Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 227-бабына түсініктеме. Бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларының көрінеу жалған мәліметтер ұсынуы
1. Бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларының мүліктік пайда табу мақсатында мемлекеттік органдар мен бағалы қағаздарды ұстаушыларға бағалы қағаздарды ұстаушылардың жеке шоттарында тұрған бағалы қағаздардың саны мен түрлері және бағалы қағаздармен жасалған операциялар туралы көрінеу жалған мәліметтер ұсынуы, егер бұл ірі залал келтіруге әкеп соқса, —
екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не жүз жиырма сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз.
Қылмыстық құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіптілігі бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларының мемлекеттік органдар мен бағалы қағаздарды ұстаушыларға бағалы қағаздарды ұстаушылардың жеке шоттарында тұрған бағалы қағаздардың саны мен түрлері және бағалы қағаздармен жасалған операциялар туралы көрінеу жалған мәліметтер ұсынуымен байланысты. Бұдан басқа, оны жасау кезінде адал бәсекелестік жағдайында өзінің кәсіби қызметін жүзеге асыратын бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларына деген сенімге нұқсан келтіріледі.
Қарастырылып отырған қылмыстық теріс қылықтың объектісі бағалы қағаздар нарығында туындайтын және бағалы қағаздармен жасалатын операцияларды реттеуге байланысты қоғамдық қатынастар болып табылады.
Қылмыстық теріс қылықтың нысанасы бағалы қағаз болып табылады. «Бағалы қағаз» ұғымының анықтамасы «Бағалы қағаздар нарығы туралы» ҚР Заңының 1-бабының 4) тармағында берілген (бағалы қағаздың дәл осындай ұғымы ҚР АК-нің 129-бабының 1-тармағында да берілген).
ҚР АК-нің 129-бабының 1-1-тармағына сәйкес бағалы қағаздар борыштық және үлестік болып бөлінуі мүмкін. Борыштық бағалы қағаздар — осы бағалы қағаздарды шығару талаптарында эмитенттің (борышкердің) негізгі борыш сомасын төлеу жөніндегі міндеттемесін куәландыратын бағалы қағаздар. Үлестік бағалы қағаз — ҚР заңнамасында көзделген жағдайларда оның иесінің мүліктегі белгілі бір үлеске құқығын куәландыратын бағалы қағаз.
Бағалы қағаздарға акциялар, облигациялар және ҚР АК-не және ҚР өзге де заңнамалық актілеріне сәйкес айқындалатын бағалы қағаздардың басқа да түрлері жатады (АК-нің 129-бабының 2-тармағы).
Шығарылу нысаны бойынша бағалы қағаздар:
құжаттамалық және құжаттамалық емес;
эмиссиялық және эмиссиялық емес;
атаулы, ұсынбалы және ордерлік болып бөлінеді (АК-нің 129-бабының 3-тармағы).
Қылмыстық теріс қылықтың объективтік жағы бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларының мемлекеттік органдар мен бағалы қағаздарды ұстаушыларға бағалы қағаздарды ұстаушылардың жеке шоттарында тұрған бағалы қағаздардың саны мен түрлері және бағалы қағаздармен жасалған операциялар туралы көрінеу жалған мәліметтер ұсыну түріндегі әрекеттерінен, ірі залал түріндегі қоғамдық қауіпті салдардан және олардың арасындағы себептік байланыстан көрінеді.
ҚР заңнамасында «бағалы қағаздармен жасалатын операциялар» ұғымының анықтамасы жоқ. Ал «Бағалы қағаздар нарығы туралы» ҚР Заңында бағалы қағаздармен жүргізілетін операциялар деп есептеуге болатын бірқатар әрекеттер бекітілген: мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару (7-бап); бағалы қағаздар бойынша кірісті төлеу (31-бап); базалық активі Қазақстан Республикасының резидент-эмитенттерінің эмиссиялық бағалы қағаздары болып табылатын депозитарлық қолхаттарды немесе өзге де бағалы қағаздарды шығару (34-бап); кастодиандық қызмет (73–75-баптар); бағалы қағаздар нарығындағы брокерлік және дилерлік қызмет (63, 64-баптар); қор биржасының қызметі (88-бап) және т.б.
Жеке шот ұғымы «Бағалы қағаздар нарығы туралы» ҚР Заңының 1-бабының 28) тармағында берілген, оған сәйкес жеке шот — мәмілелерді тіркеу және эмиссиялық бағалы қағаздар мен өзге де қаржы құралдарына құқықтарды есепке алу мақсатында тіркелген тұлғаны бірмәнді сәйкестендіруге мүмкіндік беретін, бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесінде немесе номиналды ұстауды есепке алу жүйесінде қамтылған жазбалардың жиынтығы.
«Бағалы қағазды ұстаушы» ұғымы Заңның 1-бабының 12) тармағында берілген және ҚР ҚК-нің 226-бабына түсініктемеде сипатталған.
Бағалы қағаздар нарығын мемлекеттік реттеуді қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
Қарастырылып отырған бап бойынша адамды қылмыстық жауаптылыққа тартудың қажетті шарты бағалы қағаздармен жасалған операциялар туралы ұсынылатын мәліметтердің толық немесе ішінара жалған, яғни шындыққа сәйкес келмейтін болуы болып табылады.
Осы қылмыстық теріс қылықтың құрамы құрылымы бойынша материалдық болып табылады. Қылмыстық теріс қылық азаматқа айлық есептік көрсеткіштен екі жүз есе асатын мөлшерде не ұйымға немесе мемлекетке айлық есептік көрсеткіштен екі мың есе асатын мөлшерде келтірілген ірі залал түріндегі салдар туындаған сәттен бастап аяқталған болып есептеледі.
Субъективтік жағынан қылмыстық теріс қылық тікелей қасақаналықпен жасалады. Кінәлі адамның бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары ретінде мемлекеттік органдар мен бағалы қағаздарды ұстаушыларға бағалы қағаздарды ұстаушылардың жеке шоттарында тұрған бағалы қағаздардың саны мен түрлері және бағалы қағаздармен жасалған операциялар туралы мүліктік пайда табу мақсатында көрінеу жалған мәліметтер ұсынып отырғанын сезінеді, осындай әрекеттердің нәтижесінде ірі залал түріндегі салдардың туындау мүмкіндігін немесе болмай қоймайтынын алдын ала біледі және соны қалайды.
Қылмыстық теріс қылықтың субъектісі арнайы болып табылады. Ол — есі дұрыс, он алты жасқа толған, бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы (кастодиан) болып табылатын және клиенттердің қаржы құралдары мен ақшасын есепке алуды, оларға құқықтарды растауды, клиенттердің құжаттамалық қаржы құралдарын олардың сақталуына міндеттеме ала отырып сақтауды және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес өзге де қызметті жүзеге асыратын адам.
«Бағалы қағаздар нарығы туралы» ҚР Заңының 1-бабының И) тармақшасында бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысының анықтамасы берілген, оған сәйкес бұл — лицензия негізінде не Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес бағалы қағаздар нарығында өз қызметін жүзеге асыратын заңды тұлға.
Көрсетілген Заңның 1-бабына сәйкес бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары болып мыналар табылады:
андеррайтер — брокерлік және дилерлік қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар және эмитентке эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару және орналастыру бойынша қызметтер көрсететін бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы (3-тармақ);
брокер — клиенттің тапсырмасы бойынша, оның есебінен және мүддесі үшін эмиссиялық бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен мәмілелер жасайтын бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы (16-тармақ);
дилер — ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар нарығында және оған тікелей қол жеткізу құқығымен ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында өз мүддесі үшін және өз есебінен эмиссиялық бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен мәмілелер жасайтын бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы (26-тармақ);
инвестициялық портфельді басқарушы — азаматтық құқық объектілерін басқару жөніндегі қызметті өз атынан, клиенттің мүддесі үшін және оның есебінен жүзеге асыратын бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы (34-тармақ);
кастодиан — клиенттердің қаржы құралдары мен ақшасын есепке алуды және оларға құқықтарды растауды, клиенттердің құжаттамалық қаржы құралдарын олардың сақталуына міндеттеме ала отырып сақтауды және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес өзге де қызметті жүзеге асыратын бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы (46-тармақ);
трансфер-агент — өзінің клиенттері арасында құжаттарды (ақпаратты) қабылдау және беру бойынша қызметтер көрсететін бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы (84-тармақ).
ҚР ҚК-нің 227-бабында көзделген әрекет қылмыстық теріс қылықтарға жатады.
Исидор Шамилович Борчашвилидің Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктемесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі мен ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес беру Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар