Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 419-бабына түсініктеме. Көрінеу жалған сөз жеткізу
1. Қылмыстық теріс қылық жасалғаны туралы көрінеу жалған сөз жеткізу – екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға жазаланады.
2. Қылмыс жасалғаны туралы көрінеу жалған сөз жеткізу –
төрт мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың екінші бөлігінде көзделген, адамды сыбайлас жемқорлық, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп айыптаумен ұштасқан не пайдакүнемдік ниетпен жасалған іс-әрекет –
үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың екінші немесе үшінші бөліктерінде көзделген, қылмыстық топтың мүддесінде жасалған іс-әрекеттер –
бес жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Қарастырылып отырған қылмыстық құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіптілігі (1-бөлігі – қылмыстық теріс қылық, 2, 3-бөліктері – қылмыстар) осы қолсұғушылықтың нәтижесінде құқық қорғау органдары мен соттың қалыпты қызметінің бұзылуынан, жеке тұлғаның құқықтарына нұқсан келтірілуінен, халықтың құқық қорғау органдары мен сотқа деген сенім деңгейінің төмендеуінен көрінеді. Сондай-ақ ол негізсіз сотқа дейінгі тергеп-тексеруге, қылмыстық жауаптылыққа тартуға және кінәсіз адамды соттауға әкеп соғуы мүмкін.
Қол сұғу объектісі – соттың, прокуратура органдарының, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының қалыпты (заңды) қызметін қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар. Қосымша объект ретінде қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп айыпталған адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін, денсаулығы мен жеке бас бостандығын қорғауға қатысты қылмыстық заңмен қорғалатын қоғамдық қатынастар танылады.
Объективтік жағы қылмыстық теріс қылық жасалғаны туралы көрінеу жалған сөз жеткізуден тұрады.
Жалған сөз жеткізу – қылмыстық құқық бұзушылық жасалғаны туралы мәліметтерді ауызша немесе жазбаша түрде, басқа адамдардың көмегімен, пошта арқылы және т.б. жолдармен хабарлаудан тұратын белсенді әрекеттер. Бұл ретте қылмыстық теріс қылықтың жасалғаны және (немесе) оны жасаған адам туралы мәліметтер жалған, яғни шындыққа ішінара немесе толық сәйкес келмейтін болуы тиіс. Хабарланатын мәліметтердің жалғандығы іс жүзінде болмаған қылмыстық теріс қылық туралы хабарлаудан, ашылмаған қылмыстық теріс қылықты белгілі бір адамға телуден, сондай-ақ жекелеген мән-жайларға (орынға, уақытқа, тәсілге, құқыққа қарсы әрекеттің құралдары мен қаруларына, келтірілген залалдың мөлшеріне, кінәнің нысанына және т.б.) қатысты мәліметтерді бұрмалаудан көрінуі мүмкін.
Сөз жеткізудің жалғандығы құқық бұзушылықтың нақты мән-жайларын қамтуы тиіс, ал олардың заңдық бағалануына қатысты болмауы керек. Жасалған іс-әрекетке дұрыс емес құқықтық баға беру жалған сөз жеткізуді құрамайды. Мысалы, егер адам шын мәнінде тонау жасалғанына қарамастан, қарақшылық шабуыл жасалғаны туралы хабарласа, яғни дұрыс емес саралау берсе, онда көрінеу жалған сөз жеткізу құрамы болмайды. Хабарланған мәліметтерді бағалаудағы адал ниетті адасу жалған сөз жеткізу ретінде саралау мүмкіндігін жоққа шығарады.
Жалған сөз жеткізілуі мүмкін органдарға сотты, прокуратура органдарын, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарын жатқызу қажет. Бұл органдардың ұғымдары ҚК-нің 407-бабына берілген түсініктемеде ашылған.
Жалған сөз жеткізілуі мүмкін органдарға қылмыстық қудалау функцияларын тікелей жүзеге асырмайтын, бірақ дайындалып жатқан немесе жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы мәліметтерді осындай құқыққа ие мекемелерге беруге міндетті өзге де мекемелерді жатқызу қажет. Бұлар мемлекеттік билік және жергілікті өзін-өзі басқару органдары және т.б. болуы мүмкін.
Құрылымы бойынша қылмыстық теріс қылықтың құрамы формальды болып табылады. Ол қылмыстық теріс қылық жасалғаны туралы көрінеу жалған хабарлама келіп түскен сәттен бастап аяқталған болып есептеледі.
Субъективтік жағы тікелей қасақаналықпен сипатталады. Адам өз іс-әрекетінің қоғамдық қауіптілігін сезінеді, сөз жеткізуде қамтылған мәліметтердің жалған екенін, яғни олардың шындыққа сәйкес келмейтінін түсінеді, оның жасалуын алдын ала болжайды және соны қалайды. Тікелей қасақаналыққа «көрінеу жалған сөз жеткізу» деген термин де дәлел болады.
Егер адам хабарланатын мәліметтердің сипатына қатысты адал ниетпен қателессе (оларды шынайы деп есептесе, ал шын мәнінде олар жалған болса), онда мұндай әрекеттер ҚК-нің 419-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамын құрамайды.
Мотив осы әрекеттің міндетті белгісі болып табылмайды. Көрінеу жалған сөз жеткізудің ең көп таралған себептері – қызғаныш, кек алу, жеке бас араздығы, пайдакүнемдік, мансапқорлық, жағымсыз жағдайлардан жалтаруға ұмтылу, өзінің әшкереленуінен қорқу.
Түсіндіріліп отырған баптың диспозициясында мақсат көрсетілмеген, алайда оның мәні бойынша мұндай мақсат кінәсіз адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту болып табылады.
Субъект – он алты жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға.
Егер көрінеу жалған сөз жеткізу лауазымды адам тарапынан өзінің қызметтік жағдайын пайдалану арқылы жасалса, онда оның әрекеттері ҚК-нің 361-бабы «Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану» не 362-бабы «Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану» бойынша көзделген қылмыстардың және көрінеу жалған сөз жеткізу (ҚК-нің 419-бабы) бойынша қылмыстардың жиынтығы ретінде саралануы тиіс.
Түсіндіріліп отырған баптың 2-бөлігінде қылмыс жасалғаны туралы көрінеу жалған сөз жеткізгені үшін жауаптылық көзделген.
Осы қылмыстық құқық бұзушылықтың объективтік және субъективтік жақтарын сипаттайтын әрекеттер, сондай-ақ субъект ҚК-нің 419-бабының 1-бөлігіндегі ұқсас ұғымдармен бірдей.
Көрінеу жалған сөз жеткізу қылмыс туралы хабарлама алынған сәттен бастап аяқталған қылмыс болып табылады. Салдарлар (мысалы, СДТБТ-да тіркеу, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу, сотта қарау, кінәсіз адамды соттау) қылмысты саралауға әсер етпейді, бірақ сот оларды жаза тағайындау кезінде ескеруі мүмкін.
Егер жалған сөз жеткізу кінәлі адамға байланысты емес мән-жайлар бойынша адресатқа жетпесе, онда жасалған әрекет қылмысқа оқталу ретінде саралануы тиіс. Бұл ретте ҚК-нің 24-бабында қамтылған талаптарды ескеру қажет.
Егер көрінеу жалған сөз жеткізу басқа қылмысты жасаудың тәсілі болып табылса, қылмыстар жиынтығы бойынша қосымша саралау талап етілмейді. Мысалы, егер кінәлі адам сақтандыру төлемін алу мақсатында автокөліктің ұрланғаны туралы жалған сөз жеткізсе, онда бұл әрекеттерді ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша саралау жеткілікті.
ҚК-нің 419-бабының 3-бөлігінде адамды сыбайлас жемқорлық, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп айыптаумен ұштасқан не пайдакүнемдік ниетпен жасалған көрінеу жалған сөз жеткізу үшін жауаптылық көзделген.
Сыбайлас жемқорлық қылмыстарының тізбесі ҚК-нің 3-бабының 29) тармағында берілген.
Ауыр және аса ауыр қылмыстардың ұғымдары ҚК-нің 11-бабының 4 және 5-бөліктерінде берілген.
Адамды сыбайлас жемқорлық, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп айыптаумен ұштасқан көрінеу жалған сөз жеткізудің қоғамдық қауіптілігінің жоғары болуы оның сот төрелігінің мүдделеріне зиян келтірумен қатар, кінәсіз адам үшін елеулі жағымсыз салдарға (қылмыстық жауаптылыққа тартуға, бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстауды таңдауға, мүлкіне тыйым салуға, қызметінен шеттетуге және т.б.) әкеп соғуы мүмкін екендігімен түсіндіріледі. Бұл неғұрлым қатаң жауаптылыққа әкеп соғады.
Терроризм актісі туралы жалған хабарлағаны үшін жауаптылық ҚК-нің 419-бабына қатысты арнайы норма болып табылатын ҚК-нің 273-бабында көзделген. Айта кету керек, ҚК-нің 273-бабында көзделген қылмыс құрамының объективтік жағы тек дайындалып жатқан терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін ғана жауаптылық көзделетіндей етіп құрылған. Демек, жасалған терроризм актісі туралы көрінеу жалған сөз жеткізілген жағдайда кінәлі адамның әрекеттері ҚК-нің 419-бабы бойынша саралануы тиіс.
Түсіндіріліп отырған баптың 3-бөлігінде бұл әрекетті пайдакүнемдік ниетпен жасағаны үшін де жауаптылық көзделген.
Пайдакүнемдік – кінәлі адамның өзі үшін де, сондай-ақ мүліктік жағдайына кінәлі адам мүдделі болып отырған басқа адамдардың пайдасына да материалдық, мүліктік пайда табуға ұмтылуы; оның мақсаты – белгілі бір нәрсеге қол жеткізуді көздейтін түпкілікті тілек, ұмтылыс, ниет. Егер кінәлі адам осы қылмысты жасай отырып, материалдық пайда алуға ұмтылса, онда мұндай сөз жеткізу пайдакүнемдік ниетпен жасалған деп танылады. Бұл ретте оның өз мақсатына жеткен-жетпегенінің маңызы жоқ.
ҚК-нің 419-бабының 4-бөлігінде қылмыс жасалғаны туралы көрінеу жалған сөз жеткізу қылмыстық топтың мүддесінде жасалған жағдайда жауаптылық көзделген.
Қылмыстық топтың ұғымы ҚК-нің 3-бабының 24) тармағында және 31-бабының 3-бөлігінде берілген.
Осы саралаушы белгінің бар екенін тану үшін көрінеу жалған сөз жеткізудің аталған топтар үшін тиімді болғанын, яғни олардың қатысушылары қылмыс жасағаннан кейін күдікке ілінбей қалуы үшін жасалғанын анықтау қажет.
Мұндай жағдайларда көрінеу жалған сөз жеткізу сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарын жалған бағытқа бұру мақсатында жүзеге асырылуы мүмкін.
ҚК-нің 419-бабының 1-бөлігінде көзделген әрекет қылмыстық теріс қылықтарға жатады.
ҚК-нің 419-бабының 2-бөлігінде көзделген әрекет орташа ауырлықтағы қылмыстарға жатады.
ҚК-нің 419-бабының 3 және 4-бөліктерінде көзделген әрекеттер ауыр қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме авторы – Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ішкі істер қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар