4-бап. Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесі Азаматтық қорғау туралы Заңы
1. Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесі аумақтық және салалық кіші жүйелерден тұрады.
Аумақтық кіші жүйелер облыстық, қалалық және аудандық деңгейлерде өздерінің аумақтары шегінде төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алу және оларды жою, азаматтық қорғаныс іс-шараларын орындау үшін құрылады және осы аумақтардың әкімшілік-аумақтық бөлінуіне сәйкес келетін буындарынан тұрады.
Салалық кіші жүйелер:
өз құзыреті шегінде азаматтық қорғау іс-шараларын орындау жөніндегі жұмысты ұйымдастыру үшін орталық атқарушы органдарда;
өз құзыреті шегінде азаматтық қорғаныс іс-шараларын орындау үшін Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдарда құрылады.
2. Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің үш деңгейі бар: республикалық, аумақтық және объектілік.
Республикалық деңгейде:
ЗҚАИ-ның ескертпесі! 2-тармақтың үшінші абзацы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі – ҚР 24.06.2025 № 196-VIII Заңымен (мәтін алып тасталды).
азаматтық қорғаудың басқару органдары;
басқару пункттері, жедел-кезекші қызметтер;
консультативтік-кеңесші органдар – төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссиялар;
азаматтық қорғау күштері мен құралдары;
байланыс, құлақтандыру және ақпараттық қамтамасыз ету жүйелері қамтылады.
Аумақтық деңгейде:
азаматтық қорғауды басқару органдары;
басқару пункттері, жедел-кезекші қызметтер;
консультативтік-кеңесші органдар – төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссиялар;
азаматтық қорғау күштері мен құралдары;
байланыс, құлақтандыру және ақпараттық қамтамасыз ету жүйелері қамтылады.
Объектілік деңгейде:
азаматтық қорғаудың басқару органдары;
құлақтандыру жүйелері қамтылады.
3. Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесіне басшылықты:
1) республикалық деңгейде – Қазақстан Республикасының Үкіметі;
2) аумақтық деңгейде – тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің әкімдері;
3) объектілік деңгейде – ұйымдардың басшылары;
4) салалық кіші жүйелерде – орталық атқарушы органдардың және Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары жүзеге асырады.
4. Азаматтық қорғаудың басқару органдары:
1) республикалық деңгейде:
уәкілетті орган;
салалық кіші жүйелерде орталық атқарушы органдар және Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар;
2) аумақтық деңгейде:
жергілікті атқарушы органдар;
уәкілетті органның аумақтық органдары;
салалық кіші жүйелерде орталық атқарушы органдардың және Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері;
3) объектілік деңгейде – ұйым басшылары болып табылады.
5. Азаматтық қорғау жүйесінде мемлекеттік басқару азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің барлық деңгейлерін тарту арқылы жүзеге асырылады.
Бейбіт уақытта азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің мынадай жұмыс істеу режимдері белгіленеді:
1) күнделікті қызмет режимі – төтенше жағдайлардың туындау қатерінің болмауымен сипатталатын, ведомстволық бағынысты аумақта азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің, оның аумақтық және салалық кіші жүйелерінің жұмыс істеу тәртібі.
Күнделікті қызмет режимінде азаматтық қорғаудың басқару органдары мынадай іс-шаралар жүргізеді:
төтенше жағдайларды болжау;
халықты, объектілерді және аумақтарды төтенше жағдайлардан қорғау туралы ақпарат жинау, өңдеу және алмасу;
төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимылдар жоспарларын әзірлеу;
төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі шараларды әзірлеу және іске асыру;
азаматтық қорғаудың басқару органдары мен күштерінің іс-қимылдарын жоспарлау, дайындығын ұйымдастыру және олардың қызметін қамтамасыз ету;
халықты төтенше жағдайлардағы іс-қимылдарға дайындау;
азаматтық қорғау саласындағы білімді насихаттау;
төтенше жағдайлар мен олардың салдарларын жою үшін материалдық ресурстардың резервтерін құру, орналастыру, сақтау және орнын толтыру;
өз өкілеттіктері шегінде азаматтық қорғау саласында мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүргізу;
2) жоғары әзірлік режимі – төтенше жағдайлардың туындау қатері төнген кезде енгізілетін азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің, оның жекелеген кіші жүйелерінің жұмыс істеу тәртібі.
Жоғары әзірлік режимінде азаматтық қорғаудың басқару органдары мынадай іс-шараларды жүргізеді:
төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының туындауын болжау;
төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимылдар жоспарларын түзету;
қажет болған кезде азаматтық қорғаудың басқару органдары мен күштерінің басшылары мен лауазымды адамдарының басқару пункттерінде тәулік бойы кезекшілік етуін енгізу;
болжанатын төтенше жағдайлар туралы деректерді жинау, өңдеу және азаматтық қорғаудың басқару органдары мен күштеріне беру, мемлекеттік органдар мен халыққа олардан қорғану тәсілдері туралы хабар беру;
төтенше жағдайлар туындауының алдын алу және оларды жою, олар туындаған жағдайда нұқсан мен шығындар мөлшерін азайту, сондай-ақ төтенше жағдайларда объектілердің жұмыс істеу орнықтылығы мен қауіпсіздігін арттыру жөнінде жедел шаралар қолдану;
төтенше жағдайлар мен олардың салдарларын жою үшін құрылған материалдық ресурстардың қажетті резервтерінің орнын толтыру;
қажет болған кезде эвакуациялау іс-шараларын жүргізу;
3) төтенше жағдай режимі – төтенше жағдай туындаған кезде және оны жою кезінде енгізілетін, азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің, оның жекелеген кіші жүйелерінің жұмыс істеу тәртібі.
Төтенше жағдай режимінде азаматтық қорғаудың басқару органдары мынадай іс-шараларды жүргізеді:
төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимылдар жоспарларын қолданысқа енгізу (іске асыру, орындау) және оларды түзету;
туындаған төтенше жағдайлардың өршуін және олардың салдарларын болжау;
Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар, орталық және жергілікті атқарушы органдар, ұйымдар басшыларын, сондай-ақ халықты төтенше жағдайлардың туындауы және олардың салдарлары туралы құлақтандыру;
төтенше жағдайларды жою, азаматтық қорғау күштері мен құралдарының іс-қимылдарын жан-жақты қамтамасыз ету, оларды жүргізу барысында қоғамдық тәртіпті ұстап тұру жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру, сондай-ақ туындаған төтенше жағдайларды жою үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда және тәртіппен ішкі істер органдарының, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың күштері мен құралдарын, қоғамдық бірлестіктер мен халықты тарту, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін қолдану;
төтенше жағдай аймағындағы жағдай мен оны жою жөніндегі жұмыстардың жүргізілу барысы туралы ақпарат жинау, талдау және алмасу;
Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдардың төтенше жағдайлар мен олардың салдарларын жою мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасауын ұйымдастыру және қолдау;
төтенше жағдайларда халықтың тіршілігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жүргізу.
Қазақстан Республикасының Заңы 2014 жылғы 11 сәуірдегі № 188-V ҚРЗ.
Осы Заң азаматтық қорғау жөніндегі іс-шараларды жүргізу процесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді әрі табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алуға және оларды жоюға, төтенше жағдай аймағындағы халыққа шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсетуге, өрт қауіпсіздігі мен өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған, сондай-ақ Қазақстан Республикасы азаматтық қорғанысының негізгі міндеттерін, құрылуы мен жұмыс iстеуінің ұйымдастырушылық қағидаттарын, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыруды, сақтауды және пайдалануды, авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының ұйымдастырылуы мен қызметін айқындайды.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы