Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабына түсініктеме. Іс бойынша іс жүргізуді болғызбайтын мән-жайлар
1. Қылмыстық іс:
1) қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасының болмауына байланысты;
2) әрекетте қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты;
3) егер рақымшылық жасау актісі жасалған әрекеттер үшін жазаны қолдануды жоятын болса, рақымшылық жасау актісінің салдарынан;
4) қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімінің өтуіне байланысты;
5) осы Кодекстің 32-бабының төртінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Кодекстің 32-бабының екінші және үшінші бөліктерінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша жәбірленушінің шағымының болмауына байланысты, сондай-ақ осы Кодекстің 32-бабының төртінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Кодекстің 32-бабының екінші бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша жеке айыптаушының айыптаудан бас тартуы не коммерциялық немесе өзге де ұйым басшысының немесе уәкілетті органның адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы арызды кері қайтарып алуы жағдайында;
6) жасалған әрекет үшін қылмыстық жауаптылықты жоятын заң қолданысқа енгізілген жағдайда не Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің осы қылмыстық іс бойынша қолданылуға жататын, әрекетті қылмыстық құқық бұзушылық ретінде саралауға байланысты заңды немесе өзге де нормативтік құқықтық актіні конституциялық емес деп тануы жағдайында;
7) адамға қатысты дәл сол айыптау бойынша заңды күшіне енген сот үкімі немесе қылмыстық қудалаудың мүмкін еместігін белгілеген, күші жойылмаған өзге де сот қаулысы болған жағдайда;
8) адамға қатысты дәл сол күдік бойынша қылмыстық қудалау органының қылмыстық қудалауды тоқтату туралы күші жойылмаған қаулысы болған жағдайда;
9) қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекетті есі дұрыс емес күйде жасаған адамға қатысты, оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану үшін іс бойынша іс жүргізу қажет болатын жағдайларды қоспағанда;
10) артықшылықтары немесе қылмыстық қудалаудан иммунитеті бар адамды қылмыстық жауаптылыққа тартуға уәкілетті органның немесе лауазымды адамның келісім беруден бас тартуына байланысты;
11) қайтыс болған адамға қатысты, қайтыс болған адамды ақтау немесе басқа адамдарға қатысты істі тергеп-тексеру, сондай-ақ заңсыз жолмен алынған, тәркіленуге жататын және келтірілген зиянның өтелуін қамтамасыз ететін мүлікті, ақшалай қаражатты және өзге де құндылықтарды анықтау үшін іс бойынша іс жүргізу қажет болатын жағдайларды қоспағанда;
12) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің ережелеріне сәйкес қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жататын адамға қатысты тоқтатылуға жатады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақтарында көзделген негіздер бойынша іс бойынша іс жүргізу қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасының немесе қылмыстық құқық бұзушылық құрамының жоқ екендігі дәлелденген кезде де, сондай-ақ қосымша дәлелдемелер жинаудың барлық мүмкіндіктері таусылған жағдайда олардың бар екендігі дәлелденбеген кезде де тоқтатылады.
3. Осы баптың бірінші бөлігінің 2) тармағында көзделген негіз бойынша іс бойынша іс жүргізу күдіктінің, айыпталушының немесе сотталушының зиян келтіруі құқыққа сай болған жағдайларда не әрекетті күдікті, айыпталушы немесе сотталушы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес оны қылмыстық құқық бұзушылық және қылмыстық жауаптылық деп тануды болғызбайтын мән-жайлар кезінде жасаған жағдайларда да тоқтатылуға жатады.
4. Егер арыз беруші қылмыстық құқық бұзушылықты жасаған адам ретінде тікелей көрсеткен адам (қорғалуға құқығы бар куә), күдікті, айыпталушы, сондай-ақ сотталушы немесе оның заңды өкілдері, ал осы баптың бірінші бөлігінің 11) тармағында көзделген жағдайларда осы Кодекстің 66-бабының екінші бөлігінде көрсетілген, адвокатпен қатар күдіктіні, айыпталушыны, сотталушыны қорғауды жүзеге асыруға құқығы бар адамдар осыған қарсылық білдірсе, осы баптың бірінші бөлігінің 3), 4) және 11) тармақтарында көрсетілген негіздер бойынша қылмыстық істі тоқтатуға жол берілмейді. Бұл жағдайда іс бойынша іс жүргізу жалғастырылады және оған негіздер болған кезде адамды жазадан немесе қылмыстық жауаптылықтан босата отырып, айыптау үкімін шығару арқылы аяқталады.
Осы баптың бірінші бөлігінің 3), 4), 9), 10) және 11) тармақтарында көрсетілген негіздер бойынша қылмыстық істі тоқтату туралы шешім қабылдау үшін жәбірленушінің немесе оның өкілінің келісімі талап етілмейді.
Қылмыстық істі тоқтату қылмыстық қудалауды бір мезгілде тоқтатуға әкеп соғады.
5. Әрекет жасалған кезде заңға сәйкес қылмыстық жауаптылық жүктелуі мүмкін жасқа толмаған адамға қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы шешім осы баптың бірінші бөлігінің 2) тармағында көрсетілген негіз бойынша қабылдануға жатады. Осы негіз бойынша әрекет жасалған кезде заңға сәйкес қылмыстық жауаптылық басталатын жасқа толғанымен, психикасының бұзылуымен байланысты емес психикалық дамуының кешеуілдеуіне байланысты өз әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) нақты сипаты мен қоғамдық қауіптілігін толық көлемде ұғына алмаған және оларды басқара алмаған кәмелетке толмаған адамға қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы шешім де қабылдануға жатады.
6. Қылмыстық қудалау органы қылмыстық қудалауды болғызбайтын мән-жайларды анықтаған кезде сотқа дейінгі іс жүргізудің кез келген сатысында қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы шығарады. Прокурор істі басты сот талқылауында қарау басталғанға дейін де оны соттан кері қайтарып алып, осы бапта көзделген негіздер бойынша тоқтатуға құқылы. Прокурор істі тоқтату үшін соттан кері қайтарып алғаннан кейін ол бойынша жаңа сотқа дейінгі іс жүргізуге және оны сотқа қайта жіберуге жол берілмейді.
7. Мемлекеттік айыптаушы сотта қылмыстық қудалауды болғызбайтын мән-жайларды анықтаған кезде айыптаудан бас тартатыны туралы мәлімдеуге міндетті. Мемлекеттік айыптаушының айыптаудан бас тарту туралы мәлімдемесі, егер жеке айыптаушы айыптауды қолдауды жалғастырса, қылмыстық істі қарауды жалғастыруға кедергі келтірмейді.
8. Сот қылмыстық қудалауды болғызбайтын мән-жайларды анықтаған кезде қылмыстық істі тоқтату мәселесін шешуге міндетті.
9. Қылмыстық қудалау органдары мен соттар қылмыстық істі тоқтатқан кезде адамның әрекеттерінде әкімшілік немесе тәртіптік (сыбайлас жемқорлық) құқық бұзушылық белгілері болған жағдайда, он тәулік ішінде әкімшілік немесе тәртіптік жауаптылыққа тарту мәселесін шешу үшін материалдарды уәкілетті органдарға (лауазымды адамдарға) жіберуге міндетті.
Түсіндіріліп отырған бап сотқа дейінгі тергеп-тексеру және іс бойынша сот өндірісі барысында қылмыстық істі тоқтату мәселелерін: шарттарын, негіздерін, дәйектілігі мен тәртібін реттейді. Қылмыстық істі тоқтату қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді аяқтаудың бір нысаны болып табылады, ал мұндай шешім қабылдау бір мезгілде қылмыстық қудалаудың тоқтатылуын бекітеді (ҚПК-нің 35-бабының 4-бөлігі, 46-бабы). Осыған байланысты ҚПК қылмыстық істі қозғау сатысының 1997 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексі қолданылған кезеңдегідей нысаны жойылуына байланысты оның нормаларының құрылымынан туындамайтын «бас тарту материалдары» деп аталатын институтты регламенттемейді. ҚПК-нің 35-бабының нормалары қылмыстық процесті жүргізетін органдардың қылмыстық-процестік қызметінде ерекше орын алады, өйткені оларды қолдану кезінде қылмыстық қудалау органдарының өндірісіндегі қылмыстық іс сот талқылауының нысанасына айналмайды, ал сотта жатқан іс сот үкімін шығарумен аяқталмайды. Демек, әңгіме қылмыстық процестің кез келген сатысында — қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында, басты сот талқылауында, апелляциялық және кассациялық тәртіппен іс жүргізу кезінде және т.б. туындауы немесе анықталуы мүмкін мән-жайлар туралы болып отыр. Егер мұндай мән-жайлар бар болса, оларды елемеуге болмайды, бұған заңмен тыйым салынған. Егер олар ескерілмесе, қылмыстық процесс мағынасыз әрі тіпті заңсыз болады. Қылмыстық істі тоқтату институтының нормаларын қолдану қылмыстық процесті жүргізетін органдардың күшін, қаражаты мен уақытын қажетсіз жұмсаудың алдын алады және азаматтарды қылмыстық процесс аясына негізсіз тартпайды.
ҚПК-нің 35-бабы қылмыстық процесті жүргізетін органдардың қылмыстық іс бойынша іс жүргізудің тиісті сатыларында өз құзыреті шегінде қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуға әкеп соғатын 12 негізді ажыратады. Негіздер болған кезде қылмыстық іс қылмыстық теріс қылықтар туралы істер бойынша да, қылмыстар туралы істер бойынша да тоқтатылуы мүмкін. Қылмыстық қудалау органдарынан айырмашылығы, сот қылмыстық істі қылмыстық процестің кез келген сатысында тоқтата алады.
Қылмыстық қудалауды болғызбайтын барлық мән-жайларды шартты түрде ақтайтын және ақтамайтын негіздерге бөлу қабылданған. Адамды ақтайтын, оның кінәсіздігін растайтын қылмыстық істі тоқтату негіздері ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлігінің 1), 2), 5), 6), 7), 8) тармақтарында көрсетілген (ҚПК-нің 37-бабының 1-бөлігі). Қалған барлық негіздер, тиісінше, адамды ақтамайтын негіздер болып табылады және оның қылмыс жасаудағы кінәлілігін растайды. Қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді болғызбайтын әрбір мән-жайды практикалық қызметте қолдану оларды жеке талдауды және жинақтауды қажет етеді. Олардың жиынтығы қылмыстық процесті жүргізетін органдардың қызметіндегі әрбір осындай мән-жайдың орнын нақты түсінуге мүмкіндік береді.
3. Сонымен, қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасының болмауы (ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлігінің 1) тармағы) іс бойынша іс жүргізуді болғызбайтын бірінші мән-жай ретінде бастапқыда қылмыстық құқық бұзушылық ретінде қабылданған оқиғаның себебі күдіктінің, айыпталушының, сотталушының әрекеттері (әрекетсіздігі) емес, табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардан, жануардың әрекеттерінен немесе жәбірленушінің өз әрекеттерінен туындаған өзге де себептер екенін білдіреді. Яғни бұл жағдайда біз қылмыстық құқық тұрғысынан қылмысты тікелей жасаушы субъектінің жоқтығына тап боламыз. Мысалы, адамдардың еркі мен қалауына тәуелсіз туындайтын табиғи апаттардың (цунами, дауыл, жер сілкінісі, су тасқыны, жанартаудың атқылауы және т.б.) салдарынан болған зардаптар үшін қылмыстық жауаптылық туындамайды. Сол сияқты адамға шабуыл жасап, оның денсаулығына зиян келтірген жануардың әрекеттерінде де қылмыстық құқық бұзушылық болмайды. Жазатайым оқиға орын алған кезде (мысалы, электр қуатын абайсыз пайдаланудан адамның қаза табуы, автокөлікті дұрыс басқара алмау салдарынан оның аударылуы және т.б.) немесе адамның өзіне-өзі қол жұмсауы жағдайында қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасы болмайды.
4. Қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауы қылмыстық қудалау органының қаулысында да, соттың ақтау үкімінде де көрсетіледі. Қылмыстық құқық бұзушылық құрамы (ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлігінің 2) тармағына түсіндірме) дәстүрлі түрде әрқайсысы белгілі бір объективтік және субъективтік белгілер жиынтығына ие төрт элементтен тұрады (объект, объективтік жағы, субъект, субъективтік жағы).
Қылмыстық құқық бұзушылықтың объектісі — бұл қылмыстық құқық бұзушылық қол сұғатын нәрсе, әдетте, аса құнды қоғамдық қатынастар. Объект бойынша Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлігінің тараулары аталады. Мысалы, ҚК-нің 1-тарауы «Жеке адамға қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар», 2-тарауы «Отбасына және кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар», 3-тарауы «Адамның және азаматтың конституциялық және өзге де құқықтары мен бостандықтарына қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар» және т.б.
Қылмыстық құқық бұзушылық құрамының объективтік жағы — бұл қылмыстық құқық бұзушылықтың қоршаған ортадағы сыртқы көрінісі, яғни әрекеттің өзі (немесе әрекетсіздік) және оның салдары, қылмыс жасалған уақыт, орын, тәсіл, жағдай, құралдар мен тәсілдемелер. Олар ҚК Ерекше бөлігінің бабы нормасының диспозициясында баяндалады (мысалы, ұрлық, яғни бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру — ҚК-нің 188-бабының 1-бөлігі) және ҚК Жалпы бөлігінің баптарында да көзделуі мүмкін. Мұндай мысал ретінде қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайларға қатысты ҚК Жалпы бөлігінің 54-бабының нормасын келтіруге болады. Оларға қылмыстық құқық бұзушылықты қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды, жарылғыш немесе оларды имитациялайтын құрылғыларды, арнайы дайындалған техникалық құралдарды, тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтарды, улы және радиоактивті заттарды, дәрілік және өзге де химиялық-фармакологиялық препараттарды пайдалана отырып, сондай-ақ күш қолдану немесе психикалық мәжбүрлеу арқылы не жалпыға қауіпті тәсілмен жасау жатады (ҚК-нің 54-бабы бірінші бөлігінің 10) тармағы).
Қылмыстық құқық бұзушылықтың субъектісі, яғни оны жасаушы немесе оған сыбайлас қатысушы мынадай қасиеттерге ие болуы тиіс: тек қана есі дұрыс адам болуы керек (есі дұрыс емес адам қылмыстық құқық бұзушылықтың субъектісі болып табылмайды), тек жеке тұлға болуы керек (заңды тұлғалар қылмыстық жауаптылыққа тартылмайды), сондай-ақ ҚК-де көзделген тиісті жасқа толуы қажет.
Жалпы ереже бойынша, қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін қылмыс жасалған кезде он алты жасқа толған адамдар қылмыстық жауаптылыққа жатады (ҚК-нің 15-бабының 1-бөлігі); ҚК-нің отыз бабы бойынша қылмыстық жауаптылық он төрт жастан басталады (ҚК-нің 15-бабының 2-бөлігі). Ақырында, жекелеген қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін қылмыс жасалған кезде кәмелетке толған, яғни он сегіз жасқа толған адамдар қылмыстық жауаптылыққа жатады (мысалы, сот төрелігіне қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар жасаған қылмыстық процесті жүргізетін органдардың лауазымды адамдары, әскери қылмыстық құқық бұзушылықтардың субъектілері, мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы сыбайлас жемқорлық және өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтардың субъектілері және т.б.).
Балалар қылмыстық заңнаманы бұзуға қабілетсіз деп есептелетін ең төменгі жасты белгілеу — БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясының 40-бабы 3-тармағының а) тармақшасының талабы (1989 жылғы 20 қарашадағы 44/25 қарар).
Қазіргі заманғы тәсілді қолдану баланың қылмыстық жауаптылыққа байланысты моральдық және психологиялық аспектілерді көтере алу қабілетін, яғни оның қабылдау және түсіну ерекшеліктерін ескере отырып, қоғамға анық қарсы мінез-құлқы үшін жауаптылыққа тартылу мүмкіндігін айқындауды білдіреді. Егер қылмыстық жауаптылық жасының шегі тым төмен деңгейде белгіленсе немесе мүлдем белгіленбесе, жауаптылық ұғымы мағынасыз болады, — деп БҰҰ-ның кәмелетке толмағандарға қатысты сот төрелігін жүзеге асыруға арналған ең төменгі стандарттық қағидаларының (Бейжің қағидалары) 4-тармағының 4.1-тармақшасына түсіндірмеде көрсетілген (БҰҰ Бас Ассамблеясының 1985 жылғы 29 қарашадағы 40/33 қарарымен қабылданған) (қараңыз: Адам құқықтары жөніндегі халықаралық актілер: Құжаттар жинағы. 2-басылым, толықтырылған. — М.: Норма, 2002, 297-б.).
Қылмыстық құқық бұзушылық құрамының субъективтік жағы — бұл адамның өзі жасаған қылмыстық құқық бұзушылыққа және оның салдарына психикалық, ішкі қатынасы (қасақаналық, абайсыздық, уәж (түрткі), мақсат (ұмтылыс). Кінә нысандары, уәж, мақсат ҚК Ерекше бөлігінің баптары нормаларының диспозицияларында баяндалады. Мысалы, абайсызда адам өліміне әкеп соғу (ҚК-нің 104-бабы), денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру (ҚК-нің 106-бабы). Алайда олар ҚК Жалпы бөлігінің баптары нормаларымен де реттелуі мүмкін. Мысалы, ауыр жеке, отбасылық немесе өзге де мән-жайлардың тоғысуы салдарынан не аяушылық уәжі бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасау (ҚК-нің 53-бабы бірінші бөлігінің 7) тармағы).
Рақымшылық жасау актісі (ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлігінің 3) тармағы) ел Парламенті тарапынан жеке-дара айқындалмаған адамдар тобына қатысты заң нысанында шығарылады. Рақымшылық жасау актісінің негізінде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдар қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босатылуы мүмкін. Рақымшылық жасау актісінің негізінде қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес не ауырлығы орташа қылмыс жасаған адамдар қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін. Қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес не ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдар жазадан босатылуы не оларға тағайындалған жаза қысқартылуы немесе жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстырылуы, не мұндай адамдар қосымша жаза түрінен босатылуы мүмкін. Ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдарға тағайындалған жаза мерзімі қысқартылуы мүмкін. Жазасын өтеген немесе оны одан әрі өтеуден босатылған адамдардың сотталғандығы рақымшылық жасау актісімен алып тасталуы мүмкін. Рақымшылық жасау актісі террористік қылмыстар, экстремистік қылмыстар, азаптаулар, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар жасаған адамдарға, мұндай қылмысты кәмелетке толмаған адамның он төрт жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адамға қатысты жасаған жағдайды қоспағанда, сондай-ақ қылмыстардың қайталануы немесе қауіпті қайталануы кезінде жаза тағайындалған адамдарға қолданылмайды (ҚК-нің 78-бабының 1, 2-бөліктері).
Әрекет жасалған күннен бастап ұзақ уақыт өткеннен кейін адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту мәнін жоғалтады, мақсатқа сай болмайды және қажетті профилактикалық әсер бермейді. Бұл тікелей жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың санатына байланысты. Осыған орай қылмыстық процесті жүргізетін органдар қылмыстық жауаптылықтан ескіру мерзімінің өтуіне байланысты босатуды реттейтін ҚК-нің 71-бабының ережелерін басшылыққа алуға тиіс (ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлігінің 4) тармағына түсіндірме). Егер адам қылмыстық құқық бұзушылық жасаған күннен бастап мынадай мерзімдер өтсе, ол қылмыстық жауаптылыққа тартылмайды: қылмыстық теріс қылық үшін — бір жыл; онша ауыр емес қылмыс үшін — екі жыл; ауырлығы орташа қылмыс үшін — бес жыл; ауыр қылмыс үшін — он бес жыл; аса ауыр қылмыс үшін — жиырма жыл. Заң бойынша өлім жазасы немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру тағайындалуы мүмкін қылмыс жасаған адамға ескіру мерзімін қолдану мәселесін сот шешеді. Егер сот ескіру мерзімінің өтуіне байланысты адамды қылмыстық жауаптылықтан босатуды мүмкін деп таппаса, өлім жазасы өмір бойына бас бостандығынан айырумен, ал өмір бойына бас бостандығынан айыру жиырма бес жыл мерзімге бас бостандығынан айырумен ауыстырылады. Бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігіне қарсы қылмыстар, сыбайлас жемқорлық қылмыстар, террористік қылмыстар, экстремистік қылмыстар, азаптаулар, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар, сондай-ақ жеке адамға, конституциялық құрылыс негіздеріне және мемлекет қауіпсіздігіне, қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке, экономикалық қызмет саласына қарсы аса ауыр қылмыстар жасаған адамдарға ескіру мерзімі қолданылмайды.
Жеке және жеке-жариялы қудалау мен айыптау істері бойынша істерді жүргізу тәртібі, коммерциялық немесе өзге де ұйымның арызы бойынша қылмыстық жауаптылыққа тарту мәселелері біз тарапымыздан ҚПК-нің 32—33-баптарының нормаларына түсініктеме беру кезінде жоғарыда қарастырылған болатын. Егер өзге негіздер болмаса (ҚПК-нің 32-бабының 4-бөлігі) және бұл ретте жәбірленушінің шағымы болмаса, жеке айыптаушы сотта айыптаудан бас тартса не коммерциялық ұйымның басшысы және т.б. адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы арызды кері қайтарып алса, онда іс бойынша одан әрі іс жүргізу де тоқтатылады (ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлігінің 5) тармағы).
ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлігінің 6) тармағы қылмыстық істі тоқтатудың екі дербес негізін реттейді.
Бірінші жағдайда қылмыстылық пен жазаланушылық әрекет жасалған уақытта қолданыста болған заңмен айқындалатынын негізге алу қажет. Сондықтан әрекеттің қылмыстылығын немесе жазаланушылығын жоятын, жауаптылықты немесе жазаны жеңілдететін не қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның жағдайын өзге де жолмен жақсартатын жаңа заңның кері күші болады, яғни мұндай заң қолданысқа енгізілгенге дейін тиісті әрекетті жасаған адамдарға, оның ішінде жазасын өтеп жүрген немесе жазасын өтегенімен, сотталғандығы бар адамдарға да қолданылады. Бұл мән-жай болған кезде қылмыстық іс міндетті түрде тоқтатылуға жатады.
Екінші жағдайда қылмыстық процестегі заңдылық қағидатының көрінісі туралы сөз болып отыр (ҚПК-нің 10-бабының 2-бөлігі). Оған сәйкес соттар Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді қолдануға құқылы емес. Егер сот қолданылуға жататын заң немесе өзге де нормативтік құқықтық акт Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп тапса, ол іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға және осы актіні конституциялық емес деп тану туралы ұсыныспен Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесіне жүгінуге міндетті. Сондықтан нақты қылмыстық іс бойынша қолданылуға жататын, әрекетті қылмыстық құқық бұзушылық ретінде саралауға байланысты заңның немесе өзге де нормативтік құқықтық актінің Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі тарапынан конституциялық емес деп танылуы жағдайында бұл іс те қарастырылып отырған негіз бойынша тоқтатылуға тиіс.
ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлігінің 7) және 8) тармақтары преюдиция жағдайларын сипаттайды, яғни жалпы ереже бойынша, дәл сол айыптау бойынша бұрын қабылданған түпкілікті сот процестік шешімдерінің заңды күшінің міндеттілігін және дауланбайтындығын не дәл сол күдік бойынша қылмыстық қудалаудың мүмкін еместігін бекітетін қылмыстық қудалау органдарының түпкілікті процестік шешімдерінің міндеттілігін білдіреді. ҚПК нормаларының тәртібімен және негізінде қылмыстық процесті жүргізетін органдар қылмыстық-құқықтық және қылмыстық-процестік баға беріп, тиісті қорытынды процестік шешімдер қабылдаған істер бойынша іс жүргізу заңға қайшы әрі қисынсыз болар еді.
Есі дұрыс еместік жағдайы (ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлігінің 9) тармағына түсіндірме), яғни адам созылмалы психикалық ауруы, уақытша психикалық бұзылуы, ақыл-есінің кемдігі немесе психикасының өзге де аурушаң жай-күйі салдарынан әрекет жасаған кезде өз әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) нақты сипаты мен қоғамдық қауіптілігін ұғына алмаған немесе оларды басқара алмаған жағдайда, сондай-ақ мұндай адамға қылмыстық жауаптылық жүктеу мәнсіз болады (ҚК-нің 16-бабының 1-бөлігі). Егер мұндай іс бойынша іс жүргізуді жалғастыруға негіздер болса, ол тек соттың есі дұрыс емес адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануы мақсатында ғана жүзеге асырылады (ҚК-нің 16-бабының 2-бөлігі, ҚПК-нің 509—524-баптары).
ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлігінің 10) тармағында көзделген мән-жай қылмыстық процесте қолсұғылмаушылыққа ие және Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты, Конституциялық Кеңестің Төрағасы мен мүшесі, судья, Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры лауазымдарын атқаратын не Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттар және Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттығына кандидаттар болып табылатын адамдарды қылмыстық қудалауға қатысты (ҚПК-нің 546—556-баптары). Бұл адамдардың қылмыстық процестегі құқықтық мәртебесі ҚПК-ден басқа конституциялық және өзге де заңдармен реттеледі. Бұл туралы біз ҚПК-нің 1-бабының нормаларына түсініктеме берген кезде жоғарыда назар аударған болатынбыз. Мұнда жоғарыда аталған адамдардың лауазымдарға тағайындалатынын немесе олардың қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясы мен конституциялық заңдарында белгіленген тәртіппен реттелетінін ескеру маңызды. Осыған байланысты қылмыстық процесті жүргізетін органдар жүгінген кезде оларды қылмыстық жауаптылыққа тартуға келісім беру мемлекеттік органдарға немесе оларды жоғарыда аталған лауазымдарға тағайындайтын адамдарға байланысты болады. Демек, мұндай келісімнің болмауы қылмыстық істі осы негіз бойынша тоқтатуға тең. Жоғарыда аталған адамдардың қолсұғылмаушылығы олардың конституциялық өкілеттіктерін орындау кезеңінде немесе белгілі бір мәртебеде болу уақытында ғана қолданылады. Өкілеттік мерзімі немесе белгілі бір мәртебеде болу мерзімі (Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат, Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттығына кандидат) аяқталғаннан кейін, егер ескіру мерзімдері өтпесе, бұл адамдар жалпы негіздерде қылмыстық жауаптылыққа тартылып, жазаға тартылуы мүмкін.
Қылмыстық құқық бұзушылық субъектісінің қайтыс болуы іс бойынша іс жүргізуді тоқтатудың дербес негізі болып табылады (ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлігінің 11) тармағы). Бұған қайтыс болған адамды ақтау немесе басқа адамдарға қатысты істі тергеп-тексеру, сондай-ақ заңсыз жолмен алынған, тәркіленуге жататын және келтірілген зиянның өтелуін қамтамасыз ететін мүлікті, ақшалай қаражатты және өзге де құндылықтарды анықтау үшін іс бойынша іс жүргізу қажет болатын жағдайлар кірмейді (сондай-ақ ҚПК-нің 499-бабының 2—3-бөліктерін, 667-бабының 1-бөлігін қараңыз). Осылайша, бұл негізге қылмыстық процестің екі институты қатысты: «Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді қайта бастау» (ҚПК-нің 499—508-баптарына түсініктемені қараңыз), «Үкім шығарылғанға дейін тәркілеу туралы іс жүргізу» (ҚПК-нің 667—672-баптарына түсініктемені қараңыз).
ҚК-нің 5-бөлімі қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босату мәселелерін реттейді. Олардың ішінде шын өкінуіне байланысты (65-бап), қажетті қорғаныс шегінен асып кеткен кезде (66-бап), процестік келісім талаптарын орындаған кезде (67-бап), жәбірленушімен, арыз берушімен татуласуына байланысты (68-бап), кепілгерлік белгіленуіне байланысты (69-бап), жағдайдың өзгеруіне байланысты (70-бап) және т.б. жағдайлар бар. Келтірілген барлық жағдайларда қылмыстық процесті жүргізетін орган осы баптар нормаларының диспозицияларында, сондай-ақ ҚПК-нің 35—36-баптарында көрсетілген қылмыстық-құқықтық және қылмыстық-процестік шарттар мен негіздердің жиынтығы сақталған кезде адамды қылмыстық жауаптылықтан босатуға құқылы (ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлігінің 12) тармағына түсіндірмені қараңыз). Жоғарыда аталған қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтатудың барлық негіздері адамды қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін ақтамайды.
ҚПК сотқа дейінгі сатыларда қылмыс оқиғасының дәлелденбеуіне және адамның қылмыстық құқық бұзушылық жасауға қатысуының дәлелденбеуіне байланысты тиісінше ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақтары бойынша қылмыстық істі тоқтатуға жол береді (ҚПК-нің 35-бабының 2-бөлігі). Алайда ҚПК басты сот талқылауы сатысында қылмыс оқиғасының дәлелденбеуі және адамның қылмыс жасауға қатысуының дәлелденбеуі сияқты қылмыстық істі тоқтатудың дербес негізін регламенттемейді (ҚПК-нің 343-бабы). Сонымен бірге ҚПК-ге сәйкес, егер қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасы, сондай-ақ сотталушының қылмыс жасауға қатысуы дәлелденбесе, сот ақтау үкімін шығара алады. Бұл соттың сотталушының кінәсіздігін тануын білдіреді және оның толық ақталуына әкеп соғады (ҚПК-нің 394-бабы 2-бөлігінің 1), 3) тармақтары, 3-бөлігі).
ҚПК-нің 35-бабының 3-бөлігінің ережелеріне сәйкес қылмыстық істі тоқтату кінәсіз зиян келтіру (ҚК-нің 23-бабы), қажетті қорғаныс (ҚК-нің 32-бабы), қолсұғушылық жасаған адамды ұстап алу кезінде зиян келтіру (ҚК-нің 33-бабы), аса қажеттілік (ҚК-нің 34-бабы), жедел-іздестіру, қарсы барлау іс-шараларын немесе жасырын тергеу әрекеттерін жүзеге асыру (ҚК-нің 35-бабы), негізді тәуекел (ҚК-нің 36-бабы), дене күші немесе психикалық мәжбүрлеу (ҚК-нің 37-бабы), бұйрықты немесе өкімді орындау (ҚК-нің 38-бабы) фактілері анықталған кезде орын алуы мүмкін. Келтірілген барлық жағдайларда қылмыстық құқық бұзушылық құрамының жоқ екендігі анықталады және қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуға негіздер пайда болады.
ҚПК-нің 35-бабының 4-бөлігінде көзделген қағидалар демократиялық сипатқа ие және рақымшылық жасау актісінің салдарынан, ескіру мерзімінің өтуіне байланысты немесе қайтыс болған адамға қатысты қылмыстық істі тоқтатудың заңдылығы мен негізділігін күшейтуге бағытталған (ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 11) тармақтары). Осы негіздер бойынша қылмыстық істі тоқтатуға қарсылық білдіру құқығы іс жүзінде ҚПК-нің 35-бабының 4-бөлігінде көрсетілген адамдардың (немесе олардың заңды өкілдерінің) қылмыстық құқық бұзушылық субъектісінің кінәсін мойындамауын және мұны сот тергеуінде дәлелдеуге ниетті екенін білдіреді. Бұл жағдайда іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру әдеттегі тәртіппен жалғастырылады, ал іс сотқа түскен кезде негіздер болған жағдайда сотталған адамды қылмыстық жауаптылықтан немесе жазадан босата отырып, айыптау үкімін шығарумен аяқталады (ҚПК-нің 393-бабы).
ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлігінің 3)—4), 9)—11) тармақтарында көрсетілген, пайда болуы тараптардың ерік білдіруіне байланысты емес іс бойынша іс жүргізуді тоқтату негіздерінің ерекшелігі жәбірленушінің немесе оның өкілінің қылмыстық қудалау органының осындай шешім қабылдауына келісімін алуды талап етпейді.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру және сот талқылауы барысында ҚПК-нің 113-бабында көзделген дәлелденуге жататын мән-жайлардан басқа, кәмелетке толмағандарға қатысты істер бойынша кәмелетке толмаған адамның жасы (туған күні, айы, жылы) да анықталуға жатады (ҚПК-нің 531-бабының 1) тармағы). Мұның қаншалықты маңызды екенін қылмыстық істі тоқтатудың дербес негізі болып табылатын және тиісті субъектінің болмауына байланысты қылмыс құрамының жоқтығын білдіретін ҚПК-нің 35-бабының 5-бөлігінде көзделген мән-жай көрсетеді. Қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық жауаптылық басталатын жас ҚК-де белгіленген (ҚК-нің 15-бабы, сондай-ақ ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлігінің 2) тармағына түсіндірмені қараңыз) және, әдетте, адамның жеке басын куәландыратын құжаттармен расталады. ҚПК барлық жағдайларда айыпталушының жеке басын куәландыратын құжаттарды қылмыстық іс материалдарына қоса тіркеуді талап етеді: Қазақстан Республикасы азаматының паспорты, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі, Қазақстан Республикасындағы шетелдіктің тұруға ықтиярхаты, азаматтығы жоқ адамның куәлігі, Қазақстан Республикасының дипломатиялық паспорты, Қазақстан Республикасының қызметтік паспорты, босқын куәлігі, теңізшінің жеке куәлігі, шетелдік паспорт, жүргізуші куәлігі, қайтып оралуға арналған куәлік, әскери билет, туу туралы куәлік (жеке куәлік алуға жасына толмаған адам үшін), туу туралы актілік жазба (ҚПК-нің 300-бабының 3-бөлігі).
ҚПК прокурордың тиісті негіздер болған кезде сотқа дейінгі іс жүргізудің кез келген сатысында қылмыстық істі тоқтатуына, сондай-ақ қылмыстық қудалауды болғызбайтын мән-жайлар болған кезде сотта мемлекеттік айыптауды қолдаудан бас тартатыны туралы мәлімдеуіне ерекше назар аударады (ҚПК-нің 35-бабының 6—7-бөліктері). Оның үстіне прокурордың істі сотта тыңдауға дайындау кезінде және басты сот талқылауы басталғанға дейін қылмыстық істі соттан кері қайтарып алуы осы іс бойынша жаңа сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізуге және оны сотқа қайта жіберуге тыйым салуды білдіреді. Қылмыстық қудалауды болғызбайтын мән-жайларды анықтау қылмыстық сот ісін жүргізудің кез келген сатысында, тіпті істі апелляциялық немесе кассациялық тәртіппен қарау кезінде де қылмыстық істің міндетті түрде тоқтатылуын көздейді (ҚПК-нің 436-бабы 3-бөлігінің 1) тармағы, 494-бабы 7-бөлігінің 3) тармағы). ҚПК-нің 436-бабы 3-бөлігінің 1) тармағында сот ҚПК-нің 35-бабында көзделген негіздер болған кезде қылмыстық істі тоқтатпаған жағдайда үкімнің, қаулының апелляциялық сот тарапынан кез келген жағдайда күшін жоюға жататыны көрсетілген және т.б.
ҚПК-нің 35-бабының 9-бөлігінің нормалары ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлігінің 2) тармағының нормаларымен тығыз байланысты және іс бойынша іс жүргізу барысында адамның әрекеті өзінің маңыздылығы бойынша қылмыстық құқық бұзушылық құрамының деңгейіне жетпейтіні дәлелденген жағдайда, қылмыстық қудалау жүргізілген адамға қатысты әкімшілік немесе тәртіптік ықпал ету шараларын сөзсіз қолдануды білдіреді. Қылмыстық процесті жүргізетін органның осындай адамға қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы шешімі мен материалдары ол қабылданған сәттен бастап он тәулік ішінде уәкілетті органдарға (лауазымды адамдарға) жіберіледі. Бұл қылмыстық процесс нәтижелерінің өзектілігі мен сабақтастығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, сондай-ақ іс бойынша іс жүргізу тоқтатылған адамның тарапынан қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында қажет.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексіне 2020 жылғы түсініктеме. Авторы: Марат Чекишевич Қоғамов, заң ғылымдарының докторы, Қазақстанның құрметті заңгері, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар