6-бап. Волонтерлік қызметтің нысандары мен түрлері Волонтерлік қызмет туралы Заңы
1. Волонтерлік қызмет:
1) жеке-дара волонтерлік қызмет;
2) волонтерлер тобы құрамындағы волонтерлік қызмет;
2-1) корпоративтік волонтерлік;
3) волонтерлік ұйым арқылы волонтерлік қызмет нысанында жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Волонтерлік қызметтің негізгі түрлері:
1) әлеуметтік көмек, халықтың әлеуметтік жағынан қорғалмаған топтарына, арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларға көмек көрсетуге қатысу;
2) қарттарға, мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік қызмет көрсету, мүгедектігі бар адамдар үшін ортаның қолжетімділігін ұйымдастыру, жетім балаларды және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтік бейімдеу, интеграциялау және тәрбиелеу жөніндегі жұмысқа жәрдемдесу;
3) дүлей зілзалалар, экологиялық, техногендік және басқа да апаттар, әлеуметтік шиеленістер, жазатайым оқиғалар салдарынан зардап шеккен адамдарға, құқық бұзушылықтар құрбандарына, босқындарға және шарасыздан қоныс аударушыларға, сондай-ақ сырттан жасалатын көмек пен қолдауға мұқтаж адамдардың өзге де санаттары мен топтарына көмек көрсетуге қатысу;
4) орталық және жергілікті атқарушы органдарға төтенше жағдайлардың алдын алуға және салдарларын жоюға жәрдем көрсету;
5) хабарсыз кеткен адамдарды, Ұлы Отан соғысы мен оқшау соғыстарға қатысушылардың сүйектерін іздеуге қатысу;
6) қоршаған ортаны қорғауға және сақтауға, аумақтарды абаттандыруға қатысу;
7) тарихи және мәдени мұраны сақтау, тарихи-мәдени мекендеу ортасын қалпына келтіру мен сақтау үшін мүмкіндіктер жасауға қатысу;
8) білім беруді, ғылымды, мәдениетті дамытуға, білімді танымал етуге, инновацияларды дамытуға қатысу;
9) дене шынықтыруды, спорт пен белсенді демалысты дамыту мен танымал етуге, өңірлік, өңіраралық, республикалық қоғамдық және халықаралық дене шынықтыру және спорттық іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуге қатысу;
10) саламатты өмір салтын насихаттау бойынша жұмыс жүргізу, әлеуметтік мәні бар аурулардың таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі профилактикалық жұмысты ұйымдастыру және жүргізу;
11) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, волонтерлік лагерьлер қызметін қоса алғанда, өңірлік, өңіраралық, республикалық және халықаралық мәдени, бұқаралық және басқа да ойын-сауық және қоғамдық іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуге қатысу, археологиялық қазбаларға, тарихи ғимараттардың қасбеттерін қалпына келтіруге, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жазғы сауықтыру лагерьлерінің жұмысына, конгресс-көрме қызметіне қатысу;
12) халықтар арасындағы татулықты, достық пен келісімді нығайтуға, әлеуметтік, ұлтаралық, конфессияаралық, этносаралық, діни шиеленістерді болғызбауға қатысу;
13) волонтерлік қызметтің Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де түрлері болып табылады.
3. Волонтерлік қызметті ұйымдастырушының волонтерлерді тарту кезінде немесе волонтерлік ұйымның волонтерлік қызметті жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес шарт жасасуға құқығы бар.
Ескерту. 6-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 11.07.2017 № 91-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.06.2022 № 129-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2022 № 134-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 20.04.2023 № 226-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қазақстан Республикасының Заңы 2016 жылғы 30 желтоқсандағы № 42-VІ ҚРЗ.
Осы Заң волонтерлік қызметтің құқықтық негіздерін, мақсаттары мен міндеттерін, қағидаттарын, нысандары мен түрлерін, сондай-ақ оны қолдау шараларын белгілейді.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы