Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 225-бабына түсініктеме. Бағалы қағаздар эмитентінің лауазымды адамының ақпаратты ұсынбауы не көрінеу жалған мәліметтерді ұсынуы
1. Мүліктік пайда алу мақсатында бағалы қағаздар эмитентінің лауазымды адамдарының мемлекеттік органдарға және бағалы қағаздарды ұстаушыларға ақпаратты ұсынбауы не көрінеу жалған мәліметтерді ұсынуы, соның салдарынан бағалы қағаздарды ұстаушыларға не эмитентке ірі залал келтірілуі -
екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не жүз жиырма сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз.
Бағалы қағаздар эмитентінің лауазымды адамының ақпаратты ұсынбауы не көрінеу жалған мәліметтерді ұсынуының қоғамдық қауіптілігі осының нәтижесінде мемлекетіміздің экономикасына елеулі залал келтірілуімен көрінеді.
Қылмыстық теріс қылықтың объектісі бағалы қағаздар нарығы саласында бағалы қағаздар эмитентінің лауазымды адамының мемлекеттік органдарға және бағалы қағаздарды ұстаушыларға белгілі бір ақпаратты немесе мәліметтерді ұсыну сияқты кәсіби қызметін жүзеге асыру кезінде қалыптасатын қоғамдық қатынастар болып табылады.
Қосымша объект – бағалы қағаздарды ұстаушылардың не эмитенттің мүліктік мүдделері.
Қылмыстық теріс қылықтың нысанасы – бағалы қағаздар эмитентінің лауазымды адамы ұсынатын ақпарат немесе мәліметтер.
Қарастырылып отырған қылмыстық теріс қылықтың объективтік жағы үш белгіден көрінеді:
әрекет немесе әрекетсіздік нысанындағы іс-әрекет – мемлекеттік органдарға және бағалы қағаздарды ұстаушыларға ақпаратты ұсынбау (әрекетсіздік) не көрінеу жалған мәліметтерді ұсыну (әрекет);
бағалы қағаздарды ұстаушыларға не эмитентке ірі залал келтірілуі түріндегі зардаптың туындауы;
іс-әрекет пен зардаптың арасындағы себепті байланыс.
«Бағалы қағаздар нарығы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 102-бабына сәйкес:
«1. Бағалы қағаздар нарығында ақпаратты ашу деп Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес осы ақпаратты алу мақсаттарына қарамастан, оған мүдделі барлық тұлғалар үшін оның қолжетімділігін қамтамасыз ету түсініледі.
2. Эмиссиялық бағалы қағаздар айналыста болған кезеңде эмитент осы Заңда және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген тәртіппен және мерзімдерде қаржылық есептілік депозитарийінің интернет-ресурсында мыналарды ашуға міндетті:
эмитенттің корпоративтік оқиғалары туралы ақпаратты;
акционерлік қоғамның атқарушы органының мүшелеріне жыл қорытындысы бойынша төленетін сыйақының жиынтық мөлшері туралы ақпаратты;
акционерлік қоғамның үлестес тұлғалары туралы мәліметтерді;
эмитенттің дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) он және одан да көп пайызын иеленетін акционерлерінің (қатысушыларының) құрамын;
эмитент әрқайсысының акцияларының (үлестерінің, пайларының) он және одан да көп пайызын иеленетін ұйымдардың тізімін;
эмитенттің жылдық қаржылық есептілігін және аудиторлық есептерін (аудиторлық есептерді ашуды «Аудиторлық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті аудитке жататын эмитенттер жүзеге асырады);
эмитенттің эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектісін, оған енгізілген өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды ескере отырып;
акцияларды орналастыру қорытындылары туралы есепті;
акционерлік қоғам ұйымдастырылмаған нарықта акцияларды шығару кезінде олардың құнын айқындау әдістемесін.
Осы тармақтың 1) және 3) тармақшаларында көзделген талаптар Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің алтынвалюта активтерін және (немесе) Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерін басқаруға байланысты ақпарат пен мәліметтерге қолданылмайды.
Эмитент уәкілетті органның эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымының күшін жоюы және (немесе) эмитенттің эмиссиялық бағалы қағаздарын өтеу туралы ақпаратты қаржылық есептілік депозитарийінің интернет-ресурсында ашуға міндетті.
Бағалы қағаздары қор биржасының ресми тізіміне енгізілген эмитент осы тармақтың бірінші және үшінші бөліктерінде көрсетілген ақпаратқа қосымша ретінде қаржылық есептілік депозитарийінің интернет-ресурсында тоқсан сайынғы қаржылық есептілікті ашуға міндетті.
3. Бағалы қағаздары қор биржасының ресми тізіміне енгізілген эмитент осы баптың 2-тармағында көрсетілген ақпаратты, сондай-ақ қор биржасының ішкі құжаттарында айқындалған өзге де ақпаратты қор биржасының интернет-ресурсында қосымша ашуды қамтамасыз етуге міндетті...».
«Корпоративтік оқиғалар» ұғымы аталған Заңның 1-бабының 55-2) тармақшасында ашылған.
Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында корпоративтік оқиғалар туралы ақпаратты жариялаудың (бағалы қағаздарды ұстаушылардың назарына жеткізудің) өзге мерзімдері көзделмесе, бұл ақпарат олар туындаған күннен кейінгі үш жұмыс күні ішінде ашылады.
Эмитент Заңның 102-бабының талаптарына сәйкес ақпаратты қазақ және орыс тілдерінде қаржылық есептілік депозитарийінің интернет-ресурсында және қор биржасының интернет-ресурсында ашуды қамтамасыз етеді.
Эмитенттің ақпаратты ашу тәртібі, ашылуға жататын ақпараттың мазмұнына қойылатын талаптар, сондай-ақ қаржылық есептілік депозитарийінің интернет-ресурсында ақпаратты ашу мерзімдері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен белгіленеді.
Эмитенттің ақпаратты ашу тәртібі, эмитент ашуға жататын ақпараттың мазмұнына қойылатын талаптар, сондай-ақ эмитенттің ақпаратты қор биржасының интернет-ресурсында ашу мерзімдері қор биржасының ішкі құжаттарымен белгіленеді.
Жоғарыда көрсетілген ақпаратты ұсынбау не көрінеу жалған мәліметтерді ұсыну ҚК-нің 225-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамын құрайды.
Қылмыстық теріс қылық құрамы өзінің құрылымы бойынша материалдық болып табылады. Іс-әрекет бағалы қағаздарды ұстаушыларға не эмитентке ірі залал келтірілген сәттен бастап аяқталған болып есептеледі. Ірі залал деп азаматқа айлық есептік көрсеткіштен екі жүз есе асатын мөлшерде келтірілген залал не ұйымға немесе мемлекетке айлық есептік көрсеткіштен екі мың есе асатын мөлшерде келтірілген залал танылады (ҚР ҚК-нің 3-бабының 38) тармағы).
Қылмыстық теріс қылықтың субъективтік жағы кінәнің қасақана нысанымен сипатталады, бұл ретте кінәлі адам мемлекеттік органдарға және бағалы қағаздарды ұстаушыларға мүліктік пайда алу мақсатында ақпаратты ұсынбайтынын не көрінеу жалған мәліметтерді ұсынатынын ұғынады, осындай әрекеттердің нәтижесінде зардаптардың туындау мүмкіндігін немесе болмай қоймайтынын алдын ала біледі және олардың туындауын тілейді не тілемесе де, осы зардаптарға саналы түрде жол береді немесе оларға немқұрайлы қарайды.
Мақсаты – өзі үшін де, басқа адамдар немесе ұйымдар үшін де мүліктік пайда алу.
Қылмыстық теріс қылықтың субъектісі арнайы болып табылады – бағалы қағаздар нарығында тиісті ақпаратты немесе мәліметтерді ұсыну жөніндегі өкілеттіктерге ие бағалы қағаздар эмитентінің лауазымды адамдары.
ҚК-нің 225-бабында көзделген іс-әрекет қылмыстық теріс қылықтарға жатады.
**Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі мен ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері Исидор Шамилович Борчашвилиден.
Конституция Заң Кодекс Норматив Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар.