1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы Заңы
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) атқарушылық іс жүргізу – борышкерден атқарушылық санкциясын атқарушылық іс жүргізу бойынша өсімпұлдарды, шығыстарды, жеке сот орындаушысының қызмет ақысын өндіріп ала отырып, атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатуға бағытталған шаралар;
1-1) атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйесі – атқарушылық іс жүргізуді есепке алуды электрондық нысанда жүзеге асыруға, сот орындаушысының процестік әрекеттерін автоматтандыруға, сондай-ақ атқарушылық іс жүргізу тараптарының атқарушылық іс жүргізу барысында деректер алуына арналған ақпараттық жүйе;
2) Борышкерлердің бірыңғай тізілімі – атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлер туралы мәліметтерді қамтитын деректердің біріздендірілген электрондық банкі;
3) бірыңғай электрондық сауда-саттық алаңы – ақпараттық жүйе, дерекқордың, электрондық аукционға қатысушыларға бірыңғай жалпы қолжетімді қол жеткізу нүктесін ұсынатын, электрондық аукцион өткізу үшін қажетті ақпаратты енгізу, сақтау және өңдеу мүмкіндігін қамтамасыз ететін техникалық, бағдарламалық, телекоммуникациялық және басқа да құралдардың жиынтығы;
3-1) Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы (бұдан әрі – Республикалық палата) – жеке сот орындаушыларының қызметін үйлестіруді және олардың Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасын сақтауын жүзеге асыратын коммерциялық емес, кәсіптік ұйым;
3-2) жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы – Республикалық палатаның өңірдегі филиалы;
4) жеке сот орындаушысы – атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі қызметпен айналысу құқығына уәкілетті орган берген лицензия (бұдан әрі – жеке сот орындаушысының лицензиясы) негізінде, заңды тұлға құрмай атқарушылық құжаттарды орындау бойынша жеке практикамен айналысатын Қазақстан Республикасының азаматы;
5) мемлекеттік сот орындаушысы – мемлекеттік қызметтегі және атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатуға бағытталған шараларды қабылдау бойынша өзіне заңмен жүктелген функцияларды орындайтын лауазымды адам;
5-1) оңайлатылған іс жүргізу – аумақтық орган атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асыратын атқарушылық құжаттардың автоматтандырылған орындалуы;
5-2) оңайлатылған іс жүргізудегі қаулы – оңайлатылған іс жүргізу шеңберінде қабылданатын, аумақтық орган басшысының не оның орынбасарының электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы куәландырылған процестік шешім тіркелетін аумақтық органның процестік құжаты;
6) сот орындаушысы – атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатуға бағытталған шараларды қабылдау бойынша өздеріне заңмен жүктелген функцияларды орындайтын және осы Заңда көзделген алып қоюлар үшін тең құқықтары мен міндеттері бар мемлекеттік сот орындаушысы және жеке сот орындаушысы;
7) сот орындаушысының қаулысы – атқарушылық іс жүргізу процесінде сот орындаушысы қабылдайтын іс жүргізу шешімі тіркелетін іс жүргізу құжаты;
8) толық мәжбүрлеп орындату – атқарушылық құжат сот орындаушысының іс жүргізуінде болған кезеңде оны толық көлемде орындау;
9) уәкілетті орган – атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды және осы саладағы қызметті мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
9-1) істердің әлеуметтік маңызы бар санаты – алименттерді, жалақыны, зейнетақыларды, жәрдемақыларды өндіріп алу, өмір мен денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу туралы атқарушылық құжаттар;
10) электрондық аукцион – аукцион нысанындағы электрондық сауда-саттықтың тәсілі, онда тыйым салынған мүлік бірыңғай электрондық сауда-саттық алаңы пайдаланыла отырып, оларға барлық әлеуетті сатып алушылардың тең қол жеткізуі негізінде өткізіледі.
Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 15.01.2014 № 164-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 12.11.2015 № 391-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 09.06.2021 № 49-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 19.06.2024 № 97-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 261-IV Заңы.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы