Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 264-бабына түсініктеме. Трансұлттық ұйымдасқан топты, трансұлттық қылмыстық ұйымды құру және оған басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу
1. Трансұлттық ұйымдасқан топты немесе трансұлттық қылмыстық ұйымды құру, сол сияқты оған басшылық ету немесе трансұлттық қылмыстық ұйымның құрылымдық бөлімшесіне басшылық ету —
мүлкі тәркіленіп, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Трансұлттық ұйымдасқан топқа немесе трансұлттық қылмыстық ұйымға қатысу —
мүлкі тәркіленіп, сегіз жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген әрекеттерді адамның өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасауы —
мүлкі тәркіленіп, он екі жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Мемлекеттер арасындағы халықаралық-құқықтық ынтымақтастықтың кеңеюі, шет мемлекеттердің жеке және заңды тұлғалары арасында экономикалық, әлеуметтік және өзге де қатынастардың орнауы нәтижесінде мемлекетішілік ұйымдасқан қылмыстылықтың трансұлттық сипатқа ие болу процесі басталды.
Қарастырылып отырған қылмыстың қоғамдық қауіптілігі аталған факторлардың әлемдік және өңірлік криминалдық нарықтардың дамуына ықпал еткендігінде және әлі де ықпал етіп келе жатқандығында.
Трансұлттық ұйымдасқан қылмыстылық жасаған қылмыстарды жеке қылмыстандыру туралы талаптар 2000 жылғы 13 желтоқсанда Палермода қол қойылған, Қазақстан Республикасы 2008 жылғы 4 маусымдағы заңмен ратификациялаған Біріккен Ұлттар Ұйымының Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясының ережелерінен туындайды.
Конвенцияға сәйкес, қылмыстың трансұлттық сипаты мынадай түрде айқындалады:
— қылмыс екі немесе одан да көп мемлекетте жасалған;
— қылмыс бір мемлекетте жасалған, бірақ оны дайындаудың, жоспарлаудың, басқарудың немесе бақылаудың елеулі бөлігі басқа мемлекетте жүзеге асырылған;
— қылмыс бір мемлекетте жасалған, бірақ оған қылмыстық қызметін екі немесе одан да көп мемлекетте жүзеге асыратын ұйымдасқан қылмыстық топ қатысқан;
— қылмыс бір мемлекетте жасалған, бірақ оның елеулі салдары басқа мемлекетте орын алған.
Конвенцияға сәйкес, «...ұйымдасқан қылмыстық топ деп белгілі бір уақыт кезеңі ішінде өмір сүретін және тікелей немесе жанама түрде қаржылық немесе өзге де материалдық пайда алу мақсатында бір немесе бірнеше ауыр қылмыс немесе осы Конвенцияға сәйкес осындай деп танылған қылмыстар жасау үшін келісілген түрде әрекет ететін, құрамында үш немесе одан да көп адам бар құрылымдық тұрғыдан қалыптасқан топты білдіреді» (2-баптың «а» тармақшасы).
Аталған Конвенцияның 5-бабына сәйкес: «1. Әрбір Қатысушы мемлекет қасақана жасалған кезде мынадай әрекеттерді қылмыстық жазаланатын деп тану үшін қажетті заңнамалық және басқа да шараларды қабылдайды:
а) қылмыс жасауға оқталуға жатқызбай және қылмыстық әрекеттің нақты жүзеге асырылғанына қарамастан, төмендегі әрекеттердің екеуін де немесе біреуін:
i) қаржылық немесе өзге де материалдық пайда алуға тікелей немесе жанама түрде байланысты мақсатты көздейтін ауыр қылмыс жасауға қатысты бір немесе бірнеше адаммен сөз байласуды, егер бұл ішкі заңнамада көзделсе, сондай-ақ сөз байласуға қатысушылардың бірінің осы сөз байласуды іске асыру үшін қандай да бір әрекетті нақты жасауы немесе ұйымдасқан қылмыстық топтың оған қатыстылығы талап етіледі;
ii) ұйымдасқан қылмыстық топтың не қылмыстық қызметінің жалпы мақсатын, не тиісті қылмыстар жасау ниетін сезіне отырып, қандай да бір адамның:
ұйымдасқан қылмыстық топтың қылмыстық қызметіне;
оған қатысуы жоғарыда көрсетілген қылмыстық мақсатқа қол жеткізуге ықпал ететінін сезіне отырып, ұйымдасқан қылмыстық топтың өзге де қызмет түрлеріне белсенді түрде қатысуын;
б) ұйымдасқан қылмыстық топтың қатысуымен жасалған ауыр қылмысқа қатысты ұйымдастыруды, басшылық етуді, көмектесуді, айдап салуды, жәрдемдесуді немесе кеңес беруді.
Осы баптың 1-тармағында айтылған білу, ниет, қасақаналық, мақсат немесе сөз байласу істің объективті нақты мән-жайларынан анықталуы мүмкін.
Осы баптың 1-тармағының «а» тармақшасының «i» тармақшасына сәйкес қылмыстар құрамының элементі ретінде ұйымдасқан қылмыстық топқа қатыстылықты көздейтін ішкі заңнамасы бар Қатысушы мемлекеттер өздерінің ішкі заңнамасында ұйымдасқан қылмыстық топтардың қатысуымен жасалатын барлық қылмыстарды ауыр қылмыстар қатарына жатқызуды қамтамасыз етеді. Осындай Қатысушы мемлекеттер, сондай-ақ осы баптың 1-тармағының «а» тармақшасының «i» тармақшасына сәйкес қылмыстар құрамының элементі ретінде сөз байласуды іске асыру жөніндегі әрекеттің нақты жасалуын көздейтін Қатысушы мемлекеттер Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына осы Конвенцияға қол қою кезінде немесе ратификациялау грамотасын не қабылдау, мақұлдау немесе қосылу туралы құжатты сақтауға тапсырған кезде бұл туралы хабарлайды».
Қылмыстың объектісі — қоғамдық қауіпсіздік.
Қылмыстың объективтік жағы трансұлттық ұйымдасқан топты немесе трансұлттық қылмыстық ұйымды құру, сол сияқты оған басшылық ету, сондай-ақ трансұлттық ұйымдасқан топқа немесе трансұлттық қылмыстық ұйымға қатысу арқылы көрініс табады.
Трансұлттық ұйымдасқан топ — екі немесе одан да көп мемлекеттің аумағында не бір мемлекеттің аумағында қылмыстық құқық бұзушылықтардың біреуін немесе бірнешеуін жасау мақсатын көздейтін, бұл ретте әрекетті жасауды ұйымдастыру немесе оның орындалуына басқа мемлекеттің аумағынан басшылық ету жүзеге асырылатын, сондай-ақ басқа мемлекеттің азаматтары қатысатын ұйымдасқан топ (ҚК-нің 3-бабының 35) тармағы).
Ұйымдасқан топ сияқты трансұлттық ұйымдасқан топқа да орнықтылық, құрамының тұрақтылығы, мүшелерінің өзара тығыз байланысы, олардың әрекеттерінің келісімділігі, қылмыстық қызметтің нысандары мен әдістерінің тұрақтылығы, оның өмір сүру ұзақтығы сияқты белгілер мен сипаттамалар тән.
Трансұлттық қылмыстық ұйым — екі немесе одан да көп мемлекеттің аумағында не бір мемлекеттің аумағында қылмыстық құқық бұзушылықтардың біреуін немесе бірнешеуін жасау мақсатын көздейтін, бұл ретте әрекетті жасауды ұйымдастыру немесе оның орындалуына басқа мемлекеттің аумағынан басшылық ету жүзеге асырылатын, сондай-ақ басқа мемлекеттің азаматтары қатысатын қылмыстық ұйым (ҚК-нің 3-бабының 34) тармағы).
Объективтік жақтың белгілері (құру, басшылық ету, қатысу) бұрын ҚК-нің 262, 263-баптарына берілген түсініктемелерде қарастырылған.
Қылмыс құрамы өзінің құрылымы бойынша формальды болып табылады. Қылмыс трансұлттық ұйымдасқан топты, трансұлттық қылмыстық ұйымды құрған, оларға нақты басшылық еткен сәттен бастап, сондай-ақ оларға қатысқан сәттен бастап аяқталған болып есептеледі.
Субъективтік жағынан әрекет тікелей қасақаналық түріндегі кінәмен сипатталады, яғни адам өзінің трансұлттық ұйымдасқан топты, трансұлттық қылмыстық ұйымды құру немесе оларға басшылық ету, сондай-ақ қылмыстық құрылымға қатысу жөніндегі әрекеттерінің қоғамдық қауіпті сипатын сезінеді, осындай әрекеттердің нәтижесінде қоғамдық қауіпті зардаптардың туындайтынын алдын ала біледі және соны қалайды.
Субъект — он алты жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға.
ҚК-нің 264-бабының 3-бөлігінде 1 немесе 2-бөліктерінде көрсетілген әрекеттерді адамның өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасағаны үшін жауаптылық көзделген (ҚК-нің 262-бабының 3-бөлігіне берілген түсініктемені қараңыз).
ҚК-нің 262-бабына ескертпеге сәйкес, егер:
- адам қылмыстық топқа қатысуын өз еркімен тоқтатса;
- қылмыстық топ жасаған немесе жасап жатқан қылмыстарды ашуға немесе олардың жолын кесуге белсенді түрде жәрдемдессе;
- оның әрекеттерінде өзге қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмаса,
онда ол ҚК-нің 264-бабы бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
ҚК-нің 264-бабының 1 және 3-бөліктерінде көзделген әрекеттер аса ауыр қылмыстарға жатады.
ҚК-нің 264-бабының 2-бөлігінде көзделген әрекет ауыр қылмысқа жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, авторы — Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар