292-бап. Күдіктіге, айыпталушыға іздестіру жариялау ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Күдіктіні, айыпталушыны іздестіру оның тұрған жерін анықтау, ұстап алу және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын органның қарауына беру шараларын қолдануды көздейді.
Күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарылғаннан кейін оған қатысты, сондай-ақ айыпталушыға қатысты іздестіру жариялануы мүмкін.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам күдіктіге, айыпталушыға іздестіру жариялау туралы қаулы шығарады, онда олардың жеке басы туралы белгілі болған барлық мәліметтер, іздестіруді жүргізу негіздері көрсетіледі және іздестіру жүргізуді анықтау органдарына тапсырады.
2. Осы Кодекстің 136-бабында көрсетілген негіздер болған кезде іздестіру жарияланған күдіктіге, айыпталушыға қатысты ол табылған жағдайда бұлтартпау шарасы таңдалуы мүмкін. Осы Кодекстің 147-бабында көзделген жағдайларда тергеу судьясының санкциясы бойынша күзетпен ұстау түрінде бұлтартпау шарасы қолданылуы мүмкін.
Іздестіріліп жатқан адамға қатысты бұлтарпау шарасын таңдау туралы қаулы, сондай-ақ тиісті жағдайларда оны санкциялау туралы соттың қаулысы іздестіруді жүзеге асыратын органға жіберіледі.
3. Күдікті, айыпталушы анықталған жағдайда, ол осы Кодекстің 131-бабында белгіленген тәртіппен ұстап алынуы мүмкін.
4. Халықаралық iздестіру жариялау үшін негiздер болған кезде қылмыстық қудалау органы күдіктіге, айыпталушыға халықаралық iздестіру жариялау туралы жеке қаулы шығарады.
Халықаралық iздестiру жариялау туралы қаулыны санкциялау осы Кодекстiң 56-бабының екінші бөлігінде көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.
Ескерту. 292-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы