Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 247-бабына түсініктеме. Заңсыз сыйақы алу
1. Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам немесе оған теңестірілген адам болып табылмайтын мемлекеттік орган не мемлекеттік ұйым қызметкерінің, сондай-ақ басқару функцияларын орындамайтын мемлекеттік емес ұйым қызметкерінің өз міндеттеріне кіретін жұмысты орындағаны немесе қызметті көрсеткені үшін материалдық сыйақыны, жеңілдіктерді немесе мүліктік сипаттағы қызметтерді заңсыз алуы —
сексен айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не жиырма тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Дәл сол әрекетті бірнеше рет жасау —
жүз жиырма айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не жүз жиырма сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не отыз тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, ірі мөлшерде сыйақы алуға байланысты не қорқытып алумен ұштасқан әрекеттер —
екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, мүлкін тәркілеумен немесе онсыз, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айырумен жазаланады.
Ескертпе. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген адамның өз міндеттеріне кіретін бұрын орындалған жұмыс немесе көрсетілген қызмет үшін алдын ала уағдаластық болмаған кезде сыйлық ретінде материалдық сыйақы, жеңілдіктер немесе мүліктік сипаттағы қызметтер алуы, егер сыйлықтың құны бес айлық есептік көрсеткіштен аспаса, болмашы маңыздылығына байланысты қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды және тәртіптік тәртіппен қудаланады.
Қылмыстық құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіптілігі (1 және 2-бөліктері — қылмыстық теріс қылықтар, 3-бөлігі — қылмыс) оның қоғамдық сананы тек азаматтардың мемлекеттік билік органдарымен, жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен және мемлекеттік емес ұйымдармен өзара қарым-қатынасы тұрғысынан ғана емес, сонымен қатар ішкі, тұрмыстық деңгейде де ірітуінде, халықтың көз алдында мемлекеттік органдардың, оқу және емдеу мекемелерінің, кәсіпорындардың, жергілікті басқару органдарының және т.б. әртүрлі санаттағы қызметкерлерінің заңсыз алымдарын белгілі бір дәрежеде «заңдастыруында» болып табылады.
Қылмыстық құқық бұзушылықтың объектісі мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар жүйесінің қалыпты жұмысы болып табылады.
Объективтік жағынан қылмыстық теріс қылық мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам немесе оған теңестірілген адам болып табылмайтын мемлекеттік орган не мемлекеттік ұйым қызметкерінің, сондай-ақ басқару функцияларын орындамайтын мемлекеттік емес ұйым қызметкерінің өз міндеттеріне кіретін жұмысты орындағаны немесе қызметті көрсеткені үшін материалдық сыйақыны, жеңілдіктерді немесе мүліктік сипаттағы қызметтерді заңсыз алуымен сипатталады.
Заңсыз сыйақы деп қылмыстық жауаптылықтың ерекше субъектілері болып табылатын адамдардың орындалған жұмысқа (көрсетілген қызметке) сәйкес келмейтін мөлшерде не оларды алудың белгіленген тәртібін немесе тыйым салуды бұза отырып алатын материалдық игіліктері немесе мүліктік сипаттағы пайдасы түсініледі. Оларға, мысалы, санаторийлерге, курорттық демалыс аймақтарына жолдамалар, ойын-сауық конкурстары мен өзге де іс-шараларға билеттер алу және т.б. жатады.
Кінәліні қылмыстық жауаптылыққа тарту мәселесін шешу кезінде мұндай сыйақының қажетті жұмысты орындағанға немесе қызметті көрсеткенге дейін не одан кейін алынған уақытының маңызы жоқ.
Сыйақы алынған орындалған жұмыс немесе көрсетілген қызмет оны алушының қызметтік міндеттерінің шеңберіне кіруге тиіс, бұл жарғылармен, нұсқаулықтармен, қағидалармен, еңбек шарттарымен айқындалуы мүмкін. Бұл ретте қызметкердің өз міндеттерін тұрақты түрде, уақытша не арнайы өкілеттік бойынша орындағаны маңызды емес.
Қылмыстық теріс қылық өзінің құрылымы бойынша формальды құрамға жатады. Әрекет материалдық сыйақыны, жеңілдіктерді немесе мүліктік сипаттағы қызметтерді алған сәттен бастап аяқталған болып есептеледі.
Субъективтік жағынан қылмыстық теріс қылық тікелей қасақаналықпен жасалады. Адам өз міндеттеріне кіретін жұмысты орындағаны немесе қызметті көрсеткені үшін материалдық сыйақыны, жеңілдіктерді немесе мүліктік сипаттағы қызметтерді заңсыз алып отырғанын сезінеді, зардаптардың туындау мүмкіндігін немесе болмай қоймайтынын алдын ала біледі және соны тілейді.
Қылмыстық теріс қылықтың субъектісі есі дұрыс, он алты жасқа толған жеке тұлға болып танылады.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2020 жылғы 24 қаңтардағы «Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша соттардың заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 33-тармағына сәйкес, ҚР ҚК-нің 247-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтың субъектісі мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам немесе оған теңестірілген адам болып табылмайтын мемлекеттік орган не мемлекеттік ұйым қызметкері, сондай-ақ басқару функцияларын орындамайтын мемлекеттік емес ұйым қызметкері болып табылады. Бұл ретте қызметкердің өз міндеттерін тұрақты түрде, уақытша немесе арнайы өкілеттік бойынша, жұмыс уақытында немесе өзге уақытта орындағаны маңызды емес. Соттар әрбір жағдайда заңсыз сыйақы алынған жұмысты орындау немесе қызметті көрсету оның міндеттерінің шеңберіне кірген-кірмегенін анықтауға тиіс.
ҚР ҚК-нің 253-бабының 4–6-бөліктерінде және 366-бабында көзделген қылмыстардан түсіндіріліп отырған бапта бекітілген қылмыстық құқық бұзушылық, ең алдымен, субъектісі бойынша ерекшеленеді.
Қарастырылып отырған қылмыстық теріс қылықтың сараланған түрі оны бірнеше рет жасау болып табылады (ҚК-нің 247-бабының 2-бөлігі). Заңсыз сыйақыны бірнеше рет алу, егер бұл ретте қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімдері өтпесе, біртекті қылмыстық құқық бұзушылықты кемінде екі және одан да көп рет жасауды білдіреді.
Егер сыйақы берушілердің әрқайсысының мүддесі үшін жеке әрекет жасалса, бірнеше адамнан заңсыз сыйақы алуды заңсыз сыйақыны бірнеше рет алу ретінде саралау қажет.
Беруші үшін қалаулы нәтиженің туындауын қамтамасыз ететін әрекеттер (әрекетсіздік) үшін заңсыз сыйақыны бірнеше рет бөліп алу бірнеше рет жасалған әрекет ретінде қарастырылмайды. Мұндай әрекеттерді жалғасатын қылмыстық құқық бұзушылық деп есептеу қажет.
ҚР ҚК-нің 247-бабының 3-бөлігі бойынша ерекше сараланған түрі ретінде ҚР ҚК-нің 247-бабының 1 немесе 2-бөліктерінде көзделген, ірі мөлшерде сыйақы алуға байланысты не қорқытып алумен ұштасқан әрекеттер танылады. Қарастырылып отырған әрекетке қатысты ірі мөлшер, ҚР ҚК-нің 3-бабының 38) тармағына сәйкес, адам алған соманы немесе оған көрсетілген қызметтердің құнын білдіреді, олар үш жүз айлық есептік көрсеткіштен асады.
Қорқытып алу деп адамның заңсыз сыйақыны талап етуін, бұл ретте сыйақы берушінің заңды мүдделеріне зиян келтіруі мүмкін әрекеттерді жасаймын деп қорқытуын не құқықпен қорғалатын мүдделер үшін зиянды салдардың алдын алу мақсатында заңсыз сыйақы беруге мәжбүр болатын жағдайларды қасақана жасауын түсінеміз. Егер заңсыз сыйақы берген адамның аталған қорқытуды жүзеге асырудан нақты қауіптенуіне негіздері болса, қорқытып алудың белгілері адамның мұндай қорқытуды жүзеге асыру мүмкіндігі болған-болмағанына қарамастан орын алады.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жоғарыда аталған нормативтік қаулысының 35-тармағына сәйкес, экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған кіріс кінәлі адамнан өндіріліп алуға және қылмыстық жолмен табылған негізсіз баюдың нәтижесі ретінде мемлекет кірісіне айналдыруға жатады.
Заңсыз сыйақы алу (ҚК-нің 247-бабы) туралы істер бойынша кінәлі адам сыйақы ретінде алған ақша және өзге де мүлік сотталған адамға жүктелген міндеттер шеңберіне кірмейтін жұмысқа немесе қызметке ақы төледім деп қателескен жағдайларда оның иесіне қайтарылуға жатады.
Заттай дәлелдемелер деп танылған ақша мен өзге де құндылықтар, егер оларды бергенге дейін олардың иесі өзінен заңсыз сыйақы қорқытып алынғаны туралы тиісті органдарға мәлімдеген болса, оның иесіне қайтарылуға жатады.
ҚР ҚК-нің 247-бабына ескертпеге сәйкес, осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген адамның өз міндеттеріне кіретін бұрын орындалған жұмыс немесе көрсетілген қызмет үшін алдын ала уағдаластық болмаған кезде сыйлық ретінде материалдық сыйақы, жеңілдіктер немесе мүліктік сипаттағы қызметтер алуы, егер сыйлықтың құны бес айлық есептік көрсеткіштен аспаса, болмашы маңыздылығына байланысты қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды және тәртіптік тәртіппен қудаланады.
ҚР ҚК-нің 247-бабының 1, 2-бөліктерінде көзделген әрекеттер қылмыстық теріс қылықтарға жатады.
ҚР ҚК-нің 247-бабының 3-бөлігінде көзделген әрекет онша ауыр емес қылмыстар санатына жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме авторы — Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік істер Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар