Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 304-бабына түсініктеме. Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу
1. Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу абайсызда адамдардың жаппай ауруына, жұқтырылуына, сәулеленуіне немесе улануына әкеп соқса, —
екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз жазаланады.
2. Адамның өліміне абайсызда әкеп соққан дәл сол іс-әрекет —
бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан іс-әрекет —
бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз жазаланады.
Қарастырылып отырған қылмыстың қоғамдық қауіптілігі оның халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығына қауіп төндіретінінен тұрады.
Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 1-бабы 1-тармағының 283) тармақшасына сәйкес, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы — халық денсаулығының, адамға тіршілік ету ортасы факторларының зиянды әсері болмайтын және оның тыныс-тіршілігі үшін қолайлы жағдайлар қамтамасыз етілетін тіршілік ету ортасының жай-күйі.
2017 жылғы 8 қыркүйектегі № 684 Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен бекітілген «Ықтимал қауіпті химиялық және биологиялық заттарды пайдаланатын зертханаларға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларының 2-тармағының 36) тармақшасына сәйкес, эпидемиологиялық маңызы бар объектілер — өндірілетін өнімі және (немесе) қызметі халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары бұзылған кезде халық арасында тамақтан улану мен инфекциялық аурулар өршуінің туындауына әкеп соғуы мүмкін объектілер.
Талдауға алынған іс-әрекеттің объектісі халықтың денсаулығы болып табылады.
Қылмыстың объективтік жағы адамдардың жаппай ауруына, жұқтырылуына, сәулеленуіне немесе улануына әкеп соққан санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзудан көрінетін әрекеттермен де, әрекетсіздікпен де сипатталады.
Санитариялық қағидалар мен гигиеналық нормативтер адам қызметінің әртүрлі түрлеріне (өндірістік, қоғамдық, тұрғын үй және басқа да үй-жайларды, ғимараттарды, құрылыстарды, жабдықтарды, көлік құралдарын күтіп-ұстау және пайдалану; тамақ өнімдері мен азық-түлік өнімдеріне, оларды өндіру, өлшеп-орау, тасымалдау, сақтау, өткізу, кәдеге жарату және жою жағдайларына; радиациялық, химиялық, микробиологиялық, токсикологиялық, паразитологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және т.б.) санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды белгілейді.
Санитариялық қағидалар халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілер болып табылады және санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды (оның ішінде қоршаған орта факторларының, кәсіпкерлік және өзге де қызметтің, өнімнің, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің адам үшін қауіпсіздігі және (немесе) зиянсыздығы критерийлерін) белгілейді, оларды сақтамау адамның өміріне немесе денсаулығына, сондай-ақ аурулардың туындауы мен таралу қаупіне әкеп соғады.
Гигиеналық норматив — зерттеулермен белгіленген, адам үшін қауіпсіздігі және (немесе) зиянсыздығы тұрғысынан тіршілік ету ортасының белгілі бір факторын сипаттайтын көрсеткіштің рұқсат етілген ең жоғары немесе ең төменгі сандық және (немесе) сапалық мәні.
Ауру деп организмнің қалыпты тіршілік әрекетінің, өмір сүру ұзақтығының және өзін-өзі реттеу қабілетінің бұзылуымен сипатталатын жай-күйі түсініледі.
Адамдардың жаппай ауруы — белгілі бір аумақта халықтың едәуір бөлігінің осы ауру бойынша сырқаттанушылықтың орташа статистикалық деңгейінен бірнеше есе асып түсетін мөлшерде ауруы. Жаппай аурудың критерийлерін эпидемиологтар айқындайды. Адамдардың жаппай ауруларына негізінен жіті ішек аурулары, дифтерия, қызылша, қышыма, сібір жарасы, тырысқақ, туберкулез, бруцеллез жатады.
Жаппай ауруларға белгілі бір микробтар немесе вирустар тудыратын инфекциялық аурулар да, басқа себептерден туындайтын инфекциялық емес аурулар да жатады.
Инфекциялық және паразиттік аурулар — туындауы мен таралуы адамның тіршілік ету ортасының биологиялық факторларының әсер етуіне және ауру адамнан, жануардан сау адамға аурудың берілу мүмкіндігіне байланысты болатын адам аурулары («Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 1-бабы 1-тармағының 12э) тармақшасы).
Айналадағыларға қауіп төндіретін инфекциялық аурулар — ауыр ағымымен, өлім-жітім мен мүгедектік деңгейінің жоғарылығымен, халық арасында жылдам таралуымен (эпидемия) сипатталатын адамның инфекциялық аурулары.
Жаппай инфекциялық емес аурулар (улану) — туындауы тіршілік ету ортасының физикалық және (немесе) химиялық, және (немесе) әлеуметтік факторларының әсер етуіне байланысты болатын адам аурулары.
Жұқтыру деп инфекциялық ауру қоздырғышының адам организміне енуі, соның нәтижесінде инфекциялық процестің белгілі бір түрінің (аурудың, инфекция қоздырғыштарын тасымалдаушылықтың) дамуы түсініледі.
Сәулелену деп адам организміне сәулеленудің кез келген түрлерінің әсер етуі түсініледі. Сәулелену жылулық (инфрақызыл), көрінетін және ультракүлгін жарықпен, ғарыштық сәулелермен, иондаушы сәулеленумен және т.б. болуы мүмкін.
Улану деп адамға химиялық, биологиялық және тіршілік ету ортасының өзге де факторларының жіті (бір мезгілде) немесе созылмалы (ұзақ уақыт бойы) әсер етуі нәтижесінде туындайтын ауру (жай-күй) түсініледі.
Қылмыс құрамы өзінің құрылымы бойынша материалдық болып табылады, яғни оны аяқталған деп тану үшін заңда көрсетілген салдардың: адамдардың жаппай ауруының, жұқтырылуының, сәулеленуінің немесе улануының туындауы талап етіледі. Бұл салдарлар туындаған кезде адамның денсаулығына зиян келтіріледі. Бұл ретте аталған салдарлардың жаппай сипатта болуы, яғни нәтижесінде адамдардың едәуір санының зардап шегуі қажет.
Қылмыстың субъективтік жағы кінәнің абайсыздық нысанымен сипатталады, яғни адам өз әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) аталған салдарларының туындау мүмкіндігін алдын ала білген, бірақ оған жеткілікті негіздерсіз жеңілтектікпен осы салдардың алдын алуға болады деп есептеген не өз әрекеттерінен (әрекетсіздігінен) адамдардың жаппай ауруы, жұқтырылуы, сәулеленуі немесе улануы мүмкін екенін алдын ала білмеген, алайда тиісті мұқияттылық пен сақтық танытқан жағдайда бұл салдарды алдын ала білуге тиіс және білуі мүмкін болған.
Қылмыстың субъектісі — 16 жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға.
Егер кінәлі адам заңда көрсетілген салдарды қасақана келтіруге бағытталған әрекеттер жасаса, жауаптылық жеке адамға қарсы қылмыстар туралы баптар бойынша, ал Қазақстан Республикасының қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетіне нұқсан келтіру мақсаты дәлелденген жағдайда диверсия туралы бап бойынша (ҚК-нің 184-бабы) туындайды.
Осы қылмыстың неғұрлым қауіпті түрі тиісті қағидаларды бұзудың абайсызда адамның өліміне әкеп соғуы болып табылады (ҚК-нің 304-бабының 2-бөлігі).
Екі немесе одан да көп адамның өліміне абайсызда әкеп соғу ерекше саралаушы белгілер ретінде көрсетілген (3-бөлік).
ҚР ҚК-нің 304-бабының 1-бөлігінде көзделген іс-әрекет онша ауыр емес қылмыстарға жатады.
ҚР ҚК-нің 304-бабының 2 және 3-бөліктерінде көзделген іс-әрекеттер орташа ауырлықтағы қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, авторы — Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Норматив Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулары Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Келісімшарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар