Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 20-бабына түсініктеме. Қасақана жасалған қылмыстық құқық бұзушылық
Қасақана жасалған қылмыстық құқық бұзушылық деп тікелей немесе жанама қасақаналықпен жасалған іс-әрекет танылады.
Егер адам өз әрекетінің (әрекетсіздігінің) қоғамға қауіпті екенін сезінсе, оның қоғамға қауіпті зардаптарының болу мүмкіндігін немесе болмай қоймайтынын алдын ала білсе және олардың туындауын қаласа, қылмыстық құқық бұзушылық тікелей қасақаналықпен жасалған деп танылады.
Егер адам өз әрекетінің (әрекетсіздігінің) қоғамға қауіпті екенін сезінсе, оның қоғамға қауіпті зардаптарының болу мүмкіндігін алдын ала білсе, олардың туындауын тілемесе де, оған саналы түрде жол берсе не оларға немқұрайлы қараса, қылмыстық құқық бұзушылық жанама қасақаналықпен жасалған деп танылады.
Түсіндіріліп отырған баптың 1-бөлігіне сәйкес, қасақана жасалған қылмыстық құқық бұзушылық деп тікелей немесе жанама қасақаналықпен жасалған іс-әрекет танылады. Қасақаналықты тікелей және жанама деп бөлу оның мазмұнына байланысты жүргізіледі. Тікелей және жанама қасақаналықтың мазмұны ҚК-нің 20-бабының 2 және 3-бөліктерінде ашып көрсетілген.
Кінәні нысандарына қарай бөлудің практикалық маңызы мынада: қылмыстық құқық бұзушылық құрамының басқа да белгілерімен қатар, кінәнің нысаны арқылы заң шығарушы мен сот төрелігі барлық қылмыстық құқық бұзушылықтарды саралайды, олардың ішінен неғұрлым ауыр және онша ауыр емес түрлерін бөліп көрсетеді. Кінәнің нысаны кінәлі әрекеттерді кінәсіз әрекеттерден ажыратуға да ықпал етеді. Кінәнің нысаны ескерілетін белгі ретінде көптеген мәселелерді шешу кезінде көрініс табады: қылмыстарды санаттарға бөлу (ҚК-нің 11-бабы), қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысу (ҚК-нің 27-бабы), қылмыстық әрекеттің алдын ала жасалатын сатылары (ҚК-нің 24-бабы), жаза тағайындау кезінде (ҚК-нің 58, 59-баптары) және т.б.
Кінәнің әртүрлі нысандары субъектінің жасалған қылмыстық құқық бұзушылыққа деген әртүрлі психикалық қатынасын көрсетеді, бұл оның жеке жауаптылығы туралы мәселені шешу үшін маңызды. Кінә әрқашан қандай да бір нысанда көрініс табады. Кінәнің нысанын көрсетпей, жалпы кінә туралы айту мүмкін емес.
Түсіндіріліп отырған баптың 2-бөлігіне сәйкес, егер адам өз әрекетінің (әрекетсіздігінің) қоғамға қауіпті екенін сезінсе, оның қоғамға қауіпті зардаптарының болу мүмкіндігін немесе болмай қоймайтынын алдын ала білсе және олардың туындауын қаласа, қылмыстық құқық бұзушылық тікелей қасақаналықпен жасалған деп танылады, ал егер адам өз әрекетінің (әрекетсіздігінің) қоғамға қауіпті екенін сезінсе, оның қоғамға қауіпті зардаптарының болу мүмкіндігін алдын ала білсе, бірақ олардың туындауын тілемесе де, оларға саналы түрде жол берсе не оларға немқұрайлы қараса, қылмыстық құқық бұзушылық жанама қасақаналықпен жасалған деп танылады (3-бөлік).
Тікелей қасақаналық элементтерінің мазмұнына сүйене отырып, оның мынадай белгілерін бөліп көрсетуге болады:
адамның жасалып жатқан іс-әрекетінің (әрекетінің немесе әрекетсіздігінің) қоғамға қауіпті екенін сезінуі;
осы зардаптардың туындауын немесе туындау мүмкіндігін алдын ала білуі;
осы зардаптардың туындауын қалауы.
Алғашқы екі белгі қасақаналықтың интеллектуалдық элементін құрайды.
Заң шығарушы қасақаналықтың интеллектуалдық элементін сипаттау кезінде, ең алдымен, адамның өз іс-әрекетінің қоғамға қауіпті сипатын сезінуін көрсетеді. Егер білім көбінесе жад саласына жататын болса, сана қабылдау және пайымдау үдерісін сипаттайды. Заң шығарушы қасақаналықтың интеллектуалдық сәтін сипаттау үшін «сезіну» сөзін дәл осы мағынада қолданған деп пайымдауға болады. Адамның өз әрекетінің (әрекетсіздігінің) қоғамға қауіпті сипатын сезінгенін мойындау үшін оның өз мінез-құлқымен келтірілетін зиянды егжей-тегжейлі емес, жалпы түрде сезінген фактісін анықтау жеткілікті. Пистолеттен оқ атқан кезде кінәлі адам соның нәтижесінде адамды өмірінен айыруы мүмкін екенін түсінуге тиіс.
Заң шығарушы қасақаналықтың мазмұнына адамның өзі жасайтын әрекеттерінің қылмыстық құқыққа қайшылығын сезінуін енгізбейді. Алайда іс-әрекеттің қоғамға қауіпті екенін сезіну оның құқыққа қайшылығын, яғни адамның заңсыз әрекет жасап жатқанын түсінуін де қамтиды. Бұл ретте іс-әрекеттің құқыққа қайшылығын сезінуді адамның қылмыстық заңды білуімен шатастыруға болмайды. Қылмыстық заңды білмеу жауаптылықтан босатпайды. Ал құқыққа қайшылықты сезіну адамның белгілі бір объектіге қол сұғуының жалпы алғанда заңсыз екенін түсінуін білдіреді. Мысалы, субъект тонау жасаған кезде бөтен мүлікті заңсыз иеленіп жатқанын сезінеді. Егер адам мүлікті өзінікі деп қате ойлап, оны алып жатса, қасақаналық болмайды.
Қылмыстық құқық ғылымында осы уақытқа дейін құқыққа қайшылықты сезіну қасақаналықтың мазмұнына кірмейді деген пікір басым болып келеді. Мұндай түсінік кеңестік республикалардың қылмыстық кодекстерінде қылмыстың формальды белгісі — әрекеттің құқыққа қайшылығын көрсету белгісі жоқ материалдық анықтамасы бекітілген және қылмыстық құқықта ұқсастық бойынша заңды қолдануға жол берілген кезеңде қалыптасты. Алайда Қылмыстық кодексте қылмыстың формальды-материалдық анықтамасы бекітілгеннен кейін құқыққа қайшылық белгісі қоғамдық қауіптілік, кінәлілік және жазаланушылық сияқты толыққанды белгіге айналды.
Тікелей қасақаналықтың екінші интеллектуалдық белгісі — жасалған іс-әрекеттің қоғамға қауіпті зардаптарын алдын ала білу.
Қоғамға қауіпті зардаптарды алдын ала білу адамның өз әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) нәтижелері туралы түсінігін білдіреді. Адамның қоғамға қауіпті зардаптарды алдын ала білуі тек туындаған зардаптардың нақты белгілерін болжауды ғана емес, олардың әлеуметтік маңызын, яғни жеке адам, қоғам және мемлекет үшін зияндылығын түсінуді де білдіреді.
Тікелей қасақаналық кезінде адам қоғамға қауіпті зардаптардың туындау мүмкіндігін немесе болмай қоймайтынын алдын ала біледі. Басқа адамның өмірлік маңызды ағзаларына жақыннан оқ атқан кезде кінәлі адам сол адамның өлімінің болмай қоймайтынын алдын ала біледі. Егер кінәлі басқа адамға одан едәуір қашықтықта тұрып оқ атса, онда ол жәбірленушінің өлімінің тек туындау мүмкіндігін ғана алдын ала біледі. Осылайша, қоғамға қауіпті зардаптарды алдын ала білу адамның олардың туындауының болмай қоймайтынын ғана емес, сондай-ақ мұндай зардаптардың туындау мүмкіндігін де сезінуінен көрінуі мүмкін.
Тікелей қасақаналыққа қоғамға қауіпті зардаптардың туындауының болмай қоймайтынын алдын ала білу тән. Белгілі бір нәтижеге қол жеткізуге бағытталған тікелей қасақаналыққа тән ниет сол ниетті жүзеге асыру мүмкіндігімен байланысты міндетті шартты көздейді. Ал тікелей қасақаналықпен әрекет еткен адамның көзқарасы тұрғысынан алғанда, ол жоспарланған зардаптар міндетті түрде туындауға тиіс болған жағдайда ғана жүзеге асырылуы мүмкін. Дәл осы зардаптардың туындауының сөзсіздігіне, заңдылығына деген сенімділік кінәлі адамды сол зардаптарға қол жеткізу мақсатында әрекет етуге итермелейді.
Тікелей қасақаналықтың еріктілік сәті адамның өзі алдын ала білген зардаптардың туындауын қалауымен сипатталады. Психология ғылымында қалау мақсатқа бағытталған ұмтылыс ретінде айқындалады. Бұл ретте қол жеткізілген қылмыстық нәтиже кінәлі адамның көздеген жалғыз мақсаты болуы мүмкін (мысалы, кек алу мақсатында адам өлтіру) немесе қандай да бір басқа мақсатқа қол жеткізудің қажетті құралы болуы мүмкін (мысалы, басқа қылмыстық құқық бұзушылықтың іздерін жасыру мақсатында адам өлтіру).
Жасалатын әрекеттердің зардаптарын алдын ала білу әртүрлі сипатта болуы мүмкін. Алдын ала білу онша айқын болмауы мүмкін. Бұл көбінесе адамның нақты мән-жайларды қаншалықты сезінгеніне, олардың қоғамға қауіпті әрекетті жасау туралы бастапқы шешім қабылдау кезінде қаншалықты ескерілгеніне байланысты. Бұл көп жағдайда адамның жеке қасиеттері мен ерекшеліктеріне, оның психикалық мүмкіндіктеріне, эмоционалдық жағдайына және т.б. байланысты болады.
Қылмыстық заңнамада қасақаналықтың анықтамасы материалдық құрамды қылмыстық құқық бұзушылыққа бағдарланған және тілек тек объектіге келтірілетін зиян көрініс табатын қоғамдық қауіпті зардаптармен байланыстырылады. Осыған байланысты қылмыстық-құқықтық теория мен сот тәжірибесінде формальды құрамды қылмыстарға қатысты қасақаналықты тікелей және жанама деп бөлу мүмкіндігі туралы мәселе жиі туындайды. Менің ойымша, материалдық құрамдарға арналған заңның тұжырымдамасын формальды құрамы бар қылмыстарға механикалық түрде қолдануға болмайды. Формальды құрамның объективтік жағы кінәлі адамның қоғамға қауіпті әрекетті (әрекетсіздікті) жасаумен шектеледі, яғни зардаптар олардың объективтік жағының шегінен тыс жатады және оларға интеллектуалдық та, еріктік те қатынас болуы мүмкін емес. Формальды құрамды қылмыс жасаған жағдайда адамның қоғамға қауіпті іс-әрекет жасап жатқанын сезіну фактісі оның сол әрекетті жасауды қалауымен де байланысты. Адам жасаған әрекет әрқашан ол үшін қалаулы болып табылады, егер ол еңсерілмейтін күштің немесе физикалық мәжбүрлеудің не ерік білдіру бостандығын жоққа шығаратын басқа да мән-жайлардың ықпалымен жасалмаса.
Осылайша, формальды құрамы бар қылмыстарда объективтік жақтың қоғамдық қауіптілікті бейнелейтін белгісі барлық жағдайларда заңмен тыйым салынған әрекеттің немесе әрекетсіздіктің өзі болып табылады.
Меніңше, еліміздің заң шығарушысы формальды құрамды қылмыстардағы қасақаналықтың құрылымын әрекетке (әрекетсіздікке) деген саналы-ерікті қатынас ретінде қылмыстық заңнамада бекітуі керек. Бұл тұрғыда Беларусь Республикасының Қылмыстық кодексінде оң тәжірибе бар. Атап айтқанда, Беларусь Республикасы Қылмыстық кодексінің 24-бабында қоғамдық қауіпті зардаптардың туындауы талап етілмейтін қылмыста кінәнің нысаны адамның қоғамдық қауіпті әрекетке немесе әрекетсіздікке деген қатынасы бойынша белгіленетіні туралы ереже бекітілген. Осы баптың 2-бөлігінде: «Қылмыс жасаған адам өзінің әрекетінің немесе әрекетсіздігінің қоғамдық қауіпті сипатын сезінсе және оны жасауды қаласа, қылмыс қасақана жасалған деп танылады», яғни қалаудың нысанасы қоғамдық қауіпті әрекеттің өзі болып табылады, ал Қылмыстық кодекс бойынша мұндай қылмыстарда қасақаналықтың жалғыз мүмкін болатын түрі — тікелей қасақаналық.
Жанама қасақаналық адамның өз әрекетінің (әрекетсіздігінің) қоғамға қауіпті екенін сезінуімен, қоғамға қауіпті зардаптардың туындау мүмкіндігін алдын ала білуімен, олардың туындауын қаламаса да, оларға саналы түрде жол беруімен не оларға немқұрайлы қарауымен сипатталады.
Жанама қасақаналықтың белгілері:
сезіну;
алдын ала білу;
қылмыстық әрекеттің қоғамға қауіпті зардаптарына жол беру.
Жанама қасақаналық кезінде адам қоғамға қауіпті зардаптардың туындау мүмкіндігін ғана алдын ала біледі. Тікелей қасақаналық кезінде болжанатын зардаптардың ықтималдық дәрежесі жанама қасақаналыққа қарағанда жоғары болады. Тікелей қасақаналықтан айырмашылығы, жанама қасақаналықпен әрекет ететін адам қоғамға қауіпті зардаптардың туындауын қаламайды, олар оның іс-әрекетінің түпкілікті де, аралық та мақсаты болып табылмайды.
Адамның өз әрекеттерінің алдын ала болжанған зардаптарының туындауын қаламауы оларға деген немқұрайлы қатынасымен немесе тіпті олардың туындауын ашық түрде қаламауымен байланысты болуы мүмкін.
Қоғамға қауіпті зардаптардың туындау мүмкіндігіне саналы түрде жол беру субъект өзінің ойынша алдын ала болжанған қоғамға қауіпті зардаптардың туындауына кедергі келтіруге тиіс белгілі бір мән-жайларға (өзінің әрекеттеріне, басқа адамның әрекеттеріне немесе табиғат күштеріне) сенбеген жағдайда орын алады.
Адам олардың туындауын қаламаса да, қандай да бір кездейсоқтықтың арқасында өзі алдын ала болжаған қоғамға қауіпті зардаптар туындамауы мүмкін деп, тек «мүмкін болар» деген үмітке ғана сенген кезде де қоғамға қауіпті зардаптарға саналы түрде жол беру орын алады. «Мүмкін болар» деп үміттену — ештеңеге үміт артпау дегенді білдіреді, сондықтан мұндай жағдайларда адам қоғамға қауіпті нәтиженің туындауына саналы түрде жол береді деп тану қажет.
Қоғамға қауіпті зардаптарға саналы түрде жол беру олардың туындауының абстрактілі емес, тек нақты мүмкіндігін алдын ала білумен үйлеседі. Жанама қасақаналықты сипаттаған кезде «қаламады» деген сөздерді зиянды зардаптарға теріс көзқарас, яғни олардың туындауын болдырмауға белсенді түрде ұмтылу ретінде түсінуге болмайды. Керісінше, бұл қатынас мақұлдаушы сипатта болады, яғни кінәлі адам зиянды зардаптарды келтіруге мүдделі болмаса да, олардың туындауына саналы түрде жол береді.
Жанама қасақаналықтың еріктілік мазмұны қоғамға қауіпті зардаптарға саналы түрде жол берумен қатар, олардың туындауына немқұрайлы қараудан да көрінуі мүмкін.
Қоғамға қауіпті зардаптардың туындауына немқұрайлы қарау аталған зардаптардың туындауына толықтай енжарлық танытуды, кінәлі адамның ерекше өзімшілдігі мен қатігездігін білдіреді. Мысалы, мас күйде жүрген Г. түнде қараңғы тұйық көшеде К.-ны кездестіріп, оны тоқтатқысы келіп, бұзақылық ниетпен оның бағытына қарай оқ атқан. К.-ның ішіне оқ тиген. Сот К.-ға қарай оқ атқан Г.-ның оны өлтіруді немесе денсаулығына ауыр зиян келтіруді қаламағанын, бірақ олардың туындауына саналы түрде жол бергенін мойындады. Г.-ның әрекеттері жанама қасақаналықпен жасалған деп танылды.
«Немқұрайлы қатынас» терминіне қатысты өз пікірімді білдіргім келеді. Меніңше, жанама қасақаналық кезіндегі еріктің көрінісі ретінде немқұрайлы қатынас мәні бойынша зардаптардың туындауына саналы түрде жол беруден ерекшеленбейді және кінәлінің озық санасында нақты мүмкіндігі бейнеленетін қоғамдық қауіпті зардаптарға байланысты белсенді эмоциялық толғаныстардың болмауын білдіреді. Бұл жағдайда субъект өзінің жасайтын әрекетінің зиянды зардаптары туралы ойланбастан, олардың туындау мүмкіндігі өзіне әбден нақты болып көрінсе де, зиян келтіреді. Осыған байланысты «немқұрайлы қатынас» терминінің мазмұнының белгісіздігін ескере отырып, одан бас тартқан дұрыс болмас па еді?
Қылмыстық құқық ғылымында мынадай пікір айтылған: «Заң шығарушы кінәлі адам қасақана жасалған әрекеттерінің қоғамға қауіпті зардаптарының туындауын “қаламайды, бірақ саналы түрде жол береді” деп тұжырымдаған кезде онша дәл емес. Егер адам осы зардаптардың туындауына саналы түрде жол берсе, өзі үшін қалаулы басқа (жанама) зардаптарға қол жеткізуге ұмтылса, жанама қасақаналықтың еріктілік элементін қылмыстық заңда: “осы зардаптарға саналы түрде жол берді немесе оларға немқұрайлы қарады” деген формуламен білдіру орынды болар еді. Егер “жол беру” рұқсат етуді (келісімді), яғни зардаптардың туындауын әлсіз дәрежеде қалауды білдірсе, онда “немқұрайлылық олардың туындауына қатысты енжар қатынасты білдіреді”. Екі жағдайда да абайсызда жасалған қылмыстарға (өзімшілдікке) қарағанда, қоғамға қауіпті зардаптардың алдын алуға деген ниет (есеп) болмайды».
Тікелей және жанама қасақаналықты нақты ажыратудың қылмыстық құқық бұзушылықты дұрыс саралау үшін маңызы зор. Көптеген қасақана қылмыстық құқық бұзушылықтар тек тікелей қасақаналықпен ғана жасалуы мүмкін, мысалы, ұрлық (ҚК-нің 188-бабы), тонау (ҚК-нің 191-бабы), қарақшылық (ҚК-нің 192-бабы). Субъектінің әрекеттерінде осындай әрекеттерді жасауға бағытталған тікелей қасақаналықтың болмауы қылмыс құрамының да жоқ екенін білдіреді. Қасақаналықтың түрін анықтау қылмысқа дайындалғаны және қылмысқа оқталғаны үшін жауаптылық мәселесін шешу кезінде аса маңызды, өйткені олар тек тікелей қасақаналықпен ғана мүмкін болады.
Қасақаналықтың екі түрінің интеллектуалдық сәті бірқатар белгілері бойынша ортақ болып табылады. Мәселен, тікелей және жанама қасақаналық үшін кінәлі адамның өз әрекетінің (әрекетсіздігінің) қоғамға қауіпті екенін сезінуі қажет. Әрекеттің немесе әрекетсіздіктің қоғамға қауіпті екенін сезіну адам әрекетті жасаған кезде оның белгілі бір игіліктер үшін зиянды екенін түсінген жағдайда орын алады.
Іс-әрекеттің қоғамға қауіпті екенін сезіну оның құқыққа қайшылығын да сезінуді қамтиды, яғни адам өзінің құқыққа қайшы, заңсыз әрекет жасап жатқанын білуге тиіс.
Қасақаналықтың екінші интеллектуалдық белгісі — адамның қоғамға қауіпті зардаптардың туындауын алдын ала білуі. Бұл тұрғыда тікелей қасақаналық жанама қасақаналықтан біршама ерекшеленеді. Егер тікелей қасақаналық кезінде субъект зардаптардың туындауының болмай қоймайтынын да, мүмкін екенін де алдын ала білсе, жанама қасақаналық кезінде кінәлі адам тек олардың туындау мүмкіндігін ғана алдын ала біледі.
Қасақаналықтың еріктілік сәті қоғамға қауіпті зардаптардың туындауын қалауымен немесе оларға саналы түрде жол беруімен, не оларға немқұрайлы қарауымен сипатталады. Тікелей және жанама қасақаналықтың негізгі айырмашылығы дәл осы еріктілік сәтінде жатыр.
Тікелей қасақаналық кезінде адам қоғамға қауіпті зардаптардың туындауын қалайды. Субъектінің мұндай қалауының бар екенін мынадай мән-жайлар куәландыруы мүмкін: 1) туындаған зардап оның әрекеттерінің түпкілікті мақсаты болып табылады (мысалы, кек алу мақсатында адам өлтіру); 2) туындаған зардап субъектінің қылмыстық немесе қылмыстық емес сипаттағы басқа, өзі үшін анағұрлым маңызды мақсатқа қол жеткізуіндегі аралық мақсат болып табылады (мысалы, мұра алу мақсатында адам өлтіру және т.б.).
Жанама қасақаналық кезінде адам қоғамға қауіпті зардаптың туындауын қаламайды. Бұл зардап оның әрекеттерінің түпкілікті де, аралық та мақсаты болып табылмайды. Алайда жанама қасақаналықпен әрекет ететін адам қоғамға қауіпті зардаптардың туындау мүмкіндігін алдын ала біле отырып, олардың туындауына саналы түрде жол береді не оларға немқұрайлы қарайды. Егер субъект олардың алдын алу үшін ешқандай шара қолданбаса, мұндай зардаптардың туындауына саналы түрде жол бергені немесе оларға немқұрайлы қарағаны туралы тұжырым жасауға болады. Субъект зардаптардың алдын аламыз деп үміттенуі де мүмкін, бірақ бұл үміт қандай да бір нақты мән-жайларға байланысты болмайды. Жанама қасақаналық кезінде адам зардаптардың кездейсоқ түрде, оның үстіне ықтималдығы төмен жағдайлардың нәтижесінде алдын алынуына үміт артуы мүмкін. Мысалы, жаңа туған нәрестені аязда қалдырып кеткен ана баланы біреу тауып алуы мүмкін деп болжайды, бірақ бұл оның адам өлтіруге деген қасақаналығы жоқ дегенді білдірмейді, өйткені мұндай «мүмкін болар» деген үміт дәл жанама қасақаналыққа тән.
Қылмыстық құқық теориясында заңмен белгіленген қасақаналықты тікелей және жанама деп бөлуден басқа, қасақаналықтың туындау уақытына (қалыптасуына) байланысты алдын ала ойластырылған және кенеттен пайда болған қасақаналық түрлерін, ал айқындық дәрежесіне қарай нақтыланған және нақтыланбаған қасақаналық түрлерін бөліп көрсету қабылданған. Қасақаналықтың бұл түрлері сондай-ақ айқын қасақаналық және айқындалмаған қасақаналық деп те аталады.
Алдын ала ойластырылған қасақаналық қылмыс жасау ниетінің туындағаннан кейін белгілі бір немесе одан да ұзақ уақыт өткен соң жүзеге асырылуымен сипатталады. Осы кезеңде кінәлі адам қылмыстық құқық бұзушылық жасаудың жоспары мен тәсілдерін, оны жасыру жөніндегі шараларды ойластырады. Демек, бұл жағдайда іс-әрекеттің қоғамға қауіпті екенін сезіну және оның зардаптарын алдын ала білу, әдетте, анағұрлым айқын болады, ал іс-әрекетті жасаған адам — анағұрлым қауіпті болады. Сондықтан алдын ала ойластырылған қасақаналық кенеттен пайда болған қасақаналықпен салыстырғанда анағұрлым қауіпті деп есептеу қалыптасқан. Сонымен бірге, менің ойымша, адамның өз ойын не себепті бірден жүзеге асырмағанын анықтау қажет. Егер бұл оның шешімсіздігімен, толғануымен және т.б. түсіндірілсе, онда алдын ала ойластырылған қасақаналықтың кенеттен пайда болған қасақаналықтан қауіпті екенін мойындау қаншалықты негізді болады? Мұндай жағдайларда алдын ала ойластырылған қасақаналықтың анағұрлым қауіпті екені туралы айтуға негіз жоқ деп ойлаймын. Ал егер қылмыстық ниеттің туындауы мен оны жүзеге асыру арасындағы уақыт аралығы арнайы дайындықты талап ететін қылмыстарды жасауға дайындық әрекеттерін жүзеге асырумен немесе қылмыстық мақсатқа жетудің күрделі тәсілдерін ойластырумен байланысты болса, онда алдын ала ойластырылған қасақаналық қылмыстың және кінәлі адамның қауіптілігін едәуір арттырады.
Алдын ала ойластырылған қасақаналық кезінде субъект қылмыс жасауға қолайлы жағдайға бірден әрекет етіп, өз қылмыстық ниетін еш ойланбастан дәл солай жылдам жүзеге асыратын жағдайлар да болуы мүмкін. Бұл жағдайда да субъектінің бойында тұрақты қоғамға қарсы бағыттылық қалыптасқанын айту қажет.
Жекелеген жағдайларда заң шығарушының өзі қылмыстың алдын ала ойластырылған сипатын әрекеттің қауіптілігін едәуір арттыратын фактор ретінде таниды. Мәселен, қылмыстық құқық бұзушылықты нысанды киімді немесе қандай да бір құжатты пайдалану арқылы жасау, алдын ала ойластырылғанын көрсететін күрделі тәсіл ретінде, қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жай болып есептеледі (ҚК-нің 54-бабы 1-бөлігінің 15) тармағы). Өзін билік өкілі немесе жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын лауазымды адам ретінде өз бетінше көрсету және осыған байланысты қылмыс жасау ҚК-нің 390-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстың сараланған құрамы ретінде сараланады.
Кенеттен пайда болған қасақаналық деп қылмыстық ниет туындағаннан кейін бірден немесе аз ғана уақыт өткен соң қылмыстық құқық бұзушылықта жүзеге асырылатын қасақаналық түрі аталады. Мұнда қасақаналықтың қалыптасу үдерісі қысқа мерзімді сипатта болады. Қасақаналықтың бұл түрі қарапайым немесе аффектілік болуы мүмкін. Қарапайым, кенеттен пайда болған қасақаналық кезінде қылмыстық құқық бұзушылық жасауға деген тілек адамның қалыпты психоэмоциялық жағдайында туындайды. Қасақаналықтың мұндай түріне көбінесе арандатушы жағдай немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасауға себептің болуы ықпал етеді (пайдакүнемдік қылмыстық құқық бұзушылықтар және т.б.).
Аффектілік қасақаналық қарапайым, кенеттен пайда болған қасақаналықтан қылмыстық құқық бұзушылық жасау ниетінің туындауының психологиялық тетігімен ерекшеленеді. Оның туындауына кінәлі адамға немесе оның жақындарына қатысты жәбірленушінің құқыққа қайшы әрекеттері себеп болады. Қасақаналықтың бұл түрі заңда тек екі жағдайда ғана көзделген: ҚК-нің 101-бабы «Аффект жағдайында жасалған адам өлтіру» және ҚК-нің 111-бабы «Аффект жағдайында денсаулыққа ауыр зиян келтіру» бойынша. Аффект — зорлық-зомбылықтан, қорлаудан немесе ауыр тіл тигізуден не жәбірленушінің өзге де құқыққа қайшы немесе әдепсіз әрекеттерінен (әрекетсіздігінен), сондай-ақ жәбірленушінің жүйелі түрде құқыққа қайшы немесе әдепсіз мінез-құлқына байланысты туындаған ұзаққа созылған психожарақаттаушы жағдайдан пайда болған кенеттен туындаған жан күйзелісі жағдайы. Сондықтан аффектілік қасақаналықпен жасалған қылмыстық құқық бұзушылықта адамның қоғамға қарсы ұстанымы аз дәрежеде көрініс табады, бұл жауаптылықты жеңілдететін мән-жай болып табылады және жасалған әрекетті ҚК-нің жеңілдетілген құрамдарды көздейтін баптары бойынша саралауға мүмкіндік береді (ҚК-нің 101, 111-баптары).
Өзінің психологиялық мазмұны бойынша алдын ала ойластырылған да, кенеттен пайда болған да қасақаналық тікелей де, жанама да болуы мүмкін.
Айқын (нақтыланған) қасақаналық адамның өзі нақты әрі анық елестететін белгілі бір нәтижеге қол жеткізуге ұмтылуымен сипатталады. Адамның өз әрекетінің ықтимал зардаптары туралы түсініктерінің айқындық дәрежесіне қарай айқын қасақаналық қарапайым және баламалы болып бөлінеді. Қарапайым айқын қасақаналық кезінде адам өз әрекетімен келтірілетін зиянның сипаты мен көлемін нақты сезінеді, қандай зардап туындауға тиіс екенін алдын ала біледі және дәл сол зардаптың туындауын қалайды. Мысалы, жәбірленушінің өмірін қиюға шешім қабылдаған кінәлі адам оған атыс қаруынан оқ атып, өлімге әкеп соғатын жарақат келтіреді. Баламалы айқын қасақаналық кезінде субъект бірнеше нақты айқындалған зардаптардың туындауын алдын ала біледі және олардың әрқайсысын қалайды. Алайда адам өзінің әрекеттерінің нәтижесінде нақты қай нәтиже туындайтынын дәл болжамайды және айқындамайды. Мәселен, пышақпен соққы жасаған адам жәбірленушінің өлімі немесе денсаулығына ауыр зиян келтірілуі мүмкін екенін алдын ала білуі және осы зардаптардың екеуін де бірдей қалауы мүмкін. Айқын қасақаналық кезінде адам келтірілетін зиянның сипатын сезінеді және бірнеше қоғамдық қауіпті зардаптардың туындауын алдын ала біледі, бірақ оның санасында бұл зардаптар нақтыланбаған болады. Субъект нақты қай зардаптың туындауына ұмтылатынын жеткілікті дәрежеде анық елестетпейді. Мысалы, адамның басы мен денесіне көптеген рет ретсіз соққы жасаған кінәлі жәбірленушіге өлім де, әртүрлі ауырлық дәрежесіндегі денсаулыққа зиян да келтірілуі мүмкін екенін түсінеді, бұл ретте ол қандай зиянның нақты келтірілетінін айқындамайды, оған осы зардаптардың кез келгенінің туындауы жеткілікті.
Қарапайым айқын қасақаналық кезінде, егер кінәлі адамның қалаған зардабы оған байланысты емес мән-жайлар бойынша туындамаса, жасалған әрекет дәл осы зардапты келтіруге оқталу ретінде сараланады. Мысалы, егер кінәлінің қасақаналығы жәбірленушінің өмірін қиюға бағытталған болса, бірақ оған әртүрлі ауырлық дәрежесіндегі денсаулыққа зиян келтірілсе, жасалған әрекет денсаулыққа зиян келтіру ретінде емес, адам өлтіруге оқталу ретінде саралануға тиіс.
Баламалы айқын қасақаналық кезінде, егер нәтиже кінәлі адамның алдын ала білуімен және қалауымен қамтылса, жасалған әрекет туындаған зардапқа қарай сараланады. Мысалы, егер субъект жәбірленушіге не өлім келтіруді, не оның денсаулығына ауыр зиян келтіруді қалап, денсаулыққа ауыр зиян келтірсе, ол денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін жауаптылықта болады. Егер баламалы қасақаналықпен қамтылған зардаптардың ешқайсысы туындамаса, адам олардың ішіндегі неғұрлым жеңіл зардапты келтіруге оқталғаны үшін жауаптылықта болады. Жоғарыда келтірілген мысалда, егер кінәлінің әрекеттері нәтижесінде жәбірленушіге денсаулыққа ауыр зиян немесе өлім емес, денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтірілсе, ол денсаулыққа ауыр зиян келтіруге оқталғаны үшін жауап береді.
Айқын қасақаналық кезінде жасалған әрекет туындаған зардаптарға қарай сараланады. Бұл дегеніміз, жәбірленушінің денесіне балғамен соққы жасап, кез келген зардаптың туындауын қалаған адам, егер өлім туындаса, адам өлтіргені үшін, ал егер осындай зардап туындаса, денсаулыққа зиян келтіргені (орташа ауырлықтағы немесе ауыр) үшін жауаптылықта болады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеменің авторы — Исидор Шамилұлы Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі мен ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар