12-1-бап. Университет пен Зияткерлік мектептерде білім беру процесін грантпен және стипендиямен қамтамасыз ету "Назарбаев Университеті", "Назарбаев Зияткерлік мектептері" және "Назарбаев Қоры" мәртебесі туралы Заңы
1. Университетте оқыту "Назарбаев Университеті" білім беру гранты, өзге де гранттар мен стипендиялар негізінде, сондай-ақ ақылы негізде жүзеге асырылады.
"Назарбаев Университеті" білім беру гранты Университетке оқуға қабылданған Қазақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес шетелдіктерге берілуі мүмкін.
2. "Назарбаев Университеті" білім беру гранты қаражатының есебінен Университетте оқуға құқығы бар шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қабылдау квотасын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітілген мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде жыл сайын айқындайды. Университет қабылдау квотасының мөлшері жөніндегі ұсынысты білім беру саласындағы уәкілетті органға енгізеді.
3. Университет білім алушыларға "Назарбаев Университеті" білім беру грантын беруді Университеттің жарғысына және ішкі құжаттарына сәйкес дербес жүргізеді.
4. Университет "Назарбаев Университеті" білім беру грантының қаражатын басқаруды беру, айыру немесе білім алушылар арасында қайта бөлу арқылы оның нысаналы пайдаланылуын қамтамасыз ете отырып, дербес жүзеге асырады.
5. "Назарбаев Университеті" білім беру грантының құнын қалыптастыру кезінде Университеттің оқу процесін ұйымдастырумен байланысты шығыстар ескеріледі. "Назарбаев Университеті" білім беру грантының құнында ескерілетін шығыстардың бағыттарын Университеттің қамқоршылық кеңесі бекітеді.
"Назарбаев Университеті" білім беру грантының құнында ескерілетін шығыстардың нормалары Университеттің ішкі құжаттарына сәйкес бекітіледі. "Назарбаев Университеті" стипендиясын тағайындау және төлеу тәртібі Университеттің ішкі құжаттарына сәйкес айқындалады.
"Назарбаев Университеті" білім беру грантының мөлшерін, сондай-ақ оның құнын айқындау әдістемесін білім беру саласындағы уәкілетті орган Университеттің өтінімі негізінде қарайды және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
6. Зияткерлік мектептерде дарынды балалардың оқуына ақы төлеу оларға конкурстық негізде Қазақстан Республикасы Президентінің "Өркен" білім беру грантын беру арқылы жүзеге асырылады.
Білім беру саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Президентінің "Өркен" білім беру грантын беру қағидаларын және оның мөлшерін бекітеді.
7. Университет және Зияткерлік мектептер өз қаражаты немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен білім алушыларға өзге де білім беру гранттарын, стипендиялар мен төлемдерді тағайындауға құқылы. Өзге де білім беру гранттарының, стипендиялар мен төлемдердің мөлшерін және оларды беру тәртібін Университет және Зияткерлік мектептер дербес айқындайды.
Ескерту. 3-тарау 12-1-баппен толықтырылды - ҚР 21.07.2015 № 337-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 11.07.2017 № 91-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2023 № 15-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 19 қаңтардағы № 394-IV Заңы.
Осы Заң "Назарбаев Университетінің" (бұдан әрі – Университет), "Назарбаев Зияткерлік мектептерінің" (бұдан әрі – Зияткерлік мектептер) және "Назарбаев Қорының" (бұдан әрі – Қор) құқықтық мәртебесін және олардың құрылуы мен қызметінің айрықша құқықтық режимін айқындайды.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы