Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / Кодекстер / Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 54-бабына түсініктеме. Қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 54-бабына түсініктеме. Қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар

АMANAT партиясы және Заң және Құқық адвокаттық кеңсесінің серіктестігі аясында елге тегін заң көмегі көрсетілді

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 54-бабына түсініктеме. Қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар

1. Қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар деп мыналар танылады:

1) қылмыстық құқық бұзушылықтардың бірнеше рет жасалуы, қылмыстардың қайталануы, қылмыстардың қауіпті қайталануы;

2) қылмыстық құқық бұзушылықпен ауыр зардаптар келтіру;

3) қылмыстық құқық бұзушылықты адамдар тобының, алдын ала сөз байласқан адамдар тобының, қылмыстық топтың құрамында жасау;

4) қылмыстық құқық бұзушылықты жасаудағы аса белсенді рөл;

5) кінәлі адамға көрінеу белгілі болғандай, ауыр психикалық, мінез-құлықтық бұзылудан (аурудан) зардап шегетін адамдарды не қылмыстық жауаптылық басталатын жасқа толмаған адамдарды қылмыстық құқық бұзушылық жасауға тарту;

6) қылмыстық құқық бұзушылықты ұлттық, нәсілдік және діни өшпенділік немесе араздық уәжі бойынша, басқа адамдардың заңды әрекеттері үшін кек алу мақсатында, сондай-ақ басқа қылмыстық құқық бұзушылықты жасыру немесе оны жасауды жеңілдету мақсатында жасау;

7) қылмыстық құқық бұзушылықты кінәлі адамға көрінеу белгілі болғандай, жүкті күйдегі әйелге, сондай-ақ жас балаға, басқа да қорғансыз немесе дәрменсіз адамға не кінәлі адамға тәуелді адамға қатысты жасау;

8) қылмыстық құқық бұзушылықты адамның өзінің қызметтік, кәсіптік немесе қоғамдық борышын орындауына байланысты сол адамның өзіне немесе оның жақындарына қатысты жасау;

9) қылмыстық құқық бұзушылықты ерекше қатыгездікпен, садизммен, қорлаумен, сондай-ақ жәбірленуші үшін азап шектірумен жасау;

10) қылмыстық құқық бұзушылықты қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды, жарылғыш немесе оларды имитациялайтын құрылғыларды, арнайы дайындалған техникалық құралдарды, тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтарды, улы және радиоактивті заттарды, дәрілік және өзге де химиялық-фармакологиялық препараттарды пайдалана отырып, сондай-ақ физикалық немесе психикалық мәжбүрлеуді қолдану арқылы не жалпыға қауіпті тәсілмен жасау;

11) қылмыстық құқық бұзушылықты төтенше жағдай, төтенше ахуал жағдайларында, сондай-ақ жаппай тәртіпсіздіктер барысында жасау;

12) қылмыстық құқық бұзушылықты алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде жасау. Сот қылмыстық құқық бұзушылықтың сипатына қарай бұл мән-жайды ауырлататын мән-жай деп танымауға құқылы;

13) қылмыстық құқық бұзушылықты осы арқылы өзі қабылдаған антты немесе кәсіптік антын бұзған адам жасау;

14) қылмыстық құқық бұзушылықты кінәлі адамға оның қызметтік жағдайына немесе шартқа байланысты көрсетілген сенімді пайдалана отырып жасау;

15) қылмыстық құқық бұзушылықты билік өкіліне тиесілі нысанды киімді немесе құжаттарды пайдалана отырып жасау;

16) қылмыстық құқық бұзушылықты құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органның қызметкері, судья өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып жасау.

2. Егер осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген мән-жай Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлігінің тиісті бабында қылмыстық құқық бұзушылықтың белгісі ретінде көзделсе, ол жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жай ретінде қайтадан ескерілмейді.

3. Жаза тағайындау кезінде сот осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілмеген мән-жайларды ауырлататын мән-жайлар деп тани алмайды.

Қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайларды анықтау жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың және оны жасаған адамның жеке басының қоғамдық қауіптілігінің жоғары екендігін куәландырады. Бұл сотқа жасалған әрекет сараланған баптың санкциясы шегінде жазаның неғұрлым қатаң түрі мен мөлшерін қолдануға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Қылмыстық жаза тағайындаудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 5-тармағының 2-абзацында: «Сот жаза тағайындау кезінде үкімде әрбір сотталушыға қатысты оның жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды міндетті түрде көрсетуге тиіс» деп көрсетілген.

Қылмыстық құқық бұзушылықтардың бірнеше рет жасалуы, қылмыстардың қайталануы, қылмыстардың қауіпті қайталануы

Қылмыстық құқық бұзушылықты бірнеше рет жасау қылмыскердің қоғамға жат көзқарастарының тұрақтылығын, оның қоғамдық қауіптілігінің жоғары екенін көрсетеді. Бұл ретте қауіптілік адамның түзелу жолына түскісі келмейтіндігінде және бір құқық бұзушылықты жасағаннан кейін қайтадан қылмыстық құқық бұзушылық жасайтындығында.

Қылмыстық құқық бұзушылықтардың бірнеше рет жасалуы ҚК-нің 12-бабының 1-бөлігіне сәйкес ҚК-нің Ерекше бөлігінің бір және сол бабы немесе бабының бір бөлігі бойынша көзделген екі немесе одан да көп әрекетті жасаудан тұрады (ҚК-нің 12-бабына түсініктемені қараңыз).

ҚК-нің Ерекше бөлігінің қасақана жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін жауаптылықты көздейтін жекелеген нормаларында бірнеше рет жасалу саралаушы немесе аса саралаушы белгі ретінде танылады. ҚК-нің 54-бабы 1-бөлігінің 1) тармағында көзделген қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жай ретіндегі қылмыстық құқық бұзушылықтардың бірнеше рет жасалуының болуы ҚК-нің 12-бабының 1-бөлігінде бекітілген бірнеше рет жасалу ұғымына сәйкес айқындалады. Екі немесе одан да көп қылмыс жасағаны үшін (олар бірнеше рет жасалған немесе нақты жиынтықты құраған кезде) сот үкімімен кінәлі деп танылған адам алғаш рет қылмыс жасаған адам деп таныла алмайды.

Қылмыстардың қайталануы ерекше қоғамдық қауіптілік туғызады, өйткені бұл адамның түзелмегенін және қайтадан қылмыс жасау жолына түскенін көрсетеді. ҚК-нің 14-бабына сәйкес қылмыстардың жай қайталануы және қауіпті қайталануы ажыратылады (ҚК-нің 14-бабына түсініктемені қараңыз).

Қылмыстардың қайталануы жаза тағайындау кезінде, егер адамның өтелмеген немесе алынбаған соттылығы болып, ол қайтадан өзінде қайталанудың кез келген түрін тануға негіз болған қылмыс жасаған жағдайда ғана ауырлататын мән-жай деп танылуы мүмкін. Бұл ҚК-нің 14-бабының 3-бөлігінде және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 25 желтоқсандағы «Соттардың қылмыстардың қайталануы туралы заңнаманы қолдануы туралы» нормативтік қаулысында көрсетілген (ҚК-нің 14-бабына түсініктемені қараңыз).

Қылмыстардың қайталануы және қылмыстардың қауіпті қайталануы ҚК-нің 14-бабының 4-бөлігінде көзделген негіздер мен шектерде неғұрлым қатаң жазаға әкеп соғады, оны тағайындау тәртібі ҚК-нің 59-бабында айқындалған.

Бұрын қандай да бір қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның қылмыстық құқық бұзушылық жасауы, егер бірінші қылмыстық құқық бұзушылық бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімі өтіп кетсе, соттылығы заңда белгіленген тәртіппен алынса немесе өтелсе не заңмен бұрын жасалған әрекеттің қылмыстылығы жойылса, сондай-ақ адам ҚК-нің Жалпы бөлігінде көзделген негіздер бойынша қылмыстық жауаптылық пен жазадан босатылған жағдайларда жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жай ретінде қарастырылмайды (ҚР ЖС «Қылмыстық жаза тағайындаудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 5-тармағы).

Қылмыстық құқық бұзушылықпен ауыр зардаптар келтіру

Ауыр зардаптар қасақана жасалған қылмыстарды да, абайсызда жасалған қылмыстарды да жасау кезінде туындауы мүмкін, сондықтан кінәнің нысанына қарамастан, бұл мән-жай ауырлататын мән-жай деп танылуы мүмкін. Ол үшін сот жасалған әрекет пен туындаған зардаптар арасындағы байланысты анықтауға тиіс.

Зардаптардың ауырлығы әрекеттің қоғамдық қауіптілік дәрежесін бағалауға елеулі ықпал етеді: зардаптар неғұрлым ауыр болса, жасалған әрекет қоғам үшін соғұрлым қауіпті болады. Зардап қылмыс құрамының белгілерімен қамтылған жағдайда да, осы құрамның шегінен шыққан жағдайда да ауыр деп танылуы мүмкін. Егер зардап қылмыс құрамына кіретін болса, онда ол әрекетті ҚК-нің Ерекше бөлігінің тиісті бабы бойынша саралау үшін қажетті және жеткілікті залалдың ең төменгі мөлшерінен оның нақты көлемі едәуір асып кеткен жағдайларда ғана ауыр деп танылады.

Ауыр зардаптар ретінде қылмыстық әрекетпен тікелей келтірілген зардаптар ғана емес, егер олар адамның әрекеттерімен себептік байланыста болса, одан неғұрлым кейін туындаған зардаптар да танылуы мүмкін. Мысалы, тамақсыз және қараусыз қалдырылған жаңа туған нәрестенің өлімі жаңа туған баласын өлтіргені үшін (ҚК-нің 100-бабы) соттау кезінде ауыр зардап ретінде қарастырылуға тиіс.

Ауыр зардаптар ұғымы ҚК-нің 3-бабының 4) тармағында берілген (ҚК-нің 3-бабына түсініктемені қараңыз).

Қылмыстық құқық бұзушылықты адамдар тобының, алдын ала сөз байласқан адамдар тобының, қылмыстық топтың құрамында жасау

Қылмыстық топ мүшелеріне жаза олардың қылмыстық рөліне, топ құрамындағы қатысу дәрежесіне сәйкес дараландырылады.

Қылмыстық топ құрған немесе оған басшылық жасаған адам ҚК-нің Ерекше бөлігінің тиісті баптарында көзделген жағдайларда қылмыстық топты ұйымдастырғаны және оған басшылық жасағаны үшін, сондай-ақ қылмыстық топ жасаған, егер олар оның қасақаналығымен қамтылса, барлық қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылады (ҚК-нің 31-бабының 4-бөлігі). Қылмыстық топтың басқа қатысушылары ҚК-нің Ерекше бөлігінің тиісті баптарында көзделген жағдайларда оған қатысқаны үшін, сондай-ақ өздері дайындауға немесе жасауға қатысқан қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылықта болады (ҚК-нің 31-бабының 5-бөлігі).

ҚК-нің Ерекше бөлігінің көптеген баптарында, әсіресе қасақана жасалған қылмыстар үшін жауаптылықты көздейтін баптарда адамдар тобы, алдын ала сөз байласу, қылмыстық топ қылмыс құрамының саралаушы және аса саралаушы белгілері ретінде танылады. Сонымен бірге ҚР ҚК-нің Ерекше бөлігінде көзделген кейбір қылмыс құрамдарының диспозицияларында аталған мән-жайлар қылмыс белгілері ретінде қамтылмаған, сондықтан олар ауырлататын мән-жайлар деп танылуы мүмкін (ҚК-нің 105-бабы «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу»; ҚК-нің 110-бабы «Қинау»; ҚК-нің 123-бабы «Жыныстық қатынасқа түсуге, еркек пен еркектің жыныстық қатынасына, әйел мен әйелдің жыныстық қатынасына немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттерге мәжбүрлеу», ҚК-нің 124-бабы «Он алты жасқа толмаған кәмелетке толмаған адамдарды азғындық жолға түсіру»).

Қылмыстық құқық бұзушылықты жасаудағы аса белсенді рөл

Бұл ауырлататын мән-жай қылмыстық құқық бұзушылық сыбайлас қатысу арқылы жасалған жағдайларда ғана орын алуы мүмкін. Қатысушылардың (ұйымдастырушының, орындаушының, көмектесушінің, айдап салушының) біреуінің белсенділік дәрежесі әрбір нақты жағдайда істің барлық мән-жайлары ескеріле отырып белгіленеді. Алайда заң жалпы белсенді рөлді емес, қылмыстық құқық бұзушылықты жасаудағы аса белсенді рөлді атайды. Қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысушылардың әрқайсысының рөлі жасалған әрекеттің мән-жайларын зерттеу кезінде де, олардың жеке басын зерттеу кезінде де анықталуға тиіс. Кінәлінің аса белсенді рөлі қылмыс жасаудың кез келген сатысында (қылмысқа дайындалу немесе оқталу кезінде не аяқталған қылмыстық құқық бұзушылық кезінде) көрініс табуы және осындай деп танылуы мүмкін.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2001 жылғы 21 маусымдағы «Соттардың бандитизм және сыбайлас қатысумен жасалған басқа да қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін жауаптылық туралы заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 19-тармағында да: «Соттар істің барлық мән-жайларын және сотталушылардың жеке басы туралы деректерді, олардың қылмыстық топты ұйымдастырудағы және оның қызметіндегі рөлі мен қатысу дәрежесін, олардың әрекеттері нәтижесінде туындаған зардаптардың ауырлығын және жаза тағайындау кезінде маңызы бар басқа да мән-жайларды мұқият анықтап, ескеруге тиіс» деп көрсетілген.

Кінәлі адамға көрінеу белгілі болғандай, ауыр психикалық бұзылудан зардап шегетін адамдарды не қылмыстық жауаптылық басталатын жасқа толмаған адамдарды қылмыстық құқық бұзушылық жасауға тарту

Бұл ауырлататын мән-жай кінәлі адамның ауыр психикалық бұзылуынан зардап шегетін немесе қылмыстық жауаптылық басталатын жасқа толмаған адамдарды қылмыстық құқық бұзушылық жасауға көрінеу қасақана тартуымен байланысты. Мұндай адамдар өздерінің әрекеттерінің сипаты мен маңызын түсіне алмайды, бұл қоғамдық қауіптілікті арттыратын және жазаға ықпал ететін фактор болып табылады.

ҚК-нің 28-бабының 2-бөлігінде орындаушы деп қылмыстық құқық бұзушылықты тікелей жасаған не оны басқа адамдармен (қоса орындаушылармен) бірлесіп жасауға тікелей қатысқан адам, сондай-ақ ҚК-де көзделген жасына, есінің дұрыстығына немесе өзге де мән-жайларға байланысты қылмыстық жауаптылыққа жатпайтын адамдарды, сол сияқты абайсызда әрекет жасаған адамдарды пайдалану арқылы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам танылатыны айтылған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2002 жылғы 11 сәуірдегі «Кәмелетке толмағандардың қылмыстық құқық бұзушылықтары және оларды қылмыстық құқық бұзушылықтар мен өзге де қоғамға жат әрекеттер жасауға тарту жөніндегі істер бойынша сот практикасы туралы» нормативтік қаулысының 27-тармағында да кәмелетке толмаған адамды қылмыстық құқық бұзушылық жасауға тартқан және оған қатысқан ересек адамның әрекеттері жасөспіріммен сыбайлас қатысу арқылы нақты қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін, сондай-ақ оны қылмыстық құқық бұзушылық жасауға тартқаны үшін жауаптылықты көздейтін ҚК баптарының жиынтығы бойынша саралануға тиіс екені атап көрсетілген. Бұл ретте қылмыстық жауаптылық басталатын жасқа толмаған адаммен бірлесіп жасалған қылмыстық құқық бұзушылық адамдар тобы жасаған құқық бұзушылық ретінде сараланбайды. Мұндай жағдайларда ҚК-нің 28-бабының 2-бөлігіне сәйкес қылмыстық құқық бұзушылықтың орындаушысы деп кәмелетке толмаған адамды қылмыстық құқық бұзушылық жасауға тартқан ересек адам танылуға тиіс.

Қылмыстық құқық бұзушылықты ұлттық, нәсілдік және діни өшпенділік немесе араздық уәжі бойынша, басқа адамдардың заңды әрекеттері үшін кек алу мақсатында, сондай-ақ басқа қылмыстық құқық бұзушылықты жасыру немесе оны жасауды жеңілдету мақсатында жасау

ҚР Конституциясының 14-бабында заң мен сот алдында барлығының теңдігі қағидаты бекітілген, оған сәйкес ешкімді де шығу тегі, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайы, жынысы, нәсілі, ұлты, тілі, дінге көзқарасы, нанымы, тұрғылықты жері немесе кез келген өзге де мән-жайлар бойынша кемсітуге болмайды. Осыған ұқсас ереже ҚК-нің 15-бабының 4-бөлігінде де қамтылған.

Бұдан басқа, ҚР ҚК-де адам мен азаматтың тең құқықтылығын бұзғаны үшін жауаптылық көзделген (ҚК-нің 145-бабы), ал қылмыс құрамдарының кейбірінде әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік, діни өшпенділік немесе араздық уәжі бойынша әрекет жасау ауырлататын мән-жай ретінде қарастырылған (ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 11) тармағы, 106-бабы 2-бөлігінің 8) тармағы, 107-бабы 2-бөлігінің 6) тармағы және басқалары). Тең құқықтылықты бұзудың бірқатар түрлері қылмыстық құқық бұзушылықтардың саралаушы белгілері ретінде көзделген: ҚК-нің 293-бабы 2-бөлігінің 2) тармағы — бұзақылық, ҚК-нің 410-бабының 2-бөлігі — судьяны және (немесе) алқабиді қорлау, ҚК-нің 411-бабы — судьяға және (немесе) алқабиге, прокурорға, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға, сарапшыға, сот приставына, сот орындаушысына және басқаларға қатысты жала жабу.

Басқа адамдардың кез келген заңды әрекеттері үшін кек алу мақсатында қылмыстық құқық бұзушылық жасау ауырлататын мән-жай деп танылады.

Басқа қылмыстық құқық бұзушылықты жасыру немесе оны жасауды жеңілдету мақсатында қылмыстық құқық бұзушылық жасау адамның жоғары қоғамдық қауіптілігін көрсетеді, өйткені мұндай әрекеттер, бір жағынан, қылмыстық құқық бұзушылықты ашуды, кінәлі адамды анықтауды қиындатады, ал екінші жағынан, оны жасауға жағдай жасайды.

Қылмыстық құқық бұзушылықты кінәлі адамға көрінеу белгілі болғандай, жүкті күйдегі әйелге, сондай-ақ жас балаға, басқа да қорғансыз немесе дәрменсіз адамға не кінәлі адамға тәуелді адамға қатысты жасау

Заң кінәлі адамға көрінеу белгілі болғандай, жүкті күйдегі әйелге қатысты қылмыстық құқық бұзушылық жасауды қылмыстық жауаптылықты ауырлататын мән-жай деп таниды. Жүкті әйелдің жеке басы, басқа адамға өмір сыйлауға дайындалып жатқан адам ретіндегі жағдайына байланысты, оның денсаулығына, ұрпағының дене және психикалық саулығына ерекше қамқорлық жасауды талап етеді. Егер адам оның жағдайын анық біле тұра, оған қатысты қылмыстық құқық бұзушылық жасаса, бұл сол адамның қоғамдық қауіптілігін арттырады.

ҚК-нің Ерекше бөлігінің кейбір баптарында кінәлі адамға көрінеу белгілі болғандай, жүкті әйелге қатысты қылмыс жасау ауырлататын мән-жай ретінде көзделгенін атап өткен жөн (ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 4) тармағы, 116-бабы 2-бөлігінің 7) тармағы және басқалары).

ҚК-нің 99-бабының 3-бөлігіне сәйкес, жас баланы өлтіру ерекше ауыр қылмысқа жатқызылған және абсолютті айқындалған санкциямен — мүлкі тәркіленіп немесе тәркіленбей, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 20 жыл бас бостандығынан айыру не өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасымен жазаланады.

Жас балалар ұғымы ҚК-нің 53-бабы 1-бөлігінің 4) тармағына берілген түсініктемеде ашылған.

Заң шығарушы жекелеген баптарда «дәрменсіз күйді» және «кінәлі адамға тәуелді болуды» ауырлататын мән-жайлар ретінде көрсеткен (ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 3) тармағы, 105-бабы 2-бөлігінің 1) тармағы, 110-бабы 2-бөлігінің 1) тармағы және басқалары). Қорғансыз, дәрменсіз немесе кінәлі адамға тәуелді күйде ауыр науқас адам ғана емес, объективті немесе субъективті мән-жайларға (мүгедектік, ұйқы, масаң күй және т.б.) байланысты қылмыскерге физикалық немесе психикалық қарсылық көрсете алмайтын кез келген басқа адам да болуы мүмкін.

Қылмыстық құқық бұзушылықты адамның өзінің қызметтік, кәсіптік немесе қоғамдық борышын орындауына байланысты сол адамның өзіне немесе оның жақындарына қатысты жасау

Қылмыстық құқық бұзушылықты аталған себеппен жасау оның және кінәлі адамның жеке басының жоғары қоғамдық қауіптілігін көрсетеді, өйткені осындай жолмен субъект қалыпты қызметтік, қоғамдық, кәсіптік қызметке қарсы әрекет етеді, оны өз мүддесі үшін тоқтатуға немесе өзгертуге ұмтылады. Мысалы, ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 2) тармағында адамның өзінің қызметтік қызметін жүзеге асыруына не кәсіптік немесе қоғамдық борышын орындауына байланысты сол адамды немесе оның жақындарын өлтіргені үшін жоғары қылмыстық жауаптылық көзделген (сондай-ақ ҚК-нің 106-бабы 2-бөлігінің 2) тармағын, ҚК-нің 107-бабы 2-бөлігінің 2) тармағын және басқаларын қараңыз).

Егер қылмыстық құқық бұзушылық қызметтік, кәсіптік немесе қоғамдық борышын орындауға байланысты емес, жеке бас араздығы: кек алу, қызғаныш және т.б. негізінде жасалса, ауырлататын мән-жай болмайды.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 11 мамырдағы «Адамның өмірі мен денсаулығына қарсы кейбір қылмыстарды саралау туралы» нормативтік қаулысында:

қызметтік қызметті орындау деп адамның қызметтік міндеттерінің аясына кіретін қызметті түсіну керектігі;

кәсіптік борышты орындау деп адамның белгілі бір кәсіпке байланысты әрекеттер жасауын (мысалы, суретшінің нобайлар, портреттер, карикатуралар салуын) түсіну керектігі;

қоғамдық борышты орындау деп кез келген азаматтардың өздеріне арнайы жүктелген қоғамдық міндеттерді жүзеге асыруын да, қоғамның немесе жекелеген адамдардың мүддесі үшін жасалатын кез келген басқа әрекеттерді де (мысалы, құқық бұзушылықтардың жолын кесу, дайындалып жатқан немесе жасалған қылмыстық құқық бұзушылық туралы хабарлау, куәлік айғақтарын беру және т.б.) түсіну керектігі айтылған.

ҚПК-нің 7-бабының 11) тармағында «жақын туыстар» ұғымының анықтамасы берілген, оған сәйкес оларға ата-аналар, балалар, асырап алушылар (қыз асырап алушылар), асырап алынғандар (қыз асырап алынғандар), туған және жартылай туған аға-інілер мен апа-сіңлілер, атасы, әжесі, немерелері жатады.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Адамның өмірі мен денсаулығына қарсы кейбір қылмыстарды саралау туралы» нормативтік қаулысында «жақындар» терминіне ҚПК-нің 7-бабының 11) тармағында көрсетілген жақын туыстар ғана емес, қызметтік қызметті жүзеге асыратын немесе кәсіптік не қоғамдық борышын орындайтын адам қадір тұтатын басқа да адамдар жататыны атап көрсетілген. Бұл ретте әрбір жағдайда кінәлі адамның олардың арасындағы жақын қарым-қатынастар туралы көрінеу хабардар болғанын анықтау қажет.

Қылмыстық құқық бұзушылықты ерекше қатыгездікпен, садизммен, қорлаумен, сондай-ақ жәбірленуші үшін азап шектірумен жасау

Қатыгездік туралы жеке адамға қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтарға (кісі өлтіру, денсаулыққа зиян келтіру), сондай-ақ өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтарға қатысты айтуға болады.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жоғарыда аталған нормативтік қаулысының 10-тармағында ерекше қатыгездік белгісі, атап айтқанда, қылмыс жасалғанға дейін немесе оны жасау барысында жәбірленушіге азаптау, қинау қолданылған немесе оны қорлау жүзеге асырылған жағдайларда, сондай-ақ өзге де мән-жайларда (балалардың көз алдында ата-анасын немесе ата-анасының көз алдында балаларын өлтіру, мәйітті қорлау және т.б.) болатыны көрсетілген.

Садизм қатыгездікке ұмтылуды, басқа адамдардың азап шегуінен ләззат алуды, бұрмаланған және ерекше шеберлікпен жасалатын қатыгездікті білдіреді.

Кінәлі адамның әрекеттері дөрекі, арсыз нысанда жасалып, арнайы түрде адамның қадір-қасиетін қорлауға және жәбірленушіге тәндік және моральдық азап келтіруге бағытталған жағдайда жәбірленушіні қорлау орын алады. Қорлау жеке адамға қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтарға ғана емес, басқа да қылмыстық құқық бұзушылықтарға (мысалы, адамның және азаматтың конституциялық және өзге де құқықтары мен бостандықтарына қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтарға) қатысты болуы мүмкін.

Жәбірленушіні азаптау дегеніміз оған тәндік немесе адамгершілік тұрғыдан азап келтіру (мысалы, өлім алдында жәбірленушіні ұрып-соғу немесе оған көптеген жарақаттар салу, оны ұзақ уақыт бойы қинау, аса азапты уды пайдалану, тірідей өртеу, жылы киімсіз аязда қалдыру, адамның өлуі мақсатында оны ұзақ уақыт бойы тамақтан және судан айыру және т.б.).

ҚК-нің Ерекше бөлігінің кейбір баптарында қылмысты ерекше қатыгездікпен жасау адам өлтірудің сараланған түрі болып табылады (ҚК-нің 109-бабы 2-бөлігінің 5) тармағы, ҚК-нің 106-бабы 2-бөлігінің 4) тармағы және басқалары).

Қылмыстық құқық бұзушылықты қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды, жарылғыш немесе оларды имитациялайтын құрылғыларды, арнайы дайындалған техникалық құралдарды, тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтарды, улы және радиоактивті заттарды, дәрілік және өзге де химиялық-фармакологиялық препараттарды пайдалана отырып, сондай-ақ физикалық немесе психикалық мәжбүрлеуді қолдану арқылы не жалпыға қауіпті тәсілмен жасау

Қылмыстық құқық бұзушылық жасау кезінде жарылғыш заттарды немесе оларды имитациялайтын құрылғыларды, препараттарды пайдалану олардың өзіне тән қасиеттеріне байланысты адамның өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігіне қатер төндіреді, ауыр зардаптарға әкеп соғады.

ҚК-нің Ерекше бөлігінің кейбір баптарында қылмыстық құқық бұзушылықты қаруды пайдалана отырып жасау саралаушы белгі ретінде көзделген (мысалы, ҚК-нің 192-бабы 2-бөлігінің 4) тармағында көзделген қарақшылық).

Қылмыс жасау кезінде физикалық немесе психикалық зорлық-зомбылық қолдану қылмыстық құқық бұзушылық жасауды жеңілдетеді, сондай-ақ субъектінің қауіптілігін арттырады. Қылмыстық құқық бұзушылықты қоғамдық қауіпті тәсілмен жасау дегеніміз — қылмыстық құқық бұзушылықты жасаудың белгісіз адамдар санына, мүлік объектілеріне елеулі зиян келтіруге қабілетті тәсілдерін қолдану (жарылыс, өрт қою, улау, адамдар көп жиналатын жерлерде оқ ату және т.б.). Бұл мән-жайлар ҚК-нің Ерекше бөлігінің кейбір баптарында саралаушы белгілер ретінде көзделген (мысалы, ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 6) тармағы, ҚК-нің 128-бабы 2-бөлігінің 3) тармағы және басқалары).

Сондай-ақ физикалық немесе психикалық мәжбүрлеу ҚК-нің 37-бабында әрекеттің қылмыстылығын жоққа шығаратын мән-жай ретінде көзделгенін ескеру қажет.

Қылмыстық құқық бұзушылықты төтенше жағдай, төтенше ахуал жағдайларында, сондай-ақ жаппай тәртіпсіздіктер барысында жасау

ҚР-ның 2003 жылғы 8 ақпандағы «Төтенше жағдай туралы» Заңының 1-бабының 5) тармағына сәйкес төтенше жағдай — азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын қорғау мүдделерінде ғана қолданылатын, мемлекеттік органдар, ұйымдар қызметінің ерекше құқықтық режимін білдіретін, азаматтардың, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың құқықтары мен бостандықтарына, сондай-ақ заңды тұлғалардың құқықтарына жекелеген шектеулер белгілеуге жол беретін және оларға қосымша міндеттер жүктейтін уақытша шара.

ҚР-ның 2014 жылғы 11 сәуірдегі «Азаматтық қорғау туралы» Заңының 1-бабының 66) тармағына сәйкес төтенше ахуал — авария, өрт, қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсері, қауіпті табиғи құбылыс, апат, дүлей немесе өзге де зілзала салдарынан белгілі бір аумақта қалыптасқан, адам өліміне, адамдардың денсаулығына немесе қоршаған ортаға зиян келтіруге, елеулі материалдық залалға және адамдардың тіршілік жағдайларының бұзылуына әкеп соғуы мүмкін немесе әкеп соққан жағдай.

ҚК-нің 272-бабының 1-бөлігіне сәйкес жаппай тәртіпсіздіктер дегеніміз — күш қолданумен, погромдармен, өрт қоюмен, қиратумен, мүлікті жоюмен, атыс қаруын, жарылғыш заттарды немесе жарылғыш құрылғыларды қолданумен, сондай-ақ билік өкіліне қарулы қарсылық көрсетумен ұштасқан әрекеттер.

ҚК-нің Ерекше бөлігінің жекелеген баптарында қылмысты төтенше жағдай кезінде немесе жаппай тәртіпсіздіктер барысында жасау ауырлататын мән-жай ретінде көзделген (ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 15) тармағы).

Қылмыстық құқық бұзушылықты алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде жасау

Сот қылмыстық құқық бұзушылықтың сипатына қарай бұл мән-жайды ауырлататын мән-жай деп танымауға құқылы.

Алкогольдік ішімдіктерді, есірткілік және уытқұмарлық заттарды қабылдау нәтижесінде туындайтын масаң күй көбінесе қылмыстық құқық бұзушылықтар жасаудың себебі болып табылады және жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың және оны жасаған адамның қоғамдық қауіптілік дәрежесінің жоғары екенін көрсететін мән-жай ретінде бағаланады.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Қылмыстық жаза тағайындаудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 4-тармағында: «ҚК-нің 54-бабы бірінші бөлігінің 12) тармағына сәйкес сот қылмыстық құқық бұзушылықтың сипатына қарай қылмысты масаң күйде жасауды жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жай деп танымауға құқылы. Соттар бұл мәселені шешу кезінде қылмыстық әрекеттің сипаты бойынша кінәлі адамның масаң күйімен байланысты болған-болмағанын, сондай-ақ адамның осындай күйге түсу жағдайларын ескеруі қажет. Атап айтқанда, егер кәмелетке толмаған адамның қылмыстық құқық бұзушылық жасау кезіндегі масаң күйі оны ересек адамның қылмыстық құқық бұзушылыққа тартуымен байланысты болса, мұндай күй жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жай ретінде ескерілмейді» делінген.

ҚР-ның 2000 жылғы 25 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңының 23-бабының 1-тармағына сәйкес судья — Қазақстан Республикасының Конституциясында және «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңында белгіленген тәртіппен сот төрелігін жүзеге асыру өкілеттіктері берілген, өз міндеттерін тұрақты негізде орындайтын және сот билігін иеленуші мемлекеттік лауазымды тұлға.

Адамның өзінің қызметтік жағдайын пайдалануы деп адамның мемлекеттік органның, коммерциялық немесе өзге де ұйымның құрамында лауазым атқаруына байланысты оған берілген функцияларды, құқықтар мен міндеттерді пайдалануы түсініледі.

ҚК-нің 54-бабының 1-бөлігінде көрсетілген ауырлататын мән-жайлар, егер олар ҚК-нің Ерекше бөлігінің тиісті бабында немесе бабының бір бөлігінде көзделсе, жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар ретінде есепке алынбайды. Әйтпесе бір мән-жайды екі рет есепке алу орын алады: алдымен қылмыстық құқық бұзушылықты саралау кезінде, одан жаза тағайындаудың шектері тәуелді болады, содан кейін тікелей жаза тағайындау кезінде.

Бұл Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Қылмыстық жаза тағайындаудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысында да көрсетілген: оның 4-тармағында ҚК-нің 54-бабының 1-бөлігінде көрсетілген қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар тізбесі түпкілікті болып табылатыны, осыған байланысты сот анықтаған қылмыстық құқық бұзушылық жасалған өзге де мән-жайлар немесе сотталушыны сипаттайтын мән-жайлар (спирттік ішімдіктерді шамадан тыс пайдалану, қоғамдық орында мінез-құлық қағидаларын бұзу, отбасына, жұмысына, оқуына көзқарасы және т.б.) жаза тағайындау кезінде ескерілуі мүмкін, бірақ жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар деп таныла алмайтыны айтылған.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме авторы — Исидор Шамилұлы Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.

Конституция Заңы Кодекс Нормативтік акт Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Арбитраждық Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Нұсқау Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар

54-бап. Қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар  ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының

54-бап. Қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан РеспубликасыныңМыналар қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар...

Толық оқу »

54-бапқа түсініктеме. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайлар

54-бапқа түсініктеме. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайлар 1. Қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-...

Толық оқу »

Жаза тағайындағанда, жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар

Жаза тағайындағанда, жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларАлматы қаласы Алмалы аудандық сотының 2017 жылғы 26 шілдедегі үкімімен А. бұрын сотталмаған,...

Толық оқу »

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 53-бабына түсініктеме. Қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар1. Қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-ж...

Толық оқу »

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 53-бабына түсініктеме. Қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 53-бабына түсініктеме. Қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар1. Қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-ж...

Толық оқу »

Жаза тағайындау қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлардың тізбесі

Жаза тағайындау қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлардың тізбесіБатыс Қазақстан облысы Теректі аудандық сотының 2016 жылғы 23 мамырдағы үкімімен бұрын соттал...

Толық оқу »

53-бап. Қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн мән-жайлар  ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының

53-бап. Қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн мән-жайлар ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан РеспубликасыныңМыналар қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн мән-жайл...

Толық оқу »

Сот шартты жаза тағайындағанда, сотталғандардың қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайлармен ғана шектеліп, қылмыстық құқық бұзушылықтың қоғамға қауіптілік дәрежесін, сондай-ақ жәбірленушінің жаза тағайындау жөніндегі пікірін толық ескермеген

Сот шартты жаза тағайындағанда, сотталғандардың қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайлармен ғана шектеліп, қылмыстық құқық бұзушылықтың қоғамға қауіптілік дәр...

Толық оқу »

Жаза тағайындау Сот жаза тағайындағанда айыптау актісінде көрсетілмеген қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайларды ескеріп, сотталғанның жағдайын нашарлатқан

Жаза тағайындау Сот жаза тағайындағанда айыптау актісінде көрсетілмеген қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайларды ескеріп, сотталғанның жағдайын нашарлатқанМаңғ...

Толық оқу »

Жасалған қылмыстың белгісі ретінде көзделмеген қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай болған және ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде ауыр қылмыс жасаған кезде жазаның мерзімі мен мөлшері жазаның неғұрлым қатаң түрінің ең жоғары мерзімінің немесе мөлшерінің үштен екісінен аспауға тиіс

Жасалған қылмыстың белгісі ретінде көзделмеген қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай болған және ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде ауыр қылмыс жасаған кезде...

Толық оқу »