және үшінші бөліктерінде көзделген негіздер бойынша істі тоқтату туралы қаулы шығаруына жол берілмейді. Бұл жағдайда сот адамның қылмыстық жауаптылықтан босатылуымен айыптау үкімін шығаруға немесе қылмыстық істі прокурорға қайтаруға құқылы (Жоғарғы Соттың 2016 жылғы 7 шілдедегі № 4 «Соттардың қылмыстық істерді келісімдік іс жүргізу тәртібімен қарау практикасы туралы» нормативтік қаулысы, 26-тармақ).
Осыған байланысты кінәні мойындау туралы мәміле нысанында жасалған процестік келісімдер бойынша қылмыстық істі тоқтату сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының, прокурордың құзыретіне кірмейді.
Қылмыстық істі тоқтату іс бойынша іс жүргізуді аяқтаудың нысаны ретінде өзіне қатысты іс жүргізіліп отырған адамның, сондай-ақ жәбірленушінің құқық субъектілігіне әсер етеді. Сондықтан заңдылық пен қылмыстық істі тоқтату туралы актінің негізділігі мүддесінде кез келген сатыда адамды ақтамайтын кез келген негіздер бойынша қылмыстық істі тоқтатуға, егер күдікті, айыпталушы, сотталушы немесе жәбірленуші бұған қарсылық білдірсе, жол берілмейді (ҚПК-нің 36-бабының 5-бөлігі). Күдікті, айыпталушы, сотталушы, әдетте, өздерін қылмыс жасауда кінәлі деп мойындамаған жағдайда қарсылық білдіреді. Жәбірленушінің қарсылық білдіру себептері әртүрлі болуы мүмкін. Адамды қылмыстық жауаптылықтан босату институтының нормалары қылмыстық құқық бұзушылықтан зардап шеккен жәбірленушінің қылмыстық сот ісін жүргізу ерекшеліктерінен туындайтын қайталама виктимизациясының алдын алуда елеулі рөл атқарады (мысалы, тергеу және сот әрекеттеріне қатысу, олар көбінесе қылмыстық құқық бұзушылық субъектісінің қатысу қажеттілігімен байланысты және т.б.). Сондықтан олардың көпшілігі қылмыстық құқық бұзушылықпен бұзылған барлық құқықтары толық қалпына келтірілген, оның ішінде келтірілген зиян нақты өтелген жағдайда қылмыстық істі тоқтату қажеттілігімен келіседі.
Осыған байланысты Жоғарғы Соттың 2001 жылғы 21 маусымдағы № 4 «Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 68-бабын қолдану жөніндегі сот практикасы туралы» нормативтік қаулысында келтірілген ескертулері өзекті болып табылады. Онда қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның жәбірленушіге, арыз берушіге келтірген және өтелуге жататын зиянның құрамына қылмыстық құқық бұзушылық салдарынан келтірілген кез келген зиян: моральдық, дене және мүліктік зиян жатқызылуға тиіс екені көрсетілген. Бұл ретте қылмыстық құқық бұзушылыққа байланысты тікелей ғана емес, жанама шығындар да, оның ішінде алдын ала тергеу мен сотқа қатысуға байланысты жұмсалған шығыстар, соның ішінде өкілге ақы төлеу шығындары да ескерілуге тиіс. Зиянды өтеу бүлінген мүлікті қалпына келтіру, ұрланған мүлікті қайтару немесе оған тең бағалы мүлік беру, ақшалай өтемақы төлеу, дәрі-дәрмек сатып алу, санаторий-курорттық жолдамалар беру, жәбірленушіден, арыз берушіден кешірім сұрау және заңмен тыйым салынбаған басқа да нысандарда көрініс табуы мүмкін (5-тармақ). Жәбірленушіге, арыз берушіге қандай нақты зиян келтірілгенін және оның қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам тарапынан толық көлемде өтелген-өтелмегенін мұқият анықтау қажет. Келтірілген зиян үшін өтемақы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның көзқарасы бойынша емес, жәбірленушінің, арыз берушінің көзқарасы бойынша жеткілікті болуға тиіс. Қылмыстық қудалау органдары мен сот жәбірленушінің, арыз берушінің өтелуге жататын зиян көлеміне қатысты талаптарын өзгертуге құқылы емес. Тараптар арасында зиянды өтеу көлеміне қатысты даудың болуы татуласудың болмағанын білдіреді және мұндай жағдайда қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам ҚК-нің 68-бабы негізінде қылмыстық жауаптылықтан босатылмайды. Зиянды өтеу нақты болуға, тараптар татуласқанға және қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамды қылмыстық жауаптылықтан босату туралы шешім қабылданғанға дейін жүзеге асырылуға тиіс. Жәбірленушінің, арыз берушінің қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамға зиянды өтеу туралы талаптарынан өз еркімен бас тартуы осы адамның зиянды өтеу міндетін орындамауы ретінде бағаланбайды және өздігінен тараптардың татуласуына кедергі бола алмайды. ҚК-нің 68-бабын қолдану үшін зиянның кімнің есебінен өтелгені маңызды емес: қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның өзі ме, әлде оның өтініші бойынша туыстары, басқа адамдар немесе ұйымдар ма (6-тармақ).
Татуласу жәбірленушінің өзіне қатысты қылмыс жасаған адамға қарсы қозғалған қылмыстық істі тоқтату туралы өтініш білдіруінен көрінеді. Жәбірленушінің ерік білдіруі жазбаша өтінішпен ресімделеді немесе алдын ала тергеу сатысында оның жауап алу хаттамаларында (бұл осы жағдайға арнайы арналған жеке хаттама да болуы мүмкін — автордың ескертпесі, М. К.) не сот отырысының хаттамасында көрсетіледі. Жәбірленуші, арыз беруші айыпталушыға (сотталушыға) қатысты материалдық талаптарының жоқтығына байланысты оған жазаны жеңілдету туралы өтінішхат берген кезде қылмыстық процесті жүргізетін орган қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам мен жәбірленуші, арыз беруші арасында татуласудың болған-болмағанын және ҚК-нің 68-бабын қолдану үшін қажетті өзге де негіздердің бар-жоғын анықтауға міндетті (7-тармақ). Жәбірленушінің, арыз берушінің татуласу құқығын жүзеге асыру кезінде ерікті және еркін түрде ерік білдіру фактісі іс бойынша дәлелдеу нысанасына кіреді. Жәбірленушінің, арыз берушінің кімнің тарапынан болса да мәжбүрлеу арқылы берілген татуласу туралы өтініші қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамды қылмыстық жауаптылықтан босатуға негіз бола алмайды. Тараптардың келісімімен туыстардың, достардың, әріптестердің, мемлекеттік ұйымдар немесе қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің және т.б. татуласу рәсіміне қатысуы өздігінен жәбірленушінің, арыз берушінің татуласу құқығын ерікті және еркін түрде жүзеге асыруына кедергі келтірмейді. Қылмыстық қудалау органдары мен сот қандай да бір мақсатта тараптардың татуласу процесіне қатысуға құқылы емес, олар тек жәбірленушіге, арыз берушіге және қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамға татуласу құқығын, негіздерін және тәртібін түсіндіруге тиіс (Жоғарыда аталған Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысының 8-тармағы).
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында қылмыстық істі тоқтатуға айыптау актісімен аяқталатын істер бойынша күдіктінің әрекетін саралау туралы қаулы шығарылғаннан кейін ғана жол беріледі. Қылмыстық істі прокурор айыптау актісімен өзіне келіп түскен істі зерделеу қорытындылары бойынша тоқтатуға құқылы. Прокурор онша ауыр емес қылмыстар бойынша бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулымен қылмыстық істі тоқтатуға құқылы. Осыған ұқсас түрде қылмыстық теріс қылық бойынша бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен аяқталған қылмыстық істі анықтау органының бастығы да оны зерделеу қорытындылары бойынша тоқтатуға құқылы (ҚПК-нің 301-бабы бірінші бөлігінің 2-тармағы, 302-бабы бірінші бөлігінің 4-тармағы, 528-бабы үшінші бөлігінің 2, 4-тармақтары, 629-3-бабы бірінші бөлігінің 2-тармағы, төртінші бөлігінің 2-тармағы). Дәл осы сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезеңінде қылмыстық құқық бұзушылықтың мән-жайлары толық анықталып, күдіктінің, айыпталушының жасаған әрекетіне көзқарасы айқындалады. Сот сатыларында бұл істі сот талқылауына дайындау кезінде, ал басты сот талқылауында сот үкім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін мүмкін болады. ҚПК-нің 36-бабында көзделген негіздер бойынша қылмыстық істі тоқтатудың мүмкіндігін негіздей отырып, Жоғарғы Сот жоғарыда келтірілген нормативтік қаулысында кассациялық сатыдағы сотта ҚК-нің 68-бабы негізінде қылмыстық жауаптылықтан босатуға бірінші немесе апелляциялық сатыдағы сотта ҚК-нің 68-бабын қолдануға негіз болатын мән-жайлар анықталған, алайда сот бұл заңды заңсыз немесе негізсіз қолданбаған жағдайда ғана жол берілетінін көрсетті (19-тармақ). Жоғарғы Соттың бұл ұстанымы жоғары тұрған соттарда адамды ақтамайтын басқа да негіздер бойынша қылмыстық істі тоқтату тәртібіне де тікелей қатысты деп пайымдауға болады және ҚПК-нің апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттарға ҚПК-нің 36-бабының 1-бөлігінде көрсетілген негіздер бойынша қылмыстық істі тоқтату құқығын реттейтін нормаларына сәйкес келеді (431-баптың бірінші бөлігінің 3-тармағы, 494-баптың жетінші бөлігінің 3-тармағы).
ҚПК-нің 36-бабының 2-бөлігіне сәйкес, мемлекеттік айыптаушының сот тергеуінің немесе сот жарыссөздерінің қорытындылары бойынша қылмыстық қудалаудан толық немесе ішінара бас тартуын, егер бұл адамды қылмыстық қудалауды жүзеге асырмауға мүмкіндік беретін мән-жайлардың анықталуына байланысты болса, құқық ретінде қарастыру қажет. Егер мұндай бас тартуды жәбірленуші қолдаса, сот бас тарту мәлімделген адамды ақтамайтын тиісті мән-жайға байланысты қылмыстық істі тоқтату туралы шешім қабылдайды (ҚПК-нің 23-бабы бірінші бөлігінің 9-тармағы, 337-бабының 6—7-бөліктері). Сонымен бірге мұндай жағдай туындағанның өзінде, егер жәбірленуші прокурордың ұстанымына қарамастан, өзі немесе өкілі арқылы прокурор бас тартқан айыптауды толық немесе ішінара одан әрі қолдауды жалғастыру ниетін білдірсе, сот қылмыстық істі тоқтатуға құқылы емес. Мұндай жағдайда іс бойынша іс жүргізу жалпы тәртіппен жалғастырылады және тиісті үкім түрін шығарумен аяқталады. Істің мұндай тәртіппен қаралуы қылмыстық процестегі тараптардың жарыспалылығы мен тең құқықтылығы қағидатының табиғатына қайшы келмейді және іс бойынша шындықты анықтауға бағытталған.
Кепілдік белгілеу арқылы жазадан босату шарттарына келетін болсақ, олар ҚК-нің 69-бабының, ҚПК-нің 36-бабының 6-бөлігінің нормаларымен айқындалған, адамның жазадан босатылуымен айыптау үкімінде көрініс табады және сот іс бойынша басшылыққа алуға тиіс мынадай жалпыға міндетті қағидалардан тұрады (ҚПК-нің 36-бабының 6-бөлігі).
Мұндай үкім шығарылғанға дейін сот тиісті негіздер болған кезде айыпталушының немесе жәбірленушінің адамды кепілдік белгілеу арқылы қылмыстық жауаптылықтан босатуға келісімін алуды әрдайым талап етеді.
Талданып отырған негіз сыбайлас жемқорлық қылмыстарын, террористік қылмыстарды, экстремистік қылмыстарды, қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстарды, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстарды жасаған адамдарға қатысты қолданылмайды. Оны қолдануға тек алғаш рет жасалған қылмыстық теріс қылықтар немесе алғаш рет жасалған, адам өліміне не денсаулыққа ауыр зиян келтіруге байланысты емес, оларды жасағаны үшін ҚК Ерекше бөлігінің тиісті бабында немесе бап бөлігінде негізгі жазаның өзге түрлерімен қатар айыппұл көзделген онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыстар бойынша ғана жол берілуі мүмкін. Негізінен, кепілдік белгілеу кепілгер болып табылатын жеке тұлғаның жасаған қылмыстық құқық бұзушылығы үшін көзделген айыппұлдың ең жоғары мөлшеріне тең мөлшерде кепіл енгізуінен тұрады. Қылмыстық теріс қылық жасаған кезде кепілдік мерзімі алты айдан бір жылға дейін; онша ауыр емес қылмыс жасаған кезде — бір жылдан екі жылға дейін; ауырлығы орташа қылмыс жасаған кезде — екі жылдан бес жылға дейін болады. Егер жазадан босатылған адам кепілдік кезеңінде жаңа қылмыстық құқық бұзушылық жасамаса, кепілдік мерзімі өткеннен кейін кепіл кепілгерге қайтарылады. Егер адам кепілдік кезеңінде жаңа қылмыстық құқық бұзушылық жасаса, сот жазадан босату туралы шешімнің күшін жояды және оған үкімдердің жиынтығы бойынша жаза тағайындау қағидаларына сәйкес жаза тағайындайды. Сонымен бірге сот үкімімен кепіл мемлекет кірісіне айналдырылады. (ҚПК-нің 145-бабының нормаларына түсініктемені де қараңыз).
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне 2020 жылғы түсініктеме. Авторы — Марат Чекишевич Қоғамов, заң ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген заңгері, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Заң қызметі Заң консультациясы Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулары Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар